5 - Рабиул-әууәл, 1440 жыл.
     13 - Қараша, 2018 жыл.   



ОНЫНШЫ ТАҚЫРЫП

«Арасат майданын» «Мәуқиф» және «Махшар алаңы» деп те атайды. Бұл жердегілердің қалай шақырылатынын ғалымдарымыз әр түрлі айтқан. Бұлар тәфсирлерде баяндалуымен қатар сахих хадистерде де хабар берілген. Аллаһу та'ала бәрінен бұрын кісі өлтіргендердің үкімін береді. Сондай-ақ, ең алдымен иманы дұрыс болған соқырлардың сауаптарын береді. Сонда бір жаршы: «Дүниеде көзі көрмеген соқырлар қайда?» деп үндеу салады. Оларға: «Сендер Аллаһу та'аланың дидарына қарауға бәрінен де лайықтысыңдар» деп айтылады. Одан кейін Аллаһу та'ала оларға ұялтатын амалдарын көрсетіп, «Оң жаққа өтіңдер!» дейді.

Оларға арнайы байрақ көтеріліп, Шуайб алейһиссаламның қолына беріледі. Шуайб алейһиссалам оларға имам болады. Олармен бірге нұрлы періштелерден сансыз періштелер болады. Санын Аллаһу та'аладан басқа ешкім білмейді. Солардың қасына барып, сыратты найзағайдай тез өтеді. Сабыр мен жұмсақ мінезділікте олардың әрбірі Абдуллаһ ибн Аббас (радиаллаһу анһума) пен үмбетте сол сияқты болған адамдарға ұқсайды.  [Абдуллаһ 68 [м.687] жылы Таифте қайтыс болды.]

Одан кейін «Бәле-жалаға сабыр еткендер қайда?» деген үндеу шығады және өмірде алапес деп аталатын ауруға және жұқпалы ауруларға шалдыққандар әкелінеді. Аллаһу та'ала оларға сәлем береді. Оларды да оң жаққа жібереді. Оларға арнап жасыл байрақ көтеріліп, Әйюб алейһиссаламның қолына беріледі. Ол Асхаб-и яминнің [жәннаттықтардың] имамы болады. Өмірде жаман ауруларға шалдыққандардың сипаты сабыр мен жұмсақтық. Уқайл ибн Әби Талиб (радиаллаһу анһ) және бұл үмбеттен Ол сияқты болғандар осындай.

Одан кейін үндеу шығады: «Ислам дұшпандарының өтірік-жалаларына алданбай, Әһли сүннет сенімін нық ұстанған және осы дұрыс иманы мен намысын кәміл дәрежеде сақтаған иманды, намысты жастар қайда?» Олар да әкелінеді. Аллаһу та'ала оларға сәлем беріп «Мәрхаба» дейді де, жылы сөздерімен ілтипат көрсетеді. Оларға да «Оң жаққа өтіңдер» деп, оларға арналған бір байрақ көтеріліп, Юсуф алейһиссаламның қолына тапсырылады. Юсуф алейһиссалам олардың имамы болады. Осындай жастардың сипаты харамдардан, бөтен әйелдер мен қыздардан аулақ болу. Рашид бин Сулейман (рахимаһуллаһу та'ала) және осы үмбеттен оған ұқсағандар осы топқа жатады.

Одан кейін тағы бір үндеу салынады: «Аллаһ үшін бір-бірін жақсы көргендер және мұсылмандарды жақсы көріп, кәпірлер мен мүртәдтерді жақтырмағандар қайда?» делінеді. Олар да Аллаһу та'аланың алдына әкелінеді. Аллаһу та'ала оларға да «Мәрхаба. Қош келдіңдер» деп сәлем беріп, қалай қаласа, солай ілтипат көрсетеді. Кейін оң жаққа өтулері әмір етіледі. Аллаһу та'аланың дұшпандарын жақсы көрмейтіндердің сипаты да сабыр мен жұмсақтық. Олар дүниелік себептерге бола мүминдерге ренжімейді, жамандық та жасамайды. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) және осы үмбеттен Оған ұқсағандар осы топқа жатады.

