19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Құрбандық / Қайтыс болған адам үшін құрбандық шалу

Қайтыс болған адам үшін құрбандық шалу

Сұрақ: Қайтыс болған адам үшін құрбандық шалуда қандай шарттар бар?

Жауап: Бөлімдермен білдірейік:

1) Сауабын өліге бағыштау үшін сойылатын құрбандық та, басқа құрбандықтар сияқты, тек Аллаһ разылығы үшін сойылады. Шалынған құрбандықтың сауабын өліге немесе өлілерге бағыштауға (сыйлауға) болады. Парыз болса да, нәпіл болса да, қандай да бір ғибадатты орындағанда немесе орындағаннан кейін сауабын өлі-тірі кезкелген адамға сыйлауға болады. Намаз, ораза, қажылық, умра, садақа, Құран кәрім оқу, әулиенің қабірін зиярат ету, құрбандық, зікір сияқты ғибадаттардың сауаптарын бағыштауға болады. Бағыштаған адамның өз сауабынан еш азаймастан барлық мүминдерге сауабы тиеді. Яғни сауап, бағышталған адамдарға бөлінбестен әрбіріне толықтай тиеді.

 

2) Бір құрбандық шалып, сауабын өлі-тірі бүкіл мұсылмандарға жіберсек, еш азаймастан бәріне бір-бірден құрбандық сауабы тиеді. Бұл Аллаһу та'аланың бізге берген мейірімі. Сондықтан алған сауаптарымызды өлі-тірі барлық мұсылмандарға бағыштағанымыз жөн.

 

3) Расулуллаһ алейһиссалам үшін де құрбандық шалу мүстаһаб және үлкен сауап. Расулуллаһ алейһиссалам екі құрбандық шалатын еді. Бірі өзі үшін, бірі үмбеті үшін болатын. Сойған екі құрбандығын «Біреуі өзім және бала-шағам үшін, біреуі құрбандық шала алмаған үмбетім үшін» дейтін еді. Расулуллаһ қоштасу қажылығына барғанда жүз құрбандық түйе алып барды. 63-ін өзі сойды. Кейін пышақты хазреті Әлиге берді. Қалғандарын ол сойды. Осылайша 63 жыл өмір сүретінін ымдаған болды. Сүйікті пайғамбарымыз үшін құрбандық шалған кезде «Аллаһ разылығы үшін құрбандық шалуға және сауабын Расулуллаһ алейһиссаламға сыйлауға» деп ниет етіледі.

 

4) Бір адам біреуі нәзір, біреуі ақиқа, біреуі уәжіп болған айт құрбандығы, біреуі нәпіл, біреуі өлі үшін, біреуі пайғамбарымыз үшін құрбандық шалуды қаласа, бір сиыр алып союына болады.

 

5) Құрбандық шала алмаған мұсылман қайтыс болатын кезінде қалдырған мүлкінен өзі үшін құрбандық шалуын мұрагеріне өсиет етсе, өсиет етілген құрбандық айт күндері сойылады. Мұның етін сойған адам кедей болса да жей алмайды. Еттің барлығын кедейлерге таратуы керек.

 

6) Өсиет етпеген өлі үшін мирасқоры немесе басқа біреу кез келген уақытта өз мүлкінен мал сойып, сауабын өліге бағыштай алады. Сауабы сойған адамдікі болады. Мұның етін сойған адам да жей алады.

 

7) Сауабы өліге бағышталатын малды кез келген уақытта союға болады.

 

Құрбандық дегеніміз – айттың алғашқы үш күнінде бай кісі үшін уәжіп, кедей үшін нәпіл болып сойылатын қой, ешкі, сиыр немесе түйе деген сөз. Құрбандықты атаған адам айттың алғашқы үш күні ішінде сояды. Бұдан кейінге қалса, бар болса тірідей садақа қылып береді. Нәзір құрбандығы айттың алғашқы үш күнінде сойылуы керек. Бұл күндер келмей тұрып сойылса, құрбандық болмайды және нәзірі орындалған болып саналмайды. Нәзір құрбандығы белгілі үш күнде сойылмаған болса, алтын, күміс ретінде бағасы немесе тірідей өзі кедейлерге беріледі.

Белгілі үш күннен кейін сойылып, еті кедейлерге таратылса, еттің құны тірі құрбандық құнынан аз болмауы тиіс. Аз болса, арадағы айырмашылық шамасындай ақша таратылады. Құрбандық демей нәзір етілген болса, мысалы бір қой соямын десе, күні мен жерін айтқан болса да, құрбан айтты да қосқанда қалаған уақытында және қалаған жерінде союына болады.

 

Өлі үшін құрбандық шалу

Сұрақ: «Өмірінде мүлдем құрбандық шалмаған адам қайтыс болған жақыны үшін құрбандық шала алмайды» деп айтылып жатады. Ондай үкім бар ма?

Жауап: Ондай үкім жоқ. Өзіне уәжіп болмаса, өзі үшін әрине соймайды, сойса нәпіл сауабын алады. Қайтыс болған жақындары үшін де сояды.