14 - Шәууал, 1445 жыл.
     23 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Терминдер

Әріп бойынша іздеу

А Ә Б Г Ғ Д Е Ж З И К Қ М Н О Ө П Р С Т У Ұ Ү Ф Х Ч Ш Ы І Э

Тақлид

Тақлид – еліктеу, ұқсау, біреудің ісін қайталау, көшіру, соның жолымен жүру деген мағыналарды білдіреді. Дінімізде үш жерде қолданылады:

1) Сенілетін нәрселерде ойланбастан, түсінбестен басқалардан естіп, көріп сенуге, яғни иман етуге иманда тақлид деп атайды. Әһли сүннет ғұламаларының көпшілігінің үкімі бойынша тақлидпен сенген адамның иманы сахих, дұрыс болады. Яғни ол адам мүмин, мұсылман деген сөз. Бірақ истидлали яғни ойланып, ұғынып, түсініп сенуді тәрк еткендігі үшін күнәһар болып саналады.

2) Амалда яғни жасалатын істерде дәлелін зерттеп, іздестіріп отырмай бір мүжтәһидтің ижтиһадтарына (үкімдеріне, мазһабына) мойынсұну, еру деген сөз.

Құран кәрімде «Білгендерден сұраңдар» деп бұйырылған. Сондықтан мүжтәһидтерден сұрау, яғни бір мазһабты тақлид  ету уәжіп болды. Бір мазһабты тақлид ету, ол мазһабта екендігін айтумен болады. Айтпай көңілмен ниет етумен де болады. Мазһабқа мойынсұну, мазһаб имамының сөздерін оқып, үйреніп орындау деген сөз. Үйренбестен, білместен мен Ханафи мазһабындамын, Шафии мазһабындамын деумен ол мазһабқа кірген болмайды. Мұндай адамдар дін ұстаздарынан сұрап, илмихал кітаптарынан оқып үйреніп өз мазһабтары бойынша ғибадат етулері керек. (Ибн Абидин)

Мүжтәһид емес адамдардың төрт мазһабтан бірін тақлид етулері (ұстанулары) керек. Төрт мазһабтың біріне сай болмаған іс қате болып табылады. Төрт мазһабтан өзге жолды тақлид ету жаиз емес. Қазіргі таңда Мұхаммед алейһиссаламның дініне мойынсұну осы төрт мазһабтың бірін тақлид етумен (ұстанумен) жүзеге асады. Мәселелердің дәлелдерін білу қажет емес. Дәлелін түсіну, анықтау мүжтәһидтің міндеті. Бір мазһабты тақлид еткен адам үшін дәлел мазһаб имамының сөздері. (Абдулғани Наблуси)

Адамдар төрт хақ мазһабтан өзіне оңай болған мазһабты таңдайды. Оның кітабын оқып үйренеді. Барлық іс-әрекетін сол мазһаб бойынша орындайды. Сол мазһабты тақлид еткен болады. Сол мазһабтан болады. Адамдарға ата-анасынан естігенін, көргенін үйрену оңай болғандықтан мұсылмандар ата-аналарының мазһабында болуда. Бір мазһабтан шығып басқа мазһабқа өту жаиз болса да жаңасын үйрену үшін жылдар кетеді және алдыңғы мазһабты үйренуге жұмсаған еңбектері, уақыты босқа кеткен болады. Оның үстіне ескі ілімдерімен жаңа ілімдерін араластырып, шатасуы мүмкін. Сондықтан фиқһ ғалымдары сауатсыздардың (фиқһ ілімі болмағандардың) басқа мазһабты тақлид етулеріне тыйым салған, машақат, қиын жағадай туындамайынша басқа мазһаб тақлид етулеріне рұқсат бермеген. Бір мазһабты ұнатпай одан шығу мүлдем жаиз емес. Өйткені сәләфус-салихин тәжһил ету (жаһил деп білу), ұнатпау күпір болады. (Мұхаммед Хасан Фаруқи, Абдуррахман Силхәти)

3) Өз мазһабының үкімі бойынша бір амалды орындау машақат, зарурат (қиын, мүмкін емес) болған кезде бұл амалды орындау үшін басқа мазһабтың үкіміне мойынсұну, тақлид ету.

