9 - Шәууал, 1445 жыл.
     18 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сауда-саттық / Саудада пайда көрудің дініміздегі шектеуі

Саудада пайда көрудің дініміздегі шектеуі

Сұрақ: Дінімізде саудада пайда көрудің шектеуі бар ма?

Жауап: Дінімізде сататын заттың үстінен пайда көрудің шектеуі жоқ. Бірақ затты құны артсын деп сақтауға және шектен тыс баға қоюға тыйым салынады. Бір кездері Мәдинада заттардың бәрі қымбаттап кетті. Бағалар көтерілгендіктен, бәрі заттың үстінен пайда көруге шектеу қойылуын сұранды, сонда пайғамбарымыз: «Бағаны белгілейтін Аллаһу та'ала. Ризықты көбейтетін, азайтатын, жіберетін тек қана Ол. Мен Аллаһу та'аладан берекет сұраймын» деді. Ал басқа бір хадис шәрифте: «Сатылатын заттың үстінен пайда көруге шектеу қоймаңдар, бағаны белгілейтін Аллаһу та'ала» делінген.

Алып-сатарлар тарапынан (заттарды сақтау арқылы) баға көтеріліп, халыққа зиян және зұлымдық күйіне келген кезде жергілікті басқарма өкілдерімен ақылдасып, нарыққа сай дұрыс шектеу қою жаиз (рұқсат) болады. (Рәддул мухтар)

Пайғамбарымыз алейһиссалам «Мұсылмандардың қалаға тауар алып келген саудагерлерді қарсы алып, нарыққа бағасын жасырып, арзан сатып алуына» тыйым салды. Саудагердің осындай сатылымнан бас тартуына болады. Нарықтағы бағаны білмейтіндерге жоғары бағаға зат сату да харам. Тіпті тәжірибесіз болып, тауарын арзан сатып жатқан немесе қымбат сатып алатын адаммен сауда-саттық жасамау керек. Олармен сауда-саттық жасағанда нарықтағы бағаны жасыру күнә болады.

Сатылып жатқан заттың кемшілігін жасырып алдау харам болғанындай, алынған заттың құнын жасырып алдау да пайызға жатады. Мысалы, бір адам сатқан затының құнын білмейді. Он мың теңгелік затты бес мың теңгеге сатып жатыр делік. Оған «Бұл зат барлық жерде төрт мың теңгеден сатылып жатыр» деп сендіру харам болып табылады. Барлық адам мұсылмандық әдепті ұстанса, алдайтындар да, алданатындар да болмайды. Сатылатын тауарларға баға белгілеу қажеттілігі қалмайды. Сұраныс пен талапқа қарай заттар қымбаттайды немесе арзандайды.

Басра қаласында үлкен саудагер бар еді. Ирандықтардың бірі оған хат жазып, бұл жылы қант құрағы көп өнімінің бермегенін, ешкім білмей тұрғанда көп шекер алып қоюын хабарлайды. Саудагер көп шекер сатып алып, нарықта шекер азайғанда қымбат сатып, отыз мың дирхам пайда көреді. Кейін ойланып, «Қант құрағы зақымданып, аз өнім бергенін мұсылмандардан жасыру арқылы оларға қиянат жасадым, бұл мұсылмандыққа жатады ма?» деп отыз мың дирхамды шекерін сатып алған адамдарына алып барады. Істеген қателігін айтып түсіндіреді. Қателігіне өкінгені және дұрысшыл болғаны үшін сатып алушыларының ешқайсысы ақшаларын қайтармай «Саған халал болсын, ала бер» деді. Кешке үйінде ойланып, «Бәлкім ұялғанынан алмаған болар. Дін бауырларыма қиянат жасадым» деп ертеңіне ақшасын қайтадан алып барады. Әрқайсысына жалынып, отыз мың дирхам күмісті оларға табыстады.

Сатып алушыға тек шындықты айтып, айла қолданбау керек. Тауарда бір нұқсандық бар болса, дереу айту қажет. Арзанға алған бір затының бағасы көтеріліп, қымбат сатылып жатқан болса, алған бағасын айту керек. Алдап сату қиянатқа және алаяқтыққа жатады. Мұндай қиянатты білмей жасайтындар кездесуі мүмкін. Қиянат жасаудан сақтану үшін әр адам өзіне жасалуын қаламаған нәрселерді өзгелерге жасамауы керек.

Бір затты қолма-қол арзан, ақшасын кейін беру шартымен немесе бөліп төлеу шартымен қымбат сату жаиз (рұқсат). Мерзім ұзатудың ақысын сұрау рұқсат емес. Бөліп төлеу шартымен сату және мерзім ұзату ақысы екі бөлек нәрселер. (Рәддул Мухтар)