10 - Шәууал, 1445 жыл.
     19 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Ислам ғұламалары / Хазреті Ахмет Яссауи

Хазреті Ахмет Яссауи

Қожа Ахмет Яссауи хазреттері – Түркістандық ұлы ғұлама, әулие. Әкесі Исфиджабта даңққа бөленген  әулие, хазреті Әлидің ұрпағы – Шейх Ибраһим. Тегі Хазреті Фатима анамызға жанаспағандықтан, сәйид емес. Анасы Мұса шейхтың қызы Айша (Қарашаш ана). Қай жылы туылғаны белгісіз, 1166 ж. Түркістан (Йассы) қаласында қайтыс болған. Әмір Темір қабіріне өте көрнекті кесене салдырған.

Ахмет Яссауидің ұстаздарының көшбасшысы – Арыстан баб. Оған 16 жыл қызмет етіп, одан захир және батин ілімдерінің сыры мен мәнін үйренген. Арыстан баб қайтыс болғаннан кейін Бұхараға барып сол заманғы Әһли сүннет ғалымдарының ең үстемі Юсуф Хамаданиге байланып, рухани ілімдерден дәріс алды. Адамдарға ілім үйрету, дұрыс жолды көрсету үшін одан ижазат (диплом) алды. Кейін Йассыға қайтып, шәкірт жетілдірді.

Жүз мыңға жуық шәкірттері болды. Яссауидің ілім ұясынан жетілген Яссауия дәруіштері Хорасан, Азербайжан, Хижаз және Анадолы өлкелеріне дейін тарады. Барған жерлерінде жақсы мінездерімен және шырайлы уағыз-насихаттарымен адамдардың дүние және ахирет бақытына қауышуларына себепкер болды.

Оның «Диуани Хикмет», «Мират ул-Қулуб», «Пақырнама» атты туындылары көне түркі тілінде жазылғандықтан, жергілікті халыққа түсініктілігі арқасында талай мәрте қайта көшіріліп, бірнеше рет басылған... Оның уағыздық өлеңдерінің діни-мистикалық мазмұны ондағы жақсылыққа, әділеттілікке шақырған үнмен ұласады.

Қайырымдылық пен мейірімділікті өміріне арқау етіп, бүкіл түркі жұртын татулыққа, тазалыққа үндеген Яссауидің кереметтері аңыз әңгіме болып әлі күнге дейін ел аузында айтылып келеді.

Ахмет Яссауи бала кезінен бастап Расулуллаһ алейхиссаламның сүннетіне мойынсұнуға тырысқан. Сол себепті 63 жасқа келгенінде Пайғамбарымыздың осы жасында қайтыс болғанын ойлап, жер бетінде өмір сүруді жөн көрмеді. Жер астына бір бөлме жасатып, өмірінің соңына дейін осы жер асты бөлмесінде шәкірттеріне дәріс беріп, ғибадатпен өткізді. 125 жасында (басқа деректерде 133) жасында қайтыс болған.

Хазреті Ахмет Яссауи көп уақытын Аллаһу та’алаға ғибадат етумен, шәкірттеріне захири және батыни ілімдерді үйретумен өткізетін еді. Өзінің және шәкірттерінің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін аз уақыт бөліп, қолөнермен айналысатын. Аз уақыт ішінде қасық, ожау секілді тұрмыстық бұйымдар жасайтын. Оның бір өгізі болатын. Өгізінің арқасына дорба асып ішіне қасық, ожауларын салып базарға жіберетін. Сатып алатын адамдар бұйымдарды алып, дорбаға ақшасын салып қоятын. Ақшасын бермеген адам бар болса, өгіз оның артынан қалмай, барған жеріне соңынан еріп, дорбаға ақшаны салмағанша қасынан кетпейтін. Кеш болғанда өгіз хазреті Қожа Ахметтің үйіне келетін. Хазреті Қожа дорбадағы ақшаларды шәкірттерінің қажеттілігіне жұмсайтын. Шәкірттерінің саны жүз мыңға жобалаған кездерде оны көре алмаушылар шығып, бұл әулиеге дұшпандық ете бастады. «Уағыз-насихаттарына ашық әйелдер де келеді екен, еркектермен аралас отырады екен» деген жала өсектерді таратты. Мұны естіген лауазым иелері адамдарын жіберіп, мән-жайды анықтауын бұйырады. Бұл адамдар Ахмет Яссауи хазретінің дәріс беретін жиындарына қатысып, жасырын тексеру жүргізіп, барлық нәрсе айқын-ашық екенін, адамдардан, заңдардан құпия жүргізіліп жатқан ешнәрсенің немесе дінге қайшы істердің жоқтығын көреді. Биліктегілерге айтылғандардың барлығы толығымен негізсіз және өтірік, жала екенін мәлімдейді.