Өз мазһабында орындай алмаған бір істі басқа мазһабты тақлид етіп орындағанда сол мәселедегі ол мазһабтың парыздарын, уәжіптерін орындауы және муфсидтерінен (ол амалды бұзатын нәрселерден), харамдардан сақтануы керек. Ол үшін ол мазһабтағы қажетті нәрселерді де үйренуі керек. (Абдулғани Наблуси, Абдуррахман Силхәти)

Терминге сілтеме


Тәртіп иесі (Сахиби тәртиб)

Тәртіп иесі. Мойнында қазаға қалған намаз борышы болмаған немесе қазаға қалған намаздарының жалпы саны бес уақыт намаздан аспаған және намазда ретін сақтауы керек болған адам. Тәртіп иесінің бір күндік бес уақыт намазының парызы мен үтір намазын оқығанда және қазасын оқығанда тәртіпті (намаздың ретін) сақтауы парыз болып табылады. (Халеби)

Тәртіп иесі болған адам бір парыз намазын үзірсіз түрде өз уақытында оқымаса, уақыты кірген алғаш намаздан бұрын бұл намаздың қазасын оқуы керек. (Алауддин Хаскефи)

Өткізіп алған намаздары алтау немесе одан да көп уақыт болса, өткізіп алған намазы мен уақыт намазының екеуін де оқи алмайтындай уақыт тар болса, мұндай жағдайда алдымен уақыт намазын оқиды. Кейін өткізіп алған намазының қазасын оқиды. Қазаға қалған намаз ұмытылып, одан да кейінгі уақыт намазының оқылуымен тәртіптік қасиеті жойылады. (М.Зиһни)

Тәртіп иесінің алдыңғы оқымаған намазы келесі намаз ішінде есіне түссе, намазы бұзылады. Алдымен оқымаған намазының қазасын өтейді, содан кейін уақыт намазын оқиды. (Ибн Абидин)

Бестен көп қазалары болған адам бұлардың қазасын өтей-өтей азайтып, санын алтыдан төмен түсірсе, тәртіптік қасиетіне қайта келмейді. Ондай кісілер намаздарын кезегіне қарамай оқи алады. (М. Зиһни)

Терминге сілтеме


Табиин

Хадис шәрифтермен мақталған, асхаби кирамнан кейін келген екінші қасиетті ұрпақ. Асхаби кирамды көріп, олардың сұхбаттарында болғандар.

Асхаби кирам мен табииндердің имандары бірдей еді. Сенімдерінің арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Қазіргі таңдағы дүние жүзіндегі мұсылмандардың көбісі Әһли сүннет мазһабында, яғни Расулуллаһ алейһиссалам және сахабаларының жолында. Әһли сүннет сенімінің негізін салған Расулуллаһ алейһиссалам. Иман ілімдерін сахабалар осы қайнар көзден алды. Табииндер оны сахабалардан алды. Кейіннен келгендер табииндерден алды. Осылайша, әһли сүннет білімдері бізге дейін ислам ғұламаларының кітаптарынан нақыл жолымен жетті. (Ибн Халифа Алиуи)

Терминге сілтеме


Тадили әркан

Намазда руку, екі сәжде, қаумә (рукуден көтеріліп тік тұру) және жәлсәда (екі сәжде арасында отыру) әр мүшенің бір мезет әрекетсіз тұруына "тадили әркан" делінеді. (Туманинет бөлімін қараңыз)

Тадили әркан имам Ағзам мен имам Мұхаммедтің үкімі бойынша уәжіп. Бірақ имам Әбу Юсуфтың үкімі бойынша парыз болғандығы үшін бұған мән берілмеген жағдайда намаз фасид болады (бұзылады). (Ибн Абидин)