Одан кейін тағы үндеу шығып: «Аллаһтан қорққанынан харам істемегендер және жылағандар қайда?» делінеді. Олар да әкелінеді. Олардың көз жасы шәһидтертің қаны және ғұламалардың сиясымен салыстырылып тартылады, көз жасы ауыр басады. Оларға да оң жаққа өту бұйрылады. Оларға арнап әр түрлі түстермен безендірілген байрақ көтеріледі. Өйткені олар әр түрлі харам істеушілердің арасында жүріп, «Құдай мейірімді, кешіреді» деп алдағандарға алданбай харам істемеген еді. Түрлі күнәлардан сақтанып, Аллаһу та'аладан қорқып жылаған еді. Кей бірі Аллаһу та'аладан қорқып, кей бірлері дүниелікке берілуден, ал басқа бірі өкінгенінен жылаған еді. Олардың байрақтары Нұх алейһиссаламға беріледі. Ғалымдар олардың алдына өтпекші болып, «Оларға Аллаһ үшін жылауды біз үйреттік» дейді. Бір үндеу шығып: «Йа, Нұх, өз орныңда қал!» делінеді. Нұх алейһиссалам бірден тоқтайды, әлгі жамағат та Онымен бірге тоқтайды.

Әһли сүннет ғалымдарының сиясы мен шәһидтердің қаны салыстырылып тартылады. Ғалымдардың сиясы ауыр басып, оларға оң жаққа өту әмір етіледі. Шәһидтерге гүлді байрақ арналып, Яхия алейһиссаламның қолына беріледі. Яхия алейһиссалам олардың алдында жүреді. Ғалымдар олардың алдына өтпекші болып: «Шәһидтер біздің білімімізден үйреніп соғысты. Біз олардың алдында жүруге лайықтырақпыз» дейді. Сол кезде Аллаһу та'ала мейірімін көрсетіп: «Ғалымдар менің алдымда пайғамбарларым сияқты» дейді де, ғалымдарға қарап: «Қалаған адамдарыңа шапағат етіңдер» деп айтады. Ғалымдар туған-туысқандарына, көршілеріне, мүмин бауырларына және шәкірттерінен олардың айтқанымен жүргендерге шапағат етеді.

Ғалымдардың әрқайсысының атынан бір періштеге үндеу айтқызылады. Періште адамдарға жар салып: «Пәленше ғалымға Аллаһу та'ала шапағат етуді әмір етті. Кімде-кім оның бір жұмысын жасап берген болса, бір үзім нан немесе бір жұтым су берген болса, кітаптарын жайған болса, соларға шапағат етеді» дейді. Сол ғалымға қандай да бір жақсылығы тигендер, оның кітаптарын таратқандар орындарынан тұрады. Ғалым оларға шапағат етеді.

Хадис шәрифте көрсетілгені бойынша, ең алғаш шапағат етушілер – Расулдар. Кейін Нәбилер (алейһимуссалауату уәттаслимат), кейін ғалымдар. Ғалымдарға арналып ақ байрақ байланады да, Ибраһим алейһиссаламға беріледі. Ибраһим алейһиссалам жасырын марифеттерін көрсету тұрғысынан Расулдардың ең озаты. Осы себептен байрақ Оған беріледі.

Одан кейін тағы бір жаршы үндеу салып: «Напақасын табу үшін маңдай терімен жұмыс істеп, тапқанына қанағат еткен кедейлер қайда?» дейді. Кедейлер де Аллаһу та'аланың алдына апарылады. Аллаһу та'ала ілтипат көрсетіп: «Мәрхаба, ей, дүниелері зындан болған адамдар» дейді. Олардың да Асхаби яминмен (жәннаттықтармен) бірге болуы бұйырылады. Оларға арнайы сары байрақ байланып, Иса алейһиссаламның қолына беріледі. Иса алейһиссалам оларға имам болады.

Одан кейін тағы бір жаршы үндеу салып: «Ағния, яғни шүкір етуші, мал-мүлкі мен ақшаларын дінді қуаттандыру және мұсылмандарды залымдардан қорғау үшін берген байлар қайда?» дейді. Олар да әкелінеді. Оларға нәсіп болған байлықтарды Аллаһу та'ала бес жүз жыл санатқызады. Яғни сол байлықтарымен не істегені есепке тартылады. Оларға арнайы түрлі-түсті байрақ байланып, Сүлейман алейһиссаламға беріледі.

Сүлейман алейһиссалам оларға имам болады. Оларға да Асхаби яминге қосылу бұйырылады.

