29 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     1 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Иман және Ислам" кітабы / Пайғамбарлар, діндер, кітаптар

Пайғамбарлар, діндер, кітаптар

-2-

ПАЙҒАМБАРЛАР, ДІНДЕР, КІТАПТАР

Аллаһу та’ала адамды жаратқан кезде оған «Ақыл» мен «Ойлау қабілетін» берді. Ислам ғалымдарының (рахимә-һумуллаһу та’ала) адамды «Хайуани натиқ», яғни ойлана алатын жаратылыс деп атауы және Декарттың «Ойланамын, демек мен бармын» деген философиясы мұның айқын көрінісі болып табылады.

Адамның басқа махлұқтардан ең үлкен айырмашылығы – денемен қоса рухының бар болуы, ойлай алуы, барлық құбылыстарды ақылмен өлшей алуы, ақылмен шешім қабылдауы және осы шешімді жүзеге асыра алуы, жақсылық пен жамандықты ажырата білуі, қате істегенін түсіне алуы және бұған өкінуі және осыған ұқсас үстемдіктері. Алайда, адам өзіне берілген осы қасиеттерді өз бетінше, ешқандай жол көрсетушісіз қолдана алады ма? Өз бетінше тура жолды тауып, Аллаһу та’аланы тани алады ма?

Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, Аллаһу та’аланың жіберген жол көрсетушісі болмастан адамдар өз беттерімен жүрген кездерінде үнемі қате жолдарға түсіп, адасқандарын көреміз. Адам өзін жаратқан ұлы құдірет иесінің бар екенін ақылы арқылы түсінді. Бірақ, оған баратын жолды таба алмады. Пайғамбарларды естімегендер жаратушыны әуелі өз айналасынан іздеді. Өздеріне ең үлкен пайдасы тиген күнді жаратушы деп санап, оған табына бастады. Кейін үлкен табиғат күштерін, желді, отты, тасыған теңізді, жанартауларды және т.б. көріп, бұларды жаратушының өкілдері деп санады. Олардың әрбіріне «Бейне, белгі» жасауға тырысты. Осыдан пұттар туындады. Осылайша әр түрлі пұттар пайда болды. Олардың ашуынан қорқып, оларға құрбандық шалды. Тіпті, адамдарды да пұттарға арнап құрбандыққа шалды. Әр жаңа құбылысқа орай пұттардың саны да көбейе берді. Ислам діні келген кезде Қағбада 360 пұт бар еді. Қысқасы, адам «БІР» және әзәли, әбәди болған Аллаһу та’аланы өз бетінше еш тани алмады. Қазіргі таңда да күн мен отқа табынатындар бар. Оларға таң қалмау керек. Өйткені, жол көрсетушісіз қараңғылықта дұрыс жолды табу мүмкін емес. Құран кәрімде Исра сүресінің 15-ші аятында: «Біз пайғамбарлар жіберіп білдіруден бұрын азаптаушы емеспіз» делінген.

Аллаһу та’ала құлдарына берген ақыл мен ойлау қабілетін қалай қолданатынын оларға үйрету, өзінің бір екенін оларға таныту және жақсы амалдарды жаман, зиянды істерден ажырату үшін дүниеге пайғамбарлар (алейһимуссалам) жіберді. Пайғамбарлар адамгершілік сипаттарында біз сияқты адамдар. Олар да ішіп-жейді, ұйықтайды, шаршайды. Бізден айырмашылығы - зейін және пайымдау қабілетінің өте жоғары болуы, тап-таза ахлақты және Аллаһу та’аланың бұйрықтарын бізге уағыздайтын күшке ие болуы. Аллаһу та’аланың әмірлері мен тыйымдарына «Дін» делінеді. Мұхаммед алейһиссалам білдірген дінге «Ислам» делінеді. Пайғамбарлар – ең үлкен жол көрсетушілер. Ислам дінін уағыздаған, ең соңғы және ең үстем пайғамбар – Мұхаммед алейһиссалам. Аллаһу та’аланың жіберген кітабы – «Құран кәрім». Төменде Ислам діні жайында баяндалғанда бұл жайлы көбірек мәлімет беріледі. Мұхаммед алейһиссаламның дұрыс жолды көрсететін мүбәрәк сөздеріне «Хадис шәриф» делінеді. Олар әр түрлі құнды кітаптарға жазылған. Құран кәрім мен хадис шәрифтерді бізге түсіндірген үлкен дін ғалымдары да бар. «Ондай ғалымдардың қажеті бар ма? Адам жақсы мұсылман болу үшін Ислам дінінің кітабы болған Құран кәрімді оқып, хадис шәрифтерді зерттеу арқылы тура жолды таба алмайды ма?» дейтіндер, бұл ғұламаларды құрметтемейтін, қадірін білмейтіндер де бар. Алайда, бұл үлкен қателік. Өйткені, дін негіздері жайында ешқандай білімі болмаған адам жол көрсетушісіз Құран кәрім мен хадис шәрифтердің терең мағыналарын түсіне алмайды. Мысалы, ең жетік спортшының өзі биік тауға шығарда өзіне бір жол көрсетуші іздейді. Үлкен фабрикада инженерлердің жанында ұсталар, шеберлер бар. Осындай фабрикаға алғаш рет келген жұмысшы әуелі ұсталардан, кейін шеберлерден жұмыстың егжей-тегжейлігін үйренеді. Бұларды үйренбей тұрып тікелей маман-инженерге қосылатын болса, оның сөздерінен, есептерінен ештеңе түсінбейді.

