8 - Шәууал, 1445 жыл.
     17 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Қалағаныңды істе, бәрібір еккеніңді аласың!

Қалағаныңды істе, бәрібір еккеніңді аласың!

Аллаһу та’ала әр еңбек еткен адамға еңбегінің, әр жақсылық істеген адамға жақсылығының және әр жамандық істеген адамға да жамандығының нәтижесін, қайтарымын әлбетте береді. Әркім қалағанын істейді, істегендерінің де жемісін алады. Зередей (титімдей, аз ғана) жақсылық немесе жамандық жасаған адамға да істегенінің қарсылығы беріледі. Ешкімнің жасаған жақсылық немесе жамандығы жауапсыз қалмайды. Зилзал сүресінің 6, 7 және 8-ші аяттарында: «Ол күні адамдар амалдарының жемісін (қайтарымын) көру үшін топ-топ болып есеп орнына барады. Кімде-кім зередей (титімдей, аз) қайырымдылық жасаған болса, оның сыйын көреді. Ал кімде-кім зередей жамандық жасаған болса, оның жазасын көреді» - делінген.

Уәһб бин Мунәббиһ хазреттерінің риуаятымен мынадай оқиға нақл етілген:

«Ескі замандары Исраил ұлдарынан бір тақуа кісі өзеннің жағасындағы  ғибадатханасында ғибадат ететін. Бұған жақын жерде киім жөндейтін және тазалайтын адам да бар еді. Бір күні белінде ақша белдігі болған бір атты адам келеді. Белдігі мен киімін шешіп, өзенде киімін жуып, сол жерде кептіреді. Одан кейін жуып кептірген киімін киеді, бірақ ақша белдігін сол жерде ұмытып, қалдырып кетеді. Атты адам кеткеннен кейін ол жерге бір балықшы келіп, тормен балық аулай бастайды. Атты адамның ұмытқан ақша белдігін көріп, оны алып кетеді. Біраздан кейін атты адам қайтып келіп, ақша белдігін таба алмайды. Киім жөндеушіге:

- Ақша белдігімді мына жерде ұмытқан едім, сен алдың ба? – деп сұрайды. Ол:

- Мен ондай нәрсе көрмедім де, алмадым да. – деп жауап береді.

Ол жерде киім жөндеушіден басқа ешкімді көрмеген әлгі атты кісі бұл жауапқа қатты ашуланады және қылышын суырып киім тазалаушыны өлтіреді. Тақуа ғибадат етіп жатқан жерінен бұл жағдайды көрген кезде, таңданысынан тілін жұтып қоярдай болады. Кейінірек, өзіне келгеннен кейін Аллаһу та’алаға: «Йа Раббым! Ақша белдігін балықшы алды, бірақ киім тазалаушы өлтірілді. Мұның хикметі не екен?» деп сұрады.

Түн болып, тақуа төсегіне жатып ұйықтайды. Түс көріп түсінде оған былай делінеді: «Ей тақуа және салих құл, күндіз көргендеріңе таңданба, күмәнға түспе, Раббыңның іліміне араласпа! Мынаны жақсылап біліп ал, ол атты адам балықшының әкесін өлтіріп мүлкін алған еді. Ақша белдігі оның әкесінің мүлкінен еді. Киім тазалаушының болса, сауап беттері толы еді. Бірақ ол беттерде күнә да бар еді. Атты адамның амал дәптері болса, күнәларға толы еді. Сауап беттерінде бір сауаптан басқа ештеңе жоқ еді. Киім тазалаушы өлтірілген кезде амал дәптеріндегі күнә өшті, ал атты адамның амал дәптеріндегі сауап та өшті. Сенің Раббың қалағанын істейді, қалағаны бойынша үкім етеді...»

 

Бір тиын ақы жеген...

 

Мына жәйтты ешқашан ұмытпау керек, бір тиынға қулық жасаған, бір тиын ақы жеген адам мұның жазасын міндетті түрде көреді. Дәл солай, аз болса да жақсылық жасаған адам да осы жасаған жақсылығының нәтижесін сый ретінде көреді. Ешкімнің жасаған амалы бос кетпейді. Әнбия сүресінің 47-ші аятында: «Қиямет күні таразы құрамын. Ол күні ешкімге зұлымдық жасалмайды. Әркімнің дүниедегі жасаған зередей (шаң тозаңындай) болса да жақсылықтары мен жамандықтарын ортаға шығарып таразыға қоямын. Бәрінің есебін тартамын» делінген.

Қорыта айтқанда, мүмин де, кәпір де, барлық адамдар қияметте дүниеде жасағандарының нәтижесін көреді. Ақидасы дұрыс мүмин дүниеде тәубе еткен болса, күнәлары кешіріледі және жасаған қайырымдылықтары мен жақсылықтарына жауап беріледі. Қарсы шыққандардың және бидғатшылардың дүниеде жасаған қайырымдылықтары мен жақсылықтары қабыл етілмейді және істеген жамандықтары үшін жазасын көреді. Ахиретте ең үлкен және шексіз болған жаза – күпірлік, яғни Аллаһқа аси (қарсы) болудың нәтижесі. Өйткені, аси болғандар (қарсы шыққандар) және сол күйі имансыз болып өлгендер Жаһаннамда мәңгі, шексіз қалады. Пайғамбарымыздың айтқанындай:

«Жәбрейіл алейһиссалам маған келіп, былай деді: Йа Мұхаммед! Қалағаныңдай өмір сүр, міндетті түрде өлесің. Қалаған адамыңды жақсы көр, міндетті түрде одан айрыласың. Қалағаныңды істе, міндетті түрде оның жемісін көресің.»