Хадис шәрифте айтылғаны бойынша, төрт нәрседен төрт нәрсеге куәлік етуі талап етіледі. Мал-мүлік және мансаптарымен мұсылман елді қинағандарға үндеу келеді: «Сендердің Аллаһу та'алаға ғибадат етулеріңе қай мүлік тосқауыл болды?» Сонда олар: «Аллаһу та'ала бізге мал-мүлік пен абырой берді. Олар Аллаһу та'аланың бұйрығын орындауда бізге тосқауыл болды» дейді. Оларға тағы да: «Мал-мүлік тұрғысынан сендер артықсыңдар ма, әлде Сүлейман алейһиссалам артық па?» деп сұралады. Олар «Сүлейман алейһиссалам артық» деп жауаптайды. Сонда: «Олай болса, маған ғибадат жасауға оған мал-мүлкі тосқауыл болмады, ал сендерге тосқауыл болыпты» делінеді.

Одан кейін «Бәле-жала әһлі қайда?» делінеді. Олар да әкелінеді. Олардан «Сендердің Аллаһу та'алаға ғибадат етулеріңе не тосқауыл болды?» деп сұралады. Сонда олар «Аллаһу та'ала дүниеде басымызға дерттер мен қиыншылықтар берді. Осы себептен зікірден және ғибадаттан мақрұм қалдық» деп жауаптайды. Олардан «Бәле-жала тұрғысынан сендердің бастарыңы түскен қиындық көп пе еді, әлде Әйюб алейһиссаламға келген бәле-жала ма?» деп сұралғанда, олар: «Әйюб алейһиссаламға келгені көп еді» деп жауап береді. Оларға: «Олай болса, Аллаһу та'аланы зікір етуге, Оның дінін құлдарына жаюға, ғибадаттарды орындауға Оған бәле-жала тосқауыл болмай, сендерге тосқауыл болды ма?» делінеді.

Одан кейін «Жастар мен мәмлүктер, яғни құлдар мен күңдер қайда?» делінеді. Олар да Аллаһу та'аланың алдына әкелінеді. Олардан: «Сендердің Аллаһу та'алаға ғибадат етулеріңе не тосқауыл болды?» деп сұралады. Олар: «Аллаһу та'ала бізге көріктілік пен сұлулық берді. Біз сонымен алдандық, жастық шақтың қызықтарына беріліп кетті. Сол жастық шақ бізде мәңгі қалады деп ойладық. Аллаһу та'аланың дінін үйренбедік. Оның алдындағы міндетімізді орындамадық» дейді. Мәмлүктер «Құл болдық, күң болдық, қожайындарға қызметші болдық. Дүниедегі үстемдерге табындық. Діннен сауатсыз қалдық, алдандық. Йа, Раббым, Сенің алдыңдағы міндетімізді орындаудан мақрұм қалдық» дейді. Олардан: «Сендер сұлу едіңдер ме, әлде Юсуф алейһиссалам ба?» деп сұралғанда, олар «Юсуф алейһиссалам сұлурақ еді» деп жауаптайды. Сонда оларға: «Олай болса, хазреті Юсуфқа құл болғанында Аллаһтың алдындағы міндеттерін орындауға ештеңе тосқауыл болмай, сендерге тосқауыл болды ма?» делінеді.

 Одан кейін «Жұмыс істемеген жалқау кедейлер қайда?» деген үндеу шығады. Олар да әкелінеді. Олардан да «Сендердің Аллаһу та'алаға құлшылық  етулеріңе не тосқауыл болды?» деп сұралады. Олар «Жұмыс істемедік. Кәсіп үйренбедік. [Кафелерде, кинотеатрларда, ойын-сауық орындарында уақыт өткіздік.] Аллаһу та'ала дүниеде біздің басымызға кедейлік берді. Кедейлік пен жалқаулық құлшылық міндетімізді атқаруымызға тосқауыл болды» деп жауаптайды. Оларға «Сендер кедей едіңдер ме, әлде Иса алейһиссалам ба?» деген сұрақ қойылады. Олар «Иса алейһиссалам бізден де кедей еді» деген жауап қайтарады. Сонда оларға «Олай болса, осыншалықты кедейлік Оған құлшылық міндетін атқаруға, діни білімдерді жаюға тосқауыл болмады, ал сендерге тосқауыл болды ма?» делінеді.

Кімде-кім осы төрт нәрсенің біріне душар болса, олардың иесін ойласын! Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дұғасында «Йа, Раббым! Байлық пен кедейлік фитнасынан саған сиынамын» деп дұға ететін еді.

