ТАРАУИХТЫҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫ
72 – Тарауих намазын оқудың құндылығы жайлы әмир-ул муминин Хазреті Әлиден (радиаллаһу та’ала анһ) сұралды. Жауап ретінде: «Кімде-кім Рамазан шәриф айының бірінші түінінде тарауих намазын оқыса, Хақ та’ала ол адамның [тәубелерін қабыл етіп] барлық күнәларын кешіреді. Екінші түнінде оқыған адамның ата-анасының күнәлары кешіріледі. Үшінші түні оқыса, періштелер ол құлға: "Саған сүйінші болсын, Хақ та’ала сенің ғибадатыңды қабыл етті, қалаған құрметіңе жеттің, күнәларыңды кешірді" – дейді. Төртінші түні тарауих намазын оқыса, Құран кәрімді хатым еткендей сауап беріледі. Бесінші түні оқығанда, Хақ та'ала Ақса мешітінде, Меккеде және Мәдинада оқығандай сауап береді. Алтыншы түні оқыса, Бәйт-ул мамурды тауаф еткендей; жетінші түні оқыса, Перғауынға қарсы соғысқа қатысқандай; сегізінші түні оқыса, Бәдір соғысында Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге болғандай; тоғызыншы түні үшін хазреті Даудпен (алейһиссалам) бірге ғибадат еткендей сауап алады; оныншы түні оқыса, дүниеде саламаттық пен бақыт беріледі» – деді. Рамазан айының соңына дейінгі барлық түндерінің осындай жеке-жеке құндылығы және үлкен дәрежесі мен сауаптары бар. Осылай әдеппен және рүкіндеріне мән беріп, оразаны толық, бүкіл мүшелерімен тұтып, тарауих намаздарын оқып және харамдардан сақтанып, отызыншы түнін осылай аяқтаса, Хақ та’аланың әмірімен Арштың астынан сөйлеуші үндеп былай дейді: Әр түні тарауих оқыған құлдар – жәһәннамнан құтылған құлдар. Өздері қорыққан тозақтан құтылып, армандаған ниғметтеріне, жәннат пен Аллаһу та’аланың дидарын көру ниғметіне қол жеткізді. Хақ та’ала ұлылығы және құрметімен: Ұлылығым және жалалымның хаққы үшін, бұл құлдарымды кешірдім, – дейді. Бұдан кейін Аллаһу та’аланың әмірімен сол құлдарға бір-бірден бәрат (құтылу құжаты) жазылады. Барша әйелдер мен еркектерден, осы шарттармен бірге ғибадаттарын орындап, Аллаһу та’аланың осындай мейіріміне қауышқандарға тозақ азабынан құтылып, сыраттан оңай өтуі үшін қолдарына бір-бірден берат беріледі. Олай болса, шын ықылас және сеніммен Рамазан айының оразасын тұтып, қаза намаздарын, одан соң тарауихтарды орындап және харамдардан сақтанып, Аллаһу та’аланың мейіріміне қауышайық. 73 – Қадір түнінде ғапіл болма! Өйткені, Қадір түнінің құрметі мың ай ғибадат етуден де қайырлы. Алайда, осы мың айлық ғибадат та түндері нәпіл ғибадатпен, ал күндіздері нәпіл оразамен өткен. 74 – Рамазан айының оразасын құрметпен және салмақтылықпен ұста. Кімде-кім Рамазан айында оразаны Аллаһу та’ала бұйырғандықтан және жақсылап тұтса, харамдардан сақтанса, қаза намаздарын оқыса, Аллаһу та’ала әрбір күні үшін мың күн нәпіл ораза тұтқандай сауап береді және сол кісі мен тозақтың арасына көптеген перделер орнатылады. [Намаз оқымайтындардың да ораза ұстауы керек. Олар ораза тұтпаудың күнәсынан құтылады. Бұл күнә – өте үлкен күнәлардан.] 75 – Зүлхиджа айының құндылығы да өте көп. Риуаят етілгені бойынша, хазреті Адамның тәубесі Мухаррам немесе Зүлхиджа айында қабыл етілген. Ибн Аббас (радиаллаһу анһума) риуаят еткен бір хадис шәриф бойынша, Зүлхиджаның онына дейінгі күндері де Рамазан айының күндері сияқты жеке-жеке құндылық және құрметпен сипатталған, оныншы күні жайында да былай баяндалады: «Зүлхиджаның оныншы күні – Құрбан айт күні. Кімде-кім осы күні айт намазынан келіп, құрбандық шалғанға дейін ештеңе жемей, шалынған құрбан малының бүйрегін жесе және екі рәкат намаз оқыса, ол адамның құрбандығының қаны жерге түспей