19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Жастық шақта жасалған ғибадаттар

Жастық шақта жасалған ғибадаттар

Сұрақ: Жастық шақта жасалған ғибадаттардың құндылығы тұрғысынан қартайғанда жасалғанынан айырмашылығы бар ма?

Жауап: Имам Раббани хазреттері былай деген:

«Жастық шақ – нәпіс қайнап тұрған, шәһуаттар ойнап тұрған, адам мен жын-шайтандардың бұзуға тырысқан уақыты. Осындай уақытта жасалған аздаған амалға өте үлкен сауап беріледі.

Қартайғанда дүниелік қызықтар азайып, күш-қуат кетіп, қалауларға жету мүмкіндігі мен үміті қалмаған кезде, өкінуден басқа ештеңе болмайды.

Көп адамдарға осы өкіну уақыты да нәсіп болмайды. Бұл өкіну тәубе ету деген сөз, бұл да үлкен ниғмет. Жастық шақ – көп табысқа жету уақыты.

Игі адам осы уақыттың қадірін біліп, қолынан жіберіп алмайды. Қарттық бәріне нәсіп бола бермейді. Нәсіп болса да, рахат, қолайлы уақыт табылмайды. Уақыт табылса да, әлсіздік, күшсіздік кезде жарамды іс жасай алмайды. Қазір күш-қуат орнында тұрғанда қандай үзірмен, қандай себеппен бүгіннің жұмысын ертеңге қалдыруға болады?

Пайғамбарымыз алейһиссалам «Ертең істеймін деген адам құрыды, зиянға ұшырады» деген. Жастық шақта адамды үш дін дұшпаны болған нәпіс, шайтан және жаман достар алдауға тырысуда. Оларға қарсы аздаған бір ғибадат жасау өте құнды болады. Қартайғанда бұдан көбірек жасалған ғибадаттардың осыншалықты сауабы болмайды.

Жастық шақта нәпістің қалаулары адамды қаптауымен қатар, ілім үйренетін, ғибадат жасалатын ең оңтайлы уақыт та осы жастық шақ.

Жас кезде шәһуат, қызбалық қаптап тұрған кездері діннің бір әмірін орындау кәрі кезде жасалған дәл сол ғибадаттан әлдеқайда құндырақ болады.

(Әсіресе егер басқа кедергілер де араласатын болса, оларды тыңдамай жасалған ғибадаттардың сауабы көп болғаны соншалық, қанша екенін тек Аллаһу та'ала біледі.)

Өйткені, кедергілерге төтеп ғибадат жасау ауыртпалығы, қиындығы сол ғибадаттардың қадірін, құндылығын көкке дейін көтереді. Кедергісіз оңай жасалған ғибадаттар төменде қалады. Сондықтан адамдардың үстемдері періштелердің үстемдерінен де жоғары болған. Өйткені адам кедергілердің арасында ғибадат жасайды. Ал періштелер ешбір кедергісіз әмірге бағынады.

Жастық шақ қалаулары Аллаһтың дұшпаны болған нәпіс пен шайтанның жақсы көретін нәрселері. Дінге сай нәрселер болса, Аллаһу та'аланың жақсы көретін нәрселері. Аллаһтың дұшпандарын қуантып, барлық ниғметтерді берген шынайы қожайынды ашуландыру ақылды адамдардың ісі емес. Аллаһу та'ала бәрімізді нәпіске, шайтанға және дін дұшпандарының сөздері мен жазбаларына алданудан қорғасын.» («Сүйіншілеуші хаттар» кітабы)

Дүние істері ертеңге қалдырылып, бүгін ахиреттің істері орындалса, қандай жақсы. Бірақ мұның терісін істеу өте жаман болады. Жастық шақта адамды үш дін дұшпаны болған нәпіс, шайтан және жаман дос алдауға тырысады. Осыларға қарсы төтеп, аздаған ғибадат жасаудың өзі өте құнды болады.

Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Аллаһ дәргейінде ең сүйікті болған – тәубе еткен жастар.» (Р.Насихин)

«Тәубе еткен бір жастың жаназасы мазарға апарылғанда Аллаһу та'ала "Ей, періштелер, бұл мазардан азапты тоқтатыңдар! Бұл жерге тәубе еткен жас әкелінді. Ол бар жерге азап беруге ұяламын" дейді және бүкіл мазардағыларға қырық күн бойы азап тоқтайды.» (Р.Насихин)

 

Тәубе еткен жас жігіт

Бәни Исраил заманында бір жас жігіт жаман істер жасап, артынша тәубе ететін, бірақ тәубесінде тұрмайтын еді. Көп күнә істесе де, көп тәубе еткендіктен, Аллаһтың тәуфиқы көмекке келді. Бір үлкен күнә істегеннен кейін өкінді. Қырға шығып, бетін топыраққа сүріп: «Йа, Аллаһ! Қанша тәубе еткен болсам да, тәубемді бұздым. Мені күнәдан қорғамасаң, тағы тәубемді бұзып, мәңгі пәлекетке душар боламын. Ол кезде жағдайым не болады?» деді. Сонда мынадай дауыс естіді:

«Ей, құлым, сен күнәңнан бастартқаның үшін саған қамқорлығыммен қараймын. Тәубеңді қабыл етіп, жаман амалдарыңды мейірімім және рақымдылығыммен кешірдім.» (Р.Насихин)

Аллаһу та'ала аса мейірімді болып, құлдарына жанашыр болғандықтан, күніне ғибадатқа тек бес уақыт қана ажыратқан, бірнеше нәрсені харам қылып, көп нәрселерді мубах (халал) қылған, рұқсат берген. Олай болса, жастық шақта денсаулық, күш-қуат, мал-мүлік пен рахаттық бәрі бірге бар болып тұрғанда, осы уақыттың қадірін білу керек. Шексіз бақытқа қауыштыратын себептерге жүгіну қажет, жақсы амалдар істеп, бүгіннің ісін ертеңге қалдырмау керек. Өмірдің ең жақсы уақыты болған жастық шақ күндерінде ең жақсы іс иесінің, жаратушысының әмірлерін орындау, Оған ғибадат жасау, Ислам діні тыйым салған харамдардан сақтану. Күніне бір сағатқа да жетпейтін уақытты Аллаһу та'аланың әмірін орындауға ажыратпау, санауға келмейтіндей көп болған халалдарды тастап, харам мен күмәнді нәрселерге қол созу қандай жаман. (М.Раббани)

 

Жастық шақтың қадірі

Сұрақ: Жастық шақтағы ғибадат пен қартайған кездегі ғибадат арасында айырмашылық бар ма?

Жауап: Иә, өте үлкен айырмашылық бар. Жастық шақта ғибадат әлдеқайда құндырақ. Имам Раббани хазреттері былай деген:

«Жастық шақта шәһуат пен қызбалық қаптап тұрған кезде Ислам дінінің бір әмірін орындау қартайғанда жасалған сол ғибадаттан әлдеқайда үстем және құнды болады.» (3/35)

Мұхаммед Масум Хазреттері былай деген:

«Жастық шақ – өмірдің ең құнды уақыты. Адамның дені сау, бақуат болған уақыты. Бұл уақыт күнде өтіп, азайып жатыр, қарттық жақындап жатыр. Ең құнды, ең қажетті іс болған марифетуллаһқа қолжеткізуді (Аллаһу та'аланы тануды) қиял болған өмірдің соңына қалдырғандарға обал болсын. Ең құнды болған уақыттарды ең зиянды, ең жаман нәрсе болған нәпістің қалауларына қауышуға жұмсамауымыз керек. Пайғамбарымыз «Ертең істеймін дегендер алданды» деген.» (1/65)

Хадис шәрифтерде де былай делінеді:

«Аллаһу та'ала ғибадат жасаған жасты періштелеріне көрсетіп "Қараңдар, бұл жас мен үшін шәһуатын тастады. Ол менің назарымда қадірлі періште сияқты" дейді.» (Дәйләми)

«Бір жас ілім мен ғибадатта жетіліп шықса, Аллаһу та'ала қиямет күні оған жетпіс екі сыддық сауабындай сауап береді.» (Табарани)

«Жомарт және көркем мінезді жас адам Аллаһтың алдында өзін ғибадатқа арнаған сараң мен жаман мінезді қарттан үстемірек.» (Дәйләми)

«Аллаһу та'ала қияметте мына жеті кісіні ешқандай көлеңке болмаған күні Арштың астында көлеңкелетеді. Яғни оны өз қамқорлығына алады:

