29 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     1 - Қараша, 2024 жыл.   


АЗАН

Төмендегі мәліметтер «Дуррул-мухтар»-дан және мұның шәрһі болған «Ибн Абидин»-нен аударылған.

Илмихал кітаптарында білдірілген белгілі сөздерді, ақыл-есі дұрыс болған мұсылманның белгілі түрде оқуына «Азани Мухаммади» делінеді. Яғни мұнараға шығып, арабша сөздерді түрегеп тұрып оқу қажет. Басқа тілдегі аудармасын оқу, мағынасы түсінікті болса да азан болмайды. Азан, бес уақыт намаздың уақыттарының келгенін білдіру үшін оқылады. Еркектердің мешіттің сыртында биік жерге шығып оқулары муаккад сүннет болып табылады. Әйелдердің азан мен қамат айтулары мәкрух. Әйелдердің дауыстарын еркектерге естіртулері харам болады.

Муәззиннің (азаншының) мешіттің сыртында биік жерде және жоғары дауыспен оқып, көршілерге естіртуі қажет. Тым қатты бақыруы жаиз емес. Әкбар дейтін кезде соңғы әрпінде жәзім етіп тоқталады немесе үстін оқып уасл етіледі. Үтра қылып оқылмайды. Сөздердің басына немесе соңына хареке, әріп, мәд қосылатындай етіп тым әуендетіп оқу және мұны тыңдау халал болмайды. "Салат" және "фәлах" дейтін кезде бетті оңға және солға бұру сүннет. Аяқтар мен кеуде құбыладан бұрылмайды. Немесе мұнарада айналып оқиды. Алғаш мұнараны хазреті Муауия жасатқан. Расулуллаһтың мешітінің алдына биік нәрсе соғылған еді. Билал Хабаши мұның үстіне шығып азан оқитын еді. Расулуллаһ “саллаллаһу алейһи уә сәлләм” Билалға саусақтарын құлақтарына қоюын әмір етті. Арада сөйлейтін болса, қайта оқу қажет. Азанды бірнеше адамның бірге оқуы жаиз. Бір бөлігінің оқығанын басқалары оқымаса сахих болмайды. Азанды отырып оқу тахримән мәкрух. Муәззиннің (азаншының) салих болуы, азанның сүннеттері мен уақыттарын білуі, күнде тұрақты оқып жүруі, Аллаһ разылығы үшін ақысыз оқуы сүннет болып табылады. Ақшаға оқуы да жаиз. Ақылы кірмеген жас баланың азаны сахих болмайды. Өйткені оның дауысы құс пен аспаптардың дыбысы сияқты. [Сондықтан азанды, қаматты микрофонмен оқу сахих болмайды. Пасықтың (ашықша күнә істейтіннің) азанына және имам тәкбірлерін арттағы жамағатқа жеткізуіне сенілмейді. Оның оқуы мәкрух болады. Муәззиннің азанды уақытылы оқығанын, басқалардың да намазды уақытылы оқығанын білуі шарт. Уақытының кіргеніне күмәнданып намазға тұрған адамның намазды өз уақытында оқығаны кейіннен мәлім болса да, намазы сахих болмайды. Кәпірлер, пасықтар шығарған күнтізбеге қарап оқылған намаз сахих болмайды. Дар-ул харбта (мұсылман болмаған мемлекетте) қолданылатын күнтізбенің дұрыс екенін салих және ғалым екендігі сенімді болған мұсылманнан сұрап білу қажет.] Сүннетке сай оқылған әртүрлі азандардан тек біріншісін ғана естігендердің естігендігін іштен қайталауы және өз мешітінің азаны болса, жамағатқа баруы керек. Құран кәрім оқып жатқан болса да тоқтап, азанды іштей қайтарып отырулары керек. Жаназа намазын оқып жатқан адамның, дәретханада, мешітте болғанның, тамақ ішіп жатқан, діни білім үйретіп немесе үйреніп жатқан адамның азанды естігенде тоқтап қайталап отыруы керек емес. Арабша болмаған және тым әуендетіп оқылған азан сүннетке сай емес деген сөз. Азан естіген адамның отырған болса тұруы, жүріп бара жатса тоқтауы мүстаһаб болады. Кітаптың "Ант" бөлімінде нәзірді баяндап жатқанда былай делінген: «Әр ауылда, әр ауданда мешіт соғу өкіметке уәжіп болып табылады. Мешіт бәйт-ул-мал ақшасынан соғылады. Өкімет соқтырмаса, мұсылмандардың ақша жинап өздері мешіт жасаулары уәжіп болады.»

