19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Қалай өмір сүрсек, солай қайтыс боламыз

Қалай өмір сүрсек, солай қайтыс боламыз

Адам баласы барлық нәрсенің ең жақсысын өзі үшін қалайды. Өйткені, әр адамның өмірде ең жақсы көргені – өзі, өзінің нәпісі. Сондықтан ол өзін жақсы көргендерді жақсы көріп, жақтырмағандарды да жақтырмайды. Оған зияны тигендерге кек сақтап, жақсылық жасағандарға жүрегі жылиды. Осы себептен сүйікті пайғамбарымыз былай дұға ететін еді:

«Йа Раббым! Жаман адамдар арқылы маған жақсылық жеткізбе, әйтпесе кейін оларды жақсы көріп қалуым мүмкін.»

Бұл өмірде әр қалағанына қол жеткізген адамдарды бәріміз таңданыспен байқап жүреміз. «Өз-өзін қатты жақсы көреді екен, барлық нәрсенің ең жақсысын таңдағанына қара» дейміз. Егер иеленген заттарын дұрыс жолдармен тапқан болса, игілігіне қолдансын. Ал харам жолмен келген болса, онда еш қадірі жоқ. Бұлардың болғанынан гөрі болмауы оған әлдеқайда қайырлырақ болар еді. Адам қол жеткізген мүлік, лауазым, абырой, егер харам жолмен келген болса, онда олардан шегетін азабы, көретін пайдасынан, ләззатынан мың есе артық болады.

Дүниеде барлық нәрсенің ең жақсысын, ең халалын таңдайтын адамның өлімнің де ең жақсысын таңдауы керек. Бұл өмірмен жақсы адам ретінде қоштасу керек. Осы себептен әулиелер әрдайым «Өмірдің жақсы аяқталуына» дұға ететін еді. Хатым дұғаларында көп айтылатын тілек:

«Йа Рабби, соңғы демімізді калима-и шаһадат айтып шығаруымызды нәсіп ет!..»

Бір адамның бүкіл өмірі ғибадаттармен, күнәлардан сақтанумен өтсе, бірақ соңғы демін иманмен шығармаған болса, онда мұның қадірі жоқ. Соңғы демін иманмен өткізген адам Хақ та'аланың ең үлкен ниғметіне бөленді деген сөз. Бұдан асатын ниғмет жоқ. Бұл ниғметке қол жеткізе алмаған адам ең үлкен пәлекетке, мәңгі тозақ азабына душар болды деген сөз. «Өлімнің жақсысына қалай қол жеткізе аламыз?» деген сұрақ туындайды. Өлім – киім сияқты, үй сияқты сатылмайды ғой, оны таңдап алатындай! Жақсы өлімге қол жеткізудің жалғыз жолы – Өмірді жақсы өткізу! Адам баласы қалай өмір сүрсе, солай өледі. Қалай өлген болса, қияметте солай тіріледі. Мыңнан, тіпті миллионнан бір адам өмірін жақсы өткізеді, бірақ жаман күйде өледі. Сол сияқты өмірін жамандықтармен өткізген адамның да соңы жақсы болғаны кездесіп тұрады.

Дүниедегі өмірді қалай өткізген болса, не нәрсеге қатты берілген болса, өлім аузында ойына сол нәрсе келеді. Өлім аузындағы жағдайды түске ұқсатуға болады. Мысалы бір оқушы түсінде мектепті, кітапты, қалам-дәптерді бізге қарағанда көбірек көреді. Дәрігер түсінде науқастарды және дәрілерді бізге қарағанда көбірек көреді. Саудагер де ұйқысында сауда-саттықты, ақшаны бізге қарағанда көбірек көреді. Адам өмірін де осылай аяқтайды.

Қалдырып кететін нәрселерге сонша қатты мән беріп жүрміз, ал мәңгілікке аттанатын жерімізге мүлдем көңіл бөлмейміз. Бір адам алыс жерге саяхатқа баруға мәжбүр болса, кезігетін қауіпті жағдайларды ойлайды, мұның алдын алып дайындалады. Өліммен аттанатын сапарымыздан ұзағырақ, қауіптірек болған қандай саяхат бар? Ақылды адам «азығын» қамтамасыз етеді...

Сүйікті пайғамбарымыздан «Ең ақылды адам кім?» деп сұралған кезде: «Ең ақылды адам – өлімді бәрінен көп еске алатын және өлімнен кейінгі өмірге дайындалатын адам» – деп жауап бергенді.

Өте қысқа болса да, бұл дүниеде атқаратын біршама істеріміз бар. Жұмыс істеп, кәсіп иесі боламыз, қарамағымыздағылардың ризығын халал жолмен табамыз. Бұдан кейінгі өміріміз өтетін қабірімізді жақсартуға, мәңгі өміріміз болатын ахиретте де бақытқа қауышуға мәжбүрміз. Раббымыз осы үш өмірде де үміттенгендерімізге қауыштырсын!..