11 - Шәууал, 1445 жыл.
     20 - Сәуір, 2024 жыл.   


ЕКІНШІ ТАҚЫРЫП

Бұдан кейін Аллаһу та'ала адамды өмірі бойы дүниеде ұстайды. Белгілі болған ажалы келгенге дейін, ризығы біткенге дейін және ежелде тағдырда жазылған амалдары таусылғанға дейін дүниеде қалады. Дүниедегі өлімі жақындаған кезде төрт періште келеді. Бұлардың бірі рухын оң аяғынан, бірі сол аяғынан, бірі оң қолынан, бірі сол қолынан тартады. Көбінесе рухы алқымға келуден бұрын «Әлем-и мәләкути»-ді көре бастайды. Періштелерді, жасаған істерінің ақиқатын, әлемдеріндегі жағдайларын көреді. Егер тілі сөйлей алатын болса, олардың болмысын хабар береді. Көбінесе көрген нәрселерін шайтанның ісі деп ойлайды. Тілі тұтылғанға дейін әрекетсіз қалады. Бұл кезде тағы періштелер рухын саусақтардың ұшынан тартады. Тынысы құмырадан су төгілгендей гүрілдеп шығады. Күнәхардың рухы дымқыл киізге жабысқан тікенді жұлғандай шығарылады, мұны адамдардың ең үстемі болған пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хабар берді. Бұл жағдайда өлік қарнын тікенге толы деп санайды. Ал рухын ине тесігінен тартып жатқандай, аспан жерге жабысқандай және өзі арасында қысылып қалғандай сезінеді.

Хазреті Каъбтан (радиаллаһу анһ) өлім қалай болады деп сұралғанда ол айтты: «Бір тікен бұтағын бір кісінің ішіне кіргізген. Қуатты біреу оны тартып жатыр. Жыртқанын жыртып, қалғанын қалдырып жатқандай деп білдім».

Пайғамбарлардың мырзасы (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан: «Әлбетте өлім азаптарынан бірінің ауруы үш жүз рет қылышпен ұрудан да қатты».

Осы кезде адамның денесі терлейді. Көздері лезде екі жаққа кетіп қалады. Мұрнының екі жағы тартылады. Кеуде сүйектері көтеріледі, тынысы түйіліп, реңі сарғаяды. Айша-и сыддықа (радиаллаһу анһа) анамыз құшағында жатқан Расулуллаһтың осындай жағдайын көргенде көзінен жас төгіп, мына өлең шумақтарын оқыды:

«Өзімді саған пида етемін, йа, Расулаллаһ, сені жаман әрекеттердің ешбірі мұңайтпады, ренжітпеді. Осы күнге дейін саған жын да тимеді. Ештеңеден де қорқпадың. Ал қазір не болып қалды, сұлу жүзің інжу-маржандай термен жабылғанын көріп тұрмын. Әрбір өлінің жүзі солғанымен, сенің мүбәрәк жүзіңнің нұрлары ақиқатында жан-жаққа жарқырап тұр.»

Рухы жүрекке келгенде тілі тұтылады. Ешкім рухы кеудесіне келгенде сөйлей алмайды. Мұның екі себебі бар. Біріншісі, іс өте ауыр болғандықтан, көкірек тыныстармен қысылып, тар болып қалады.

Көрмейсіз бе, адамның көкірегінен ұрғанда есінен танып, талып қалады. Тек біраз уақыттан кейін ғана сөйлей алады. Көбінесе сөйлей алмайды. Адамның қай жерінен ұрсаң да айқайлайды. Көкірегінен ұрғанда бірден дыбыссыз өлідей құлайды.

Ал екінші себебі, дауыс өкпеден сыртқа шыққан ауаның әрекетінен пайда болатын еді. Ал осы тыныс қалмады. Тыныс алмағаны үшін дененің жылуы қалмайды, суиды. Бұл кезде мәйіттердің жағдайлары әр түрлі болады.

