19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Өзгеден бұрын өзімізді түзейік

Өзгеден бұрын өзімізді түзейік

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Негізгі жиһад – нәпсімізге қарсы жасалған жиһад, яғни күнә істемеу деген сөз. Күнә – от деген сөз. Бұл оттан алдымен өзімізді құтқаруға тырысуымыз керек. Сол кезде өте пайдалы адам боламыз және тек сол кезде ғана аузымыздан шыққан әрбір сөз адамдардың құтылуына себеп болады. Кейбір адамдар уағыз айтып жатқанда көптеген нәрселер айтады. Алайда айтылғандар тыңдаушылардың жүрегіне әсер етпейді. Есіктен шыққан бірінен уағызшының не жайында айтқаны сұралса, айтылғандарды қатты ұнатқан болса да, не айтқанын толығымен есіне түсіре алмай тұрады. Өйткені уағыз айтқан кісі өзгелерге «Осылай істеңдер, бұлай істемеңдер!» дейді, бірақ өзі бұларды орындамайды.

Құран кәрімде: «Адамдарды жақсылыққа шақырасыңдар да, өздеріңді ұмытып жатырсыңдар ма? Неліктен өздерің істемейтін амалдарды басқаларға уағыздайсыңдар» делінген. Осы себептен әулиелер аз сөйлейтін еді. Бірақ бір рет сөйлейтін болса, айтқан насихаттары мәрмәрге қашалғандай адамның ішіне жазылып қалады, ешқашан ұмытылмайды. Неліктен әулие-ғұламалардың кітаптарын оқығандар Аллаһқа мойынсұнады, намазын бастап, күнәдан бас тартады? Себебі мұны жазған адам алдымен мұны өзі істеді.

Біздің де бала-шағамызға, көршілерімізге, баршаға пайдалы бола алуымыз үшін ең әуелі өз-өзімізге пайдалы болуымыз керек. Алдымен инені өзімізге шаншуымыз керек. Жуалдызды өзгеге шаншу қиын іс емес, мұны онсыз да бәрі істеп жүр. Адам әрдайым алдындағы адамның айыптарын көріп тұрады, өзінікін мүлдем көрмейді. Өзімізге де бір қарайық. Біз кімбіз, не істеп жүрміз? Өзін есепке тартпайтын адамның есебі өте қиын тартылады. Біз, өкінішке орай, өзгелердің есебін тартуға үйреніп қалдық. Ылғи өзгелерді сынауға, өзгелерді дұрыс жолға түсіруге, өзгелерді дұрыстауға тырысамыз. Ал өзіміз қашан түзелеміз?

Әулие-ғұламалардың кітаптары дінімізді үйрену және ұстану үшін жазылды. Ислам дінінің иманнан кейінгі алғашқы әмірі – дінімізді үйрену. Өйткені білмеу сылтау болып саналмайды және надандықпен орындалған ғибадаттар қабыл болмайды. Сондықтан міндетті түрде дінімізді үйреніп, үйренгенімізге сай өмір сүруіміз керек. Осылайша алдымен өзімізге, кейін өзгелерге де пайдамыз тиген болады.