тұрып өзінің күнәлары, ата-анасының, отбасының, бала-шаға мен туыстарының күнәлары сауапқа айналады.» Құрбандық дегеніміз – Зүлхиджа айының оныншы күні айт намазынан кейін басталып, он екінші күні күн батқанға дейін жалғасатын үш күн және араларындағы екі түнде сойылған түйе, сиыр, қой немесе ешкі. Жоғарыда айтылған үш күннен бұрын немесе кейін сойылған мал құрбандық болып саналмайды. Бір түйе немесе сиырды жеті адамға дейін бірнеше адам бірігіп, ортақ болып шалуына болады. Әйел де өзінің құрбандығын және уәкіл ретінде біреудің құрбандығын шалуына болады. Құрбандық малды айттан бұрын сатып алу жаиз. Сатып аларда «Құрбан айт үшін немесе нәзірімді (атағанымды) орындау үшін құрбандық малын сатып алуға» деп ниет ету керек. Осы екі ниеттің қайбіріне ниет еткен болса, сол құрбандығы шалынған болады. Сатып алынған малды тірідей немесе сатып алмай, ақшасын кедейлерге, қайырымдылық қорына беру жаиз емес. Осылай берген адам құрбандық шалған болмайды, садақа берген болады. Бұл садақаның сауабы оны құрбандық шалмаудың азабынан құтқара алмайды. Кімде-кім құрбандығынан, қажеттілігінен басқа нисап мөлшері мүлкі болмаған және намаздарын оқитын кедейге берсе, қиямет күні бергенінен әлдеқайда көп сый-сияпат және сауап көреді. Қырық бірінші бетке қараңыз! Кімде-кім Зүлхиджаның соңғы күнінде және Мухаррамның бірінші күнінде ораза тұтса, сол жылды толығымен ораза тұтқандай сауапқа ие болады. Кімде-кім Зүлхиджаның он күнінің ішінде кедейлерге жәрдем берсе, Пайғамбарларға “алейһимуссалауати уәттаслимат” құрмет көрсеткен болады. Осы он күннің ішінде, кімде-кім бір науқастың көңілін сұрап барса, Хақ та’аланың достары болған пенделерінің хал-жағдайын сұрағандай және зиярат еткендей болады. Осы он күннің ішінде жасалған әрбір ғибадат басқа күндерде жасалған ғибадаттардан әлдеқайда үстем және үлкен сауапқа жетелеуші болады. Осы он күннің ішінде діни ілім үйрену мәжілісінде болған кісі Пайғамбарлардың “алейһисмуссалауату уәттаслимат” жиналысына қатысқандай болады. [Діни ілімді үйрену әйел-еркек әркімге парыз. Ең бірінші міндет – балаларына үйрету.] 76 – Басқа айларда да ораза тұтуды өзіңе әдетке айналдыр! Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деді: «Кімде-кім әр айдың бейсенбі және дүйсенбі күндерінде ораза тұтса, Аллаһу та’ала ол құлға жеті жүз жыл ораза тұтқандай сауап береді.» 77 – Әййам-и бәйд күндерінде шамаң жетсе ораза ұста. [Әййам-и бәйд – хижри айлардың 13-ші,14-ші және 15-ші күндері.] Асхаби кирам (ридуануллаһи та’ала алейһим әжмаин) әр айда ораза тұтатын еді. Хазреті Әли (кәррамаллаһу уәжһәһ) былай риуаят етті: Бір күні Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасына бардым, маған былай деді: «Йа Әли! Жәбірейіл алейһиссалам келіп маған: "Йа Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)! Әр айда ораза тұт!" – деді. Мен: "Йа Жәбірейіл бауырым, қай күндері ораза тұтайын? – деп сұрадым. Жәбірейіл аелйһиссалам жауап ретінде: "Кімде-кім бәйд күні ораза ұстаса, Аллаһу та’ала сол ұстаған оразасының бірінші күніне он жыл, екінші күніне отыз жыл, үшінші күніне жүз жыл ораза тұтқандай сауап береді." – деді.» [Осы атап өтілген ғибадаттарға қайтарымы ретінде уәде етілген осы сансыз сауаптар, бұл ғибадаттардың құндылығына және қадіріне сеніп, құрмет және сеніммен орындағандарға беріледі. Өте қарапайым көрінген бұл ғибадаттар, негізінде, Аллаһу та’аланың әмірлерін орындау және соның себебімен Аллаһу та’алаға жақындау, Оған шынайы құл болу қадіріне сүйенгендіктен, үлкен құндылыққа иеленді. Адамның бір