Кейбірлері бар, періште у мен суға батырылған қызыған темірмен ұрады. Бірден рух қашады, сыртқа шығады. Періште оны қолына алады, сынап сияқты дірілдей бастайды. Шегірткедей адам күйінде болады. Кейін періште оны забаниге (азаптаушы періштеге) тапсырады.

Кейбір мәйіттер бар, рухы аз-аздан ақырындап алқымында тұтылғанға дейін тартылады. Алқымында да қалмайды. Тек жүрегіне байланып қана қалады. Бұл кезде періште уланған қызған темірмен ұрады. Өйткені, ол темірмен ұрмағанша рух жүректен айрылмайды. Осы темірмен ұрудың себебі – темір өлім теңізіне батырылған. Жүректің үстіне қойылғанда басқа жерлеріне де жайылатын удай болады. Өйткені, өмірдің сыры тек жүректе. Оның сыры тек дүние өмірінде әсер етеді. Сондықтан кейбір кәлам ғалымдары «Өмір рухтың тысында» және «Өмірдің мағынасы – рухтың денемен араласуы» деді.

Рух тартылып, соңғы бауы үзілетін кезде оған көптеген фитналар келеді. Бұл сондай фитналар, ібіліс көмекшілерін арнайы сол адамды мазалау үшін жібереді. Сол жағдайда жатқанында әлгі адамға келеді, оның ата-анасының, бауырының және жақсы көретін адамдарынан қайтыс болғандардың кейіпінде көрінеді де, оған айтады:

«Ей, пәленше! Сен өлейін деп жатырсың. Біз бұл жағдайды сенен бұрын басымыздан өткіздік. Сен яһуди дінінде болып өл. Бұл дін Аллаһтың дәргейінде ең дұрыс дін.» Егер олардың сөздеріне алданбаса, тыңдамаса, кетіп қалады. Басқалары келіп айтады: «Сен насрани (христиан) болып өл! Өйткені бұл Иса алейһиссаламның діні, бұл дін Мұса алейһиссаламның дінінің үкімін тоқтатқан.» Осылайша әр ұлттың діндерін оған айтады. Осы кезде Аллаһу та'ала адасуын тілеген адамдар адасады. Міне осы «Ей, біздің Раббымыз! Дүниеде бізге иман бергеніңдей, өлерде де жүректерімізді адастырма» мағынасындағы Али Имран сүресінің сегізінші аяти каримасы хабар берген жағдай.

Аллаһу та'ала бір құлына хидаят пен иманда беріктік қаласа, ол адамға рахмет-и илаһия (Аллаһу та'аланың мейірімі) келеді. Кейбір ғалымдар осы рахметтен (мейірімнен) мақсат Жәбрейіл алейһиссалам деді.

Рахмет-и илаһия шайтанды алыстатып, аурудың үстінен шаршағандықты кетіреді. Сол кезде адам жеңілдеп рахаттанады, күледі. Көп адамдардың осы жағдайда күлгені байқалады, Аллаһу та'ала тарапынан рахмет (мейірім) келгенімен оны сүйіншілеп: «Мені білесің бе, мен Жәбрейілмін. Ал мыналар сенің дұшпандарың болған шайтандар. Сен Миллет-и Ханифия және дин-и Мухаммедияны ұстанып қайтыс бол!» дейді.

Адамға осы періштеден асқан сүйікті және рахатқа бөлеуші ештеңе жоқ. «Йа, Рабби, бізге мейіріміңді ихсан ет (сыйла). Ихсан иесі тек қана сенсің» мағынасындағы Али Имран сүресінің сегізінші аяти каримасы осы жағдайды хабар беруде.

Кейбір адамдар бар, намаз оқып тұрғанда қайтыс болады. Кейбірлері ұйқыда, кейбірлері бір нәрсемен айналысып жатқанда, кейбірлері сазды аспап пен ойынға берілгенде, кейбірлері мас кезде кенеттен қайтыс болады. Кейбір адамдарға рухы шығып жатқанда өзінен бұрын өткен таныстары көрсетіледі. Сондықтан айналасындағы адамдарға қарайды. Бұл уақытта ол адамда қорылдау болады, адамнан басқа барлық нәрсе мұны естиді. Адам еститін болса, әрине құриды, қорқыныштан өледі.