Қожа Ахмет Яссауи (рахметуллаһи алейһ) жала жапқан адамдардың жиналған жеріне барады. Қолында аузы мөрленген бір құты болады. Ол жердегілерге «Балиғат жасынан бері оң қолы әурет жеріне тимеген адам бар ма? Мына маңызды құтыны соған тапсырамын» дейді. Ешкім шықпайды. Сол кезде Ахмет Яссауидің шәкірттерінен Хаким алға шығады. Хазреті сұлтан құтыны оған беріп, Хорасан және Мәуеренахр мемлекеттеріне алып баруын бұйырады. Шәкірт құтыны алып, айтылған жерлерге барып, ол жақтың адамдарына жар салынып ғалымдар және Яссауи хазретіне жала жабушылар да жиналады. Барлығы бұл құтының ішіндегі не екенін ойлап қызығып тұрады. Шәкірт жиналған халыққа бұл құтыны ұстазы хазреті Ахмет Яссауи жібергенін айтып құтыны ашады. Құты ашылғанда адамдар өз көздеріне сенбей тұнып қалады. Құты ішінде жанып тұрған от және мақта бар еді. От лапылдап жанып тұр, бірақ мақта жанбайды. Мұны көргендер қайран болады. Хазреті Ахмет Яссауидің бұл кереметімен оны жақсы көретіндердің махаббаты одан да артты. Оған өшпенділік етіп жүргендер қателерін түсініп тәубе етті. Қожа Ахмет хазретіне сыйлықтар жіберіп кешірім сұрады. Көпшілігі оған шәкірт болды.   

Мәрв қаласында Мәруәзи атты ғұлама кісі бар еді. Ахмет Яссауи туралы өсек сөздер оған да жеткен еді. Бұл жалған өсектерге алданып, оны сынау үшін, күмәндарын сейілту ниетімен жанына төрт жүз көмекші және қырық муфтилерді алып, жолға шығады. Ол Яссауидің барлық жақта шәкірттері бар екенін және уағыз дәрістеріне мыңдаған адам қатысатынын естіген еді. «Мен үш мың мәселе жаттадым. Әрбіріне бөлек-бөлек сұрақ қойып, оларды сынап көрейін» деп ойлайды. Хазреті Ахмет Яссауи Аллаһу та’аланың білдіруімен Мәруәзидің келетінін және көздеген мақсатын түсінген еді. Шәкірттерін хабардар етеді.

Шәкірті Мұхаммед Данишманға «Келе жатқандар кім?» деп сұрағанында Мәруәзидің адамдарымен келе жатқанын айтады. Яссауи хазретінің әмірімен Мұхаммед Данишман үш мың мәселенің мыңын Мәруәзидің есінен (миынан) өшіріп тастайды. Кейін шәкірті Сулейман Хаким Атаға да осылай әмір етеді. Ол да мың мәселені өшіреді. Мәруазидің есінде мың мәселе ғана қалып Йассыға кіріп келеді. Хазреті Қожа Ахметтің жанына келіп «Аллаһу та’аланың құлдарын дұрыс жолдан тайдырған сенбісің?» дейді. Хазреті сұлтан еш ашуланбай: «Қазірге үш күн қонағымыз бол! Одан кейін сөйлесейік» дейді. Үш күн өткен соң күрси қойылып, Мәруәзи күрсиге шығады. Сол кезде Яссауи шәкірті Сулейман Хаким Атаға қалған мың мәселені өшіруін бұйырады. Хаким Ата Аллаһу та’аланың рұқсатымен ұстазының әмірін орындайды. Мәруәзи күрсиде бір нәрсе айтпақшы болады, бірақ есінде еш нәрсе қалмағанын аңғарады. Қасында алып келген дәптер-кітаптарын ашып оқымақшы болғанда, онда да барлық нәрсенің өшкенін көреді. Жазулардың жоғалып, беттері тап-таза кітаптардың арасында қалған Мәруәзи қатесін түсініп, сол жерде тәубе етеді. Қасында алып келген бүкіл адамдарымен Йассыда бес жыл қалып, хазреті Сұлтаннан сабақ алады. Үлкен мәртебелерге, дәрежелерге қауышады. Хазреті Ахмет Яссауи мұны қасына бес адам қосып адамдарға Аллаһу та’аланың дінін дұрыс түсіндіру міндетімен Хорасанға жібереді. Бұлар: Мұхаммед, Сәйфәддин, Садәддин, Бахауддин және Кәмал атты шәкірттері еді. Олар Хорасан еліне барып халыққа дұрыс жолды уағыздады.