1) Әділ басқарушы,

2) Раббына ғибадат жасап жетілген жас адам,

3) Көңілі (намаз, ғибадат үшін) мешітке байланған адам,

4) Аллаһ үшін бір-бірін жақсы көретін, сол сүйіспеншілікпен бір жерге жиналып, сол сүйіспеншілікпен бір-бірінен айрылған екі кісі,

5) Сұлу және абыройлы әйел шақырғанда "Мен Аллаһтан қорқамын" деп қабылдамаған адам,

6) Оң қолы бергенін сол қолы білмейтіндей садақаны жасырын берген кісі,

7) Оңашада Аллаһты зікір етіп, көздері жасқа толған кісі.» (Бұхари, Мүслим, Тирмизи, Нәсаи)

 

«Бес нәрсе келмей тұрып бес нәрсенің қадірін біл!

1) Қарттық келмей тұрып жастық шақтың,

2) Ауру келмей тұрып денсаулықтың,

3) Уақыт тапшылығы келмей тұрып бос уақыттың,

4) Кедейлік келмей тұрып байлықтың,

5) Өлім келмей тұрып өмірдің қадірін біл!» (Әбу Нуайм, Хаким)

 

Қартайғандағы ғибадат

Сұрақ: Имам Раббани хазреттері жастық шақта жасалған ғибадаттардың маңызын түсіндіргенде «Жастық шақтың қадірін біліп, қолдан жіберіп алмау керек. Кәрілік бәріне нәсіп бола бермейді. Нәсіп болса да, рахат, қолайлы уақыт табылмайды. Сондай уақыт табылса да, әлсіздік пен күшсіздік уақытында пайдалы іс атқара алмайды» деген. Бұл жерден ғибадаттарды жастық шақта жасамай, қартайған кезге қалдыруға болатынын түсінуге болады ма?

Жауап: Олай түсінуге мүлдем болмайды. Бұл жерде айтылғаны мынау:

«Жастық шақта нәпістің қалаулары адамды қаптауымен қатар, ілім үйренетін, ғибадат жасайтын ең табысты уақыт та жастық шақ. Жастық шақта шәһуат қаптап тұрған, қан қайнап тұрған кездерде діннің бір әмірін орындау қартайған кезде жасалған дәл сол ғибадаттан әлдеқайда құндырақ болады» делінуде. «Жастық шақты мүмкіндік деп білу керек, жасалатын жақсы амалдарды ертеңге қалдырмау керек» делінуде. Парызды кешіктіріп, «Қартайғанда қазасын оқисын» делінбеген. Ғибадаттарды уақытылы орындау керек. Зәруліксіз қазаға қалдыру харам болады. Кешіктіргенде күнәлар еселенеді. Парыз намазды үзірсіз уақытынан кейін оқу үлкен күнә. Бұл күнә тек қазасын оқумен ғана кешірілмейді. Қазасын оқығаннан кейін бөлек тәубе ету немесе қажылыққа бару керек. Қазасын оқығанда тек қана намазды оқымау күнәсі кешіріледі. Қазасын оқымай тәубе еткенде тәрк ету күнәсі кешірілмегеніндей, кейінге қалдыру күнәсі де кешірілмейді, өйткені тәубенің қабыл болуы үшін күнәні тоқтату шарт. (Дуррул мухтар)

Парызды онсыз да кейінге қалдыруға болмайды. Ол жақта айтылғандар нәпіл ғибадаттар. Қажылықтың жағдайы біраз өзгеше. Қажылық мойнына парыз болса, кейінгі жылдарға қалдыруы рұқсат емес. Сол жылы баруы парыз, бармаса күнә болады. Егер кейінгі жылдарды қажылыққа барса, кешіктіру күнәсі кешіріледі. Бірақ сонда да уақытылы орындау сауабын ала алмайды. Парыз болған ораза да осындай. Бір хадис шәриф:

«Рамазанда себепсіз бір күн ораза ұстамаған адам оның орнына бүкіл жыл бойы ораза ұстаса, Рамазандағы сол бір күннің сауабын ала алмайды.» (Тирмизи)

Әр ғибадатты өз уақытында орындап, ертеңге қалдырмау керек. «Хәләкәл-мусаууифун» хадис шәрифі «Тәубені және жақсы амалдарды кейінге қалдырғандар құрыды» дегенді білдіреді. (Мәктубати Раббани 1/133)