18 - Рамазан, 1445 жыл.
     28 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Арықтаудың шарасы

Арықтаудың шарасы

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Қиямет дертін біз білсек, дүниеде дерт деген нәрсені білмес едік. Бүкіл қиыншылықтар өлімді ұмытудан туындауда. Өлімді еске алу – ең үлкен насихат. Әрбір иманды адамның өлімді көп еске алуы керек. Өлімді көп ойлау діннің әмірлерін орындауға және күнәлардан сақтануға себеп болады. Харам істеуге батылдық азаяды. Пайғамбарымыз алейһиссалам былай деген:

«Ләззаттарды жоятын, ойын-сауықтарды тоқтататын өлімді көп ойлаңдар!»

«Өлімнен кейін болатын нәрселерді сендердің білгендеріңді жануарлар да білгенде еді, жеуге семіз мал таба алмайтын едіңдер.»

«Өлімді көп ойлаңдар. Оны ойлау адамды күнә істеуден қорғайды және ахиретте зиянды болған нәрселерден сақтануға себеп болады.»

Бұрынғы замандағы әкімдердің бірі мансап, абырой иесі болып, өте бай болғанда шектен шығып кетеді. Өмірін ішіп-жеу, рахаттану үшін сүреді. Жеген сайын семіріп, семірген сайын тамақ жейді. Бір күні семіздіктен орнынан тұра алмайтын жағдайға түседі. Рахаттығы азапқа айналады. Сол заманның ең атақты дәрігерін шақырып, бұл жағдайына шара табуын бұйырады. Не істесе арықтайтынын сұрайды. Дәрігер еш қысылмастан айтады:

-Сіздің диета сақтауыңызға қажеттілік жоқ, қалағаныңызды ішіп-жей аласыз.

Әкім бұл жауапқа сасып қалады, дереу себебін сұрайды. Дәрігер былай жауап береді.

-Мырзам, сіздің жазылуыңыз енді мүмкін емес, семіздік денеңізге көп зиян тигізген, бір ай шамасында өміріңіз қалды. Бір айдан кейін өлетін болғаныңыз үшін қиналып диета сақтауыңызға қажеттілік жоқ.

Өлім хабарын естіген әкім қайғырады. Жылдар бойы жасаған жамандықтарын, зұлымдықтарын, әділетсіздіктерін есіне түсіреді. Әділетсіздік, зұлымдық жасаған адамдарын жеке-жеке шақыртып, артығымен ақысын өтейді, олармен халалдасады (кешірімін, разылығын алады). Баршаға жақсылық жасауға, ешкімді ренжітпеуге тырысатын жағдайға жетеді. Өлімнен қорқынышы тәбетін де тоқтатады. Әкелінген дәмді тағамдарға қолын да тигізбестен кері қайтарады. Тамақ жемегендіктен күн сайын арықтайды. Айдың соңында әкім болғанға дейінгі салмағына түседі, қалыпты күйіне енеді. Бір ай өтіп кетсе де өлмегендіктен, дереу дәрігерін шақыртады. «Бір өтіп кетті ғой, мен әлі өлмедім, бұл не жағдай?» деп сұрайды. Сонда дәрігер айтады:

-Мырзам, бұған дейін сіз мені қашан өлемін деп шақырмаған едіңіз. Мен дәрігермін, сіз мені қалай арықтаймын деп, мұның шарасын тап деп шақырған едіңіз. Байқап тұрмын, мақсатыңызға жеткен екенсіз. Мұның емі осы еді.

Дәрігердің бұл қулығы әкімге сабақ болады. Дүниелікке берілуден, харамнан, зұлымдықтан аулақ болады.