15 - Шәууал, 1445 жыл.
     24 - Сәуір, 2024 жыл.   


АЛТЫНШЫ ТАҚЫРЫП

Аллаһу та'ала Сур үрленгеннен кейін қияметтің басталуын қалаған кезде таулар ұшып, бұлттар сияқты ауада жүзе бастайды. Теңіздердің кейбірлері басқаларына таси бастайды. Күннің жарығы кетіп, қап-қара болады. Таулар шаңға айналады. Әлемдер бір-бірімен араласып кетеді. Жұлдыздар тізіліп тұрған інжу-маржан үзілгендей бытырайды. Аспан майдай еріп, диірменге түскендей қатты айналады. Кейде жиналып, кейде түп-түзу болады. Аллаһу та'ала аспанға бөлшектен деп бұйырады. Жеті қабат жерде және жеті қабат аспанда, әрі күрсиде бірде бір тірі жан қалмайды. Барлық жанды өледі, егер рухани жаратылыс болса, рухын жоғалтады. Бүкіл жаратылыс және болмыс ажал құшады. Жер бетінде бірде бір бүтін нәрсе қалмай, жермен-жексен болады. Аспандарда мүлдем жанды қалмайды.

Аллаһу та'ала илаһ (құдайлық) мақамында көрініс беріп, жеті қабат аспанды оң құдіретіне және жеті қабат жерді сол құдіретіне алып былай дейді: «Ей, қадірсіз дүние! Сенің ішіңде құдаймын деп жар салғандар және ақымақтар құдай деп табынған сорлы бейшаралар қайда? Көздеріне өзіңді әсем-көркем секілді көрініп, алдаған және ахиретті ұмыттырған адамдарың қайда?» Содан соң қаһарымен жойып жоқ қылатын қуаты және хикметін әлемдерге көрсетіп, Мүмин сүресінде айтылғанындай «Мүлік кімдікі?» деп сұрайды. Жауап беретін бірде бір жан қалмаған болады. Қаххар болған Аллаһу та'ала өз өзіне «Уахид және қаххар болған Аллаһу та'аланікі» деп жауап береді.

Одан кейін әуелгісінен үлкенірек ирада және илаһи құдірет көрініс береді. «Мен азмуш-шан және Мәлик-у дәййанмын [Яғни қиямет күнінің жалғыз әкімі мен иесімін]. Мен берген ризықты жеп, маған серік қосқандар және менен басқа пұттарға табынғандар қайда? Мен берген ризықпен күш-қуат жинап, бұйрықтарыма қарсы шыққан зомбы залымдар қайда? Тәкәппарлар мен мақтаншақтар қайда? Енді мүлік кімдікі?» дейді. Бұған да жауап беретін ешкім болмайды. Аллаһ субханаһу уә та'ала өзі қалаған белгілі бір уақыт күтеді, әлемдер терең үнсіздікке батқан болады. Ол кезде Арши аъладан ахадият мақамына дейін ешбір ақыл иесі, көзге көрінетін жан болмайды. Өйткені Аллаһу та'ала тіпті жәннаттардағы хури мен ғылмандардың жандарын да алған болады.

Кейін Аллаһу та'ала тозақ шұңқырларының бірі болған Сақардан бір есік ашады. Ол жақтан от атқылайды. Бұл от барлық нәрсені өртеп, он төрт теңізді құрғатып, жер бетін қап-қара қылады және аспанды сары зәйтүн майы немесе балқыған мысқа ұқсас жағдайға түсіреді. Кейін оттың алауы аспанға жақындағанда Аллаһу та'ала сондай қаһарлы және қорқынышты түрде оны тоқтатқанынан от толығымен сөніп қалып, ешқандай ізі де қалмайды.

Бұдан кейін Аллаһу та'ала Арштың қазыналарының бірін ашады. Онда өмір теңізі болады. Бұл теңіз Аллаһу та'аланың әмірімен жер бетіне қатты жаңбыр жаудырады. Жаңбыр тоқтамай жауып, жер беті қырық аршын шамасында суға батады. Сонда топыраққа айналып кеткен адамдар мен жануарлар өсімдіктей өсіп шыға бастайды. Өйткені хадис шәрифте айтылған: «Адам құйымшақ сүйегінен жаратылған. Кейін қайтадан содан жаратылады.» Басқа бір хадис шәрифте: «Адамның бүкіл денесі шіриді. Бірақ құйымшақ сүйегі шірімейді. Адам содан шыққан еді. Кейін қайта содан өніп шығады» делінген. [Құйымшақ - омыртқаның соңғы сүйегі.] Өзі ноқаттай-ақ болып, ішінде жілік майы болмайды.

