16 - Шәууал, 1445 жыл.
     25 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Мазһаб және Мазһабсыздық / Аллаһу та’ала мекенге мұқтаж емес

Аллаһу та’ала мекенге мұқтаж емес

Сұрақ: Аллаһты аспанда деуге бола ма?

Жауап: Болмайды. Аллаһу та’ала мекенге мұқтаж емес. Хазреті Имам Раббани былай деген:

Аллаһу та’ала уақытқа, мекенге, бағытқа тәуелді емес. Бір жерде, бір жақта емес. Уақытты, жерлерді, бағыттарды Ол жаратқан. Надандар Оны Арштың үстінде немесе жоғарыда аспанда деп ойлайды. Аршты да, жоғарыны да, төменді де Ол жаратқан. Кейіннен жаратылған нәрсе әзәли, бастаусыз болғанға мекен бола алмайды. Аллаһ зат, дене және газ емес. Ұқсасы, серігі, терісі жоқ. Білетін нәрсеміз, ойымызға, қиялымызға келетін барлық нәрсе Ол емес. Қандай екендігін түсіне алмаймыз, ойлана да алмаймыз. Ойға келген барлық нәрсе қате. Ол ғаламның ішінде де емес, сыртында да емес. Ішінде сыртында болу, бар болған екі нәрсе арасында ойланылады. Бұл ғалам қиял мәртебесінде жаратылған. Қиял мәртебесіндегі әлемнің тұрақты бар болып көрінуі Аллаһтың құдіретімен жүзеге асуда. (2/67)

 

Сұрақ: Уаххаби, сәләфилер "Аррахману ала арш истауа” деген Таха сүресінің бесінші аятын келтіріп, “Аллаһ аспанда, аршта отыр" дейді, осыған біздер әһли сүннет адамдары қалай жауап береміз?

Жауап: Хазреті Имам Ғазали былай деген:

«Адасқан жолдағылар Құран кәрімдегі “истиуа”, “уәжх”, “йәд” сияқты сөздерді тәуил етпей (тәфсирлемей), тура мағынасын алғандары үшін адасып, бұзық сенімге ие болды. Аллаһтың Аршты истиуа етуі дегеніміз, Аршқа билеуші болуы, Аршты билігіне алуы деген сөз. Мәселен “Билеуші Иракты қан төкпей истиуа етті” дегеніміз “Иракты қан төкпей қолға түсірді” деген сөз. Йәдуллаһты да йәд=қол деген сөзді біз білетін қол деп ойламау керек. Мысалыға “Пәлен қала пәленше әміршінің қолында” дегенде, ол қала әміршінің алақанында емес, оның билігінің астында болғаны түсініледі. Истиуа, уәжһ сияқты сөздер де осылай тәуил етіледі.» (Илжамул-ауам)

Истиуа=отыру деген сөз. Бірақ Аллаһу та'ала жаратқандарына ұқсап отыруға мұқтаж емес. «Төбемізде бастық отыр» деген сөз адамның желкесіне мініп отыр деген мағынаға келмейді әрине. Бұл бізді басқарып, қадағалап тұрған біреу бар дегенді білдіреді. Мазһабсыздар Құран кәрімдегі осындай «мәжаз» деп аталатын ауыспалы мағынада қолданылатын сөздерді тікелей аударуға тырысып күпірге түсуде.

Аллаһ аспанда немесе Аршта деу адамға ұқсату болады. Ал Құран кәрімде «Ол ешнәрсеге ұқсамайды» делінген. (Шура 11)

Аршқа отыруға мұқтаж деп ойлау да күпіршілік болады. Аллаһу та’ала барлық кемшіліктерден пәк. (Юнус 10)

Жерлер, көктер, жұлдыздар барлығы Аллаһу та’аланікі. Аршқа Аршуллаһ=Аллаһтың Аршы деп айтылуы Арштың қадірін, ұлылығын көрсетуде. Құран кәрімде Меккенің Раббы деп өткен. Аллаһу та’ала бүкіл әлемдердің, барлық махлұқтардың раббы екендігін білдіргенімен, Раббикә (Сенің Раббың) деген сөздері бар. Сенің Раббың дегені әлемдердің Раббынан бөлек емес. Сенің Раббыңмен Меккенің Раббы сөзіндегі Раббы сөзі де бір-бірінен өзгеше емес. Өзгеше болмаса неге түрлі сөздер қолданған? Аллаһу та’ала мекенге мұқтаж емес. Қағба қадірлі, қасиетті жер болғаны үшін Бәйтуллаһ (Аллаһтың үйі) деп айтылған. Арш та өте қасиетті, қадірлі болғаны үшін Арштың Раббы деп айтылған. Аллаһу та’ала Мекке Мукарраманы сенімді, қауіпсіз етті. Ол жерде қан төгуге болмайды. Аң аулауға болмайды және жас өсімдіктерді жұлуға болмайды. Сондықтан бұл қасиетті өлке туралы айтқанда Меккенің Раббы делінген.