Бір адам тәрк етілген, ұмытылған бір сүннетті жандандыратын болса, жүз шәһидтің сауабын алады. Ал бір парызды немесе уәжіпті жандандырудың сауабы қаншалық көп болатынын ойлап көріңдер. Олай болса, намаздағы тадили әрканға аса мән беру керек. (Имам Раббани)

Уақыттың құндылығын біл! Күндіз-түні ілім үйренуге тырыс! Әрдайым дәретпен жүр! Бес уақыт намазды сүннеттерімен, тадили әрканмен, ықыласпен шариғаттың иесі білдіргендей етіп оқы! Осыларды жасаумен дүние мен ахиретте шексіз ниғметтерге қауышасың. (Абдулқұддус)

Тадили әрканды тәрк етудің кейбір зияндары:

1) Кедейлікке себеп болады.

2) Намаз оқыған жері қияметте оған қарсы куәлік етеді.

3) Сол намазын қайта оқуы уәжіп болады.

4) Өз намазының ішінен ұрлаған болады.

5) Шайтанды қуантқан болады.

6) Оң және сол жағындағы періштелерді жәбірлеген болады.

7) Сүйікті пайғамбарымызды ренжіткен болады. (Құтбиддин Изники)

Терминге сілтеме


Тақуа

Аллаһу та’аладан қорқып, харамдардан (тыйым салынғандардан, күнәлардан) сақтану дегенді білдіреді. Харамды істемеу үшін күмәнді (харам немесе халал екендігі белгілі болмаған) нәрселерден сақтануға “уәра” деп айтылады. Осы тұрғыдан харамдардан қаттырақ, өте сақ болу дәрежесі болған уәра да тақуаның бірнеше мағынасынан біріне жатады. (Уәра бөлімін қараңыз)

Құран кәрімде былай делінген:

«Аллаһу та’ала тақуа иелерін жақсы көреді.» (Али Имран 76)

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Йа, Раббым! Маған ілім, хилм, тақуа және афийат ихсан ет!» дұғасын көп айтатын. Дұғада өткен ілімнен мақсат – пайдалы ілім, яғни иман, ғибадат, амал және ахлақ білімдері. Ал хилм – жұмсақтық деген сөз. Афийаттан мақсат – дін және ақиданың бұзық сенімдерден, жаман амалдардан, нәпсінің шәһуаттарынан, көңілдің уәсуәсадан (жаман ойдан) және күмәнді нәрселерден, дененің аурулардан шипа табуы, құтылуы, амандықта болуы дегенді білдіреді. (Бәриқа-Мұхаммед Хадими)

Барлық жақсылықтардың негізі – тақуа болып табылады. (Хадими)

Дүниеде пәлекеттерден, ахиретте жаһаннамнан, отта жанудан құтылу үшін екі нәрсе керек: діннің әмірлеріне мойынсұну, тыйымдарынан сақтану. Екеуінің ішіндегі ең үлкені, ең қажеттісі – тыйымдардан сақтану яғни уәра және тақуа болып табылады. (Имам Раббани)

Харамдардан толық сақтана алу үшін мубахтардың артығынан сақтану керек! Мубахтарды қажетті мөлшерде ғана қолдану керек! Зәрурет мөлшерінен аспау керек. Қолданғанда да құлдық міндеттерін жасай алу үшін деп ниет ету керек. Адам мубах яғни дін рұқсат еткен нәрселерден әр қалағанын істеп, мубахтарда шектен асатын болса, шүбһәлі (күмәнді) нәрселерді істей бастайды. Ал шүбһәлілер болса харамдарға жақын болады. Осылайша адам бір күні харамға түсуі мүмкін. (Имам Раббани)

Терминге сілтеме


Тариқат

Тасаууф жолы – адамдарды рухани кемелдікке жеткізу, тәрбиелеу және жетілдіруді көздейтін тасаууф ұлыларының ұстанған жолы, мектебі.

