11 - Шәууал, 1445 жыл.
     20 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Екі дәрі және екі пәлекет

Екі дәрі және екі пәлекет

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Сондай екі дәрі бар, бірі мәңгі тозақтан құтқарады, бірі есепсіз жәннатқа алып барады.

1) Лә илаһа иллаллаһ, Мухаммадур Расулуллаһ: Бұл калима-и тәуһидті айтқан және бұған сенген адам тозақта мәңгі қалмайды.

2) Истиғфар: Истиғфар барлық дертке дауа. Кедейлікке де, денеге де, қарызға да, қиыншылыққа да шипа. Сондай-ақ, қайтыс боларда соңғы демде иманмен кетуге және есепсіз, сұрақсыз жәннатқа кіруге себеп болады.

Аллаһу та'ала тәубе және истиғфар етуді нәсіп етсін! Бірақ тәубе қалай орындалады? Тәубенің екі негізгі бөлімі бар:

1) Жасаған ісінің күнә екенін мойындау. Айыбын мойындамағанша мың рет тәубе етсе де, адамға пайдасы тимейді. «Менің күнәм бар, мен қателік жасадым» деп осы күнәні қабылдауы, мойындауы керек.

2) Өкіну керек, күнәдан бас тарту қажет. Кінәсін мойындамаса, өкінбесе, қолдарын жайып, «Мені кешір Раббым» десе, тәубе ондай болмайды.

«Менікі дұрыс» деген әр адам ахиретте өкінеді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Өзінікі дұрыс болса да, менікі дұрыс емес деген адамның жәннатқа кіретініне, оған зәулім сарай берілетініне мен кепілмін» деген. Ал егер өзінікі дұрыс болмаған жерде «менікі дұрыс» деп айту одан да үлкен пәлекет.

Мына екі қасиет кімде бар болса, бұл үлкен пәлекет: бірі қырсықтық, екіншісі тәкәппарлық. Тарихта бұл екі жаман мінездің кесірінен пайғамбарымызды көрген болса да иман нәсіп болмаған адамдар өтті.

«Менікі дұрыс» деп айту және өзін басқалардан үстем санау – бұлар шынайы мүмин болуға тосқауыл, соңғы демде имансыз кетуге себепші. Бұл екі жаман мінез қай мұсылманда бар болса, соңы өте қауіпті. Адамның қырсықтығынан, тәкәппарлығынан «менікі дұрыс» деп айтуы қандай жаман. Кімдікі дұрыс, кімдікі дұрыс емес екені ахиретте көрінеді.

Адамның өзіне қатысты берген үкімі жарамсыз. Адам өзіне қалай үкім бере алады, басқа біреудің үкім беруі қажет. Адам өзін әулие деп жарияласа, бәрі оған күледі. Бір кісі әулие болуға шешім қабылдаған екен. Тауға шығып кетіп, ештеңе жемей, ештеңе ішпей, тек зікірмен, ғибадатпен айналысады. Бұларды шын көңілімен жасаған екен, Аллаһу та'аланың оған мейірімділігі келіп, «Мына адамды таудан түсіріңдер, барып өзіне жол көрсетуші тапсын» дейді. Өз-өзіне бағынған адам ешқашан Аллаһ досы бола алмайды.

Сондықтан ешкім өзі жайында ештеңе айта алмайды, басқа біреудің айтуы керек. Түстерге, қиялдарға сенбеген жөн, дініміз не деген болса, соған сену және бағыну керек. Адамдар көрген ең үлкен қиындық – өзі жайлы өзі айтуы. Бұл өте қауіпті, Аллаһ сақтасын!

Дінді қорғау алақанда отты ұстау сияқты қиын. Бұл тек жалғыз болмау, өз-өзімен сөйлеспеу, өзіне бағынбау арқылы іске асады. Өйткені өзі дегені – нәпсі деген сөз. Ал нәпсі – Аллаһтың дұшпаны.