18 - Рамазан, 1445 жыл.
     28 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Кедейге мейірімділік таныту

Кедейге мейірімділік таныту

Әһли хикмет ғұламалар айтады:

Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Кім Қияметте Аллаһтың өзін қуандырғанын қаласа, дүниеде Оның құлдарын қуантсын» деп бұйырған. Өйткені дүние егістік алаңы. Бұл жерде не ексек ахиретте соны жейміз. Әулие бір кісіден: «Сіз біздің жерлес досымыз едіңіз, бұл ниғметке қалай қауыштыңыз?» деп сұралғанда, әулие кісі былай деп жауап беріпті:

Бір күні есіктің алдында отыр едім, бір кедей адам келіп сәлем берді де: «Өте кедеймін, көп нәрсеге мұқтажбын» деді. Ішімнен: «Әлі жас қой, еңбек етіп табыс тапса қайтеді?!» деп ойладым. Ол маған бұрылып: «Сенің жаңа ғана көңіліңнен өткізген нәрсеңнен Аллаһ мені сақтасын» деген кезінде, мен есімнен айрылып құлап қалыппын. Есімді жиғаннан кейін әлгі жігітті іздедім, бірақ таба алмадым. Сөйтіп, үйіммен қосып қолымда не бар болса, барлығын кедейлерге таратып жібердім. Тұрған аймағымнан шығып медресеге бардым, ғұлама кісілерге шәкірт болдым. Әлі күнге дейін әлгі жігітке неге олай жасадым екен деп ішім ашиды. Міне сол тәубә мен истиғфар, Аллаһу та'алаға бет бұру, дүниеге деген салқындық, қолымда не болған болса барлығын Аллаһ разылығы үшін тарату маған осы ниғметті нәсіп етті. Сондықтан да ұлыларымыз: «Аллаһтың бір құлы алақанын ашып бір нәрсе сұраса, Аллаһ разылығы үшін десе, бос қайтармаңдар! Не болатыны белгілі болмайды.» деген.

Бағдаттық бір бай кісі Йемендегі бір әулие кісінің атын естиді. «Ол мүбәрәк адамның дұғасын алайын» деп жолға шығады. Йеменге кіргеннен кейін бірінші қаладағы керуенсарайға тоқтайды. Сол кезде бір кедей келіп: «Ашпын, кедеймін, көмектесіңіз» дейді. Әлгі бай ол кедейге: «Кет бұл жерден, ақшаны сен үшін тауып жүрмін бе» деп айқайлайды. Кедей ол жерден «Айтқаныңыз болсын» деп кетіп қалады. Бай ол қаладан келесі бір қалаға келіп тағы бір қонақүйге тоқтайды. Бұл жерде де тағы бір кедей келіп: «Ашпын, кедеймін, көмектесіңіз» дейді. Бай бұл кедейге де «Кет бұл жерден, ақшаны қайыршылар үшін тауып жатырмыз ба?!» деп айқайлап, қуып жібереді. Бұл кедей де «Айтқаныңызға құлдық» деп шығып кетеді. Сөйтіп, бұл бай әулиенің қаласына келеді. Ол әулие шәкірттеріне: «Бағдаттан бір кісі келе жатыр. Оны ішке кіргізбеңдер, есіктің алдында күтсін» дейді.

Медреседен барлық адам шығып кеткеннен кейін, әулие кісі әлгі байды шақырып алып не үшін келгенін сұрайды. Бай: «Мырзам, мен сіздің шәкіртіңіз болып, сіздің дұғаңызға, батаңызға қауышқым келеді» дейді. Әулие кісі байға былай дейді: «Мен саған екі рет бардым. Екеуінде де қуып жібердің. «Айтқаның болсын» деп мен кетіп қалдым. Енді, қуу кезегі менде. Бұл жер сараңдардың мекені емес. Кедейге мейірімі болмаған адамның дініне де мейірімі болмайды»