Иса алейһиссаламнан ғибрат алыңдар, дүниеде ол ешбір мүлікке ие болмады. Жүннен жасалған шапанын жиырма жыл киді. Саяхатқа шыққанда тек қана бір шынысы, қара алашасы және тарағы бар еді. Бір күні біреудің қолымен су ішіп жатқанын көріп, шынысын тастады. Тағы бір күні біреудің қолымен сақалын тарап жатқанын байқап, тарағын да тастады. Ол «Менің жануарым (көлігім) – аяғым. Үйім – үңгірлер, тамағым – жерден өсіп шыққан өсімдіктер, сусыным – бұлақ суы» дейтін еді. [Алайда Ислам дінінде олай емес. Жұмыс істеп, ақша табу ғибадат саналады. Көп жұмыс істеп, көп ақша тауып, табысты Ислам діні бұйырған жақсы жерлерге жұмсау қажет.

«Рамуз-ул-әхадис» кітабында жазылған хадис шәрифте айтылған: «Сахабаларыма кедей болу бақыт. Ал ақыр заманда келетін үмбетіме бай болу бақыт.» Біз қазір ақыр замандамыз. Күнә істеушілер, фитна шығарушылар, ғибадаттарға бидғат араластырушылар көбейген уақыттамыз. Бұл заманда халал-харамды, бидғаттарды және күпірге себеп болатын нәрселерді үйрену, соларды ұстану және халал жолдан ақша тауып бай болу үлкен ғибадат. Тапқан табыспен кедейлерге және Әһли сүннет білімдерін таратып жатқан мұсылмандарға көмектесу үлкен бақыт. Осы бақытқа қол жеткізгендерге сүйінші болсын!]

Аллаһу та'ала түсірген кейбір сухуфтарда: «Ей, Адам баласы! Ауру мен күнә істеу өмірдің жағдайларынан. Қастандықпен адам өлтірудің жазасына қарағанда қателікпен өлтірудің жазасы жеңілдікпен беріледі. Бұған қысас (қанға қан) үкімі берілмейді, дегенмен бұл да өте жаман іс. Бұдан да сақтаныңдар!» делінген.

Үлкен күнәлары бар кісінің жүрегінде иманы бар болса, азаптан кейін шапағатқа қауышады. Аллаһу та'ала оларға сый-сияпат көрсетеді. Мыңдаған жыл өткеннен кейін тозақтан шығарады. Алайда тозақтағылардың терілері, еттері күйгеннен кейін қайтадан жаратылады. Хасан Басри (рахметуллаһи алейһ) «Мен сол ең соңынан шығатын адамдардан болсам ғой» деп армандайтын еді.

[Хасан Басри 110 [м.728] жылы қайтыс болды.]

Күмәнсіз, Хасан Басри (рахметуллаһи алейһ) ахирет жағдайларын жақсы білетін ғалым. Қиямет күнінде бір мұсылман әкелінеді. Оның мизанда ауыр басатындай ешқандай жақсылығы жоқ. Аллаһу та'ала оның иманының құрметіне оған мейірім танытып айтады «Адамдарға бар, саған жақсылық пен сауабын сыйлайтын кісі іздеп көр. Оның сыйлығы себебімен жәннаттқа кіресің!» Әлгі адам барып, адамдардың арасынан тілегенін беретін кісі іздейді. Бірақ оның сөзін тыңдайтын ешкімді таба алмайды. Жағдайын айтып сұрағандарының бәрі «Менің де сауаптарым таразда жеңіл болуынан қорқамын. Мен саған қарағанда көбірек мұқтажбын» дейді. Ол бұған мұңайып қалады. Сонда қасына бір кісі келіп «Не іздеп жүрсің?» дейді. Ол «Мен сауапқа мұқтажбын. Бәлкім мың адамнан сұраған шығармын, бәрі сылтауларын айтып ештеңе бермеді» деп жауаптайды. Әлгі кісі оған «Аллаһу та'аланың алдына бардым. Амал дәптерімде бір сауаптан басқа сауап жоқ екен, бұл мені құтқаруға жетпейді. Мұны саған берейін, сен ала бер!» дейді. Адам қуанып кетеді. Аллаһу та'ала ол құлдың жағдайын білсе де «Неңмен келдің?» деп сұрайды. Ол әлгі кісімен болған оқиғасын айтып береді. Аллаһу та'ала әлгі сауабын берген құлды да шақырады да: «Иман иелеріне менің жомарттығым сенің жомарттығыңнан, сыйыңнан көбірек. Дін бауырыңның қолынан ұста, жәннатқа бірге кіріңдер» дейді.