Хижри бесінші ғасырдан бастап жүйелене бастаған тариқаттардың жеке адам мен қоғам өмірінің қалыптасуына тигізген әсері мол болды. Адамдарға барлық нәрсені Аллаһ разылығы үшін жасалу керектігін дәріптеді. Рия және көзбояушылықтан алыс, көркем мінезді адам болуларына ықпалын тигізді. Менмендіктен, өзін жақсы көру және өркөкіректіктен құтқарды. Бірлік пен татулыққа қауышқан қоғамды қалыптастырды. Исламның таралуына іс жүзінде қызмет еткен тариқат жолындағы кісілер дүниенің бірқатар жерлеріне таралып, адамдардың исламды тануларына себепші болды. (Ислам Тарихы Энциклопедиясы)

Тариқаттардың түрлі аттармен аталуы әр-түрлі болуларынан емес. Бірдей мүршидтің (жол көрсеткен ғалымның) шәкірттері бір-бірлерін танулары және мүршидтерімен танылулары үшін ұстанған жолына мүршидтерінің (ұстаздарының) есімін қойған. (Абдуллаһ Дәһләуи)

Соңғы кездері тариқат деген атпен көптеген нәрселер ойдан шығарылды. Шынайы ислам ғалымдарының және пайғамбарымыз алейһиссаламды көріп, Оның сұхбатында жетілген асхаби кирамның білдірген тура жолы ұмытылды. Дінде сауатсыз болғандар, тіпті исламның әмірлеріне ашық түрде мойынсұнбайтындар шәйх және тариқатшы атын жамылып, зікір және ғидабат деген атпен дініміздің тыйым салған көптеген күнәларын жасады. (Абдулһаким Аруаси)

Терминге сілтеме


Тасаууф

Ахлақ және көңіл ілімі. Көңілді (жүректі) жаман мінездерден тазартып, жақсы мінездермен безендіру дегенді білдіреді. Көңілде иманның орнығуы яғни әһли сүннет сенімінің көңілде берік орнығуы және шүбһә (күмән) келтіретін әсерлерде күйремеуі, нәфси аммарадан келген жалқаулықтардың және қиындықтардың кетіп, ғибадаттарды оңай орындап, ғибадаттардан ләззат ала бастауы. Аллаһу та’аламен болу, жақсы мінезді болу және діннің әмірлеріне мойынсұну.

Тасаууф ұлыларының барлығы әһли сүннет сенімінде болған. Бидғат иелерінің ешқайсысы Аллаһу та’аланың марифатына (Аллаһу та’аланы тану іліміне) жақындай алмаған. Әулиелік нұрлары бұлардың көңілдеріне кірмеген. (Абдуллаһ Дәһләуи)

Тасаууф иесінің үш қасиеті бар. Топырақ сияқты болады, жақсы адамға да, жаман адамға ізгілік етеді. Бұлт секілді барлық нәрсені көлеңкелейді. Жаңбыр сияқты жақсы көрілген адамды да, жақсы көрілмеген адамды да сулайды. (Харкуши Абдулмәлик бин Мұхаммед)

Тасаууф дегеніміз хал болып табылады, сөз емес. Сөзбен қол жеткізілмейді. (Сәйид Абдулқадир Гейлани)

Тасаууф – Расулуллаһ алейһиссаламның сүннети санийасына мойынсұну, артық сөйлемеу, артық жемеу және артық ұйқыны тәрк ету. (Алауддәулә Сәмнани)

Тасаууф – адамды Аллаһу та’аладан алыстататын нәрселердің барлығын тәрк ету. (Әли бин Сәһл)

Адамға қажет болған ең бірінші нәрсе Әһли сүннетке сай сену, кейін шариғатқа (діннің әмірі мен тыйымдарына) мойынсұну, содан кейін тасаууф жолында жоғарылау. (Мұхаммед Бақи-биллаһ)

Қазірге дейін жеті жүз әулие тасаууф жайында түрлі анықтамалар берген. Осы анықтамаларды бір сөзбен түйіндеуге болады: “Тасаууф – уақытты ең қажетті болған нәрсеге жұмсау болып табылады.” (Әбу Саид Әбул-Хайр)

Терминге сілтеме


Уәра

Харамдардан және халал немесе харам екендігі белгілі болмаған күмәнді нәрселерден сақтану.

