10 - Рабиул-ахир, 1440 жыл.
     17 - Желтоқсан, 2018 жыл.   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Намаз – адамның абыройы, құрметі және шүкіршілігі!

Намаз – адамның абыройы, құрметі және шүкіршілігі!

Дінімізде ақылы кірген және балиғатқа жеткен, яғни кәмелетке толған әрбір ақылды мұсылманға күніне бес уақыт намаз оқу өте маңызды парыз. Намаз оқымау ең үлкен күнәлардың бірі. Намаз оқымайтын адамның иманмен өлуі өте қиын. Дінімізде тіпті ең үлкен күнәні істеген адам да кәпір болмайды. Сондықтан намаз оқымайтын кісіге кәпір деуге болмайды. Бірақ, өте маңызды ғибадат болғандықтан, намаз оқымайтын адамның иманмен өлу ықтималы өте аз. Намаз оқымайтын адамның жүрегі қараяды, басқа күнәларды істеуден тартынбайды. Ал күнәлар адамды күпірге жетелейді...

Оттың күйдіретінін білетін адам өзін отқа қалай тастайды? Тозақтан қашып, жәннатты қалаған адам намаз оқымайды ма? Хадис шәрифте: «Жәннатты сұрап, Аллаһтың тыйымдарынан сақтанбаған кісі өтірікші» делінген. (Бәйһақи)

Уләма-и расихин деп аталатын ғалымдардан болған Сәйид Абдулхаким Арваси (қуддиса сиррух) хазреттері намаздың маңыздылығы туралы былай деген:

«Бұл заманда иманы дұрыс болып, бес уақыт намазын оқитын, харамдардан сақтанатын адам – әулие. Қиямет күні ең алдымен иманнан, кейін намаздан сұралады. Бір уақыт намазды өткізіп алғаннан гөрі мың рет өлуді таңдаймын. Қайда және қандай жағдайда болмасын, міндетті түрде намаз оқу керек.»

Үлкен Ислам ғалымы Хусейн бин Саид (қуддиса сиррух) та осы туралы былай деген:

«Аллаһу та'ала танылуды қалады. Бір хадис құдсида: «Мен танылуды ұнаттым» деген. Оны тануымыз керек. Екіншісі, Ол берген ниғметтерге рахмет айтуымызды, шүкір етуімізді қалайды. Аллаһу та'алаға шүкір – ол намаз. Өйткені зекетті байлығы барлар береді, қажылыққа шарттарын орындағандар барады, ораза және т.б. ғибадаттар сондай. Намаз оқымайтын адамның ешбір шүкірі Аллаһу та'ала тарапынан қабыл алынбайды. Иманның байрағы, белгісі – намаз. Аллаһу та'ала нәпісті өзіне дұшпан қылып жаратқан. Осы нәпісті ең көп қинайтын нәрсе – намаз. Адам намазға тұрған кезде нәпіс қатты азапталады. Сондықтан нәпсіне ерген көп адамдар намаз оқуға қиналады.

Бес уақыт намазды шарттарына сай жақсылап оқитындар ешқашан қор болмайды және қорланып өлмейді. Намаз оқудан басқа ештеңе адамға ондай абырой әкелмейді. Намазын оқитын кісі Аллаһтың алдында да, құлдардың арасында да абыройлы болады. Намаз – адамның абыройын және құрметін арттырады. «Намаз – құрмет» деген хадис шәриф бар.

Әр намазда тік тұрып Фатиха сүресін оқыған кезде «Әлхамдулиллаһи Раббил алемин» дейміз. Неліктен «Әлхамдулиллаһ» деп шүкір етеміз? «Йа, Раббым, маған намаз оқуды нәсіп еттің, мені өз дәргейіңе қабылдадың, намаз оқу құрметіне, бақытына қауыштырдың» деген оймен айтамыз... Бұдан асқан бақыт бар ма?»