10 - Шәууал, 1445 жыл.
     19 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Күнәдан аулақ болу үшін не ойлау керек?

Күнәдан аулақ болу үшін не ойлау керек?

Сұрақ: Адам күнә істейтін кезде сол күнәдан аулақ болу үшін не ойлауы керек?

Жауап: Бір адам күнә істейтін кезінде Аллаһу та'аланың оны үнемі көріп тұрғанын және қасында амалдарын жазып тұратын періштелердің де бар екенін ойлауы керек!

Аллаһу та'аланың субути сипаттарынан Басар – көру, әсма-и хуснасынан (көркем есімдерінен) Әл-Бәсир – ашық-жасырын барлық нәрсені өте айқын көруші дегенді білдіреді. Құран кәрімде көптеген аяттарда Аллаһу та'аланың адамдардың әрбір ісін ең жақсы түрде көріп тұрғандығы білдірілуде. (Бақара 110, 233, 237)

Аллаһу та'ала тек істелгендерді ғана емес, істелмекші болғандарды да, адамдардың не ойлағанын да біледі. Екі аяти кариманың мағынасы: «Аллаһ олардың жүректерінде жасырғандарын да, ашық көрсеткендерін де біледі.» (Нәмл 74)

«Аллаһу та'ала іштеріңде не бар болса, бәрін біледі.» (Әли Имран 154)

 

Хадис шәрифте былай делінген:

«Адам екі салих көршісінен қалай ұялса, күндіз-түні онымен бірге болған екі періштеден де солай ұялуы керек!» (Бәйһақи)

 

Сұрақ: Мен бес уақыт намаз оқимын. Намахрамға (бөтен әйелдерге) қарауды немесе басқа бір күнә істеуді қалаған кезімде бұдан қорғану үшін оқылатын дұға бар ма?

Жауап: Иә, бар. Алайда дұрыс оқылған намаздың барлық жамандықтан қорғайтыны Құран кәрімде жазылған. Сондықтан ең әуелі намазды дұрыс оқуға тырысыңыз. Намаздың парыз, уәжіп, сүннет және мүстаһабтарына мән беріңіз. Мәкрухтардан сақтаныңыз. Осылай намаз оқитын адам харамға тіпті қолын да соза алмайды.

Дұғаға келер болсақ, Аллаһу та'аланы зікір ету керек, яғни еске алу, ойлау қажет. Мысалы, Лә илаһа иллаллаһ деп айтқан жөн. Аллаһты ойламастан ғапіл болып өмір сүрген адамға шайтан тиісе береді. Бір аяти кариманың мағынасы мынадай:

«Рахман болған Аллаһты зікір етуден ғапіл болған кісіге қасынан айрылмайтын бір шайтанды бәле қыламыз.» (Зухруф 36)

Шайтан адамға тиісіп, күнә істеуге итермелегенде дереу Аллаһты зікір ету керек, яғни калима-и тәухидті оқып, «Әстағфируллаһ» деп, «Лә хаула уәлә қууата илла биллаһ» дұғасын оқып, Аллаһты еске алу қажет. Бір хадис шәрифтің мағынасы мынадай:

«Шайтан Аллаһ зікір етілген кезде қашады, зікір етілмесе, уәсуәса беруді жалғастырады.» (Әбу Я'ла)

Әрдайым Аллаһу та'аланы зікір етсе, шайтан тиісе алмайды. Шайтанның зиянынан және уәсуәсасынан құтылған болады. Онсыз да шайтан ғапілдерге тиіседі. Жақсы адамдарға зиянын тигізе алмайды. Аллаһу та'ала шайтанға айтқан: «Менің құлдарыма сен билік құра алмайсың, оларға тиісе алмайсың.» (Исра 65)

Жақсылар да, жамандар да Аллаһу та'аланың құлы болғанымен, салихтарды «Менің құлым» деген. Демек, Раббымыз «Менің құлым» деген салих адамдарға шайтан тиісе алмайды. Ақшаға, жаман қалауларына құл болған кісілерге шайтан тиісіп бәле болады. Жасия сүресінде «Хәуасын (жаман қалауларын) өзіне құдай қылғандар» тіркесі өткен. Яғни жаман қалауларының құлы болғандар деген. Адам неге табынып жатқан болса, соның құлы саналады.