«Ешнәрсе уәра сияқты бола алмайды.» (Хадис шәриф – Қунуз-ул-Хақаиқ)

«Діннің тірегі – уәра.» (Хадис шәриф – Қунуз-ул-Хақаиқ)

Қиямет күні Аллаһу та’аланың құзырында қадірлі болғандар уәра және зухд иелері (дүниеге берілмегендер) болып табылады. (Әбу Хурайра)

Бір адам мына он нәрсені өзіне парыз деп білмейінше толық уәра иесі бола алмайды: Ғайбат етпеу, мұсылманға су-и зан етпеу, ешкімді мазақтамау, бөтен әйелдерге, қыздарға қарамау, дұрыс сөйлеу, өзін ұнатпау үшін Аллаһу та’аланың ихсандарын, ниғметтерін ойлау, мал-мүлкін халал жерлерге жұмсап, харамдарға жұмсамау, нәпсінің рахаттануы үшін  жоғары лауазымдарға қызықпай, оларды адамдарға қызмет ететін жер деп білу, бес уақыт намазды уақытында оқуды бірінші міндет деп білу, әһли сүннет ғалымдарының білдірген иман жәнә амалдарын жақсылап үйреніп, өзін соған үйрету. (Имам Раббани)

Зередей уәра иесі болу, мың нәпіл ораза және намаздан қайырлы. (Хасан Басри)

Терминге сілтеме


Туманинет

Намаз оқып жатқан кезде руку және сәжделерде және қаумада (рукудан түрегеп тік тұрғанда) және жәлсәда (екі сәжде арасында отыру) бүкіл мүшенің әрекетсіз тұруы. Ал субханаллаһ дейтіндей біраз уақыт тұру тадили әркан болады.

«Сендерден бірің намаз оқығанда рукудан кейін және екі сәжде арасында туманинет етпесе намазы толық болмайды.» (Хадис шәриф – Мәктубат Раббани)

Бір күні сүйікті пайғамбарымыз біреудің намаз оқып жатып намаздың шарттарына мән бермегенін және қаумә мен жәлсада туманинет жасамағанын көріп былай деді: «Егер намаздарыңды осылай оқып жүріп өлетін болсаң, қиямет күні саған менің үмбетімнен демейді.» басқа бір жерде былай деді: «Осы жағдайыңмен өлетін болсаң Мұхаммед (алейһиссаламның) дінінде болып өлмеген боласың» (Хадис шәриф – Мәктубат Раббани)

Олай болса намазда тадили әрканға мән беру керек. Яғни рукуда, сәждеде, қаумәда және жәлсада туманинет жасағаннан кейін біраз тұру керектігін Ханафи мазһабы ғалымдарының көбі уәжіп деген. Имам Әбу Юсуф, Имам Шафии және имам Малик парыз деген. Ал кейбір Ханафи ғалымдары сүннет деген. Мұсылмандардың көбі бұны жасамайды. Бұл амалды орындағанға Аллаһ жолында соғысып жанын берген жүз шәһид сауабынан көп сауап беріледі. (Ахмед Фаруқи)

Терминге сілтеме


Тәмәтту қажылық

Қажылық маусымында (шәууал, зүлқада, зүлхиджа айларында) алдымен умра үшін ниет етіп ихрамға кіріп умраны орындағаннан кейін еліне қайтпастан жаңадан ихрамға кіріп қажылық жасау. Бұл қажылықты жасаған адамға мутәмәтти қажы делінеді.

"Тәмәтту қажылықтың сауабы ифрад қажылықтан көп." (Ибн Абидин)

Терминге сілтеме