10 - Шәууал, 1445 жыл.
     19 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / Имансыз жамағат

Имансыз жамағат

Сұрақ: Имам Дәйләми білдірген хадис шәрифте: «Ақыр заманда бір мешітте мыңнан астам адам намаз оқиды, бірақ араларында бірде-бір мүмин болмайды» делінеді. Сонда мүмин болмаған және намаздары да қабыл болмаған адамдар не үшін мешітке келеді?

Жауап: Олар өздерін мұсылман санайтын, бірақ күпірге түскен адамдар. Мысалы, тағдырды жоққа шығарған, «Адам тағдырын өзі жазады» деген және амалдың иманның бір бөлшегі екенін айтқан, ақылға сүйенген Мутазила ағымы күпірге түскен. Пайғамбарымыз осы ағым жайында былай дейді:

«Жамандық тағдырдан емес деген Қадарияның (Мутазиланың) Исламнан нәсібі жоқ.» (Бәйһақи)

«Күнәні бізге Аллаһ мәжбүрлеп істеткізеді» деген Муржия, яғни Жәбрия ағымы да күпірге түскен. Пайғамбарымыз бұлар жайлы былай айтқан:

«Муржия (Жәбрия) және Қадарияның (Мутазиланың) Ислам дінінен нәсібі жоқ.» (Бұхари)

«Әмәнту...»-дегі алты негіздің бірін болса да жоққа шығарғандар да күпірге түскен. Мысалы «"Лә илаһә иллаллаһ" деп айту жеткілікті, "Мухаммадун Расулуллаһ" деп айтудың қажеті жоқ» немесе «Христиан және яһуди кәпірлер де жәннатқа кіреді» деп айтатындар, яки қандай да бір жолмен күпірге түскендер сол мешітте мыңнан астам адаммен бірге болады.

Адамдарды күпірге жетелейтін істердің басында бидғат келеді. Бидғат – Аллаһ және Расулуллаһтың әмірін нұқсан көріп, «Заманымыздың шарттарында былай болуы жақсырақ болады» деп жаңа үкімдер шығару деген сөз. Бидғатшы топтардың көбі осындай. Олардың имандары дұрыс болмағандықтан, амалдары қабыл болмайды. Төрт хадис шәриф мағынасы мынадай:

«Бір бидғат шығарған адамның намазы, оразасы, қажылығы, умрасы, жиһады, тәубесі, парызы, нәпілі және ешбір жақсылығы қабыл болмайды. Майдан қылдың шыққанындай діннен шығуы оңай болады.» (Ибн Мажа)

«Аллаһу та'ала бидғатшының дұғасын, зекетін, қажылығын және намазын қабыл етпейді.» (Дәйләми)

«Бидғатшы бидғатын Аллаһ разылығы үшін тәрк етпегенше ешбір амалы қабыл болмайды.» (Дәйләми, Ибн Нәжжар, Әбу Наср, Ибн Әби Асым)

«Құранды мизмарлардан (музыка да шалынатын аспаптардан) оқығандарға Аллаһ лағнет етеді.» (Мусамара)

Демек, бидғатшылардың бидғат істеу арқылы имандары кететін болғандықтан, хадис шәрифте: «Бір мешітте мыңнан астам адам намаз оқиды, бірақ араларында бірде-бір мүмин болмайды» делінген. Осы себептен бидғаттардан өте ұзақ тұру керек. Ғибадаттарды сүйікті пайғамбарымыз жасағандай орындау керек, ол білдірген түрде намаз оқу керек. «Ол күндері солай еді, бірақ қазір былай намаз оқу жақсырақ. Расулуллаһ болса да, осылай оқитын еді» демеу керек және ғибадаттарға бидғат араластырып күпірге түспеу керек. Үндістанда кейбір мешіттерге экран қойылған, орталық мешіттегі имамның көрінісіне ұйып намаз оқылып жатыр екен. Бүгін Түркияда да «Теледидарды қосып, Меккедегі имамға ұйып оқиық» дегендер шыққан. Бидғаттардан қатты сақтану керек, мешіттердегі намаздарды қабыл болмайтын иманы бұзық адамдардан болмау керек.