18 - Рамазан, 1445 жыл.
     28 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Құран Кәрім / Хатым сауабы

Хатым сауабы

Сұрақ: Фиқһ кітаптарына қарсы шығып, мешіт қабырғаларын ластап жүрген атақты біреу «Дінде Құранды хатым ету дегендей амал жоқ. Хатым – бітіру деген сөз. Бітіру деген ғибадат болмайды. Құранды оқы, қай бетінен оқығың келсе, сол бетінен бастап оқи бер» дейді. Сонда Құранды хатым ету ғибадат емес пе?

Жауап: Хатым – сөздікте бітіру, аяқтау деген мағынаны берсе де, фиқһтағы мағынасы бір кісінің Құран кәрімді бастан аяқ оқып шығуы деген сөз. Хатымның маңызы жайында көптеген хадис шәриф бар. Бірнешесі төменде:

«Құран кәрімді хатым еткен адамға алпыс мың періште истиғфар етеді.» (Дәйләми)

«Құран кәрімді хатым еткен адамның дұғасы қабыл болады.» (Табарани, Ибн Хиббан)

«Құран кәрімді хатым еткен адамның қабыл болған бір дұға ақысынан бөлек, жәннатта бір ағаш та беріледі.» (Хатиб)

«Хатым еткен адамның дүние мен ахиреті үшін жасаған дұғасы қабыл болады.» (Бәйһақи)

«Хатымды оқыған және тыңдағандардың дұғасы қабыл болады.» (Әбу Нуайм)

«Бес уақыт намаздан кейін жасалған дұға сияқты, хатымнан кейін жасалған дұға да қабыл болады.» (Табарани)

«Хатым дұғасы жасалған жерге қатысқан адам, олжа таратылып жатқан жерге қатысқан сияқты болады. Хатым етуді бастаған жерде болған адам жиһад етуші сияқты. Екеуіне де қатысқан адам екі сауапқа да қауышады және шайтанды масқаралаған болады.» (Хазинәт-ул-әсрар)

«Үш рет Ихлас сүресін оқыған адам Құранды хатым еткендей сауапқа қауышады.» (Әййуһәл уәләд илмихалы)

Хатымның діндегі орны өте үлкен. Діни кітаптарда хатымға қатысты көптеген мәліметтер бар. Имам Раббани хазреттері «Қасиетті Рамазан айында Құран кәрімді хатым ету – маңызды сүннет» деген. (1/45)

Имам Захиди хазреттері «Хатым оқыған қариға сыйлықты аз бермеу керек» деген. Қари саудаласпай, Аллаһ разылығы үшін хатым оқыса, оқытқан адамның берген сыйлығын алуы жаиз болады. «Аз бердің» деп разы болмаса, алғаны харам болады. (Хауи, Хадиқа, Бәриқа)

Құран кәрімді қырық күнде хатым ету мүстаһаб. Хатымнан кейін жасалған дұға қабыл болады. Хатым біткенде, қайтадан хатымды бастау ниетімен Фатиха оқу керек. Хадис шәрифте: «Адамдардың ең жақсысы – хатымды бітіргеннен кейін қайтадан бастаған адам» делінген. (Шира шәрһі)

Құран кәрім хатым етілген жерге рахмет жауады. Хатымда жиналу және хатымнан кейін дұға ету мүстаһаб. Абдуллаһ ибн Аббас хазреттері хатым оқыған адамның жанына қызметшісін жіберетін еді. Хатым бітетін кезінен хабардар болғанда өзі де баратын еді. Әнәс бин Малик хазреттері хатым еткен кезде бала-шағасын жинап дұға ететін еді. Хатым біткенде екіншісін бастау мүстаһаб. (Китаб-ут-тибийан)

Құран кәрімді Фатихадан бастап, Фил немесе Ихлас сүресіне дейін оқып, кейін бірнеше сүрені басқа біреуге оқытса, ол адам бірінші адамға уәкіл ретінде қалған сүрелерді оқыса, Құран кәрімді басынан оқыған адам хатым еткен болып саналмайды. Бұлардың бірін тыңдағандар да хатымды тыңдаған болып саналмайды. Ешбірі хатым сауабына қауыша алмайды. (Бахжәт-ул-фәтәуа)

Осыншама дәлелдерді жоққа шығарып, «Хатым деген амал жоқ» деп айту ақылды және білімді адамның тірлігі емес.