19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Екі қайшы бағытта бір мақсатқа жетіп болмайды

Екі қайшы бағытта бір мақсатқа жетіп болмайды

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Пайғамбарымыз алейһиссалам «Аллаһу та’ала бір құлын жақсы көрсе, оны өмірде заһид (тақуа), ахиретке рағиб (құштар) қылады. Оған өз кемшіліктерін көрсетеді» деген. Заһид болады дегеніміз – дүниеліктерімен мақтанбайды, бұларға мән бермейді деген сөз. Мал-мүлікті, мансабты, атақ-даңқ пен абыройды жақсы көрмейтін болады. Бұлар оның қолында, билігінде бола алады, бірақ ол бұларды мүлдем жақсы көрмейді. Бар болу мен жақсы көру әр түрлі нәрселер, өйткені пайғамбарымыз алейһиссалам «Дүниелікті жақсы көру – бүкіл жамандықтардың басы» деген. Дүниенің өзі емес, оны жақсы көру жаман, себебі дүниеге деген сүйіспеншілік пен Аллаһқа деген сүйіспеншілік бір-біріне қарама-қайшы нәрселер. Екі қарама-қайшы нәрседе бір мақсатты көздеу мүмкін емес. Шығысқа кеткен адам батыстан, ал батысқа қарай жүрген адам шығыстан алыстайды.

Демек, бір адамда дүниелікке деген сүйіспеншілік, махаббат азайған сайын, өз кемшіліктерін көруі артқан сайын Хақ та’аланың оны жақсы көретіндігі аңғарылады. Ахиретке рағиб қылады дегеніміз – мақсаты Аллаһтың сүйіспеншілігі және ахирет болады деген сөз. Ал егер мұндай нәрселер оның ойына да кірмеген болса, оның ісі бітті деген сөз.

Сүйікті пайғамбарымыз «Шынайы өмір – ахиреттегі өмір» деген. Бұл дүние – ахиреттің есігі. Дүние өмірі түс, қиял. Бір күн келеді, бұлардың бәрі қиял болады. Бұл дүниенің өмірі бір жерге қонаққа барып-қайту секілді. Өмір де осылай бітеді. Ақылды адам қиялдың соңынан жүгіргенде өзгелерді ренжітеді ме, көңілдерін қалдырады ма? Адам түс әлемінде мал-мүлкімен, байлығымен, абыройы және мансабымен мақтанады ма? Себебі оянған кезімізде есебін береміз. Дүниелікке деген сүйіспеншілік, мал-мүлік, мансап, атақ-даңқ пен абыройды жақсы көру, мас қылатын ішкілікке ұқсайды. Мұны ішкен адам тек өлгенде ғана мастығынан айығады, ал мұның пайдасы болмайды. Осы себептен өлуден бұрын, өліп оянудан бұрын бір-бірімізге «Өлім бар, өзіңе кел» деп еске түсіріп тұруымыз, жәрдем беруіміз керек. Достық, діни бауырмашылық деген осындай болады. Аллаһу та’ала Мұса алейһиссаламға «Өзіңе дос ізде! Достарыңның бірі сені менің махаббатыма шақырмайтын болса, ол сенің дұшпаның деген сөз» деді.

Хазреті Омардың Шамда бір досы бар еді. Сол аймақтан келгендерден ол жайында сұрағанында «Шайтанмен дос болды, күнә істеп жүр» десті. Олардың біріне «Ол жаққа кететін кезіңде маған жолық» деді. Хазреті Омар қайтып бара жатқан адамға бір хат берді. Хатта Мүмин сүресінің алғашқы үш аяти каримасын жазып, қажетті насихаттарды жіберді. Аяти каримада, мағынасы: «Аллаһу та’аланың бәрін білетіндігі, күнә істегендер тәубе еткен жағдайда тәубесін қабыл ететіндігі және азаптың ауыр екендігі» білдірілген еді. Досы бұл хатты оқыған кезде әбден жылады. «Аллаһу та’аланың сөзі хақ. Омар маған насихат етті» деп, тәубе етіп, барлық күнәларынан бастартты.