Өлінің сезім мүшелерінен ең соңғы кететіні – естуі. Өйткені рух жүректен шыққан кезде тек көруі ғана нашарлайды. Бірақ есту рух толық шығып кеткенге дейін жоғалмайды. Сондықтан пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Өлім ауруында жатқандарға шаһадат калимасын, яғни "Лә илаһа иллаллаһ Мухаммадун Расулуллаһ", осы калиманы айтуға шақырыңдар!» деген. Өлім жағдайында жатқан кісінің қасында көп сөз сөйлеуге де тыйым салған. Өйткені ол кезде адам өте ауыр қиыншылықтарды бастан кешіреді.

Егер өлінің аузынан сілекейі аққан, ерні салбырап, беті қарайған, көзі айналған болса, онда біл, ол шақи (тозақтық). Ахиреттегі азаптарын көрді деген сөз.

Егер аузы ашық, күлімдегендей, жүзі күлімсірегендей, көзі де кірпіктей жатқанын көрсең, онда біл, ол адам ахиретте қауышатын қуанышымен сүйіншіленген.

Періштелер бұл рухты жәннат жібектерінің біріне орайды. Ол саид (жәннаттық) болған адамның рухы бал арасындай адам кейіпінде болады. Ақылынан және білімінен ештеңе жоғалтпайды. Дүниеде не істеген болса, бәрін біледі. Ол періштелер бұл рухпен бірге аспанға қарай ұшып көтеріледі. Бұл көтерілуді кейбір өлілер сезеді, кейбір өлілер білмейді. Осылайша әуелгі өткен пайғамбарлардың (алейһимуссалам) үмбеттерін және енді өлген адамдарды бір жерге жайылған шегірткелердей көріп өтеді және бірінші қабат аспан болған дүние аспанына барады.

Бұл періштелердің басында болған Жәбрейіл алейһиссалам дүние аспанына шығады. Кімсің деп сұралады. Мен Жәбрейілмін, қасымдағы пәленше деп ол адамның көркем және жағымды есімдерімен хабар береді. Дүние аспанының қарауылдары болған періштелер «Бұл қандай жақсы адам, сенімі, ақидасы дұрыс еді. Және ешқандай күмәні жоқ еді» дейді.

Бұдан кейін екінші қабат аспанға шығады. Кімсің деп сұралады. Жәбрейіл алейһиссалам бірінші қабат аспандағы періштелерге айтқан сөзін қайталайды. Екінші қабат аспандағы періштелер салих рухқа «Қош келді. Дүниеде намаздарын бүкіл парыздарына мән беріп оқитын еді» дейді.

Кейін өтеді, үшінші қабат аспанға жетеді. Кімсің делінеді. Жәбрейіл алейһиссалам осыған дейін айтқандарын қайталайды. Сонда «Мал-мүлкінің ақысын сақтап, зекетін, егістіктен алған өнімнің ұшырын әмір етілген адамдарға қуанып берген, ешқашан аямаған бұл кісі қош келді» делінеді. Ол жерден де өтеді.

Төртінші қабат аспанға барады. Кімсің делінеді. Осыған дейін айтқанындай жауап береді. «Дүниеде Рамазан оразасын ұстап, оразаны бұзатын нәрселерден және бөтен әйелдермен көрісуден және харам жеуден өзін сақтаған адам қош келді» делінеді.

Кейін бесінші қабат аспанға барады. Кімсің делінеді. Осыған дейін айтқанындай жауап береді. «Парыз болған кезде қажылығын риясыз және Аллаһу та'ала үшін орындаған адам қош келді» делінеді.

Кейін алтыншы қабат аспанға барады. Кімсің делінеді. Алдындағыдай жауап береді. «Сәре уақытында көп истиғфар еткен, жасырып көп садақа берген және жетімдерге көмектескен кісі қош келді» делінеді.

