9 - Рамазан, 1445 жыл.
     19 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Ақты қарадан, хақты жаладан ажырату оңай емес

Ақты қарадан, хақты жаладан ажырату оңай емес

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Ілім – хақты жаладан, дұрысты бұрыстан ажырата алу деген сөз. Әйтпесе көп кітапты жатқа білу деген сөз емес. Әлемдегі барлық кітаптарды жаттап алсақ, егер ғибадатымыз Аллаһу та'аланың разылығына сай болмаса, бұл ештеңеге жарамайды.

Сүйікті пайғамбарымыз «Йа, Раббым, маған хақты хақ қылып білдір, қатені қате етіп білдір. Қатеге хақ деп жабыспайын, хаққа қате деп қас болмайын» деп дұға етіп, бізге осылай дұға етуімізді бұйырған.

Хақты қатеден ажырату, яғни «мынау Аллаһтың разылығына сай, мынау қайшы» деп ажырату өте қиын іс. Мүршиді (ұстазы) болмаған адамның хақты қатеден ажыратуы мүмкін емес. Қазіргі заманда өте жаман және көп ағымдар, топтар тараған, қайбірінің дұрыс екенін ақылымызбен, білімімізбен түсіне алмаймыз.

Ақида (сенім) тұрғысынан қате болған бір сенім ғибадаттың барлық түрін түбінен жояды. Ешқандай пайдасы болмайды. Аллаһу та'аланың ахиретте құлдарынан ең алғаш сұрайтыны – дұрыс иман. Дұрыс иман – діннің негізі. Барлық ғибадаттар осы іргетастың үстіне ғимараттай соғылады. Ал дұрыс иманның дұшпандары көп. Шайтан, нәпсіміз және жаман достар, жаман ақпарат құралдары, яғни іштен, сырттан алдынан шыққанның бәрі иманға шабуылдайды. Имам Раббани хазреттері 400 жыл бұрын «Иманыма шабуылдағандардан қорқып ағаштың жапырағындай дірілдеймін» деген. Яғни сол заманның өзінде иманның ұрылары, иман дұшпандары көбейгені соншалық, осындай ұлы ғалым иманынан айрылып қалудан қатты қорққан.

Бұл ғалымдарды танығандар бақытты, олар Аллаһу та'ала тарапынан таңдалған адамдар. Бұл ғалымдар толық және дұрыс иманға қауыштырады. Осы иманымызға қауышуымыз үшін малдарын, жандарын пида еткен Асхаби кирамнан бастап, бұрын өткен мұсылман салих сұлтандарға, Әмір Темірге, барлық ғалымдарға, әулиелерге, мүжаһидтерге, шәһидтерге, бәріне қанша алғысымызды білдірсек те, аз. Өйткені олар осы иманды байрақтай қолдан қолға жандарымен, малдарымен, ақшаларымен, барымен бізге дейін жеткізбегенде еді, біз мұсылман перзенті болып туылмай, бәлкім мәңгіге тозақтық болар едік.

Сондықтан олардың мойнымызда үлкен ақылары бар. Яғни бұл ниғметке қауышудың жүгі өте ауыр. Біз де мұны басқаларға үйретпесек, бізден кейінгі ұрпақтар «Осыншама адамдардың обалын алдыңдар! Неге бізге бұны үйретіп кетпедіңдер?» деп, біздің үстімізден шағымданады.