[Көрініп тұрғанындай Ислам дініне сай болуы үшін, әр ауданда мешіт соғылса, әр ауданда азан оқылады, әрбір мұсылман өз ауданының азанын естиді. Муәззиннің қатты айқайлауына, микрофон қолданып көрші аудандарға дауысын жеткізуге тырысуына қажеттілік қалмайды. Микрофон – азанның сүннеттерінің тәрк етілуіне себеп болған бидғат. Азан және намаз оқығанда бұл бидғатты қолдану өте үлкен күнә болады. Бұл нәрсе ғибадаттардың бұзылуына да себеп болып жатыр. Осы себептен, мысалы Түркия діни істер басқармасының мәжіліс және діни еңбектерді зерттеу алқасының 01.12.1954 күнгі және 737-ші шешімінің он бесінші бөлімінде: «Микрофонның михрабқа қойылуына түбегейлі түрде тыйым салынған. Егер жамағат имамның тәкбірлері мен дауысы естілмейтіндей дәрежеде көп болса, муәззиндердің бірі немесе алыстау тұрған басқасы дауысын жеткізумен міндеттеледі» делінген. Радиода, магнитафонда және микрофонмен оқылған Құран кәрімнің және азанның адамның дауысы емес екенін, бұларды оқыған адамдардың дауысынан пайда болған электромагнит және электр қуаты тарапынан пайда болған сазды аспап дыбыстары екендігін және пайда болуына себеп болған адам дауыстарының өздері болмаса да, оларға қатты ұқсағандықтан оқыған адамдардың дауысы деп саналғандығы «Әл фиқһу аләл мәзаһиби әрбә’а» кітабының тилаует сәждесі бабында және «Сәадәти Әбәдийа»кітабының «Әуен және музыка» бөлімінде ұзақ баяндалған. Ислам діні әмір еткен азан деп – салих мұсылманның дауысына айтылады. Колонкадан шыққан дыбыс азан емес. Ғасырымыздың шынайы дін ғалымдарынан Алмалылық Хамди мырза “рахимә-һуллаһу та’ала” тәпсірінің үшінші том, 2361-ші бетінде былай деген: «Көрініп тұрғанындай, бұл “тыңдау” әмірлері қыраатқа байланыстырылған. Ал қыраат бір тілдің сөздік ықтиярлығы, ақылды және сөйлей алатын адамның аузынан махраждарға негізделіп шыққан және не айтқанын түсінетін адамның дауысымен жасалады. Тіпті Жәбірейілдің сөздері де қыраат емес, қыраат еткізу болады. Илаһи сөз де түсіру және халқи қыраат болып табылады. Сонымен қатар, ақылдан тыс және адамнан өзге жанды-жансыз заттардан пайда болған дыбыстарға қыраат делінбегені сияқты, жаңғырықтан, яғни дыбыстың кері қайтуынан пайда болған сөзге де қыраат делінбейді. Осы себептен фақихтар (фиқһ ғалымдары) бір қырааттың біржерге ұрылып кері қайтуынан пайда болған жаңғырыққа қыраат және тилаует үкімі қажет болмайтынын, мәселен тилаует сәждесі қажет болмайтындығын айтқан. Бір кітапты дауыссыз оқу қыраат ету болып саналмағаны сияқты, шалынған немесе шылдырлаған кері қайтқан дыбысты тыңдау да қыраатты тыңдау емес, шалынған немесе шылдырлаған дыбысты тыңдау болады. Сондықтан Құран кәрім оқып жатқан қаридың дауысын кері қайтарған грамофоннан немесе радиодан келген дыбыс немесе дауыс қыраат емес, қырааттың кері қайтуы, ұқсасы болады және бұларды тыңдау әмірінің үкімі қажет болмайды. Яғни үндемей отырып тыңдау уәжіп болған Құран кәрім – шалынған Құран емес, қыраат етілген оқылған Құран деген сөз. Осылай болса да, зер салып тыңдау уәжіп немесе мүстаһаб болмағандықтан, тыңдау жаиз емес, мүлдем тыңдамай қою уәжіп болады деп қабылдануда. Өйткені Құранды шалу басқа нәрсе, ал үнтаспадан немесе аспаптан шалынған Құранды тыңдау да мүлдем басқа нәрсе. Құран кәрімді шалу, аспаптар арасына қою жаиз болмаған әрекет екені айқын. Шынында Құран кәрімді оқу жақсы амал болса да, құрметсіздік болатын жерлерде оқу күнә болады. Бірақ, оқылатын болса, тыңдау күнә емес, тыңдамау күнә болады. Мысалы моншада Құран кәрімді қыраат еткен (оқыған) адам күнә уістеген болады. Сонымен қатар, оқылған болса, тыңдамай қою да сауап болмайды. Осы сияқты бір кері қайтқан дауыспен шылдырлаған, сол сияқты грамофон немесе радиода шалынған Құран кәрімнің жаңғырығын тыңдау міндетті емес деп тыңдамауды міндет деп санамау керек. Себебі, қыраат болмаса да, қырааттың ұқсасы болып табылады. Өйткені кәлами нәфсиге сілтейді. Оның үстіне, мұны тыңдалуы қажет болған қыраат сияқты, тыңдау уәжіп немесе мүстаһаб болмаса да, кем дегенде жаиз, тыңдаған жақсы, тіпті оған да құрметсіздік ету жаиз емес. Сондай жағдайға тап болған бір мұсылман, лайық болмаған бір жерге қойылған Құран кәрім парағының алдында тұрғандай болады, оның алдында құрметсіздік етпеуі және қолынан келгенше оны ол жерден көтеріп, лайықты жерге алып қоюы діндарлық міндеті, қажеттілігі болып табылады.»]

