10 - Шәууал, 1445 жыл.
     19 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Рухани аурулардың басы...

Рухани аурулардың басы...

            Рухани аурулардың басы – дүниеге деген махаббат. Жамандықтардың барлығы дүниеге деген сүйіспеншіліктен туындайды. Адамдарды күншілдікке, бір-біріне қарсы өшпенділікке және тәкәппарлыққа сүйрейді. Адамдарға күмәнді нәрселерді, тіпті харам болған нәрселерді де жасатады. Одан әргісі күпірге түсуіне де себеп болады.

 

Пайғамбарлардың көбіне иман келтірмегендер дүние-мүлкінен, салтанатынан айрылып қаламын деген қорқынышпен мақрұм қалды. Әйтпесе олар пайғамбарлардың ақиқатты айтып жатқанын білетін еді. Перғауын иман келтіргенінде Мысырға үстемдігін жүргізе алмас еді. Нәмрұд мүминдердің біріне айналғанда, Нәмрұдтығын қалай іске асырар еді?!

Бір күні Сахабалардан бірі сүйікті пайғамбарымыз “алейһиссаламға” келіп:

“– Маған бір амал үйретіңіз, мен ол амалды жасағанда Раббым да, адамдар да мені жақсы көрсін,” – дейді.

Пайғамбарымыз былай деп жауап береді:

«Дүниені жақсы көрме, сонда Раббымыз сені жақсы көреді...»

Раббымыз дүниені де, дүниені сүйгендерді де сүймейді. Дүниеден басқа ешбір жерде Оған қарсы шығушылық, бағынбаушылық жасалмайды. Сол үшін де дүниені жақсы көрмейді.

«Өзгенің қолындағыға көзіңді салма, сонда адамдар сені жақсы көреді...»

Адамдар өзінен бірнәрсе сұраған адамды жақтырмайды.

 

Не деген ақымақтық!...

            Дүниеге деген махаббат ахыретті ұмыттырады. Не деген ақымақтық! Адам тастап кететіні айдан анық болған бұл дүниеге сонша мән береді де, ал ол жақта мәңгі қалатыны айдан анық болған ахыретке немқұрайлы қарап, ұмытады. Байлығының, мал-мүлкінің көбейгеніне қуанады, бірақ өмірінің кеміп жатқанына өкінбейді... Бұл байлық өлгеннен кейін неге жарайды?...

            Қасиетті дініміз жұмыс істеп табыс табуды, бай болуды жамандаған емес. Керісінше, бай болуды қолдайды. Зекет пен садақа беруді әмір етуде. Бергендердің үлкен ниғметтерге, мәңгілік бақытқа қауышатындығын білдіруде. Бұлардың барлығына ақшамен қол жеткізіледі. Адамды анасынан жаңа туылғандай күнәсіз ететін қажылық ғибадаты да ақшасыз іске аспайды. Бұл қажылық байларға парыз болып табылады. Ораза ұстаған адамға ауызашар берген адамның ораза ұстағандай сауапқа қауышатынын да бәріміз білеміз.

            Мұса алейһиссаламның заманында кедей бір адам бар еді. Мұса алейһиссаламға келіп:

– Сен Кәлимуллаһсың, Раббымызбен сөйлесесің. Раббымызға менің жағдайымды білдір, біраз дүние-мүлік берсін,- дейді. Мұса алейһиссалам ол адамның жағдайын Раббымызға білдіреді. Раббымыз: «Ол  құлыма айт қаласа бұл дүниеде, қаласа ахыретте берейін.» дейді.  Әлгі адам бұл дүниеде берілуін қалайды. Мұса алейһиссалам оған:

–  «Үш күндік дүниені не істейсің? Бір күні барлығын тастап кетесің ғой. Сен ахыретті таңда, ол жақта мәңгілікке қаласың,» – дейді.

– Раббым маған таңдау құқығын берді, ал мен бұл байлықтың дүниеде берілуін таңдаймын, – дейді әлгі адам. Сөйтіп ол аз уақыттың ішінде бай болады. Байлығы бір жағынан ағылып келіп жатады, ол да бір жағынан бұл байлығын жақсылыққа жаратады. Кез-келген кедейге жәрдем етеді, қарызға батқандардың қарыздарын төлейді. Жетімдерді бауырына басып, қуанышқа бөлейді. Сөйтіп жүріп бір күні қайтыс болады...

            Мұса алейһиссалам ол адам үшін жұмақта зәулім сарай дайындалғанын көреді де, Аллаһу та’аладан мұның хикметін сұрайды:

–  «Йа Раббым, бұл құлың мал-мүліктің дүниеде берілуін таңдады, сен де бердің. Ол бұл сарайға қалай қол жеткізді?»

–  «Дұрыс айтасың, ол бұл дүниеде сұрады, біз де бердік. Бұл сарайды ол ақшасымен сатып алды.»

 

Ақшаны көңілде сақтамау керек!

            Қасиетті дініміз, “бес уақыт намаз оқу” шартымен кез-келген адамға қол астындағылардың (жанұясының) нәпақасын қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуін ғибадат деп білдірген және сол ісіне үлкен сауаптар уәде еткен.

            Кез-келген қызметші қызмет ететін үйінде, кез-келген жұмысшы жұмыс орнында, кез-келген сатушы дүкенінде жұмыс істей отырып, әрі ақша табады, әрі сауапқа да қауышады...

            Дүние үшін жұмыс істеуді, ақша табуды ғибадатқа теңеген дініміз, дүние табуды емес, дүниеге деген сүйіспеншілікті жамандаған...

            Кеме сусыз жүзбейді. Жүзуі үшін оның астында су болуы керек, ішінде емес. Ішіне су кіретін болса батады. Су кемеге астында болған кезде ғана пайдасын тигізгеніндей ақша да адамға жүрегінде емес, қалтасында болған кезінде ғана пайдасын тигізеді. Хазреті Абдулқадир Ғайлани бір сұхбатында былай дейді:

“Халал жолмен тапқан ақшаларыңды сандықта сақтаңдар, қалтада да сақтауға болады. Тек көңілде (жүректе) сақтамаңдар.”