20 Ақпан 2018   



ҚОРЫТЫНДЫ (3)

Реті келгенде айта кетейік, Ислам дінінде төрт хақ мазһаб бар. Олардың сенімдері бірдей. Төрт мазһабтың бәрі «Әһли сүннет» сенімінде. Құран кәрім мен хадис шәрифтерде айқын білдірілген бұйрықтар мен тыйымдарға бағынуда ешқандай айырмашылықтары жоқ. Тек анық білдірілгендерді түсінуде бір-бірінен ерекшеленеді. Осы аздаған айырмашылықтары Аллаһу та’аланың мұсылмандарға берген рақымдылығы болып табылады. Денсаулықтары, жұмыс істейтін және тұратын жерлері әр түрлі болған адамдар қай мазһабты ұстану оңай келсе, соның «Фиқһ» кітаптары бойынша ғибадат жасайды. Тек бір ғана мазһаб болғанда, барлығы соны ұстануға мәжбүр болар еді. Ал бұл нәрсе көп адамға ауыр тиер еді. Тіпті, мүмкін емес болар еді. Төрт мазһабтың кез келген бірін ұстанған мұсылман Әһли сүннет деп аталады. Олар бір-бірін бауыр деп біледі. Тарихта олардың дауласқандығы мүлдем кездеспеген. Қалған үш мазһабты жамандамайды. Төртеуінің де жәннатқа апаратын жол екендігіне сенеді.

Әһли сүннет болған бүкіл мұсылмандардың бір-біріне бауыр екендіктерін ұмытпау керек. Араларындағы мазһаб айырмашылықтары оларды бауыр болудан айырмайды. Әһли сүннет болмаған мұсылмандармен арадағы айырмашылық олармен бетпе-бет отырып, түрлі мәселелерді ғылыми жолмен талқылау арқылы шешімін табады. Қару қолдану арқылы емес!

Мемлекеттің заңдарына қарсы келмеу, үлкендерге құрмет көрсету бәріміздің міндетіміз. Бұларды жоюға тырысу ең үлкен ақымақтық. Заңсыз мемлекет тәртіпсіздік, ретсіздік ішінде деген сөз. Ыдырауға бейім. Әсіресе коммунизмге байлану ең үлкен қателік. Өйткені, қазір коммунистік мемлекеттер дін дұшпандығының және зұлымдықтың зияндарын түсініп, еркіндік шарттарына оралуда. Ресейде бұрын жойылған мұраны алу, үйді (тіпті бақшасымен) иелену және басқа да көптеген құқықтар кері берілуде. Польшада ереуіл құқығы қабылданды. Нағыз коммунист болған қытайлардың өзі азат мемлекеттердің өмір сүру салтына оралуда. Тіпті, жаңа өнер туындыларын үйрену үшін Франциядан мамандар алдыруда. Коммунист мемлекеттер де еркіндікпен басқарылатын мемлекеттердегі «Аралас экономиканы» қолдануда, қиратылған мешіттер жөндетілуде.

