24 Мамыр 2017   



ҚҰРАН КӘРІМ (10)

1312 [м.1894] жылы Стамбулда қайтыс болған ұлы тарихшы Ахмед Жевдет Паша (рахимә-һуллаһу та’ала) «Қысас-и Әнбия» атты кітабында былай дейді: «Иса алейһиссалам аспанға көтерілгеннен 40 жылдан кейін римдіктер Құдысқа шабуыл жасады. Яһудилердің кейбірлерін өлтірді, кейбірлерін тұтқынға алды. Құдысты қиратып, талан-тараж етті. Тәураттар мен басқа да кітаптарды өртеді. Бәйт-ул-муқаддесті, яғни Мешіт Ақсаны жер мен жексен етті. Құдыс қаласы шөлге айналды. Яһудилер осыдан кейін жинала алмады. Мемлекет құра алмады. Тарап кеткен жерлерінде қор болып өмір сүрді. Иса алейһиссалам 30 жасында болғанында пайғамбар екендігі білдірілді. Оған он екі адам сенді. Олар «Хауариун» деп аталады. 33 жасында тірі күйінде көкке көтерілгенде хауарилер таралып, осы жаңа дінді жаюға кірісті. Кейін Інжіл атымен түрлі кітаптар жазылды. Бұлар Иса алейһиссалам туралы баяндалған тарихи кітаптар болатын. Інжілдің түпнұсқасы сақталмады. Барлық жерде күпір мен ширк тарады. Иса алейһиссаламның діні 300 жыл жасырын ұсталды. Оған сенгені мәлім болған адамдарға қастандық жасалатын. Рим императоры Константин 310 жылы бұл дінге рұқсат берді. Өзі де христиандықты қабылдады. Стамбул қаласын құрып, Римнен Стамбулға көшті. Бірақ, бұл діннің негіздері бұзылып, ұмыт болғандықтан, поптардың қолында ойыншыққа айналды. Милади 395 жылы Рим мемлекеті екіге бөлінді. Римдегі папаға бағынатындар «Католик», Стамбулдағы патриархқа бағынатындар «Православ» деп аталды. Шіркеулерге суреттер, мүсіндер қойылды. Басқа халықтар да күпірлік пен ширк ішінде еді. Римдіктер бүкіл Еуропаны, Мысырды, Сирияны, Иракты жаулап алды. Ғылым мен өнеркәсіпте жақсы дамығанымен, ахлақтары бұзылған еді. Зауықтануға, адамдарды қинауға берілді. Басып алған елдеріне жаман әдеттерін орнатты. Бірақ Араб түбегіне шабуыл жасамады.

Арабтар сауатсыз болатын. Біразы христиан, біразы яһуди, біразы пұтқа табынушы болған. Ал бір бөлігі Ибриһим және Исмаил пайғамбарлардан (алейһимуссалауату уәттәслимат) қалған әдеттерді ұстанатын. Мекке тұрғындарының көпшілігі мүшрик болып пұттарға табынатын. Қағбаның іші пұттарға (мүсіндерге) толтырылған еді. Бүкіл әлем қараңғылық пен адасушылықта еді. Арабтар ғылымда артта қалғанымен, әдебиетке қатты мән беретін. Араларында мықты ақындары бар еді. Өлең оқуды мақтан ететін. Араб тілінің кәмілденуі Аллаһ тарапынан бір кітап келетінінің белгісі еді.» Жевдет Пашаның сөздері осында тәмәм болды.

