11 - Шәууал, 1445 жыл.
     20 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Бейқамдық бұзылуға себеп болады

Бейқамдық бұзылуға себеп болады

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Күпірден кейін ең үлкен пәлекет және күнә – тәкәппарлық. Ғұламаларымыз: «Күнәға бір тәубе жетеді, ал ғибадаттарға мың тәубе де жетпейді» деген. Адам қызмет еттім деп ойлайды, бірақ керісінше ұтылады. Өйткені жақсы амалмен бірге көңіліне тәкәппарлық және мақтаншақтық келіп, пәлекетке себеп болады. Бір хадис құдсиде: «Азимат (ұлылық) және кибрия (тәкәппарлық) маған тән. Осы екеуінде маған ортақ болған адамды еш аямастан тозаққа тастаймын» делінген. Расында пайғамбарымыз алейһиссалам да «Жүрегінде түйірдей тәкәппарлығы бар адам жәннатқа кіре алмайды» деген. Бүкіл қиыншылықтардың, бақытсыздықтардың астында тәкәппарлық бар. Өйткені адамдар нәпістеріне ереді. Ал нәпіс Аллаһқа дұшпан және тәкәппар. Шайтан мыңдаған жыл ғибадат жасағанымен, Адам алейһиссаламға сәжде жасауды көтере алмай тәкәппарланғаны үшін мәңгілікке жәннаттан қуылды.

Тәкәппарлықтан кейінгі ең үлкен пәлекет – дүниені жақсы көру. Пайғамбарымыз алейһиссалам «Бүкіл жамандықтардың басы – дүниені жақсы көру» деген. Мансапты, ақшаны, бастық болуды, өзін ғалым санауды, яғни Аллаһ үшін болмаған барлық нәрсені жақсы көру – дүниелікті жақсы көру болып саналады. Дүниелікті жан-тәнімен жақсы көретін адам әрдайым қауіпте.

Дүниеліктің осыншалықты қауіпті болуының себебі – адамның нәпсін азғыруы және шайтанның алдауына құрал болуы. Құран кәрімде: «Бейқамдық бұзылуға себеп болады» делінген. Яғни бір адамның заттық және рухани ешқандай қажеттіліктері болмаса, ешқандай қиыншылығы, дерті, қайғысы болмаса, артынша бұзылу (құтыру, азғындау) келеді. Сондықтан кейде қайғылы, дертті, науқас болу пайдалы. Бұл Аллаһу та'аланы еске түсіреді. Сондай-ақ, Аллаһу та'аланы еске алудың жалғыз жолы тек дерт пен пәлекет қана емес. Дін туралы сөйлесу, сұхбаттасу, Аллаһу та'аланың сүйікті құлдарын зиярат ету, олармен бірге болу да Аллаһты еске түсіреді.

Әһли сүннет сенімі және осы әулиелерге деген сүйіспеншілік – гауһар тас. Аллаһу та'ала бұл гауһар тасты қоқыста ұстамайды. Жүрегі күл-қоқыс сияқты болған адам бұл әулиелерді түсіне алмайды. Бұл бағалы, құнды нәрсеге қызықпайды.

Имам Раббани хазреттері сияқты Аллаһ адамын таныған, жақсы көрген, жолын ұстанған кісі Асхаби кирам сияқты үлкен ниғметке қауышады. Бұл ғұламаларға қарсы шықпағанша, олардан күмәнданбағанша құтылмау ықтималы жоқ. Бүкіл уағыздардың өзегі және насихаттардың құндысы – Аллаһ адамдарын жақсы көру және олармен бірге болу.