Аралас экономикада кейбір ұйымдар мемлекет тарапынан, қалған кәсіпорындар халық тарапынан басқарылатыны белгілі. Темір, көмір сияқты ауыр және бағалы өнеркәсіптерді жүргізуде үкіметтің көмек беруі шарт. Бізде де осы әдіс қолданылуда. Қазір коммунистік мемлекеттер де осы әдісті қайта қолдануда, сауда мен өнеркәсіптің бір бөлігі халыққа ашылуда. Жақын келешекте олардың пікір мен дін еркіндігіне де қол жеткізетіндігі күмәнсіз. Бүкіл әлем адам құқықтарын мойындайды. Әлеуметтік әділдік дегеніміз – кейбір ақымақтардың ойлайтындай жұмыссыз бос кезіп жүргендерге еңбектеніп байығандардың мал-мүлкін таратып беру деген сөз емес. Күндіз-түні жұмыссыз жататын еріншекке ешкім бір тиын да бермейді. Коммунистік мемлекеттерде адамдар тынбастан жұмыс істесе де, қарындарын әрең тойдырады. Тапқандарының көбі белгілі бір топ тарапынан қолдарынан алынады. Олардан кейбірлері өмірін қауіпке тігіп, еркіндікке қол жеткізу үшін тырысуда. Жоғарыда айтып өткеніміздей, осы отарлаушы және қанаушы билік пен дінсіз өмір салты өздігінен жойылып бара жатыр. Коммунизмнің негізі болған дінсіздікті үгіттеумен қоса Әһли сүннет сенімінен айрылған адасушылар жүргізетін ыдыратушы үгіт-насихат жұмыстары да бар. Осындай қате сенімдегі фанат мұсылмандардың өз елдеріне қаншама зиян келтіретіндігін Ирандағы Хумейни мысалы көрсетіп тұр. Ал уаххабилер шынайы Ислам ғалымдарының білдіргендеріне сай келмейтін сенімдерін және өзіндік құқық түсініктерін қолдануға тырысып, әлемде Ислам діні туралы жаман көзқарастың қалыптасуына себеп болуда. Алайда, дінімізде «Үкімдерде насспен [аяти кәрима мен хадис шәриф] және ижмамен бекітілмегендер уақыт өте өзгереді» деген үкім бар. 1000 жыл бұрын сол заманның шарттарында керемет деп саналған ижтиһад бүгінгі шарттарға сай келмеуі мүмкін. Аллаһу та’ала осыны біліп, соған сәйкес өзгерістер енгізе алуымыз үшін терең білімді ғалымдарға, яғни мүжтәһидтерге (рахимә-һумуллаһу та’ала) «Ақыл», «Ғылым» және «Тақуалық» деген үш маңызды күш берген. Кейіннен келген ғалымдар 1000 жыл бұрын жасалған ижтиһадтардың ішінен осы заманға сай болғанын таңдап алып, кітаптарға түсірген.

Әуелі Әһли сүннет ғалымдары (рахимә-һумуллаһу та’ала) білдірген дұрыс иманның не екенін үйренейік. Содан соң осы үйренгенімізге сай сенейік. Иманы бұзылған адам Аллаһу та’аланың разылығына, сүйіспеншілігіне қауыша алмайды. Оның мейірімінен, көмегінен мақрұм қалады. Тыныштықты, рахатты таба алмайды. Иманымызды түзеткеннен кейін мінезімізді де түзетейік! Исламға нық бағынайық. Яғни, Аллаһу та’аланың және пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұйрықтары мен тыйымдарына мойынсұнайық. Ол парыз еткен және пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) білдірген ғибадаттарымызды орындап, жүрегімізді тазартайық. Харам және мәкрух болған тыйымдардан сақтанып, нәпсімізді және денсаулығымызды түзетейік. Осылай істеген адамдардың көңілі әрдайым жақсылық жасауды қалайды. Жамандық жасау ойына да келмейді. Рух пен көңіл таза болып, денсаулық мықты болса, қол ұстасып бауырлардай және ДҰРЫСШЫЛ адам болып жұмыс істеу оңай болады. Дін дұшпандарының, мұнафықтардың және мазһабсыздардың сөздеріне, үгіт-насихаттарына алданбайық. Егер осындай шынайы мұсылман болып, ПАЙДАЛЫ ІСТЕРМЕН айналыссақ, жоғарыда Құран кәрімнің «Тин» сүресінде баяндалғаны сияқты, Аллаһу та’ала бізден разы болады, бізге көмек береді. Егер иманымызды түзетпей, Мұхаммед алейһиссаламның дініне бағынбасақ, ізгі істер жасамасақ, қате, адастырушы сенімдер үшін даулассақ немесе өз жеке пайдамыз үшін қате жолдарға түсетін болсақ және әйелдеріміз бен қыздарымыздың әурет жерлерін жаппасақ, Аллаһу та’ала бізді ТӨМЕНГІЛЕРДІҢ ТӨМЕНГІСІ етеді. Олай болса, жағдайымызға обал болсын!