ғибадатына қайтарым ретінде бірге он, бірге жеті жүз, бірге шексіз сауап берілетіндігі Құран кәрімде нақты бекітілген.] Хазреті Әли: «Йа Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)! Неліктен бұл күндер Әййами бәйд (ақ күндер) деп аталды?» – деп сұрады. Оған жауап ретінде былай деді: «Хазреті Адам жәннаттан шыққан кезінде денесі кенет қарайып кетті. Хазреті Жәбірейіл келіп, Адам алейһиссаламға: – Йа Адам! Денеңнің бұрынғыдай ақ болуын қаласаң, әр айдың 13, 14 және 15 күндерінде ораза ұста, – деді. Хазреті Адам осы кеңесті орындап, денесі толығымен бұрынғыдай ақ болды.» Осы үш күн «Әййами бәйд» деп аталды. 78 – Күш-қуатың, шамаң бар кезде ораза ұста! Өйткені, қиямет күнінде ораза әдемі бір кейіпке еніп, Аллаһу та’аланың үндеуін алады, Хақ та'ала оразаға: «Ей ораза, сен кімнен разы болсаң, сол адамдарды алып Жәннатқа кір!» – дейді. Кейін Хақ та’ала: «Ей ораза, менен басқа не тілейсін?» – деп сұрайды. Сонда ораза өзі разы болған кісілеріне әр түрлі құндылық пен жақсылықтарды Хақ та'аладан сұрап алады және осылайша ораза тұтқандар қиямет күнінде үлкен құрметке иеленеді. Осы арада ораза тұтқандар көптеген тозаққа баратын мұсылмандарға шапағат ете алу мүмкіндігіне қауышады. Бұл құндылықтардың ең үстемі ретінде ораза ұстағандар пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көрші болады және Хақ та’аланың дидарын көру абыройына қол жеткізеді. 79 – Ашура күндерінде де ораза ұста! Мухаррамның тоғызыншы, оныншы және он бірінші күндерінде ораза ұстау да өте құнды. Мухаррамның оныншы күнінде жалғыз бір күн ғана ораза ұстауға болмайды. Себебі, тек осы күнде ғана бір күн ораза ұстауға пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тыйым салған. Өйткені, яһудилер осы күнді құрметтеді. Яһудилерге ұқсамау үшін тек оныншы күнде ғана ораза тұтпай, тоғызыншы, оныншы және он бірінші күндердімен қоса бірге тұту керек. Анықтама: Көрініп тұрғанындай, ғибадаттарды яһудилер мен христиандардың ғибадаттарына ұқсатпау керек. Олай болса, ғибадаттарымызды, мешіттерімізді және азанымызды пайғамбарымыздан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) және таза, салих мұсылман болған ата-бабаларымыздан көріп үйренгеніміздей сақтап қалуға тырысуымыз керек. Бұларда аздаған бір өзгеріске де және дін дұшпанының жеңілдету, оңайластыру, жетілдіру деп атап, дінді бұзуына, дінде реформа жасауына мүлдем көз жұмбауымыз және алданбауымыз керек. Дос пен дұшпанды ажырата білуіміз керек! Кімде-кім осы сияқты қасиетті күндерді құрметтеп, бір жетімнің басын сипаса (жақсылық жасаса), Аллаһу та’ала сол жетімнің басындағы шашының саны мөлшерінде ол кісіге ниғмет береді. Сол күндерде бір кедей адамға ас беріп тойдырса, бүкіл мұсылмандарға ас бергендей сый-сияпат пен сауапқа иеленеді. Бір адам қайтыс болғанда немесе әйелімен ажырасқанда, баласы жеті жасқа, ал қызы тоғыз жасқа дейін оларды қорғау, яғни тәрбиелеу хаққы анасына жүктеледі. Аналары қайтыс болса немесе күйеуге шықса, оның әйел туыстарына жүктеледі. Напақаларын беру әрдайым әкесінің мойнында болады. «Фәйзия» –Шәйхул Ислам Файзуллаһ мырзаның пәтуалары. 1115 жылы Эдирнеде шәһид етілді. Анықтама: Ашура күні – оныншы күн деген сөз. Бұл күні ғибадат ретінде осы күнге ғана тән болған әйгілі ашура тәттісін пісіру және тарату бидғат болып табылады, күнә болады. Бұл күні азалы болу да күнә. 80 – Оразаны бұзатын бірнеше амал бар. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деді: «Ғайбат айту, сөз тасу, жалғаннан ант ішу, намахремдерге шәхуетпен қарау сияқты нәрселер [нәпіл] оразаны бұзады.» [Ал парыз оразалардың сауабын жояды.] Ғайбат – әрі Аллаһу та’аланың, әрі адамдардың ақысын жеу болғандықтан жауапкершілікті талап ететін өте үлкен қателік және үлкен күнә. Ғайбат айтқандардың тілі қиямет күні өте қорқынышты көрініс алып, бүкіл жаратылыстың арасында қарабет және масқара болады. Ғайбатқа Құран кәрімде ашық түрде тыйым салынған және өлген бауырының етін жеумен тең екендігі білдірілген. Анықтама: Имам Ғазали (рахметуллаһи алейһ) «Кимийа-и саадәт»кітабында, ораза бөлімінде былай дейді: «Үш түрлі ораза бар: біріншісі, қара халықтың, яғни ижтихад дәрежесіне көтерілмегендердің оразасы. Заманымыздағы барлық ұстаздардың, имамдардың, қарилардың, мүфтилердің, уағызшылардың және барша мұсылмандардың оразасы осы бірінші дәрежеде. Олардың оразасы денеге бір нәрсенің кіруімен, яғни ішіп-жеу немесе ине салу арқылы және жыныстық қатынас арқылы бұзылады. Инемен дәрі еккенде Ханафида да, Шафиида да ораза бұзылады. Надандардың пәтуаларына алданбау керек. Екінші дәреже, хауастың, яғни мүжтәһидтердің оразасы. Олардың оразасы қандай да бір ағзаның күнә істеуімен бұзылады. Мәселен, ғайбат, өтірік, сөз тасу, намахремге (бөтен әйелдерге) қарау сияқты күнәлармен оразалары бұзылады. Кейбір ғалымдар бұл күнәлар қара халықтың да оразасын бұзатындығын білдірген болса да, Ханафи мазһабында бұлар қара халыққа тек мәкрух болып табылады. Имам Ағзам Әбу Ханифа (рахметуллаһи алейһ) [хижри 80 жылы туылып, 150 жылы қайтыс болды. Қабірі Бағдатта] жоғарыдағы хадис шәрифтен «Оразаның сауабын жояды» деген мағына шығарды. Яғни бұлар оразаның өзін емес, үстемдігін бұзады. Үшінші дәреже, Әхассулһауастың оразасы, олардың оразасы жүрекке Аллаһу та’аладан басқа нәрсенің кіруімен бұзылады.» 81 – Біліп қой, Аллаһу та’ала барлық нәрседен бұрын ақылды жаратты. Және оған білім, зеректік, ықылас, дұрыстық, жомарттық, тәуекел, қорқыныш, үміт сияқты қасиеттерді берді. Міне осы ақылмен қадірленген адамдар жаратылу мақсатын, яғни Аллаһу та’аланың ұлылығы мен бірлігін растап, Оның разылығына қауышады. Назиат сүресінің қырықыншы аяти каримасында: «Аллаһу та’аланың құзырынан қорқып, нәпісінің (тыйым салынған) нәфсани қалауларын тыйған адамдардың баратын жері – міндетті түрде Жәннат» – делінген. Аллаһу та’ала ақылдан кейін нәпісті жаратты. Оған надандық, шәхует, ашкөздік, өтірікшілдік, қанағатсыздық, ашушаңдық, зұлымдық, ластық, іріткі салушылық және ширк сияқты төмен сезімдерді берді. Бұдан алдыңғы екі аяти каримада: «Кімде-кім менің бұйрықтарымды ұстанбай, нәпісіне ерсе, баратын жері – тозақ» және«Зұлымдық жасап, тек дүниелік өмірді таңдаған адамның баратын жері – тозақ» – делінген. Осы жағдайға қарай, әркімнің ақылымен ойланып әрекет етуіне тура келеді. Егер ақылымен ойланбай әрекет етсе, нәпісіне ерген болады және соңында баратын орны тозақ болады. Ақылды тастап қоймай, нәпіс пен шәхуетті тыюға тура келеді. Өйткені нәпіс пен шәхует – адамдардың ең үлкен дұшпаны. Ақылы жетіп, терең ойланған адамдар Аллаһу та’алаға иман келтіреді. Ақылға сай әрекет етпей, нәпісіне ергендер әрдайым адасушылықта және Аллаһу та’алаға жетелейтін жолды ешқашан таба алмайды. Ақылы бар болып ойланбайтын және көзі бар болып Хақты көрмейтіндер, құлағы бар болып ақиқатты естімейтіндерге қатысты Хақ та'ала Құран кәрімнің Араф сүресі, 179-шы аятында: «Олар тек төрт аяқты хайуандар сияқты, бәлкім хайуандардан да жаман» деген. Өзі мұсылманның перзенті бола тұра, үнемі нәпісінің қалауының соңынан жүгіріп жүргендер де осындай. Олардың тек аты ғана мұсылман. |