Мизанның екі табағы тең болып, егер сауап жағы ауыр баспаса, Аллаһу та'ала айтады: «Бұл жәннаттық та емес, тозықтық та емес». Сонда бір періште бір парақ әкеліп, күнә табағының үстіне қояды, онда тек қана «Уф» деп жазылған. Ол табақ сауаптан ауыр басады. Өйткені «Уф» сөзі ата-анаға қарсы шығу сөзі болып саналады. Адамды осыменен тозаққа тастау әмір етіледі. Ол кісі жан-жағына қарап, Аллаһу та'аланың оны шақыруын үміт етеді. Аллаһу та'ала оны шақырып: «Ей, аси, қарсы шыққан құл! Неліктен сені шақыруымды қаладың?» деп сұрайды. Әлгі құл: «Йа, Раббым! Түсінгенім бойынша, ата-анама қарсы шыққаным үшін тозаққа бара жатырмын. Олардың азабын маған жүктеп, оларды тозақтан азат ете гөр!» деп жауаптайды. Сонда Аллаһу та'ала: «Ата-анаңа дүниеде қарсы шықтың. Ал ахиретте сыйладың. Оларды қолдарынан ұстап, жәннатқа алып кір» дейді.

Жәннатқа жіберілмегендерді періштелер ұстап алады. Өйткені періштелер ахирет үкімдерін өте жақсы біледі. Тіпті ахиреттен нәсібі болмаған бір қауымға айтылатын үндеу бойынша, олар ахиреттің отыны, олар тозақты толтыру үшін жаратылған. Оларға қарап Аллаһу та'ала «Саффат» сүресінің жиырма төртінші аятында: «Оларды тоқтатыңдар, олар сұраққа тартылады» дейді.

Олар қамауға алынады. Оларға «Саффат» сүресінің жиырма бесінші аяти каримасындағы «Сендерге не болды, неге бір-бірлеріңе көмектеспейсіңдер?» делінгенге дейін сонда қалады.

Олар осылайша көнеді. Күнәларын мойындап, бәрі тозаққа жіберіледі. Осы түрде пайғамбарымыздың үмбетінен үлкен күнә істегендері әкелінеді. Кәрі-жас, еркек-әйел бәрі бір жерге жиналады. Тозақтың қарауылы болған Малик оларға қарап: «Сендер қарақшы тобынансыңдар. Бірақ, байқағаным бойынша, қолдарың да байланбаған, беттерің де қараймаған екен. Сендерден әдемірек тозаққа әлі ешкім келмеген» дейді. Олар «Йа, Малик! Біз Мұхаммед алейһиссаламның үмбетіміз. Бірақ істеген күнәларымыз тозаққа жетеледі. Бізді жібер, күнәларымыз үшін жылайық» дейді. Сонда Малик оларға: «Жылаңдар! Бірақ сендерге жылау қазір пайдасын тигізбейді» дейді.

Қаншама орта жастағы адамдар «Дерттерім, қиыншылықтарым артты!» деп жылайды.

Бір қарт ер кісі ақ сақалын ұстап: «Әттең, жастық шақ өтті. Қиыншылық пен қайғы артты. Қор болдым, масқара болдым!» деп жылайды.

Қаншама жастар «Әттең, жастық шағымды жіберіп алдым! Яғни жастық шағымның қадірін білмедім!» деп жылайды.

Қаншама әйелдер шаштарын ұстап: «Ойбай! Жүзім қарайды, масқара болдым!» деп жылайды.