Фиқһ және пәтуа кітаптарының көбінде, мысалы «Кадихан»-да былай делінген: «Азан айту сүннет болып табылады. Ислам дінінің шиары, белгісі болғандықтан, бір қалада, бір ауданда азан тәрк етілетін болса, үкіметтің сол жақтағы мұсылмандарға мәжбүрлеп айтқызуы керек. Муәззиннің (азаншының) құбыла бағытын және намаз уақыттарын нақты білуі қажет. Өйткені азанды басынан соңына дейін құбылаға қарап оқу сүннет болып табылады. Азан намаз уақыттарының және ифтар (ауызашар) уақытының басталғанын білдіру үшін айтылады. Бұл уақыттарды білмейтін адамның және фасықтың (ашықша күнә істейтін күнәхардың) айтуы фитнаның шығуына себеп болады. Есі кірмеген баланың, мас адамның, жындының, жүніп болғанның және әйелдің азан айтуы мәкрух болады. Муәззиннің мұндай азанды қайта айтуы қажет болады. [Мәуліт оқу, оқыту және тыңдауға бару үлкен сауап болып табылады. Алайда, әйелдің мәуліт, азан оқып, өлең айтып, қажетінен тыс сөйлеп, дауысын бөтен еркектерге естіртуі және олардың естуі харам болады. Әйелдің тек әйелдер арасында ғана оқуы керек, дауысын таспаға, радиоға, теледидарға түсірмеу керек.] Отырған күйде, дәретсіз, қала ішінде жануардың үстінде азан айту мәкрух болса да, бұларды қайта айту қажет емес. Азан мұнарада немесе мешіттің сыртында оқылады. Мешіттің ішінде оқылмайды. Әріптерді өзгертіп, яғни кәлималардың (сөздердің) мағынасы бұзылатындай етіп ұзарту, әуендету мәкрух болып табылады. Арапшадан басқа тілде азан айтуға болмайды.»«Хиндийа»-да былай делінеді: «Муәззиннің даусын шамадан тыс көтеруі мәкрух болады.» «Ибн Абидин» “рахимә-һуллаһу та’ала” былай деген: «Азанның ұзаққа естілуі үшін муәззиннің биік жерге шығып оқуы сүннет болып табылады. Бірнеше муәззиннің бір азанды бірігіп айтуы жаиз болады.» Ғалымдардың бұл жазбаларынан түсінгеніміздей, микрофонмен азан, қамат айту және намаз оқыту бидғат болады. Бидғат жасау үлкен күнә болып табылады. Хадис шәрифте: «Бидғат істеген адамның ешбір ғибадаты қабыл болмайды» делінген. Микрофоннан шыққан дауыс адамның дауысына қатты ұқсайтын болса да, бұл адам дауысының өзі емес. Магниттік өрісте әрекет еткен бөлшектерден пайда болған дыбыс. Биік жерге шығып тұрған адамның дауысы емес. Колонкаларды мұнараның, шатырдың оңына, солына, артқы жағына орналастырып, дауыстың құбыла тарапына бағытталып шықпауы да бөлек күнә болады. Дауыстың алыс жерлерге дейін жетуіне және микрофонның миды тырнайтын металды дыбысына да ешқандай қажеттілік жоқ. Өйткені әр шағын ауданда мешіт салдыру уәжіп. Әр шағын ауданда азан айтылады, әр үйге өз ауданының азаны есітіледі. Сонымен қатар «Азан-и жауқ» та жаиз. Бірнеше муәзиннің бір азанды бірігіп айтуына «Азани жауқ» делінеді. Табиғи түрде айтылатын азанның мұң беретін дауыстары ұзақтан естіледі, жүректер мен рухтарға әсер етеді, имандарды тазалайды. [Муәззин азанды, имам қыраатты мешіт маңайындағы және мешіттегі жамағатқа естілетіндей етіп табиғи дауыстарымен оқиды. Алысқа дейін естілу үшін өздерін қинауы мәкрух болады. Микрофон қолдануға қажеттілік жоқ екендігі осыдан да аңғарылып тұр.] Қысқасы, микрофоннан шыққан дауыс азан емес. Тек муәззиннің аузынан шыққан дауыс қана «Азани Мухаммади»болады. Үлкен Ислам ғалымы Әбу Нуайм Исфәханидің «Хилйәт-ул-Әулийа» кітабындағы хадис шәрифте «Аспаптан шыққан азан дыбысы – шайтанның азаны. Мұны оқитындар – шайтанның муәззиндері(азаншалары)» делінген.

