18 - Рамазан, 1445 жыл.
     28 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Қажетті дұғалар / Қарыздан құтылу үшін

Қарыздан құтылу үшін

Сұрақ: “Мына дұғаны оқысаң кедейліктен құтыласың” деп айтылып жатады. Дұға оқумен кедейліктен қалай құтылуға болады?

Жауап: Дініміз еңбек етіп күн көріс қаражатын табуды әмір еткен. Хазреті Омар: “Еңбек етіңдер, ақша табыңдар, жұмыс істеместен ризық күтпеңдер. Аллаһу та’ала аспаннан ақша жаудырмайды ” деген. Хазреті Лұқман Хаким: “Еңбек етпей мұқтаждықта болған адамның діні мен ақылы нұқсан” деп айтқан. Ризық үшін алаңдамау керек. Құран кәрімде: «Барлық тіршіліктің ризығы Аллаһқа тән» делінген. (Худ 6) Хадис шәрифтерде де былай делінеді:

«Ең жақсы ризық халалға және харамға мән беріп маңдай термен табылған табыс.» (Нәсаи)

«Ғибадат он бөліктен тұрады. Оның тоғыз бөлігі еңбек етіп халал жолмен табыс табу.» (Дәйләми)

«Ризық үшін қамықпа, тағдырыңда болған ризық сені табады» (Исфахани)

«Ата-анаға, бала-шағаға қарау үшін, ешкімге мұқтаж болмау үшін еңбек ету – жиһад.» (И. Асакир)

«Мұқтаждығын адамдарға айтатындар мұқтаждықтан құтыла алмайды. Ал Аллаһқа салғандар мұқтаждықтан құтылады.» (Хаким)

“Мынадай дұғаны оқысаң кедейліктен құтыласың” дегені, ол дұға қабыл болса, сол дұғаны оқыған адамға бір жұмыстың көзі ашылады немесе ойламаған жерден  ризыққа қауышады деген сөз. Ауруға шалдыққан адам сол ауруы үшін дұға ететін болса, жазылуына себеп болатын дәрі-дәрмекті табады немесе тағы басқа бір себеппен сауығады. Жұмыс істеу ризықты көбейтпейді. Ризықты Аллаһу та’ала береді. Жұмыс істеу сол ризықтың себебіне жабысу болып табылады. Себепке жабысу – сүннет. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«“Өмір-жасым ұзақ, ризығым мол болсын” деген адам туыстарынан хабар алсын, оларға қамқор болсын » (И. Ахмед)

«Таңғы ұйқы ризыққа кедергі болады» (Бейһақи)

«Кімде кім Аллаһтан қорқуды өміріне негіз қылып алса, ризыққа сауда-саттықсыз және капиталсыз қауышады. Құран кәрімде “Кім Аллаһтан қорықса Аллаһ оған шығу жолын ихсан етеді және ойламаған жерден ризық жібереді.” деп бұйырылған.» (Талақ 2,3 - Табарани)

 «Үйге кірерде Ихлас сүресін оқыған адам кедейшілік көрмейді» (Т. Қуртуби)

«Қиыншылыққа түскен немесе қарызданған адам мың рет “Лә хаулә уә лә қууата илла биллаһил алиилазыйм” десе Аллаһу та’ала ісін жеңілдетеді» (Шира)

Қарыздан құтылу үшін: «Аллаһуммә әкфини бихалаликә ан харамикә уә ағнини би фадликә аммән сиуәкә» дұғасын оқу керек.

 

Сұрақ: Пайғамбарымыздың “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” Сахабалардан болған хазреті Әбу Умамәге үйреткен дерттен және қарыздан құтылу дұғасы бар екен. Ол қандай дұға?

Жауап: Сахабалардан Әбу Саид Худри баяндайды:

Бір күні пайғамбарымыз “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” мешітке кіріп ол жерде Әбу Умамәні көрді. Одан «Ей Әбу Умамә! Мен сені неге мешітте намаз уақытынан тыс уақытта көріп тұрмын?» деп сұрады. Әбу Умамә: «Мені қаптаған дерттер мен қарыздарымның кесірінен Йа Расулаллаһ.» деп жауап берді. Пайғамбарымыз: «Саған бір дұға үйретейін, бұл дұғаны оқығаныңда Аллаһ дертіңе дауа береді, қарыздарыңнан құтылдырады. Таңертең және кешке осы дұғаны оқы.» дейді. Ол дұға мынадай:

«Аллаһуммә инни әузу бикә  минәлһәмми уәлһазән уә әузу бикә минәл ажзи уәл кәсәл уә әузу бикә минәл жүбни уәл бухл уә әузу бикә мин ғаләбәтиддәйни уә қаһрир-рижал.»

(Йа Раббым! Қайғы-қасіреттен, дерттен, қабілетсіздіктен, жалқаулықтан, қорқақтықтан, сараңдықтан, қарызымды қайтара алмаудан және адамдардың қысымынан саған сиынамын.)

Хазреті Әбу Умамә: «Осы дұғаны оқыдым, дертім де жоғалды, қарызымды да төледім» деді. (Әбу Дауд)

 

Сұрақ: Қарыздан құтылу үшін дұға бар ма?