Хорасанның бүкіл әулиелері хазреті Ахмет Яссауидің үстемдігін білгеннен кейін оған деген махаббат пен байланыстарының одан да артуы үшін кездесіп, сұхбатына қатысуды ойлайды. Барлығы Самарқандқа келіп үлкен жиын ұйымдастырады. Хазреті Сұлтанды бұл жиынға шақыру үшін әулиелердің бірін Йассыға жібереді. Аллаһу та’ала әулие құлдарын жақсы көргені үшін оларға басқа адамдардың қолынан келмейтін нәрселерді оңай еткен. Мәселен, олар бір уақытта бір жерде, біраздан кейін өте ұзақ болған басқа жерде бола алады. Немесе бір мезетте басқа-басқа жерлерде көріне алады. Бұл Аллаһу та’аланың ихсаны (сыйы). Хазреті Ахмет Яссауиді жиынға шақыру үшін жолға шыққан әулие тырнаға айналып, Йассыға ұшып кетеді. Хазреті Яссауи Аллаһу та’аланың ихсанымен бұл жағдайдан хабар алып, жанына шәкірттерінен бірнешеуін алады да, бұлар да тырна күйінде ұшып жолға шығады. Шақыруға шыққан әулиемен Самарқандқа жақын жердегі өзен үстінде кездеседі. Дәл осы сәтте төменде бір бай саудагер суға тұншығып жан арпалысы ішінде болады. Егер аман-сау шығатын болса, мал-мүлкінің жартысын Аллаһ разылығы үшін тарататынын нәзір етеді (атайды). Ахмет Яссауи (рахметуллаһи алейһ) Аллаһтың рұқсатымен саудагердің қиын жағдайынан хабардар болып төменге түседі. Батып бара жатқан саудагерді жағаға тартып шығарады. Кейін тырна күйінен адам кейпіне енеді. Бұл ғажайып жағдайға таң қалған саудагер өзін құтқарған Яссауи хазіреттің қолдарына жабыса алғысын айтып, мал-мүлкінің жартысын береді. Хазреті Яссауи шақырылған жерге келіп, ол жердегілерге сұхбат, насихат айтып, кейін еліне қайтады. Өзеннен құтқарған саудагердің берген ақшаларын шәкірттерінің қажеттілігіне жұмсайды.

Сол заманның билеушісі Қазан хан хазреті Ахмет Яссауидің жұма намазын қайда оқитынын білгісі келіп, хазреті Сұлтанның шәкірттерінің ең үстемдерінен болған Мұхаммед Данишманды сұрап келуі үшін жібереді. Бұл кезде азаншылар жұма намазы үшін азан айтып жатқан еді. Шәкірті Яссауи хазіреттің алдына барып, әлі ешнәрсе айтпай тұрып «Кел, қолымнан ұста! Жұма намазына бүгін сенімен бірге барайық» дейді. Шәкірті «Құп болады, ұстаз» деп қолынан ұстайды. Сол мезетте өздерін үлкен мешіттің ішінде саптардың арасында отырғанын көреді. Шәкірт намаздан кейін ұстазын қанша іздегенімен таппайды. Мешіттің имамы шәкірттің бұл қобалжуын көргенде оған «Ей дәруіш! Бұл жер Мысыр, ал мына мешіт “Жами-ул-Азхар” мешіті. Сенің ұстазың қаншама уақыттан бері жұма намазын осында оқиды» дейді. Шәкірт бір апта осында қалады. Келесі жұма намазда ұстазымен көрісіп, намаздан кейін бір мезетте Йассыға келеді. Хазреті Яссауи көргендерін Қазан ханға айтуын бұйырады. Шәкірт Қазан ханға басынан өткергендерін бастан аяғына дейін айтып береді. Қазан хан және қасындағылар хазреті Ахмет Яссауидің бұл кереметін естігенде қайран қалып, оның үстемдігін, ұлылығын бұрынғыдан да жақсы түсінді.    