Аллаһу та'ала тарапынан «Йа, Малик! Оларды бірінші тозаққа кіргіз» деген үндеу келеді. Тозақ оларды ішіне кіргізген кезде олар «Лә илаһа иллаллаһ» деп айқайлайды. Тозақ бұл сөзді естігенде олардан бес жүз жылдық қашықтыққа қашады. [Бір нәрсенің көп екенін жеткізу үшін мұны үлкен сандармен айтудың Арабстанда әдет екені «Ибн Абидин» кітабының «Әл-хазар уәл-ибаха» бөлімінде жазылған. Яғни үлкен сандар мөлшерді емес, көптікті көрсетеді.] Тағы бір үндеу келеді: «Ей, тозақ! Оларды ішіңе кіргіз! Йа, Малик! Оларды бірінші тозаққа таста!» Осы кезде аспанның күркірегеніне ұқсаған бір гүріл естіледі. Тозақ олардың жүректерін жақпақшы болған кезде Малик тозаққа тосқауыл болады. «Ей, тозақ, ішінде Құран кәрім бар және иманның қабы болған жүректі жақпа! Рахман болған Аллаһу та'алаға сәжде жасаған маңдайларды жақпа!» дейді. Осы жағдайда олар тозаққа тасталады. Бір кісінің айқайы тозақ халқының дауыстарынан қаттырақ шыққаны байқалады. Оны тозақтан шығарады, оның тек терісі ғана жанған болады. Аллаһу та'ала одан: «Саған не болды? Тозақ халқынан ең қатты сен айқайлап жатырсың» деп сұрайды. Сонда ол кісі «Йа, Раббым! Мені есепке тарттың. Сенің мейіріміңнен әлі үмітімді үзбедім. Мен білемін, сен мені естисің. Осы себептен қатты айқайладым» деп жауап береді.

Аллаһу та'ала «Кімде-кім Аллаһу та'аланың мейірімінен үмітін үзсе, ол адам адасушылардан» деген «Хижр» сүресінің елу алтыншы аяти каримасымен сөйлеп, «Бар, сені кешірдім» дейді.

[Мұхаммед ибн Абидин 1252 [м.1836] жылы Шамда қайтыс болды.]

Тағы бір кісі тозақтан шығады. Аллаһу та'ала «Ей, құлым, сен тозақтан шықтың. Қай амалыңмен жәннатқа кіресің?» деп сұрайды. Сонда құл: «Йа, Раббым! Мен әлсізбін, аздаған нәрседен басқа ештеңе сұрамаймын» дейді. Ол адамға жәннаттан бір ағаш көрсетіледі. Аллаһу та'ала «Өзің көріп тұрған мына ағашты саған берсем, басқасын сұрайсың ба?» дейді. Әлгі құл: «Йа, Раббым! Ұлылығың мен үстемдігіңнің хаққы үшін, басқасын сұрамаймын» деп жауап береді. Сонда Аллаһу та'ала «Бұл саған менен сыйлық болсын!» дейді. Ол ағаштың жемісін жеп, көлеңкесінде отырғаннан кейін одан да жақсы басқа бір ағаш көрсетіледі. Адам сол ағашқа ұзақ қарайды. Аллаһу та'ала «Саған не болды? Оны да жақсы көріп қалдың ба?» деп сұрайды. Әлгі құл «Иә, ей, Раббым» деп жауаптайды. Аллаһу та'ала «Саған сол ағашты да берсем, басқасын сұрамайсың ба?» деп сұрағанда, құл «Сұрамаймын, йа, Раббым!» дейді. Осы ағаштың жемісін жейді, көлеңкесінде отырады. Одан да жақсы, әдемі бір ағаш көрсетіледі. Бұл адам оған да қарап қалады. Аллаһу та'ала оған: «Осыны да саған берсем, басқасын сұрамайсың ба?» дейді. Адам «Құрметіңнің хаққы үшін, сұрамаймын, йа, Раббым» деп жауап береді. Сол кезде Аллаһу та'ала разы болып, сол мүмин құлды кешіреді де, жәннатқа кіргізеді.

Ахиреттің таңқаларлық істерінің бірі, бір кісі Аллаһу та'аланың алдына апарылады. Аллаһу та'ала оны есепке тартады. Оның жақсылықтары мен жамандықтары салыстырылып тартылады. Ол адам Аллаһу та'ала ол кезде сол адамның есебінен басқа ештеңемен айналыспады деп ойлаған болса керек. Бірақ олай емес. Бәлкім сол сәтте миллиондаған, санын Аллаһу та'аладан басқа ешкім білмейтін мөлшерде адамдардың есебіне қарады. Олардың әрбірі сол уақытта тек қана оны есепке тартып жатыр деп ойлайды.