Жауап: Қарыздан құтылу үшін оқылуы білдірілген бірнеше дұға бар солардың екеуін келтірейік. Бір хадис шәрифте былай делінген: «Ей Муаз! Саған бір дұға үйретейін бе? Ухуд тауындай қарызың болса да Аллаһ сол қарыздарыңды қайтаруды нәсіп етеді. Былай дұға ет: Аллаһуммә мәликәл-мулки ту’тил мулкә мән тәшә-у уә тәнзиул мулкә миммән тәшә-у уә ту’иззу мән тәша-у уә тузиллу мән тәшә-у биядикәл-хаир иннәкә ала кулли шәйин қадир. Тулижул-ләйлә финнәһари уә тулижуннәһара фил-ләйли уә тухрижул-һаййә минәл мәйити тухрижул-мәйитә минәл-һайи уә тәрзуқу мән тәшә-у биғайри һисаб (Бұл жерге дейін жазылған бөлігі Ал-Имран сүресінің 26-27 аяттары. Түпнұсқасына қарап оқу керек.) Рахмәнәддуниа уәл ахирәти уә рахимәхума ту’тиһимә мән тәшә-у уә тәмнәу минһумә мән тәшә-у ирхамни рахмәтән ту’нини биһа аммән сиуакә» (Табарани)

 

Хазреті Абдуллаһ Қурәши былай деген:

            Бір күні ұстазым Әбур Раби маған: “Саған бітпейтін, таусылмайтын бір қазына үйретейін бе?” деді. Мен “үйретіңіз” дедім. Ұстазым маған: “Мына дұғаны үнемі оқып жүр!” деді. Ол дұға мынадай еді:

«Йа Аллаһ, йа Уаһид, йа Мужид, йа Жәуад, йа Басит, йа Кәрим, йа Уәһһаб, йа зәт-Таул, йа Ғани, йа Муғни, йа Фәттах, йа Рәззақ, йа Алим, йа Хайй, йа Рахман, йа Рахим, йа Бәдиассәмауати уәл ард, йа зәлжәләли уәл икрам... Йа Ханнан, йа Мәннан инфәһни минкә би нәфһати хайрин туғнини биһа аммән сиуак... ин тәстәфтиху фәқад жә’акумул-фәтх... Иннә фәтәхнә ләкә фәтхән мубинә... Насрун миналлаһи уә фәтхун қариб... Аллаһүммә йа Ғани, йа Хамид, йа Мубди, йа Му’ид, йа Уәдуд, йа зәларшил Мәжид, йа Фә’алән лимә йурид, икфини бихәлаликә ан харамикә уә ағнини би фадликә аммән сиуакә уәхфазни бимә хафизтә биһиззикр... уәнсурни бимә насартә биһиррусүл... иннәкә ала кулли шәй’ин қадир...»

            Одан кейін маған: “Кімде-кім бұл дұғаны әр намаздан кейін, әсіресе жұма намазынан кейін оқыса Аллаһу та’ала ол адамды әр түрлі жамандықтардан сақтайды. Дұшпандарына қарсы жеңісте болады, ол адамға ойламаған жерден ризық береді, өмір сүруін оңайлатады. Қарыздары таудай көп болса да Аллаһу та’аланың мейірімімен, ұлылығымен және қолдауымен қарыздарынан құтылады.” деді.

 

Сұрақ: Қарызды қайтаруды кешіктіру күнә бола ма?

Жауап: Қарызын уақытылы қайтармаған адам, қарыз берушіден қайтару мерзімін ұзартуын сұрау керек. Жағдайы бола тұра қарызын қайтармау күнә болады. Хадис шәрифте: «Кімде-кім жағдайы бола тұра қарызын қайтаруды кешіктірсе, күн сайын (қарызын қайтарғанға дейін)  ол адамның амал дәптеріне “зұлым ету” күнәсі жазылады.» (Табарани)

«Қайтармау ниетімен қарыз алған адам, қиамет күніне ұры деген атпен жетеді.» (Ибни Маже)

«Алған қарызын қайтарғысы келмеген адамға Аллаһу та’ала, қиямет күнінде, “Бұл адамның ақысын, сенде қалдырады деп ойладың ба?” дейді де, ол адамның жақсы амалдарын алып, қарыз берген адамға береді. Егер қарызын қайтармаған адамның жақсы амалдары жоқ болса, оған қарыз берген адамның жаман амалдарын, күнәларын жүктейді. (Табарани)

«Бай адамның (қайтаруға жағдайы бар адамның) қарызын төлемей, өтірік алдап жүруі зұлым болып есептеледі.» (Бұхари)(Қарызын уақытылы қайтармауға зұлымдық, қайтармаған адамға залым деп айтылған.)

«Аллаһу та’ала залым байды жақсы көрмейді, оны жек көреді.» (Бәззар) Қарызы бар адам қарызынан құтылмай тұрып садақа бермеуі керек. Себебі хадис шәрифте: «Қарызы бар адамның садақасы қабыл болмайды» делінген. (Бұхари)

Берілмеген зекет де қарыз болып есептеледі. Қарызды қайтару, зекет беру парыз болып табылады. Зекеттен қарызы болған адамның берген садақасы қабыл болмайды. Әууелі осы қарыздарын өтеуі керек. Сол сияқты парыз намазынан да қарызы (қазасы) бар адамдардың нәпіл намаздары қабыл болмайды. Сүннет намазы да нәпіл намаз деген сөз. (Н. Фиқһийа)

            Қарызданбауға тырысу керек! Хазреті Лұқман Хаким: «Қарыз жүгінің астында езілгенше, тас тасыған жақсы» деп айтқан. Себебі қарыздану, адамды күпіршілікке дейін апарады. Сүйікті пайғамбарымыз “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” «Я Раббым, күпіршілікке түсуден және қарызға кіруден саған сыйынамын.» деп қарыз болудың өте жаман екендігін білдірген. (Нәсаи)