Қару-жарақты өте жақсы қолдана алатын адамның өзі оған берілген жаңа бір қарудың қалай қолданылатындығы үйретілмегенше оны дұрыс қолдана алмайды. Осы себептен де дін және иман істерінде Құран кәрім мен хадис шәрифтердің мағыналарын түсіне алу үшін «Мүршид-и кәміл» деп аталатын ұлы дін ғалымдарының еңбектерін пайдалануымыз керек. Ислам дініндегі мүршид-и кәмілдердің ең үстемдері – төрт мазһабтың имамдары. Олар: имам Ағзам Әбу Ханифа, имам Шафии, имам Малик және Имам Ахмед бин Ханбал (рахметуллаһи алейһим әжмаин). Бұл төрт имам – Ислам дінінің төрт негізгі тірегі. Құран кәрім мен хадис шәрифтердің мағыналарын дұрыс үйрену үшін олардың бірінің кітабын оқу керек. Олардың әрбірінің кітаптарын түсіндірген мыңдаған ғалымдар келген. Осы түсіндірмелерді оқыған адам Ислам дінін дұрыс үйренеді. Бұл кітаптардың барлығындағы иман білімдері бірдей. Осы дұрыс иман «Әһли сүннет» итиқады (сенімі) деп аталады. Кейіннен ойдан шығарылған, бұларға сай келмейтін қате, адасқан сенім жолдарына «Бидғат» және «Адасушылық» жолдары делінеді. Адам алейһиссаламнан бері бүкіл пайғамбарлар шақырған діндерде бірдей болған негіз – иман негіздері. Аллаһу та’ала иман білімдерінде айырмашылық қаламаған. Құран кәрімде, Әнам сүресінің 159-шы аятында сүйікті пайғамбарына (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Дінде топ-топ болып бөлінгендермен сенің ешқандай қатысың бола алмайды. Олардың жазаларын Аллаһу та’ала береді» делінген.

Көзі ауырған адам кімге барады? Күзетшіге ме, адвокатқа ма, математика пәнінің оқытушысына ма, әлде көз ауруларының маманы болған дәрігерге ме? Әлбетте, көз дәрігеріне барып емделеді. Дінін, иманын құтқарудың амалын іздеген адам да адвокатқа, математикке, газетке, киноға емес, дін маманына баруы керек.

Дін ғалымы болу үшін заманының жаратылыстану ғылымдарын жақсы білу, пән және әдебиет факультеттерінен диплом алу, одан бөлек докторантурасы, мамандығы (квалификациясы) болу, Құран кәрімді және мағыналарын жатқа білу, мыңдаған хадис шәриф және мағыналарын жатқа білу, Исламның жиырма негізгі ғылымында маман болу және бұлардың салалары болған сексен ғылымды жақсы білу, бұл ғылымдарда ижтиһад дәрежесіне көтерілу, төрт мазһабтың ерекшеліктерін ұғыну, тасаууфтың ең жоғары дәрежесі болған «Уилаяти хасса-и Мухаммадийа» деп аталатын кәмілдікке жеткен болу қажет.

