11 - Шәууал, 1445 жыл.
     20 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Сабыр ету қиын болса да, соңы саламаттық

Сабыр ету қиын болса да, соңы саламаттық

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Ниғметтерден айрылмау және олардың артуы үшін шүкір ету керек. Аллаһу та'ала «Берген ниғметтеріме шүкір етсеңдер, оларды арттырамын. Егер шүкір етпейтін болсаңдар, қолдарыңнан алып, орнына ауыр азап беремін» деген. Жүнәйд Бағдади хазреттері: «Шүкір дегеніміз – Аллаһу та'ала нәсіп еткен ниғметтерді Ол қалағандай, Ол қалаған жолда қолдану деген сөз» деп айтқан.

Ешбір нәрсеге ешқашан шағымданбау керек. Шағымдану дегеніміз – ниғметтерді ұмыту, шүкір етпеу деген сөз. Сондай-ақ, ниғметтердің кетуі және азаптардың келуі деген сөз. Бір қиыншылық келген кезде тәубе және истиғфар етіп, сабыр сақтау керек. Өйткені хадис шәрифте: «Бір әділетсіздікке душар болған кездеріңде үндемей сабыр етсеңдер, Аллаһу та'ала сол әділетсіздікті міндетті түрде кетіреді» делінген. Үндемеу – тілге ие болу, ал сабыр – жүрекке ие болу деген сөз. Егер керісінше болса, яғни шағымданып, сабыр сақтамаса, әділетсіздіктің кету ықтималынан кетпеу ықтималы басым болады.

Істерімізді ықтималдарға қалдырмауымыз керек. Табысқа қолжеткізу жақын тұрғанда шығынға ұшырау қате болады. «Сабыр еткен адам жеңіске жетеді» деген хадис шәриф сабырдың соңы әрдайым саламаттық болатындығын білдіруде. Сабыр сақтағанда асықпау керек. Асығу шайтаннан. Шайтаннан болған ешбір нәрседе қайыр жоқ. Егер асығып, сабыр етпейтін болсақ, пәлекеттер артады. Бірақ осы кезде сабыр ететін болсақ, соңы міндетті түрде саламаттық болады. Бір нәрсені жақсылап біліп алайық, молшылықта емтихан қиынырақ болады. Өйткені молшылықта нәпістің бүкіл қалаулары аяқ астында және нәпісті тежеу қиынырақ болады. Ал жоқшылықта нәпісті азғындыратын көп себеп те жоқ.

Насреддин Қожа дертіне шара іздемей, «Йа Раббым, бұл дертті менен алма!» деп дұға ететін еді. Мұны естігендер таң қалып, себебін сұраған кездерінде, «Бұл дерттен құтылсам, одан да үлкені келуі мүмкін, өйткені мұсылман бәле-жала мен қиыншылықтардан құтылмайды. Осы дертке үйреніп қалдым, бәлкім басқасына сабыр ете алмай қалармын» деп жауап береді. Мұсылманның басы дерттен құтылмайды. Бір дерт кетсе, басқа бір дерт келеді. Иллет, яғни ауру, зиллет, яғни абыройсыздық, қиллет, яғни кедейлік ешқашан ажырамайды. Мұсылман дүниеде, ахиреттегі орнына қарағанда қараңғылықта, бірақ ахиретте мәңгі жарықтыққа қауышады. Ал кәпір бұл дүниеде, ахиреттегі орнына қарағанда жарықтықта, бірақ ахиретте мәңгі қараңғылыққа кетеді. Ешқашан екеуі бірдей бола алады ма?