Ол жақтан да өтіп, «Сурадиқат-и жәлал» деп аталатын жәлал перделері бар болған мекенге жетеді. Кімсің деп сұралғанда әуелгідей жауап береді. Тағы «Қош келді. Көп истиғфар айтып [бала-шағасына және сөзіне құлақ асатындарға] әмри маруф жасаған, Аллаһу та'аланың дінін Оның құлдарына үйреткен, кедейлерге [және қиыншылыққа тап болғандарға] көмектескен салих құлға және көркем рухқа сәлемдер болсын» делінеді. Кейін періштелерден бір жамағат арасына кіреді, бәрі оны жәннатпен сүйіншілеп, онымен қол алысады.

Кейін «Сидрәт-ул-мүнтәха»-ға дейін барады. Тағы кім деп сұралғанда әуелгідей жауап береді. «Қош келді. Әр жақсылығын Аллаһу та'аланың разылығы үшін жасаған кісіге сәлем» делінеді.

Бұдан кейін от қабатынан өтеді. Кейін нұр, қараңғылық, су мен қар қабаттарынан өтеді. Кейін суық теңізінен өтеді. Әр қабаттың бір-бірінен қашықтығы мың жылдық жол.

Кейін Арш-ур-Рахман үстін жауып тұрған перделер ашылады, олар сексен мың перде. Әр пердеде сексен мың шәрәфә (биіктік) бар. Әр шәрәфәда мың қамар, яғни ай бар, олар Аллаһу та'алаға таһлил және тәсбих оқып тұрады. Олардан бір ай дүниеде көрінсе, нұры әлемді жарқыратып, елдер Аллаһу та'аланы қойып, соған құлшылық етіп кетер еді. Осы кезде перде артынан бір жаршы үндеу шығарады: «Мына алып келген рухың кім?» Жәбрейіл алейһиссалам «Пәленше ұлы пәленше» дейді.

Аллаһу та'ала «Оны жақындатыңдар. Сен қандай жақсы құлымсың» дейді.

Аллаһу та'аланың құзырында тұрғанда Жаратқан оның біраз кемшіліктерін айтып ұрысқандай болып, ұялтады. Пенде сол кезде шынымен де құрыдым деп ойлап қалады. Кейін Аллаһу та'ала оны кешіреді.

Қазы Яхия бин Әксәм хазреттерінен риуаят етілді. Қайтыс болғанынан кейін түске кіріп, «Хақ та'ала саған қандай мәміле жасады» деген сұраққа жауап берді. Яхия бин Әксәм: «Аллаһу та'ала мені құзырында тұрғызды. "Ей, шәйх-и су [яғни жаман шал]! Сен ананы, мынаны істемедің бе?" – деді. Аллаһу та'аланың бүкіл істегендерімді білетінін түсінген кезімде мені үрей басты және "Йа, Раббым, осылай сұрақ қоятыныңды дүниеде маған ешкім айтпап еді,"-  дедім. "Саған қалай айтылған еді?" деп сұрады. Сонда мен "Маған Муаммәр – Имам Зухриден, ол Уруәдан, ол Айша Сыддықадан (радиаллаһу анһа), ол хазреті пайғамбардан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм), ал Ол хазреті Жибрилден, Ол Аллаһу та'аладан хабар берді. Рауф және рахим болған Аллаһу та'ала "Мен Исламда ағарған шаш пен сақалға азап беруге ұяламын" деген" дедім. Сонда Аллаһу та'ала айтты: "Сен және Муаммәр, Имам Зухри, Уруә, Айша, Мұхаммед алейһиссалам және Жибрил – садықсыңдар (сенімдісіңдер). Мен сені кешірдім" деді.»

[Қазы Яхия бин Әксәм (рахметуллаһи алейһ) Бағдат қазысы болып жүріп, 242 [м.856] жылы Мәдинада қайтыс болды. Шафии фиқһ ғалымы еді. «Тәнбих» атты кітабы танымал.