Осыншалықты ашық дәлелдермен Құран кәрімнің ақиқатында Аллаһу та’аланың кітабы екенін анықтағаннан кейін әлі де Оған сенбейтіндер бар болса, Аллаһу та’ала оларды ахиретте ең ауыр азап беретініне  таң қалмау керек. «Құран кәрімде көптеген залымдық үкімдер бар» дейтін христиандарға «Жоқ, Құран кәрімнің көптеген жерінде Аллаһу та’аланың өте мейірімді, аса кешірімді екендігі айтылған. Күнә істеген адам күнәларына өкінсе, Аллаһу та’ала оны кешіреді. Бірақ, осыншама айқын дәлелдерге қарамастан, әлі де Құран кәрімге сенбейтіндердің ахиретте мәңгі азапқа тартылуы еш зұлымдық емес» деуіміз керек!

Шынайы мұсылман болу дегеніміз – тек әдет бойынша ғибадат жасау деген сөз емес, Ислам бұйырған көркем мінез иесі болып, адамдық міндеттерді атқарып, рухани тұрғыдан да таза болу деген сөз. Ғибадат жасайтын, бірақ қулықты зеректік санайтын, адамдарды алдайтын, тіпті кейде жаман үгіттерге алданып, адам өлтіретін, айналасында бүлік шығаратын, өтірік сөйлейтін адам мұсылман екенін айтқанымен, ол шынайы мұсылман емес. Аллаһу та’ала Құран кәрімнің «Фурқан» сүресінде мұсылманның қандай болуы керектігі туралы баяндаған. Мұны тәфсирлеу үшін Әһли сүннет ғалымдары (рахимә-һумуллаһу та’ала) көптеген кітаптар жазған. Бірақ, біз әлі күнге дейін өзімізді жаман мінездерден арылта алмай жүрміз, Құран кәрімде көрсетілгендей еңбектенбейміз, Аллаһу та’аланың бұйрықтарын орындамаймыз, сөзімізде тұра алмаймыз, көшелерімізді лас ұстаймыз, рухани және дене тазалығын сақтай алмай жүрміз. Алайда, қолымызда бізге барлық осы жақсы нәрселерді бұйыратын, не істеу керектігін айқын көрсететін Аллаһу та’аланың сөзі болған «Құран кәрім» мен пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұйрықтары және Әһли сүннет ғалымдарының (рахимә-һумуллаһу та’ала) кітаптары бар.

Аллаһу та’ала Фәтх сүресінің 28-аятында былай бұйырады:

«Аллаһу та’ала пайғамбарын хидаят (тура жол) және хақ дін болған Ислам дінімен жіберді. Ислам дінін басқа діндерден үстем қылды. [Мұхаммед алейһиссаламның хақ] пайғамбар екендігіне куә ретінде Аллаһ жетеді.»

Саф сүресінің 9-аятында: «Мүшриктер қаламаса да, Ислам дінін басқа бүкіл діндерден үстем қылу үшін расулы Мұхаммед алейһиссаламды [хидаят себебі болған] Құран және Ислам дінімен бірге жіберген – Аллаһу та’ала» делінген.

Сондай-ақ Аллаһу та’ала сөз беруде:

«АЛЛАҺУ ТА’АЛА ШҮКІР ЕТУШІЛЕРДІҢ МАРАПАТЫН БЕРЕДІ.»

Бұл жерде шүкір ету дегеніміз – Құран кәрім талап еткендей толық мұсылман болу деген сөз. Аллаһу та’ала берген ниғметтерін Оның бұйрығына сай қолдану деген сөз. Қазір әлемде 1 миллиардтан астам мұсылман бар екендігі 271-бетте жазылған еді. Яғни әлемде әр төрт адамның бірі мұсылман. Егер бұл мұсылмандар Аллаһу та’ала әмір еткендей рухани және дене тұрғысынан тап-таза адамдар болып, бір-бірімен бауырдай байланып, еңбектеніп, барлық салада ілгерілеуді бастаса, Аллаһу та’ала да оларға мұның марапатын береді. Сол кезде мұсылмандар, орта ғасырдағы сияқты, мәдениеттің ең алдына шығады. Аллаһу та’ала бізге осыны уәде етуде. Аллаһу та’ала ешқашан сөзінен қайтпайды.