Жафәр Садық
Жафәр Садық хазреттері Әһли бәйттен болып, он екі имамның алтыншысы, Силсилә-и алийаның төртіншісі. Әкесі Мұхаммед Бақыр, әкесінің әкесі – хазреті Әли. Ілім мен үстемдікте заманының ең жетігі болды. Діни білімдерде болғанындай, заманының бүкіл пән ғылымдарында да ғалым еді. Жетілдірген шәкірттері алгебра және химия ғылымдарында әр түрлі жаңалықтар ашқан, осы ғылымдардың негізгі жүйелігін құрған. Физика және химия ғылымдарының негізі болған зат және соған қатысты білімі өте жоғары еді. Химияның атасы саналатын Жәбир де Жафәр Садық хазреттерінің шәкірті еді. Имам Жафәр Садықтың әйгілі шәкірті болған Имам Ағзам Әбу Ханифа Жафәр Садықтың сұхбатына екі жыл бойы қатысып, сол жасырын және ашық марифет қайнарынан білім және әулиелік жолында көп пайдаланды. Имам Ағзам оның алдында қол жеткізген жоғары мәртебелерді айтып беру үшін «Сол екі жыл болмағанда, Нуман құрып кетер еді» деді. Шынайы Ислам ғалымдары дінімізді мүлдем өзгертпестен осы күнге дейін жеткізді. Бұл ғалымдардан иман білімдерін үйрететіндерге «Мутәкәллимин», ғибадаттардың қалай орындалатынын үйрететіндерге «Фукаха», көңілмен орындалу және сақтану керек болған нәрселерді үйрететін ғылымға «Тасаууф» және осы ғылымның ғалымдарына «Мутасаууифун» деп аталады. Міне имам Жафәр хазреттері осы үшінші ғылымды үйретті. Заманның патшасы бір түні уәзіріне: «Дереу бар, имам Жафәрді осында алып кел, оны өлтіремін» деді. Уәзір патшаны бұл ойынан бас тартуы үшін қанша тырысса да, көндіре алмады. Шарасыздықтан шақыруға кетті. Патша баскесерлеріне бұйрық берді: «Имам Жафәр ішке кіргенде мен басымнан қалпағымды шешкен кезімде басын шабыңдар!» деді. Біраз уақыттан кейін имам Жафәр Садық хазреттері ішке кірді. Патша оны көрген кезде дереу орнынан тұрды. Өте кішіпейіл және қарапайым түрде оны қарсы алды. Өз тағына отырғызды, әдеппен алдында тізерлеп отырды. Баскесерлер сасып қалды. Патша хазреті имамға «Мырзам, менен қалауыңыз бар болса, бұйырыңыз, тез арада орындайын» деді. Сонда патшаға «Олай болса, өтінемін, мені ендігәрі шақырып, ғибадатымды бөлме» деп жауаптап, кетпекші болып орнынан тұрды. Патша құрметпен, қошеметпен оны шығарып салды. Кеткеннен кейін денесі дірілдеп, есінен талып құлады. Есін жиғаннан кейін уәзірі «Не болды сізге?» деп сұрады. Сонда патша «Ол ішке кірген кезде қасында бір арыстан көрдім. Маған "Оны ренжітсең, сені бөлшектеп тастаймын" дегендей болды. Не істерімді білмей, сасып қалдым» деп жауап берді. Оның құнды насихаттарынан: «Мына адамдармен бірге болудан сақ болыңдар: 1) Өтірікшіден. 2) Сараңнан. 3) Ақымақтан. Өйткені ең қажетті уақытта сені тастап кетеді. 4) Пасықтан, яғни күнә істеуге ұялмайтын адамнан!» «Бір қателік істеген кездеріңде истиғфар етіңдер, қателікте табандылық таныту құрып кетушілікке себеп. Бір адам күнкөріс қиыншылығын шегіп жүрген болса, истиғфар айтып жүрсін.» «Бәле-жалаға шүкір етпеген адам ниғметке де шүкір ете алмайды.» «Садақа беру арқылы ризықтарыңды көбейтіңдер. Зекет беру арқылы мал-мүліктеріңді қорғаңдар. Үнемдеуге мән берген адам қиыншылық көрмейді. Мұқият, ретті өмір сүру күнкөрістің жартысы. Адамдармен жақсы тұру ақылдың жартысы. Дертті кезде сабырсыз болған адам сауабынан мақрұм қалады.» «Мына төрт нәрсенің азы да көп болып саналады: От, дұшпан, кедейлік, ауру.» «Мына үш қасиет мұсылманды қадірлі етеді: Зұлымдық жасаған адамды кешіру, ештеңе бермеген адамға жақсылық жасау және өзін іздемейтін адамды іздеп, сұрастыру.» |