Ол жақта кейбір адамдар бірін-бірі көрмейді. Бір-бірінің сөздерін естімейді. Бәлкім, әрбірі Аллаһу та'аланың пердесінің астында. Субханаллаһ, бұл не деген күш пен не деген құдірет. Міне осы жайт Лұқман сүресінің жиырма сегізінші аятының «Сендердің дүниеде, кейін ахиретте жаратылуларың бір тыныс алатындай уақыт» деп көрсетілген уақыт. Аллаһу та'аланың бұл қаулысында сырлар бар, ол уақытсыз және мекенсіз болу сыры. Өйткені Аллаһу та'аланың мүлкінде, істерінде бір-ақ мақсат пен шектеу жоқ. Субханаллаһ, әрекеттерінің ешбірі басқа істеріне кедергі болмайды.

Міне осы уақытта кісі баласына келіп: «Ей, балам! Мен саған киім-кешек кигіздім, сен өзіңнің киім киюге шамаң жоқ еді.

Сені тойғыздым, су бердім, сен бұларды әрине істей алмайтынсың, кішкентай кезіңде сені қорғадым, сен өзіңе зиянды нәрселерден аулақ болуға және пайдалы нәрселерге ұмтылуға шамаң жетпейтін еді. Менен әр түрлі жеміс-жидектер сұрадың, мен саған сатып алып бердім. Саған дініңді, иманыңды үйреттім. Сені Құран кәрім үйрететін ұстазға жібердім. Алайда қазір қияметтің ауыртпалығын көріп тұрсың. Күнәларымның көп екенін білесің. Сол күнәларымның бір бөлігін сен мойныңа ал, менің күнәларым азайсын. Маған жақсылық, сауап бер, мизаным соның есебінен артсын» дейді. Баласы одан қашып: «Ол сауапқа саған қарағанда мен көбірек мұқтажбын» дейді.

Осылайша, бала мен ата-ана арасында осы мәміле орын алады, күйеуі мен әйелі бір-бірімен осылай сөйлеседі. Бауырлар бір-біріне осындай мәміле жасайды. Бұл Аллаһу та'аланың «Абәсә» сүресінің жиырма төртінші аятында «Ол күні адам бауырынан және ана перзентінен қашады» деп осы жағдайды хабар беруде.

Хадис шәрифте айтылған: «Адамдар қиямет күні жалаңаш болып тіріледі». Айша-и сыддықа анамыз (радиаллаһу анһа) осыны естіген кезінде «Олар бір-біріне қарамайды ма?» деп сұрады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Абәсә» сүресіндегі «Қиямет күнінде адамдар бір-біріне қарайтындай жағдайда болмайды» деген мағынадағы отыз жетінші аятын оқыды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) осы хадис шәрифпен айтпақшы болғаны, қиямет күнінің ауырпалығы мен қиыншылығы адамдардың бір-біріне қарауына бөгет болады.

Адамдар бұл уақытта бір жерге жиналады. Олардың үстіне қара бұлт келеді. Ол бұлт адамдардың үстіне «Сухуф-и мунәшшәра», яғни амал дәптерлерін жаудырады. Мүминнің дәптері гүл жапырағына жазылғандай, ал кәпірлердің дәптері қарағай жапырағына жазылғандай болады.

Дәптерлері ұшып келіп түседі. Әр адамның оң немесе сол жағынан келеді. Бұл адамдардың қалауында емес. Расында, Аллаһу та'ала «Исра» сүресінің оныншы аятында: «Біз адамға беттері ашылған күйде өзі туралы кітап жібереміз» деген.

Кейбір ғалымдардың айтуынша, Кәусар хауызы сыратты өткеннен кейін әкелінеді. Алайда бұл қате. Өйткені сыратты өткен адам хауызға қайтып келмейді.

Жетпіс мың [яғни өте көп] адам ауыр есепке тартылмастан жәннатқа кіреді. Оларға мизан құрылмайды. Олар амал дәптерін алмайды. Бірақ оларға берілген дәптердің үстінде «Лә илаһа иллаллаһ, Мухаммадун расулуллаһ. Бұл пәленше ұлы түгеншенің жәннатқа кіруінің және тозақтан құтылуының бәраты (құжаты)» деп жазылған.

Құлдың күнәлары кешірілген кезде бір періште оны Арасат алаңына алып барады. Үндеу шығып: «Бұл пәленше ұлы түгенше. Аллаһу та'ала оның күнәларын кешірді. Енді ол шақи (тозақтық) болмайды, бақытпен саид (жәннаттық) болды» делінеді. Ол адамға осы дәрежеден артық ешқандай дәреже жағымды болмайды.

