18 - Рамазан, 1445 жыл.
     28 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Ықылас азайғанда

Ықылас азайғанда

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Бұл дүние – ахиреттің егістігі. Қияметтегі өкінудің пайдасы жоқ. Тәубе-истиғфар жасау қажет. Адам өз-өзінен жиіркену керек, өзін дін бауырының аяғындағы шаңдай сезінуі қажет. Ол үшін нәпсімізді қинауымыз керек, ащы болса да, хақ сөзді құптауымыз керек. Ауру қаншалықты ауыр болса, берілетін дәрісі соншалықты күшті болады.

Бір әулие кісіге ауруы себебінен ота жасалады, отадан кейін ол өте ауыр безгекке (лихорадка) душар болады. Патшаның жеке бақылауы және бұйрығымен дәрігерлер оның ауруын қадағалап тұрады. Өте күшті дәрілер береді. Өйткені безгек денесін тұтас қаптаған еді және ол өте қатты қиналып жатты. Ақыр соңында аса мұқият бақылау мен емдеу нәтижесінде әулие кісі жазылады. Бірақ оны отадан кейін шыққан безгектің себебі қызықтырады, дәрігерлерден безгектің себебін сұрайды. Дәрігерлер айтады:

«Ота жасау барысында берілген өте күшті дәрілер ағзаның иммунитетін әлсіреткені соншалық, қанша жыл бұрын денеңізге кірген безгек вирусы иммундық жүйенің әлсіреуін мүмкіндік деп біліп, лезде шығып, бүкіл денені қаптаған. Яғни безгекке енді шалдықпағансыз, иммундық жүйеңіз күшті болғандықтан қазірге дейін сізге ештеңе істей алмаған.»

Адамдардың жүректерінде де осындай жаман вирустар, сондай жаман мінездер бар, ықылас азайған кезде бірден шыға келеді. Кейде «Кеше пәлен кісі ондай емес еді ғой, бүгін неге осындай болып кетті?» деп таңқалдыратын адамдар болады. Дененің иммундық жүйесі қабылданған күшті дәрілер кесірінен әлсірегеніндей, адамның ықыласы да күнәлар, дүниелікті жақсы көру және ашушаңдық сияқты себептермен барынша азаяды. Ең соңында адамның ішіндегі әлгі жаман вирустар денесін қаптайды, одан кейін құтылуы және дұрысталуы қиын болып қалады. Осы себептен марқұм Хусейн бин Саид хазреттері «Ауруда шипа бар» дейтін. Себебі, ауру адам мұңды, көңілсіз болады, өзін өлімге жақын сезеді. Ал бұл жағдай жүрекке (көңілге) шипа береді. Өйткені рахаттық пен бейқам кезде адамның нәпсі азғырады. Жүрек те нәпіске еріп азғырады, қараяды және ауру болады. Ал науқас болу нәпісті тежейді. Маңызды болғаны – дененің шипасы емес, жүректің, көңілдің шипасы. «Барлық нәрсенің шипасы бар, ал жүректің шипасы – Аллаһу та'аланы зікір ету» хадис шәрифінің көрсетіп тұрғаны, Аллаһу та'аланы еске түсіретін барлық нәрсе, барлық жер жүрекке (көңілге) шипа. Ал Аллаһу та'аланың есімі аталмайтын барлық жер – жүрекке зиян.