26 Маусым 2017   


  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Иман және Ислам" кітабы / Мұхаммед алейһиссаламның мұғжизалары (6)

Мұхаммед алейһиссаламның мұғжизалары (6)

45) Бір күні «Үмбетімнің ішінен рафизи деген көп адамдар шығады. Олар Ислам дінінен бөлінеді» деді.

46) Сахабаларының көпшілігіне қайырлы дұғалар жасаған, барлығы қабыл болып, пайдаларын көрген.

Әли (радиаллаһу анһ) айтады: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мені Йеменге қазы ретінде жібергісі келді. Мен: "Йа, Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)! Мен қазылық етуді білмеймін" деген едім, мүбәрәк қолын көкірегіме қойып: "Йа, Рабби! Мұның жүрегіне (көңіліне) дұрыс нәрселерді білдір. Тек дұрыс сөйлеуді нәсіп ет!" деп дұға етті. Осыдан кейін маған келген шағымданушылардың қайсысы дұрыс екенін дереу түсініп, дұрыс үкім шығаратын болмын.»

47) Расулуллаһ жәннатқа кіретінін сүйіншілеген он адамға «Ашәрә-и мүбәшшәрә» делінеді. Олардың ішінде Са’д бин Әбу Уаққасқа (радиаллаһу анһ) Ухуд соғысында «Йа, Раббым! Мұның оқтарын нысанаға тигіз және дұғаларын қабыл ет!» деп дұға етті. Осыдан кейін Са’дтың барлық дұғасы қабыл болып, атқан барлық оғы дұшпанға дәл тиді.

48) Көкесінің баласы Абдуллаһ бин Аббастың (радиаллаһу та’ала анһума) маңдайына мүбәрәк қолын қойып, «Йа, Раббым! Мұны дінде үлкен ғалым қыл, даналық иесі ет! Оған Құран кәрім ілімдерін ихсан ет!» деді. Осыдан кейін барлық ғылымда, әсіресе тәфсир, хадис және фиқһ ілімдерінде дәуірінің ғұламасы болды. Сахабалар мен табииндер барлық нәрсені одан үйренетін еді. «Тәржуман-ул-Қуран», «Бахр-ул-илм» және «Рәис-ул-Мүфәссирин» деген аттармен танымал болды. Ислам мемлекеттері оның шәкірттеріне толды.

49) Қызметшісі болған Әнәс бин Маликке (радиаллаһу та’ала анһ) «Йа, Раббым! Мұның мал-мүлкі мен бала-шағасын көп қыл. Өмірін ұзақ ет. Күнәларын кешір!» деп дұға етті. Уақыт өткен сайын мал-мүлкі көбейді. Ағаштары мен бақшалары жыл сайын жеміс берді. Жүзден астам бала-шағасы болды. 110 жыл өмір сүрді. Өмірінің соңында: «Йа, Раббым! Сүйіктіңнің маған жасаған дұғаларының үшеуін қабыл етіп, ихсан еттің! Төртіншісі болған күнәларымның кешірілуі қалай болады екен?» дегенінде: «Төртіншісін де қабыл еттім, уайымдама» деген дауыс естіді.

50) Малик бин Рабиаға (радиаллаһу та’ала анһ) «Ұрпағың берекелі болсын!» деп дұға етті. Сексен баласы болды.

51) Набиға есімді атақты ақын бірнеше өлеңін оқыған кезде арабтарда кең тараған «Аллаһу та’ала тістеріңді түсірмесін» деген дұғаны айтты. Набиға жүз жасқа келді, тістері ақ және жылтыраған, маржандай тізіліп тұрды.

52) Уруа бин Жуд (радиаллаһу та’ала анһ) үшін «Йа, Раббым! Мұның саудасына береке бер!» деді. Уруаның айтуынша, осыдан кейін жасалған саудаларының бәрі табысты болды, ешқашан зиянға түспеді.

53) Өзінің қызы Фатима (радиаллаһу та’ала анһа) бір күні қасына келді. Аштықтан өңі сарғайған еді. Қолын оның кеудесіне қойып «Ей, аштарды тойдыратын Раббым! Мұхаммедтің қызы Фатиманы аш қалдырма!» деді. Фатиманың бірден бетіне қан жүгіріп, реңі жанданды. Өмірінің соңына дейін ешқашан аштық сезбеді.

54)  Ашәрә-и мубәшшәрадан Абдуррахман бин Ауфқа береке тілеп дұға етті. Малының көбейгені соншалық, халық арасында аңызға айналды.

55) «Барлық пайғамбардың дұғасы қабыл болады. Әр пайғамбар үмбетіне дүниеде дұға етті. Ал мен қиямет күні үмбетіме шапағат етуге рұқсат сұрап дұға етемін. Иншааллаһ, дұғам қабыл болады. Мүшрик болмағандардың бәріне шапағат етемін» деді.

56) Меккенің кейбір ауылдарына барып, адамдардың иман келтірулері үшін көп күш салды, ешкім қабылдаған жоқ. Юсуф алейһиссалам заманындағы Мысырдағы тапшылықтағыдай қиыншылық шегуін тілеп дұға етті. Сол жылы сол жерлерге сондай тапшылық келді, адамдар өлексе жеді.

57) Көкесі Әбу Ләхәбтың ұлы Утәйба Расулуллаһтың (алейһиссалату уәссәләм) күйеу баласы бола тұра Расулуллаһқа иман келтірмеді, Оны (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қатты ренжітті. Оның мүбәрәк қызы Үммү Гүлсіммен ажырасты. Жаман сөздер айтты. Бұған пайғамбарымыз қатты ренжіп: «Йа, Раббым! Бұған иттеріңнің бірін жібер!» деп дұға етті. Утайба Шамға саудаға бара жатқанда бір түні достарының арасында жатқан болатын. Бір арыстан келіп, достарын иіскеп өтіп, кезек Утайбаға келгенде бас салып, бөлшектеп тастады.

58) Бір адам сол қолымен тамақ жеп отырған еді. Оған «Оң қолыңмен же!» деді. Ол «Оң қолым қимылдамайды» деп өтірік айтты. Сонда: «Оң қолың енді істемей қалсын!» деді. Өмірінің соңына дейін оң қолын аузына апара алмайтын болды.