10 - Шәууал, 1445 жыл.
     19 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Жаманның жаманы

Жаманның жаманы

Сұрақ: Кейбір күнәларды жастар істесе, қалыпты жағдай ретінде қаралады да, жасы келген адамдар істегенде «Үлкен адам мұны қалайша істейді?» деп жатады. Бір іс күнә болса, баршаға бірдей күнә емес пе? Бір банк қызметкері ішкілік ішсе көзге түспейді де, бір имам ішкілік ішсе жұрт шулайды. Екеуіне де бірдей күнә жазылмайды ма?

Жауап: Жақсының жақсысы болғанындай, жаманның да жаманы болады. Жақсы амалдар, көркемдіктер кейбір адамдарда көбірек назар тартады. Бір хадис шәриф мағынасы:

«Жақсылық кейбір адамдарда жақсырақ көрінеді. Мысалы, әділет жақсы, бірақ басқарушыда болса, бәрінен жақсырақ. Жомарттық жақсы, байларда болса, бәрінен жақсырақ. Ұят жақсы, әйелде болса бәрінен жақсырақ.» (Дәйләми)

Бір адамның әділ болуы жақсы, бірақ бастықтың, басқарушының немесе патшаның әділ болуы өзгеше. Бір патшаның әділеті халық арасында дастан болады. Хазреті Омардың әділеті ғасырлар өткен болуына қарамастан, әлі де ұмытылмаған.

Жомарттық жақсы, бірақ кедей кісі жомарт болса, не істей алады, қанша адамға не бере алады? Ал байдың жомарттығы барлық жаққа жайылады. Мысалы Хатәм Таи есімді бай кісінің жомарттығы халықта дастан болған, 15 ғасыр өтуіне қарамастан, әлі ұмытылмаған.

Жаман нәрселер де осындай. Тәкәппарлық кімде болса да жаман, бірақ кедейдің, әлсіздің, сауатсыздың, қызметшінің тәкәппарлануы көбірек назар тартады. Мал-мүлкіңмен немесе біліміңмен немесе мансабыңмен тәкәппарланып жатырсың ба деген сұрақ туындамайды ма? Ондай адамдар «Қуырмаш жейді, қуырдақ жедім дейді» деп жамандалады.

Діннен ұзақ бір адам ішкілік ішсе, құмар ойнаса, көзге түспейді, бірақ бір дін адамы, имам мешітке мас болып келсе, масқара болады. Дін адамы ақ киімге ұқсайды, үстіне жұққан ұсақ дақтың өзі бірден көрініп қалады. Оранған әйел қысқа юбка кисе, бәрінің назарын өзіне тартады. Президент қымбат көлікпен келсе, ешкім жатсынбайды, бірақ бір кедей дәл сондай көлікпен мақтанып келсе, айыпталады.

Зина – үлкен күнә және өте жаман амал, бірақ қарт кісінің зина жасауы әлдеқайда жаман. Екі хадис шәриф мағынасы мынадай:

«Жеті қабат аспан мен жер зина еткен қартқа тоқтамай лағнет айтады.» (Бәззар)

«Аллаһу та'ала мына үш кісіні қатты азаптайды: 1-Зина жасаған қартты, 2-Өтірік айтқан басқарушыны, 3-Тәкәппар болған кедейді.» (Мүслим)

70-80 жастағы бір әже боянса, қысқа юбка кисе, көзге жат болады, бәлкім елге күлкі болады.