Хадис шәрифте былай делінген: «Қиямет жақындағанда Құран кәрім мизмар (сазды аспап) арқылы оқылады», «Бір заман келеді, Құран кәрім мизмарлар арқылы оқылатын болады. Аллаһ үшін емес, рахаттану үшін оқылады», «Құран оқитын көптеген адамдар бар, Құран кәрім оларға лағнет етеді», «Бір заман келеді, мұсылмандардың ең сұмпайысы муәззиндер болады» және «Бір заман келеді, Құран кәрім мизмарлар арқылы оқылады. Аллаһу та’ала оларға лағнет етеді». Мизмар – сазды аспаптың барлық түрі, сырнай деген сөз. Микрофон да мизмарға жатады. Муәззиндердің осы хадис шәрифтерден қорқуы, азанды микрофонмен оқымауы керек. Кейбір дін надандары микрофонның пайдалы екенін, дауысты ұзаққа жеткізетінін айтуда. Пайғамбарымыз: «Ғибадаттарды менен және сахабаларымнан қалай көрген болсаңдар, солай орындаңдар! Ғибадаттарды өзгерткендерге «бидғатшы» делінеді. Бидғатшылар міндетті түрде тозаққа кетеді. Олардың ешбір ғибадаттары қабыл болмайды» деген. «Ғибадаттарға пайдалы нәрселер қосып жатырмыз» деу дұрыс емес. Бұл сөздер дін дұшпандарының өтіріктері болып табылады. Қандай-да бір өзгерістердің пайдалы болатынын немесе болмайтынын тек Ислам ғалымдары ғана анықтайды. Мұндай жетілген ғалымдарға «Мужтәһид» делінеді. Мужтәһидтер дінде өздігінше өзгеріс жасамайды. Қосатын нәрсенің, өзгерістің бидғат болатынын немесе болмайтынын анықтап алады. Азанды «мизмармен» оқуға сөзбірлігімен бидғат делінді. Адамдарды Аллаһу та’аланың разылығына, сүйіспеншілігіне қауыштыратын жол – адамның жүрегі (көңілі). Жүрек (көңіл) жаратылысында бір таза айна сияқты болады. Ғибадаттар, көңілдің тазалығын, жарқырауын арттырады. Бидғаттар, күнәлар жүректі қарайтады. Махаббат жолымен келетін фәйздарды, нұрларды ала алмайтын болады. Салихтар осы жағдайды түсінеді, қайғырады. Күнә істеуді қаламайды. Ғибадаттардың көп болуын қалайды. Күніне бес рет намаз оқудан басқа тағы да, көбірек намаз оқуды қалайды. Күнә істеу нәпсіге жағымды, пайдалы келеді. Бүкіл бидғаттар, күнәлар Аллаһу та’аланың дұшпаны болған нәпісті азықтандырады, күшейтеді. Микрофонмен азан айту да осындай. Абдуллаһ Дәһләуидің халифаларынан болған Рауф Ахмед «Дуррул мә’ариф» кітабының алғы сөзінде былай деген: «Құран кәрімді және өзге де міндеттерді «Мизмар» сазды аспабымен оқу харам болып табылады». Азанды микрофонмен оқу осындай болады.

[Шафии «Әл-муқаддимәт-ул-хадрәмийа» және «Әнуар» кітаптарында былай делінген: «Мешіттің сыртында болған адамның мешіттегі имамға ұюының Шафии мазһабында сахих болуы үшін имамды көруі, дауысын естуі және соңғы саптан бастап үш жүз зра’ (300х0,42=126метр) ұзақ болмауы қажет». Теледидардан көрінетін және дауысы естілетін ұзақтағы имамға ұйып оқылған намаз Ханафи мазһабында да, Шафии мазһабында да сахих емес.  Сәләф-ус салихин заманындағы ғибадаттарда болмаған нәрселерді кейіннен ғибадаттарға араластыру – «бидғат» істеу болады. Азан мен намазға радио, теледидар және микрофон араластыру бидғатын істеп жүргендердің тозаққа түсетіндігі Ниса сүресінің 114-ші аятынан да аңғарылып тұр. Микрофоннан, радиодан естілген дауыс азанның өзі емес, ұқсасы болып табылады. Айнада, қағазда көрінген бейне де адамға өте қатты ұқсайтын болса да, өзі емес, ұқсасы болып табылады.]