19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Аллаһ тәубе етушіні жақсы көреді

Аллаһ тәубе етушіні жақсы көреді

Сұрақ: Көп күнә істеген бір адам Аллаһтың сүйікті құлы бола алады ма?

Жауап: Әрине бола алады. Тәубе еткен адамның күнәлары кешіріледі. Аллаһу та'ала тәубе етушілерді жақсы көреді. Хадис шәрифте «Тәубе етуші – Аллаһтың хабибі» делінген. (И.Әбиддуния) (Хабиб – сүйікті деген сөз.)

Тәубе етіп, одан кейін күнә істемеген адам Аллаһу та'аланың сүйікті құлы болады.

Құран кәрімде де: «Аллаһ тәубе етушілерді жақсы көреді» делінген. (Бақара 222)

Хадис шәрифте былай делінген:

«Бір адам демалу үшін шөл далада ұйықтайды. Оянғанда ішіп-жейтін тамағы жүктелген жануарының жоғалып кеткенін көреді. Барлық жерді іздейді, таба алмайды. Қатты шаршап, әлгі ұйықтаған жеріне келеді, "Бұл шөл далада сусыз, тамақсыз аш қалып, өлуім мүмкін" деп үмітсіз күйде тағы ұйықтап қалады. Оянған кезінде түйесін және ішіп-жейтін тамағын дәл қасында тұрғанын көріп, қатты қуанады. Аллаһу та'ала болса, осы құлдың қуанғанынан артық тәубе еткен адамға қуанады.» (Мүслим)

(Яғни Аллаһу та'ала тамағы мен түйесін жоғалтып, өлім қауіпіне душар болған және үмітін үзген, кейін тамағымен бірге түйесін тауып алған адамның қуанғанынан артық құлдың Оған жалбарынып, тәубе етуіне қуанады.)

 

Сұрақ: Өкініп, тәубе етілген барлық күнә кешіріледі ме?

Жауап: Аллаһу та'ала тәубе етілген барлық күнәні кешіреді. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Бір адам істеген күнәсына тәубе еткенде Аллаһу та'ала періштелеріне айтады: "Мына адамға қараңдар, күнә істеді, күнәсінің жазасын беретін және кешіретін Раббы бар екенін есіне түсіріп, тәубе етті. Куә болыңдар, оны кешірдім".» (Бұхари)

 

Бір бәдәуи пайғамбарымызға (алейһиссалам) келіп сұрады:

- Йа, Расулаллаһ! Қияметте адамдардың есебін кім алады?

- Аллаһу та'ала есепке тартады.

- Тікелей өзі ме?

- Иә.

Бәдәуи қуанып күлімдеді. Пайғамбарымыз сұрады:

- Неге күлімдедің?

- Мейірім иесі күші жеткен кезде кешіреді, есепке тартқан кезде күнәні көрмегенсіп, қамқорлық танытады.

- Дұрыс айттың. Аллаһтан да мейірімді ешкім жоқ. Ол мейірімділердің ең мейірімдісі.

Пайғамбарымыз сол жерде отырғандарға «Бәдәуи фақих болды» дегеннен кейін сөзін былай жалғастырды:

- Кімде-кім Аллаһу та'ала қадірлі тұтқан Қағбаны бұзып қиратса, Аллаһтың достарының біріне қорлық көрсеткендей үлкен күнә істеген болмайды.

- Йа, Расулаллаһ, Аллаһтың достары кімдер?

- Мүминдердің бәрі Аллаһтың достары. Құран кәрімде мына аятты естімедің бе? «Аллаһ мүминдердің жәрдемшісі. Оларды қараңғылықтан нұрға шығарады.» (Бақара 257)

Хадис шәрифтерде де «Мүмин Қағбадан үстем» және «Біреуді ренжіту Қағбаны жетпіс рет құлатудан да жаман» делінген. Осылардан көрініп тұрғанындай, иман өте үлкен ниғмет.

Мүмин ажал ауызында, яғни көзінен перде көтеріліп, жәннатты, тозақты және ахирет жағдайларын көрген кезде тәубе етсе, барлық күнәлары кешіріледі. Бірақ имансыздың тәубесі қабыл болмайды.

 

Сұрақ: Бір кісі ең үлкен күнәларды істесе, кейін тәубе етіп, хақ жолға қайтса, Аллаһ оның тәубесін қабыл етеді ме? Ширктің тәубесі болмайды ма?

Жауап: Бір адам ең үлкен күнәларды істесе, тіпті Аллаһты жоққа шығарып, серік қосса, кейін өкініп бұған тәубе етсе, Аллаһу та'ала оның барлық күнәларын кешіреді. Аллаһу та'аланың рақымдылығы осыншалықты мол. Құран кәрімде «Ширкті кешірмеймін» дегені «Серік қосып имансыз өлгендерді кешірмеймін» деген сөз. Әйтпесе өлмей тұрып жасаған ширктеріне тәубе еткен адамның тәубесін қабыл етеді. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Күнәларың көп болып, аспандарға дейін жетсе, тәубе еткенде Аллаһу та'ала тәубелеріңді қабыл етеді.» (Ибн Мажа)

Бұл хадис шәриф құл (кісі) ақысы болмаған күнәларға қатысты айтылған. Егер істелген күнәларда құл ақысы да араласқан болса, ақысы желінген адаммен халалдасу (оның кешірімін алу) керек. Қарызы бар болса, қарыздарды өтеу керек. Құл қарыздарын өтеп, олармен разыласып халалдасқан, басқа күнәларына да тәубе етіп, одан кейін істемеген адам мүлдем күнә істемегендей болады. Хадис шәрифте айтылғанындай: «Тәубе еткен адам күнә істемегендей болады.» (Ибн Мажа)

 

Сұрақ: Ширк деген не?

Жауап: Ширк – Аллаһу та'алаға серік, ортақ қосу, оны жаратылғандарға ұқсату деген сөз. Ұқсатқан адамға мүшрик делінеді. Күпірдің түрлері бар. Бәрінің ең жаманы, ең үлкені – ширк. Бір нәрсенің әр түрлілігін білдіру үшін көбінесе бұлардың ең үлкені айтылады. Сондықтан аяти карималар мен хадис шәрифтердегі "ширк" – күпірдің түрлері деген сөз. Мысалы Ниса сүресінің 48-ші және 116-шы аяттарында: «Аллаһу та'ала өзіне серік қосқандарды (яғни мүшриктерді, кәпірлерді) кешірмейді және ширктен (яғни күпірдің әр түрінен) басқа күнәларды кешіреді» делінген.

Демек, әр түрлі күнәлардың ең жаманы – күпірлік. Ал күпірлік кәпір болу деген сөз.