21 Сәуір 2018   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Байлық пен атақ-даңқ

Байлық пен атақ-даңқ

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Шәкірттің шынайы шәкірт бола алуы үшін екі қасиетке ие болуы шарт:

1) Әдепті болуы: Тасаууф жолының басы, ортасы, соңы – әдептен тұрады. Ешбір әдепсіз Аллаһтың досы бола алмайды.

2) Қарапайым, кішіпейіл болуы: Қаншалықты дүниелікке ие болса да, өзінің негізгі жағдайын жоғалтпай, қарапайым, кішіпейіл болуы керек.

Дүние – байлық пен атақ-даңқтан тұрады. Екеуі де жеке-жеке тұзақтар. Адамдар байлық пен атақ-даңққа берілгендіктен, белгілі бір дәрежеге жетуге тырысады, сөйтіп сол дәрежеге көтеріледі. Алайда көтерілген жерінен төмен түсе алмай қалады.

Имам Раббани хазреттері «Бір дүниеге берілген адаммен кездессеңдер, жолдарыңды ауыстырыңдар. Бір ауылда тұрсаңдар, басқа жаққа көшіңдер. Бір көшеде тұрсаңдар, кездеспеу үшін басқа жерге барыңдар. Әйтпесе көңілдерің ауып, сол сияқты боласыңдар» деген. Хусейн бин Саид хазреттері дәл осы жайында: «Бұл жол өте нәзік және ерекше жол. Бұл жолда қатты мән беру керек болған жайт – жоғары мансап иелерімен және байлармен жақын достық құрмау. Әйтпесе алдымен көңілдерің ауады, кейін өздеріңді жоғалтып аласыңдар» дейтін еді.

Сондай ақиқаттар бар, оларды дүниеде түсіну мүмкін емес. Тек өліп, ахиретке кеткен кезімізде ғана қазір сенгендеріміздің сол жақтағы ақиқатын көреміз. «Өлмей тұрып өліңдер» хадис шәрифінің мағынасы осы. «Өлгеннен кейін көретін нәрселеріңді өлмей тұрып көруге тырысыңдар» деген сөз.

Ақыр заманда өмір сүріп жатырмыз. Аллаһ сақтасын, момын-мұсылман білмей күпірге себеп болатын бір сөз айтады да, иманынан айрылады. Иманға зиян келтіретін сөз және тірліктерді үйренбеу күнә болады. Ауырып қалған кезімізде ең жақсы дәрігерлерді тауып, ең жақсы дәрілерді алып, ретін бұзбай қабылдаймыз. Ал мәңгі отқа түсетін қауіп төніп тұрғанда одан қорғайтын білім мен амалға ұмтылмауымыз пәлекет болады. Адам өмірінің көбі дінін үйренумен өтуі керек. Әрине дүниесін де тастап қоймауы тиіс. Бірақ «Балам, сабағыңды оқы, намазды кейін оқисың» деп біліп тұрып баланы отқа тастап, кейін қамқорлық жасағансымақ болып, өтіріктен «мейірімділік» ету үлкен қателікке жатады. Уәйл атты тозақ дініміздің міндеттерін орындамаған осындай балаларға және соған себепкер болған ата-аналарға арналған. Ешбір дәрігер өлейін деп жатқан науқасын тастап қоймайды, қолынан бар келгенін, барлық күш-жігерін салады. Мейірімді, қамқор болу үшін бала-шағамызға дінімізді үйретуіміз қажет.