Йассы қаласына жақын жерде халқының көбі христиан болған Сауран ауылы бар еді. Бұлар мұсылман Йассы халқына және әсіресе хазреті Ахмет Яссауиге қатты дұшпандық ететін еді. Ахмет Яссауидің ұлылығы, кереметтері жан-жаққа тараған сайын және оған байланған адамдардың саны көбейген сайын Саурандықтардың мазасы қашады. Бір күні олар хазреті Яссауиге жала ұйымдастырады. Өзара келісіп, Яссауи хазіреттін ұрлықпен кінәлауды ұйғарады. Бір сиырды сойып, бөлшектеп, түнде жасырын барып Қожа Ахметтің медресесінің ауласына тастап кетеді. Хазреті Сұлтаннан басқа ешкімнің бұдан хабары болмайды. Ертеңіне бұл сиырды іздеген сыңаймен бүкіл ауыл халқын жинап, медресенің алдына келеді. Есік алдындағы шәкірттерге сиырларын іздеу үшін медресенің бақшасына бір қарамақ болғандарын айтады. Хазреті Сұлтан олардың бұл опасыздықтарына қатты ренжиді де «Кіріңдер, иттер! Кіріңдер, төбеттер!» дейді. Жала соққандар бір-бірден босаға аттап медресенің ауласына кіре береді. Яссауи хазреттің ренжуінің дүниедегі аз ғана жазасы ретінде кіргендердің барлығы итке айналады да, алдын ала тастап кеткен еттерін тауып, жеп бітіреді. Мұны көрген халайық медресе табалдырығынан аттай алмай қадалып қалады. Бәрі бірдей Хазреті Сұлтанға жалбарынып, тізе бүгіп кешірім сұрай бастайды. Яссауи бабамыз мейірім етіп кешірім бергенінде әлгі итке айналған жалақорлар қайтадан бұрынғы қалыптарына қайтады. Бірақ қиянаттарының, опасыздықтарының ізі ретінде бәрінің денелерінде бір белгі қалады. Тіпті бұл белгі ұрпақтарына да өткен көрінеді.

 

Әмір Темірдің түсі

Әмір Темір Бұхараға сапар шегуден бұрын Түркістанға келіп хазреті Сұлтанды зиярат етеді және сол аймақтағы кедейлерге ас-нан таратады. Нәзір–нияз жасап, жорыққа шығу үшін Аллаһтан бір ишарат күтеді. Түсінде хазреті Ахмет Яссауиді көреді. Оған: «Ей жігіт! Бұхараға тез бар! Иншааллаһ ол жақта саған жеңіс нәсіп болады. Сенің басыңнан көп оқиға өтсе керек. Ол жақтағы адамдар да сенің келуіңді күтуде» деп бұйырады. Әмір Темір оянғанында бұл сүйіншіге қатты қуанып, Аллаһу та’алаға шүкір етеді. Ертеңіне Түркістанның әкіміне көп ақша беріп, Ахмет Яссауидің қабіріне көрнекті, зәулім кесене тұрғызуын әмір етеді. Әкім айтылғанындай етіп әдемі кесене салдырады. Кесене қазіргі күнде де бүкіл кереметімен бой көтеріп тұр. Бұл кесене Түркістандықтар (түркі тектес халықтар) және Еділ-Орал түріктерінің Хижаздан кейінгі зиярат етілетін ең мүбәрәк діни, орнына айналды. Түркістан (өлкесі) және ескі Алтын орда жерлеріндегі бай түріктердің жаназаларын Ахмет Яссауи кесенесінің айналасына көму әдеті 1921 ж. коммунист басқыншылығына дейін жалғасып келді.

 

1) Рәшәхат, 14 бет.

2) Жауахирул-Әбрар, 744 бет.

3) Кунхул-Ахбар, 5 том,  54 бет.

4) Нәфәхатул-унс, 478 бет

5) Ислам ғалымдары энциклопедиясы, 6 том, 102 бет.

6) “Rehber” энциклопедиясы, 1 том, 133 бет.