Қиямет күнінде Расулдар (алейһимуссалауату уәттәслимат) минберлер үстінде болады. Әр Расулдың минбері өз мәртебесі шамасында. Улема-и амилин, яғни Әһли сүннет сенімінде болған және білімімен амал еткен ғалымдар да (рахметуллаһи алейһим әжмаин) нұрлы орындықтарда отырады. Аллаһу та'аланың дінін қорғау және жаю үшін шәйіт болғандар мен салихтар, яғни Ислам үкімдерін ұстанғандар, Құран кәрімді құрметпен, әуендетпей оқыған қарилар мен азанды сүннетке сай оқыған муәззиндер топырағы хош иісті жерлерде болады. Олар – Ислам үкімдерін ұстанып, жақсы амалдар істеуі себебінен нұрлы орын иелері, Адам алейһиссаламнан Фахри алем пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дейін келген барлық пайғамбарлардан кейін оларға шапағат ету рұқсаты берілетін адамдар.

Хадис шәрифте айтылған: «Құран кәрім қиямет күнінде жүзі әдемі және мінезі көркем бір адам кейіпінде келеді. Одан шапағат талап етіледі, ол шапағат етеді. Ол әуендетіп [өлең сияқты оқығандарға, сазды аспап пен ойын жерлерінде ойын-сауық үшін оқығандарға және ақша табу үшін] оқығандарға даугер болады. Осындай адамдардан ақысын талап етеді. Разы болған адамдарын жәннатқа алып кетеді.»

Дүние [яғни ғибадат етуге кедергі болған, харам істеуге себеп болған нәрселер және адамдар] да кәрі, ақ шашты және әйелдердің ең жаманы кейіпінде көрінеді. Адамдардан «Сендер мынаны танисыңдар ма?» деп сұралады. Олар: «Біз одан Аллаһу та'алаға сиынамыз» дейді. Сонда әлгі адам: «Сендер дүниеде маған жету үшін бір-бірлеріңмен жанжалдасатын едіңдер, бір-бірлеріңді мен үшін жек көретін едіңдер» дейді.

Осы сияқты жұма күні де сүйкімді адам кейіпінде көрсетіледі. Мүминдер оған зер салып қарайды. Жұма күнін қадірлегендер мускус пен қалампыр құмдары үстінде қорғалады. Жұма намазын оқыған мүминдердің үстінде нұр болады, бәрі оған қарап таңданады. Жұма күніне көрсеткен құрметтері себебімен жәннатқа кіргізіледі.

Ей, мұсылман бауырым! Аллаһу та'аланың рақымдылығына және Құран кәрімнің, Исламның, жұманың жомарттығына қарашы, Құран кәрім әһлі қандай қадірлі. Намаз, ораза, зекет, сабыр мен көркем мінезден құралған Ислам діні не деген құнды!

Өлім уақытында адамның тыпырлауынан, қиналған болып көрінуінен мағына шығарған адамның сөзіне мән берілмейді. Өйткені Хандек күнінде пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Ей, шіритін денелердің Раббы және жоқ болып кететін рухтардың жаратушысы Раббым!» деген дұғасы Аллаһу та'ала қалаған барлық дене шіритінін көрсетіп тұр. Рухтар да қиямет күні келгенде жоқ болады. Олардың бәрінің жаратушысы және Раббы – Аллаһу та'ала. Осы айтылғандардың бәрі жеке-жеке білімдерге мұқтаж. Басқа кітаптарымызда осыларды баяндадық.

Имам Ғазали (рахметуллаһи алейһ) бұл жерде ахирет жағдайларын өте қысқа түрде баяндағанын хабар беруде. «Біз бұл кітапта Әһли сүннет жолын мұсылмандар ұстансын деп қысқартып жазуды көздедік. Ислам дініне қайшы болған бидғаттарға [мазһабсыздарға, діндегі реформашыларға] көңіл бөлме! Құран кәрім мен хадис шәрифтерден Әһли сүннет ғалымдары шығарған, түсіндірген мағыналарға жүгін! Басқалары, адам шайтандары ойдан шығарған бидғаттарға алданба! Олардан аулақ бол! Осы себеппен мүминдерге, Әһли сүннет жолын ұстанғандарға сүйінші бер!

Аллаһу та'аланың сақтығы, жомарттығы және ихсанымен күнәдан пәктік пен жетістік сұраймыз. Әмин уә хасбуналлаһ уә ни'мәл уәкил уә саллаллаһу алә Мухаммадин уә алиһи уәсахбиһи әжма'ин.