24 Қаңтар 2018   


  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Иман және Ислам" кітабы / ИСЛАМДА ФИЛОСОФИЯ БАР МА? (4)

ИСЛАМДА ФИЛОСОФИЯ БАР МА? (4)

Тасаууфтың мақсаты – адамды «Марифат-и илаһийа»-ға жеткізу. Яғни, Аллаһу та’аланың сипаттарын таныту. Оның затын яғни өзін тану мүмкін емес. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Аллаһу та’аланың заты туралы ойламаңдар. Оның ниғметтері туралы ойлаңдар!» деген. Яғни, Оның өзінің қандай екенін емес, сипаттары мен адамдарға берген ниғметтерін ойлау керек. Сонымен қатар «Аллаһу та’аланың қандай екенін ойлаған кезіңде, ойыңа не келсе де, бұлардың ешқайсысы Аллаһ емес» деді. Адам ақылының қабілеті шектеулі. Бұл шектеудің тысындағы нәрселерді түсіне алмайды. Бұлар туралы ойласа жаңылысады. Ақиқатқа жете алмайды. Адамның ақылы, адамның түсінігі дін ілімдеріндегі хикметтерді түсіне алмайды. Сондықтан дін ілімдеріне философияны араластырғандар Ислам діні көрсеткен тура жолдан айрылған, «Бидғатшы» немесе «Мүртәд» болған. Бидғатшы болғандар кәпір емес, мұсылмандар. Бірақ, олар тура жолдан айрылған, жетпіс екі адасқан топтың бірі болған. Осы философия құрбандарының Құран кәрімнен түсінген  қате сенімдері күпірлікке себеп болмағандықтан олар мұсылман болып саналады. «Ислам философиясы деген нәрсе жоқ. Исламға кейіннен философияны кіргізгендер болған»  деуіміз керек. Әһли сүннет ғалымдарының (рахимә-һумуллаһу та’ала) үкімі бойынша Ислам ілімдерінің өлшемі адамның ақылы, адамның түсінігі емес, мухкәм [мағынасы ашық] болған аяти карималар мен хадис шәрифтер болып табылады. Тасаууфтың негізі – адамның өзін (әлсіздігін) тануы. Тасаууф тек Аллаһ сүйіспеншілігі, ұлы махаббат негізіне құрылған. Ал бұған тек Мұхаммед алейһиссаламға бағыну арқылы қол жеткізуге болады. Тасаууф жолында ілгерілеген кезде көңілде (жүректе) көптеген халдер туындайды. Бұл халдердің бірі – «уахдати вужуд», яғни «Болмыс бір, жаратылғандар жаратушының көрінісі» деген хал. Иә, Құран кәрімде баяндалғанындай, Аллаһу та’ала адамның жүрегіне тәжәлли етеді (көрініс табады). Бірақ, бұл тәжәлли тек Аллаһу та’аланың сипаттарының тәжәллисі (көрінісі). Ақылға еш қатысы жоқ. Тасаууф өкілдері Аллаһтың көрінісін жүрегінде сезінеді. Сондықтан тасаууф өкілі үшін өлім пәлекет емес, жақсы және жағымды нәрсе. Қайтадан Аллаһқа оралу болғандықтан, тек қана қуаныш себебі. Ұлы тасаууф ғалымы Мәулана Жәлалуддин Руми (рахимә-һуллаһу та’ала) өлімді «Шәб-и арус – Той түні» деп атаған. Тасаууфта қайғы мен үмітсіздік жоқ. Тек қана сүйіспеншілік пен тәжәллилер бар. Мәулана (қуддиса сиррух): «Біздің мекеніміз үмітсіздердің мекені емес» деген. Сөздері дәлме-дәл мынадай: «База, База, Хәр анче хәсти База», «Кел, кел, кім болсаң да кел, Аллаһқа серік қосқандардан, мәжусилерден, пұтқа табынушылардан болсаң да кел! Біздің мекеніміз үмітсіздік мекені емес. Тәубеңді жүз рет бұзған болсаң да кел!» Бұл сөздер 13-ғасырда өмір сүрген Баба Әфдал Кашимен де байланыстырылуда. Тасаууф өкілдерінің ішінде Имам Раббани, Жүнәйд Бағдади, Абдулқадир Гейлани, Мәулана Жәлалиддин Руми сияқты үлкен әулиелер, Сұлтан Уәләд, Юнус Әмре, Бағдаттық Мәулана Халид сияқты Хақ ғашықтары бар. Жоғарыда білдірілген «Уахдати вужуд» – тасаууфтың мақсаты, соңы емес. Мақсатқа жетелейтін жолдарда көңілде туындайтын және ақылға, пікірге, материяға қатысы жоқ ілімдер. Олар көңілде тұрмайды, көңілде көрінеді. Сондықтан уахдати вужудтың орнына «Уахдати шухуд» деу керек. Көңіл тазарған кезде айна сияқты болады. Көңілде көрінгендер Аллаһу та’аланың заты емес. Тіпті сипаттары да емес. Сипаттарының көлеңкелері, көріністері. Аллаһу та’ала өзінің көру, есту, білу сияқты сипаттарының көріністерін, ұқсастарын адамдарға берген. Бергендері Оның сипаттары сияқты емес. Оның көруі әзәли, мәңгі. Барлық уақытта барлық нәрсені көреді. Ешқандай құралсыз, себепсіз әрдайым көреді. Адамның көруі ондай емес. Сондықтан Оның көруі шынайы көру болып табылады. Адамның көруі осы көрудің бір көрінісі, көлеңкесі дейміз. Көруінің көлеңкесі көзде, естуінің көлеңкесі құлақта көрініс бергені секілді, жақсы көруі, білуі және басқа көптеген сипаттарының көлеңкелері адамның жүрегінде көрініс табады, пайда болады. [Көңіл – кеудеміздің сол тарапындағы жұдырықтай келетін ет бөлшегі емес. Бұл ет бөлшегі «Жүрек» деп аталады. Көңіл – жүректе орналасқан бір қуат. Жүрек жануарларда да бар. Көңіл тек адамдарға ғана тән.] Көздің көре алуы үшін оның ауру болмауы керек болғанындай, көңілдің де осы тәжәллиге қол жеткізе алуы үшін ауру болмауы керек.