19 Қараша 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Кедейлік пен байлық сынағы

Кедейлік пен байлық сынағы

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Жақсылық жасап, мұқтаждарға көмектесу қажет. Жақсылықты және беруді жақсы көру керек. Адам жақсылық жасаған кезде жақсылық көрген кісіден көбірек қуану керек. Сүйікті пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Жәннатта менің оң жағымда кім болады?» деп сұрағаннан кейін «Мінезі ең көркем болған адам болады» деді. «Мінезі көркем болған кім, йа Расулаллаһ?» деп сұрағандарға: «Ашуланбайтын, адамдарға жақсылық жасайтын, олармен жақсы қарым-қатынаста болған мүминдер» деп жауаптады.

Бір кедей жанұя бар екен. Әйелі жүннен жіп иіріп жасайды, күйеуі мұны базарға шығарып сатады, ақшасына үйге азық-түлік алып, осылай күн көреді екен. Бір күні кедей жіп сатып, үйіне азық-түлік алуға бара жатқанында бір адамның біреуді ұрып соғып жатқанын көреді. Олардың қасына жүгіріп барып, себебін сұрайды. Ұрып жатқан адам «Мынау маған ақша қарыз, кедей болғандықтан қайтара алмай жүр, сол үшін ұрып жатырмын» дейді. «Кедейдің қарызы қанша болса мен берейін, қалтамдағы барлық ақшамды ал!» деп ақшасын береді. Әлгі адам ақшаны алып «Бұл қарызды жаппайды ғой, бірақ қазірше жеткілікті» деп ұрып жатқан кедейін жібереді. Жіп сатушы ақшасыз үйіне қайтып, әйеліне жағдайды айтып береді. Әйелі «Қайырлы болсын, мұсылманды құтқарғаның жақсы болыпты, біз сабыр етерміз» дейді.

Ертеңіне жіп сатушы тағы базарға шығады, бірақ жіп сата алмайды. Кеш болып, шарасыз үйіне қайтып бара жатқанында қолында балығы бар біреуді кездестіреді. Ол кісі «Мен балықшымын, бүгін балық сата алмадым. Әйелім менен жіп сұраған еді, сенде бар сияқты ғой?» деп сұрағанда жіп сатушы «Иә, бар» дейді. Сөйтіп жіпті балыққа ауыстырады.

Жіп сатушы үйіне келгенде әйеліне «Бүгін ақша таба алмадық, бірақ қарнымызды тойдыратын балық алдым. Пісір, жейік» дейді. Әйел балықты тазалап жатқанда ішінен үлкен алтындар шыққанын көреді де, қатты қуанады. Екеуі балықты пісіріп жейді. Енді бай болдық деп отырғанда әлгі балықшы келіп «Әйелім разы болмады, мен саудамызды бұзамын. Жіптеріңді ал, балығымды қайтар!» дейді. Жіп сатушы «Жарайды, бірақ біз балықты пісіріп, жеп қойдық, оны қайтара алмаймын. Балықтың ішінен алтын шықты, соларды берейін» дейді. Балықшы «Онда алтындарды бер!» дейді. Жіп сатушы алтындарды қайтарып береді. Сонда алтындарды алған балықшы «Мен Хызырмын (Қыдырмын), қарызын қайтара алмай таяқ жеп жатқан кедейге жасаған жақсылығың үшін Аллаһу та'ала сені жақсы көрді. Сені осындай сынақтан өткізді. Кедейлік сынағынан да, байлық сынағынан да жақсы өттің. Алтындар сеніңкі, ала бер!» деп сүйіншілейді. Демек, беруші әрдайым жетістікке жетеді.