18 - Рамазан, 1445 жыл.
     28 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Халал - Харам / Харамнан сақтанудың ең қысқа жолы

Харамнан сақтанудың ең қысқа жолы

Әр мұсылманның дініміздің әмірлеріне мойынсұнып, тыйым салғандарынан сақтануы керек. Харамдардың барлығынан сақтану өте қиын. Бірақ Имам Раббани хазреттері білдірген жол арқылы діннің әмірлері мен тыйымдарына мойынсұну оңайлау болады. Бұл жол – салихтармен, садықтармен бірге болу. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Ғалымның жүзіне қарау ғибадат.» (Әбу Дауд)

«Әулиені көрген кезде Аллаһу та’ала еске түседі.» (Ибн Мажа)

 

Жақсы адамдармен бірге болған жақсы, ал жаман адамдармен бірге болған адам жаман болады. Зәрулік болмағанша кәпірлермен, бидғатшылармен бірге отыру дұрыс емес. Аллаһ адамдарымен, әулиелермен, салихтармен бірге болуға тырысу керек. Өйткені хадис шәрифте былай делінген:

«Олармен бірге болған адам шақи (күнәһар) болмайды.» (Бұхари)

Жарайды, ал салих ғалымдарды және әулиелерді таба алмаған адам не істейді? Мұны да білдірген: «Оларды таба алмағандар олардың кітаптарын оқыса, бұлар да шақи болмайды» деген. Сондықтан Әһли сүннет ғұламаларының кітаптарын үлкен ниғмет деп біліп оқуға тырысу керек.

 

Бір салих кісінің баласына айтқан насихаты мынадай:

«Ұлым, салихтармен бірге бол! Егер ілімді адамдардан болсаң, ілімің оларға пайдалы болады. Ілімді адам болмасаң, олардан бір нәрсе үйренесің. Аллаһу та’аланы ойламайтындармен бірге болма! Ілімді болсаң да, іліміңнің оларға пайдасы тимейді. Ал ілімді болмасаң көбірек зиян көресің. Егер Аллаһу та’ала оларға ашуланатын болса, сен де құрисың. Жақсылармен бірге болған кезіңде Аллаһу та’ала оларға рахмет жаудыратын болса, лайық болмасаң да сен де сол рахметтен пайдаланасың.» Пайғамбарымыздан кімдермен бірге болу керектігі сұралған кезде былай деді:

«Көрген кезде сендерге Аллаһу та’аланы еске түсіретін, сөздері ілімдеріңді арттыратын, ілімі ахиретті ойлауларыңа себеп болатын адамдармен бірге болыңдар!» (Әбу Яла)

 

Арштың астында былай жазылған:

«Бір адам салихтар сияқты амал істесе, бірақ күнәһарлармен бірге жүрсе, жақсы амалдары босқа кетеді, қияметте жамандармен бірге тіріледі. Ал кімде-кім жаман адамдар сияқты амал істесе, бірақ салихтарды жақсы көрсе, олармен бірге болса, күнәлары жақсылыққа айналады, жақсы адамдармен бірге тіріледі.» (Ка’б-ул Ахбар)

Салих дос тапқан кезде оған лайықты құрметті көрсету керек! Оның жаны мен мүлкін өз жаны мен мүлкінен жоғары ұстау керек! Кемшіліктерін іздемеу керек, кемшілігі болса да көрмеу керек және ешкімге айтпау керек, тіпті ұмыту керек! Сөздеріне қарсы келмей, онымен сөз тартыспау керек! Сыртынан ғайбат еткендер болса, лайықты түрде тоқтату керек, көңілге тиетін немесе ренжітетін сөз айтпау керек! Суизанда (жаман күмәнда, ойда) болмау керек. Орынсыз іс-әрекеттерін көрген кезде абыржудан немесе ұмытшақтықтан болар деп жорамалдау керек. Яғни үзірлі себеппен кінәсіз екендігін қабылдау керек. Өйткені жақсы мінезді адам басқа адамдарға кешіріммен қарайды, олардың кемшіліктерін жарияламайды. Іс-әрекеттері ынсапты болады, бірақ басқалардан бұл ынсапты күтпейді. Осындай достың жақсы көргендерін жақсы көру керек, жақсы көрмегендерінен ұзақ болу керек! Оны өзінің досың, бауырыңдай көру керек! Оған құрмет көрсетпегенше ілімінен пайдалану мүмкін емес.

 

Құтылудың оңай жолы

Нәпістің, шайтанның зиянынан және күнәлардан құтылудың оңай жолы – құтылғандарды (салихтарды) жақсы көру және олармен бірге болу. Екі хадис шәрифтің мағынасы мынадай:

«Салихтармен бірге болған адам шақи болмайды.» (Бұхари)

«Харамнан сақтанып жүрген адаммен бірге отыру ғибадат.» (Дәйләми)

Бұл заманда мұндай салих адамдарды табу өте қиын болғаны үшін олардың кітаптарын тауып оқу керек. Әһли сүннет сенімінде болмаған және бұған сай өмір сүрмеген адам салих бола алмайды.