19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Неке және отбасы / Ата-анамыздың қадірін білейік...

Ата-анамыздың қадірін білейік...

Аллаһу та'аланың разылығы дінін ұстанатын ата-ананың разылығында, ал ашуы болса, дінін ұстанатын ата-ананың ашуында...

Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Жаннат әке мен ананың аяғының астында» деген.

Адамға діні мен иманын алғашқы болып үйрететін кісілер – әкесі мен анасы. Олардың разылығы – жаннатқа ашылған екі есік сияқты...

Ғұламалардың бірінің анасы қайтыс болады. Ғұлама бұған қатты қайғырып, жылайды. Оған қасындағылар: «Демек, өмірі осынша болғаны, дүниедегі ризқы бітті деген сөз. Барлығымыз да бір күні өлеміз. Неге мұнша көп жылайсыз?» дегендерінде ғұлама былай деп жауап береді:

«Раббымыздың әрбір жанды нәрсеге белгілі бір өмір бергендігін мен де білемін. Тынысымыздың өзі санаулы. Ажал келген кезде ешқандай күш оны бір минут та ары немесе бері жылжыта алмайды. Менің жылауымның себебі – мен үшін жаннатқа ашылған екі есік бар еді, соның біреуі жабылды. Енді анама қызмет ете алмаймын...»

 

Көңілдерін аулауымыз керек...

Ата-ана залым болса да оларға қарсы келу, оларға дауыс көтеру дұрыс емес. Түрлі нәрселер істеп олардың қолдарын сүйіп, дұғаларын алуымыз керек. Олармен халалдасуымыз керек. Оларға түрлі сыйлықтар алып, көңілдерін табуымыз қажет.

Ата-анасы шақырған кезде баласының жауап бермеуі және айтқандарын істемеуі ең үлкен күнәлардың бірі.

Ата-ана ашуланып бір нәрсе айтқан кезде оларға сөз қайтармау керек. Айтқан нәрселерін дереу орындау керек, оларды еш ренжітпеу керек.

Олардың ренжіп қарғап жіберулерінен қатты қорқу керек. Қате іс жасап оларды ренжіткен кезде, аяқтарына жабысып кешірім сұрау қажет. Көзі тірісінде ата-ананың қадірін білуіміз керек. Олар қайтыс болғаннан кейін өкіну пайда бермейді.

 

Себеттегі сыр...

Бір күні Мұса алейһиссалам:

«Йа Раббым, жаннатта менің көршім кім болады. Осыны маған білдіре гөр, ол адамға барып көрісейін» дейді. Оған былай уахи етіледі:

«Пәлен жерге бар. Базардың бас жағында бір қасапшы дүкені бар. Сол дүкеннің иесі жаннатта сенің көршің.»

Мұса алейһиссалам ол адамды тауып, үйіне қонаққа барады. Қасап Мұса алейһиссаламды танымайтын еді. Оны дүкеніне отырғызып, тірлігі біткеннен кейін  үйіне апарып, сияпат жасады.

Мұса алейһиссалам үй иесін мұқият бақылап отыр еді. Үй иесі пісірілген тамақтың бір бөлігін қонақтың алдына қойып, тамақты бастай беруін айтады. Қалған бөлігін асулы тұрған себеттегі кемпірге береді. Қайтып келіп қонақтың тамақты жемегенін көріп, неге жемегенін сұрайды.

- Сен маған себеттегі сырды айтпай, мен бір тілім де жемеймін- дейді оған Мұса алейһиссалам.

 

Сүйінші болсын!...

Үй иесі:

- Қатты білгіңіз келіп тұрса айтайын. Себеттегі кемпір – менің анам. Қатты қартайғандықтан, дәрменсіздікке душар болып жүре алмай қалды. Үйде оған қарайтын басқа адам да жоқ. Ешкім зиянын тигізбесін деп жұмысқа кетерде оны себетке салып кетемін. Күнде келіп екі уақыт тамағын беріп тұрамын. Басқа да қажеттіліктерін жасаймын.- дейді.

Мұса алейһиссалам жағдайды түсінген еді. Оны қызықтырған тағы бір жайт бар еді – тамақ жеп жатқанда кемпірдің ерні жыбырлап, бірнәрсе айтып еді. Үй иесінен «Анаң не айтты, сен амин дедің ғой?»- деп сұрайды.

«Анам әр қызмет еткенімде “Аллаһ сені жаннатта Мұса алейһиссаламмен көрші қылсын” деп дұға етеді. Мен бұлай болатынына көзім жетпесе де, мына жақсы дұғаға амин деймін. Мен пайғамбармен көрші болатындай кіммін сонша...»- дейді үй иесі.

Сол уақытқа дейін кім екенін жасырып отырған қонақ өзін таныстырады:

- Мен Мұсамын. Мені Аллаһу та'ала жіберді. Жаннатта менің көршім болатыныңды сүйіншілеу үшін келдім. Саған сүйінші болсын...