Жандылар және олардың барлық мүшелері мазарларынан жасыл шөптей өсіп шығады. Әрқайсысы сол сүйектен өнеді. Кейбір адамдар басқаларына өрмекшінің ауындай оратылып тұрады, біреудің басы басқа біреудің иығында, біреудің қолы басқа біреудің арқасында тұрып, адамның көптігінен осылай шиеленіседі. Аллаһу та'ала Қаф сүресінің төртінші аятында: «Шынында біз білеміз, жер олардың ешбірін нұқсан қылмайды. Өйткені біздің дәргейімізде махфуз (сақтаулы) кітап бар. Яғни біз жаратқандарымыздың бәрін білеміз» делінген.

Бұл тірілу үдерісі аяқталғанда есеп бойынша сәбилер сәби, қарттар қарт, ересектер ересек халінде болады.

Жігіт болғандар жігіт болып тіріледі. Яғни адам фәни (өткінші) әлем болған дүниеден бақи (мәңгі) болған ахиретке өткен кезде, яғни өлгенде қандай күйде болса, дәл сол көріністе тіріледі. Аллаһу та'ала Арштың астында бір жеңіл самал ескізеді. Бұл самал жел жер бетін толықтай қаптайды. Жер беті шаң сияқты майда құм күйіне енеді.

Бұдан кейін Аллаһу та'ала Исрафил алейһиссаламды тірілтеді. Құдыс қаласындағы мүбәрәк тастың үстіне шығып, сурды үрлейді. Сур – нұрдан жасалған мүйіздей жаратылыс, он төрт бөлшектен тұрады. Бір бөлшегінде құрлықтағы жануарлардың санындай тесіктері бар. Құрлықтағы хайуанаттың рухтары солардан шығады. Араның дауысындай дыбыстар естіледі. Жер мен көк арасын толтырады. Кейін әрбір рух өз денесіне кіреді. Аллаһ субханаһу уә та'ала оларға өз денелерін аян беру арқылы білдіреді. Тіпті тауда өлген, жыртқыш аңдар мен құстар жеген адамдардың рухтары да өз денелерін тауып барып кіреді. Расында, Аллаһу та'ала Зумәр сүресінің алпыс екінші аятында: «Қияметтің жоқ қылушы сурынан кейін екінші сур үрленеді. Бұл дауысқа барша адамзат бағынады. Осы әмірмен орындарынан тұрып, дайын болады» деген.

Адамдар қабірлерінен және жанып күл болғандары шіріген жерлерінен тұрған кездерінде таулардың сабалған мақтадай болғанын, теңіздердің құрғап қалғанын, ал жер бетінің қыр-сай, ештеңе қалмай, қағаз парағындай теп-тегіс болғанын көреді. Адамдар қабірлерінен шығып отырған кезде жалаңаш болып, айналасына таңқалып, уайымдап қарайды. Өйткені пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахих болған хадисте: «Адамдар киімсіз халде, бәрі жалаңаш және сүндеттелмеген күйде тіріледі» деген. Бірақ бөтен елде киімсіз қайтыс болған болса, оларға жәннаттан киім беріліп киіндіреді. Шәһидтердің және сүннети сәнияны [яғни ислам үкімдерін] ұстанып қайтыс болғандардың инедей киімсіз жалаңаш жері қалмайды. Өйткені пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Ей, үмбетім және сахабаларым! Сендер өлілеріңнің кебінін жақсылап, мол ораңдар! Себебі менің үмбетім кебіндерімен тіріледі. Ал басқа үмбеттер жалаңаш» деді. Бұл хадис шәрифті Әбу Суфян (радиаллаһу анһ) риуаят етті. Тағы пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан: «Өлілер кебіндеріне оралған халде тіріледі».

Бір ауру адам өлім жағдайына келгенде, «Маған пәлен киімімді кигізіңдер» дегенін естідім. Сұраған киімін ешкім кигізбеді. Үстіндегі қысқа көйлегімен қайтыс болды. Басқа кебін де табылмады. Бірнеше күннен кейін ол түске кірді, қайғылы еді. «Не болды саған?» деген сұраққа «Маған сұраған киімімді кигізбедіңдер. Мені мына қысқа көйлекпен тірілуге мәжбүр етіп тастап қойдыңдар» деді.