 

Сұрақ: Бір сәләфи жігіт «“Аллаһу та’ала Аршта отыр” Құран кәрімдегі аяттарды тәуил етуге болмайды, тікелей мағынасын алу керек» деді.

Жауап: Хадид сүресінің төртінші аяти кәримасында: «Ол көктерді және жерді алты күнде жаратқан, кейін аршқа истиуа еткен. Қайда болсаңдар Ол сендермен бірге.» делінген.

Мазһабсыздар (уаххабилер, сәләфилер) қате түсінілуі мүмкін болған аяттарды тәуил етуге (шариғатқа сай мағыналар беруге) қарсы шықса да дәл осы аяттың екінші бөлімін яғни «Қайда болсаңдар Ол сендермен бірге» деген бөлімін тікелей алмай тәуил еткен. Яғни өздері қаншама Аллаһтың сипаттары тәуил етілмейді десе де «Қайда болсаңдар Ол сендермен бірге» деген бөлімді тәуил етіп өз сөздеріне өздері қайшы келуде. Егер екінші бөлімді де тәуил етпей тікелей мағынасын алса (әстағфируллаһ) «Аллаһ барлық жерде» деген мағына шығады. Бұл әрине қате, сондай-ақ бұл мағына уаххабилердің «Аллаһ аспанда» деген сенімдерін де түбінен шіріткендіктен амалсыз бұл жерді тәуил етіп, басқа мағына беруге мәжбүр болған. Сондықтан олар: «Бұл жердегі бірге делінуінен мақсат - іліми тұрғыдан бірге болу» деп дінге сай тәуіл жасауда, Алайда кезек “истиуа” деген сөзге келгенде оны дінге сай тәуил етуге тіс-тырнақтарымен қарсы шығуда. Осылайша мұнафық екендіктерін дәлелдеуде.

Құран кәрімде тағы былай делінеді:

«Шығыс та, батыс та Аллаһтікі. Қайда бұрылсаңдар Аллаһтың жүзі сол жерде.» (Бақара 115)

«Аллаһ барлық нәрсені қоршаған.» (Ниса 126)

«Аллаһ көктердің және жердің нұры» (Нұр 35)

Егер бұл аяттар тәуил етілмесе, Аллаһ әрі Аршта, әрі жерде екендігі түсінілуі мүмкін немесе әркімнің түсінігіне қарай әр түрлі бұрмалануы мүмкін. Сондықтан сәләфилердің немесе басқа да мазһабсыздардың далбасаларына емес, әһли сүннет ғұламаларының түсініктемелеріне, ашықтағандарына көңіл аудару керек.

Хазрети Иса аспанға шығып Аллаһтың оң жағында отыр және Аллаһу та’ала аспанда деген сенім Христиандыққа кейіннен кірген. Христиан ағылшындар тарапынан құрылған уаххабилер де “тәңір аспанда Хазреті Мұхаммед те оң жағына отырады” деп сенеді. Уаххабилердің Китабул Арш атты кітаптарында “Аллаһ Арштың үстінде отыр, жанына Расулуллаһқа орын қалдырған” деп жазылған. Христиандықпен уаххабилердің бұл мәселеде де бірдей сенімде болулары, бір-бірлеріне ұқсауы кездейсоқ емес. Ал Әһли сүннет ғалымдарының барлығы “Аллаһ мекенге мұқтаж емес” деп білдірген. Аллаһу та’аланы (әстағфируллаһ) отырады деу оны адамға, махлұққа ұқсату болады. Ал Құран кәрімде «Ол ешнәрсеге ұқсамайды» деп бұйырылған. (Шура 11) Аллаһты Аршта отыруға мұқтаж деп ойлау да күпір болады. Аллаһу та’ала барлық кемшіліктерден пәк. (Юнус 10)