Муаммәр бин Мусәнна – Әбу Убәйд Нахви атымен танымал. Әдебиетші еді. 110 жылы Басрада туылып, 210 [м.825] жылы қайтыс болды. Харижи болған. Көп кітап жазды. Хадис және тарих саласының ғалымы еді.

Мұхаммед бин Мүслим Зухри – табииндерден. Кітаптарын қабырға (дуал) сияқты тізіп, ішіне кіріп алып оқумен уақытын өткізетін еді. Әйелі бір күні «Бұл кітаптар маған үш күндестен де ауыр болды ғой» деген еді. 124 [м.741] жылы қайтыс болды (рахимә-хуллаһу та'ала).

Уруә бин Зубәйр – Зубәйр бин Аууамның екінші баласы. Әсма бинти Әби Бәкрдің ұлы. Фуқаһа-и сәб'а деп аталытн жеті фиқһ ғалымының бірі. Айшадан (радиаллаһу анһа) көп хадис шәриф жеткізді. 22 жылы туылып, 93 жылы Мәдинада қайтыс болды (рахимә-хуллаһу та'ала).]

Тағы Абдулазиз ибн Нубатә түске кіріп, «Аллаһу та'ала саған қандай мәміле жасады» деген сұраққа жауап былай берген: «Аллаһу та'ала маған айтты: "Сен сөзін қысқартатын адам емессің бе? Елдер бұл қандай қысқа да нұсқа сөйлейді деп айтсын деп сөйлейтін едің." Мен "Йа, Раббым! Ұлы болмысыңды нұқсан сипаттардан тәнзиһ және тақдис етемін, мен қор құлың, дүниеде зати рубубиятыңды (құдайлығыңды) сипаттап, мақтап, мадақтаймын." "Олай болса, дүниеде айтқаныңдай сипатта" деді.

Сонда мен "Әуелі жоқтан жаратқан, олардың кейін рухтарын алып өлтіреді. Оларға сөйлеу ерекшелігі беріп, кейін ол ерекшелігін алып қояды. Жоқ қылғанындай кейін тағы жоқтан бар қылады. Адам өлгеннен кейін мүшелерін бір-бірінен ажыратқанындай, оларды тағы қиямет күні қосады" дедім. Күнәларды кешіруші Аллаһу та'ала "Дұрыс айттың. Бар, мен сені кешірдім" деп айтты» деді. [Ибн Нубатә ақын болған, диуаны (өлеңдер жинағы) бар. 405 [м.1014] жылы Бағдатта қайтыс болды.]

Мансұр бин Аммар да (рахметуллаһи алейһ) түске кіріп, «Аллаһу та'ала саған қандай мәміле көрсетті» деген сұраққа былай жауап берді: Аллаһу та'ала мені құзырында тұрғызып, "Маған неңмен келдің, ей Мансұр" деді. Мен "Йа, Раббым, отыз алты қажылығыммен келдім" дедім. "Олардың ешбірін қабыл етпедім. Неңмен келдің?" деп сұрады. Мен "Йа, Раббым, сенің разылығың үшін оқыған үш жүз алпыс хатымыммен келдім" дедім. "Олардың ешбірін қабыл етпедім. Неңмен келдің, ей Мансұр?" деп сұрады. Сонда мен "Йа, Раббым, мейіріміңмен келдім" дедім. Сонда Аллаһу та'ала "Міне енді маған келдің, бар, мен сені кешірдім" деп айтты» деді.

Осы хикаялардың көбі өлімнің үрейлі жағдайларын хабар береді. Мен саған Аллаһу та'аланың жәрдемімен сөз тыңдай алатын адамдардың ести алатын нәрселерін хабар бердім. Кейбір адамдар бар, курси деген мәртебеге жеткен кездерінде бір дауыс естиді. Ол жерде оны кері қайтарады. Кейбірлері перделерден кері қайтарылады. Аллаһу та'аланың құзырына жеткендер Ариф-и биллаһ болғандар, яғни әулиелер ғана. Уилаяттың (әулиеліктің) төртінші дәрежесі және одан жоғары дәрежелерде болған адамдардан басқалар Аллаһу та'аланың құзырына жете алмайды.