9 - Рамазан, 1445 жыл.
     19 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Нәпістің қалауына еру

Нәпістің қалауына еру

Сұрақ: Нәпістің қалауына ермеу үшін не істеу керек?

Жауап: Нәпіс жақсы көретін, қалайтын нәрселер хәуа деп аталады. Нәпістің хәуасына, құмарлықтарына, қалауларына еру жаман мінездердің басында тұрады. Нәпістің қалауларының адамды Аллаһ жолынан адастырушы екендігі Құран кәрімде хабар берілген. Өйткені нәпіс әрдайым Аллаһу та'аланы жоққа шығаруды, Оған қарсы шығуды, қасарысуды қалайды. Әр істе нәпістің қалауына еру – нәпіске табыну болып саналады. Нәпсіне ерген адам күпірге түсуді немесе бидғатшы болуды яки харам істеуді бастайды. Ғалымдар «Нәпіске еруден құтылу – дүниедегі ниғметтердің ең үлкені. Өйткені нәпіс Аллаһу та'ала мен құл арасындағы тосқауылдардың ең қауіптісі. Ғибадаттардың ең құндысы – нәпіске ермеу» деген. Құран кәрімде былай делінеді:

«Раббының ұлылығынан қорқып, өзін нәпсінің қалауынан тыйған адамның баратын жері, әрине, жәннат.» (Назиат 40,41)

Хадис шәрифтерде де былай делінеді:

«Мына үш нәрсе адамды пәлекетке жетелейді: Сараңдық, нәпіске еру, өз-өзін ұнату.» (Әбу Наср, Хаким Тирмизи)

«Мына төрт нәрсе кімде бар болса, оған тозақ харам, шайтан мен нәпсінен де қорғалған болады. Нәпсі бір нәрсеге құмарланса, нәпсінің жаман қалауын және ашуын тыя алады. Нәпсі бір нәрсені жақтырмаса, соны істейді. Бұл төрт нәрсе мыналар: Бір кедейге қамқорлық жасау, әлсізге жанашыр болу, қызметшіге сыпайылық таныту, ата-анасын бағу.» (Дәйләми)

«Ақылдың белгісі – нәпіске ие болып, өлгеннен кейін қажет болатын нәрселерге дайындалу. Ақымақтық белгісі – нәпіске еріп, Аллаһтан кешірім күту.» (Тирмизи)

Нәпіске еріп, тәубе мен истиғфар жасамастан кешірім мен жәннатты күту ақымақтық болуда. Нәпіс – жаратылысынан жамандықтарды, зиянды нәрселерді жақсы көруші және қалаушы етіп жаратылған.

Нәпсіңнен дәйім сақтан,

Оған сенбе ешқашан.

Жетпіс шайтаннан асқан

Дұшпандық етер саған.

Нәпістің адамды харамдарға және мәкрухтарға жетелеуінің зияны мәлім. Оның қалауларының бәрі хайуани қалаулар. Ал хайуани қалаулардың бәрі дүниелік қажеттіліктер. Адам осы қалауларының соңынан қуса, ахирет қажеттіліктерін дайындаудан құр қалады.

Өте маңызды болған жайт – нәпіс мубахтарға (нейтрал заттар) тоймайды. Мубахтарды қолдануды арттырған сайын ол қалауларын арттыра береді. Сонда да тоймайды. Адамды харамдарға итермелейді. Ал харамдарды істей бастаған адамның күпірге түсуі оңай болады. Мубахтарды шамасынан артық қолдану дерттерге, ауруларға себеп болады. Ондай адам тек асқазанын, зауқын ойлайтын сараң және қарабет болады.

(Мубах – дінімізде әмір де етілмеген және тыйым да салынбаған амалдар. Яғни күнә немесе ғибадат екендігі білдірілмеген iстер. Олар, жақсы ниетпен iстелуінде сауапқа, жаман ниетпен iстелуінде азапқа себеп болады. Мысалы тамақ жеу, ұйықтау және т.б.)

Нәпістің Ислам дінінің сыртына шығуының алдын алу үшін онымен күресудің екі жолы бар:

1) Нәпіске ермеу, оның қалауларын істемеу. Бұл «Риязат» деп аталады. Риязат тақуалық және уәра арқылы іске асады. Тақуалық – харамдардан сақтану деген сөз. Уәра – харамдардан сақтанып, мубахтарды да қажетінен артық қолданудан шектелу деген сөз.

2) Нәпістің қаламайтын нәрселерін істеу. Бұған «Мүжаһада» делінеді. Барлық ғибадаттар мүжаһадаға жатады.

Осы екі күресті дінімізде жиһад деп атайды. Бұл күрес нәпісті тәрбиелейді. Адамды жетілдіреді. Рухты қуаттандырады. Сыддықтардың, шәһидтердің және салихтардың жолына, дәрежелеріне қауыштырады. Аллаһу та'ала құлдарының ғибадаттарына мұқтаж емес. Құлдарының күнә істеуі де Оған зиянын тигізбейді. Бұларды Ол, құлдың нәпсін тәрбиелеуі, нәпсімен күресуі үшін әмір еткен.

 

Сұрақ: Кейбір ғибадаттарды жасау нәпсіме ауыр келеді, не істейін?

Жауап: Нәпсімізге ауыр келсе де, дініміздің әмірлерін орындауға тырысуымыз керек. Хадис шәрифте былай делінген:

«Нәпсін қор көрген адам дінін қадірлейді, нәпсін қадірлеген адам дінін қорлаған болады. Дінді қашанда қадірлеу қажет. Нәпсін азықтандырған адам дінін әлсіреткен, ал дінін азықтандырған адам нәпсін әлсіретіп, дінін азықтандырған болады.» (Әбу Нуайм)