![]() ![]() Өлімді еске алудың пайдалары
Сұрақ: Өлімді еске алудың қандай пайдасы бар? Өлім деген не? Өлімнен қорқу керек пе? Жауап: Әрбір мұсылман жаннат пен жаһаннамға сенеді. Жаһаннамнан құтылып, жаннатқа кіргісі келетін ақылды адамның өлімге дайын болуы керек. Өйткені, пайғамбарымыз алейһиссалам: «Ақылды адам - өзін есепке тартып, өлім үшін дайындалатын адам» деген. Бір нәрсе үшін дайындалу – ол нәрсені жиі еске алу арқылы болады. Еске алу еске түсіретін нәрселерге қараумен, оларды істеумен іске асады. Жалпылама адамдардың барлығы өлімге көз жұма қарайды. Бір аятта: «Есеп беру уақыты жақындаса да, адамдар қараңғылық ішінде, бұдан жүздерін алып қашуда.» делінген. (Әнбиа 1) Дүниенің пайдасыз зауқтарына алданған адам өлімнен хабарсыз өмір сүреді. Қасында өлім туралы сөз айтылса, жиренеді. Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Кім өлімнен жиренсе, Аллаһ одан жиренеді» деген. Аллаһу та'ала: «Қашып жүрген өлімдеріңе міндетті түрде ұсталасыңдар» деп бұйырған. (Жұма 8) Күнәлардан қашып, ғибадаттарын орындап жүрген адам, өлімді қаламаса өлімнен жиренген болмайды. Өйткені, ол кемшіліктерінің орнын толтыру үстінде. Бір адам сүйіктісіне дереу кел десе, сүйіктісі жуынып-шайынса, қырынса, жаңа киімдерін киумен, сүйіктісіне сыйлықтар алумен кешіксе, бұл кешіккені сүйіктісіне қауышудан жирену болып саналмайды. Өлімді жақтырмауы кешірімді, өйткені ол адам өлімге әлі дайындалуда. Әбу Сүлейман Дарани хазреттері салиха бір әйелден: «Өлімді жақсы көресің бе?» деп сұрады. Ол әйел: «Жоқ, жақсы көрмеймін» деп жауап берді. Себебін сұрағанда: «Біреуге жағымсыз нәрсе істеп қойсам, оған қарауға ұяламын. Оған көрінгім келмейді. Мұнша күнәнің ішінде жүріп, күнәлардан арылмай тұрып, Аллаһу та'аланың дәргейіне шығуды қалай жақсы көре аламын?» деп жауап береді. Арифтер (әулиелер) өлімді әрдайым еске алып жүреді. Өйткені олар өлімге әр сәтте де дайын. Сонымен қатар олар өлімнің сүйіктімен қауышу екенін біледі. Өлім – досты доспен қауыштыратын көпір болып табылады. Бұл көпірден өтпеген адам сүйіктісіне қауыша алмайды. Арифтер сондықтан өлімді жақсы көреді. Хазреті Мәулана Әзірейіл алейһиссаламға: «Тез кел, жанымды тезірек ал, мені Раббыма дереу қауыштыр» деген. Сүйген адам сүйіктісімен кездесетін күнді еш есінен шығара ма, ол күннің тезірек келуін жан-тәнімен қаламай ма? Тіпті өлімнің кешігуінен жаны қысылады. Тезірек қауышуға тырысады. Хазреті Хузәйфа өлім төсегінде жатқанда: «Дос кенеттен келді, өкініш пайда бермейді. Йа Раббым, өмір сүруім мен үшін қайырлы болса, өмір сүруімді нәсіп ет, өлгенім қайырлы болса өлім жолын маған жеңілдет» деп дұға еткен. Мұсылмандар да осылай дұға етуі керек. Әр уақыт, жақсы және жаман жағдайларда өлімді еске алудың пайдасы көп. Өйткені, дүниенің пайдасыз зауқтарының соңынан ерген адамның өзі, өлімді еске алу арқылы лас істерінен алыстай бастайды. Уақыт өте дүниенің қиыншылығы оған ауыр болып, зауқтарынан суиды. Осылайша дүниенің пайдасыз нәрселерінен суытатын барлық нәрсе, құтылудың себебі болып табылады. Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Өлімді еске алу күнәлардан сақтайды.» (Ибн Әбиддунйа) «Өлімді еске алу садақа бергендей сауап.» (Дәйләми) «Өлімді көп еске алған адамның көңілі жанданады, өлімі де оңай болады.» (Дәйләми) «Өлімді көп еске алу адамды дүниеден тартады, күнәлардан суырып алады.» (Ибн Лал) «Ең ақылдыларың - өлімді көп еске алатын, ахирет үшін азық жинауда асыққандарың. Өлімді көп еске алатын адам, дүние мен ахирет бақытына қауышады.» (Табарани) «Ләззаттарды жоқ қылатын, ауыздың дәмін бұзатын, үміттерді үзетін өлімді көп еске алыңдар! Өлімді таршылықта еске алған адам жеңілдейді. Кеңшілікте еске алған адам, ысраптан қашып, қанағатшыл болады.» (И. Хиббан) «Аллаһтан ұялатын адам өлімді еске алмай жатпайды, харам тамақ жемейді, зинадан қашады, тілін, көзін және құлағын харамдардан тияды, өлгеннен кейін шіритінін ойлайды.» (Табарани) «Өлімді еске алу адамды күнәлардан қорғайды және дүниеге (Аллаһу та'аланың разылығына кедергі болатын барлық нәрселерге) берілуден сақтайды.» (Ибн Әбиддунйа) «Темірді тот басқаны сияқты көңіл (жүрек) те күнәлармен кірленеді. Өлімді көп еске алу және Құран кәрім оқу көңілді жалтыратады.» (Бәйһақи) «Өлімді көп еске алып, күнәлардан қашқан адамның қабірі жаннат бақшасы болады. Өлімді ұмытып күнәға батқан адамның қабірі жаһаннамның шұқыры болады.» (Суфйани Сәури) Бір кісі көп мақталды. Сол жерде тұрған Расулуллаһ алейһиссалам: «Ол адам өлімді еске ала ма?» деп сұрады. «Өлім туралы айтқанын естімедік» делінді. Сонда Расулуллаһ: «Өлімді еске алмайтын адам қадірлі болмайды» деді. (Ибн Әбиддуниа) |