Өзінің ауруын және жүрегіндегі аурудың емін білмейтін сауатсыз адамдардың хадис шәрифтерден өзіне керектілерін таңдап алуы мүмкін емес дерлік. Ислам ғалымдары жүректің (көңілдің), рухтың мамандары ретінде әр адамның құрылымына қарай рух дауаларын хадис шәрифтердің арасынан таңдап айтқан және жазған. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бүкіл әлемдік дәріханасына жүз мыңдаған дәрі дайындаған бас дәрігер, ал әулиелер мен ғалымдар осы дайын дәрілерді науқастардың дерттеріне қарай таратқан, қол астындағы көмекші дәрігерлері сияқты. Ауруымызды білмегеніміз, дәрілерді танымағанымыз үшін жүз мыңдаған хадис шәрифтің арасынан өзімізге дәрі іздеуге кірісетін болсақ, «Аллергия» – кері әсер туындап, сауатсыздығымыздың жазасын шегіп, пайда орнына зиянын көреміз. Сондықтан хадис шәрифте: «Құран кәрімнен өз ақылымен, өз көзқарасымен және өз білімімен мағына шығарған [дін ұлыларының пайғамбарымыздан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) және асхаби кирамнан (радиаллаһу та’ала анһум әжмаин) алып жасаған тәфсирлеріне қайшы тәфсир жазған] адам кәпір болады» делінген. Мазһабсыздар бұл мәселені түсіне алмағандықтан, «Әр адам Құран мен хадис оқу керек, дінін осылардан өзі түсінуі қажет, мазһаб кітаптарын оқымау керек» деп, Әһли сүннет ғалымдарының (рахимә-һумуллаһу та’ала) кітаптарының оқылуына тыйым салуда. Бұл кітаптардағы мәліметтерге «Аллаһу та’алаға сенбеу, Оған серік қосу болып табылады» деп айтуға дейін барып адасуда. Осылайша, адамдардың Ислам дінінің толық негіздерін үйренулеріне тосқауыл болып, пайданың орнына зияндарын тигізуде.

Енді діндер туралы айтайық. Қазіргі таңда әлемде Аллаһу та’аланың бар екенін білдіретін үш сәмәуи дін бар.

1 – Яһуди діні: Яһуди діні – Ислам дінінің келуімен нәсһ етілген (үкімдері жойылған), Исраил ұлдарынан Мұса алейһиссаламға иман келтіргендердің және олардан тарап, заманымызға дейін жетіп келген адамдардың діні. Ибраһим алейһиссаламның баласы Исхақ алейһиссалам, ал оның баласы Яқуб алейһиссалам. Хазреті Яқубтың тағы бір есімі – Исраил. Исраил – Абдуллаһ деген сөз, Аллаһтың құлы деген мағынаны білдіреді. Осы себептен Яқуб алейһиссаламның он екі ұлынан тараған адамдарға «Бәни Исраил» (Исраил ұлдары) делінеді. Мұса алейһиссалам үлкен пайғамбар еді, Бәни Исраилге жіберілген. Бәни Исраил Мысырда көбейді. Діндерін берік ұстанып, ғибадат ететін еді. Бірақ, (Перғауындардан) зұлымдық пен қорлық көретін еді. Бір риуаят бойынша Мұса алейһиссалам Иса алейһиссаламнан 1705 жыл бұрын Мысырда туылған. Қырық жасына дейін перғауынның сарайында өмір сүрді. Кейіннен туыстарымен табысып, Мәдинаға барды. Шуаиб алейһиссаламның қызына үйленді. Мысырға қайту үшін жолға шықты. Жолда Тур тауында Аллаһу та’аламен сөйлесті. Аллаһу та’ала Оған «Он әмір» берді. Мұса алейһиссалам «Әуамир-и Ашәрә» деп аталатын сол он бұйрықты халыққа уағыздады. Мұса алейһиссалам Бәни Исраилді Мысырдан шығарды. Тур тауында Аллаһу та’аламен тағы сөйлесті. Оларға тек бір Аллаһқа ғана иман келтірудің қажет екенін білдірді. Аллаһу та’ала жіберген «Таурат» атты кітапты оларға әкелді. Бірақ, оларды өздеріне уәде етілген жерге апара алмады. Б.з.б. 1625 жылы қайтыс болғандығы болжамдалуда. Бәни Исраил Оның осы жалғыз тәңірге шақыруын еш ұғына алмады. Б.з.б. Асури мемлекеті екі рет және б.з. 135 жылы Рим императоры Андриян Құдысты (Иерусалим) басып алып, яһудилердің көбін қырып-жойды. Тауратты өртеді. Таурат ұмытылды. Яһудилер уақыт өте бұзылды, жетпіс бір топқа бөлінді. Тауратты өзгертті. «Талмут» деген дін кітабын жазды, бұл кітап «Мишна» және «Гамара» деген екі бөлімнен тұрады. «Мизан-ул-мәуазин» кітабы яһудилер мен христиандардың қолдарындағы Таурат пен Інжіл деген кітаптардың Аллаһтың сөзі емес екенін дәлелдеуде. Кітап парсы тілінде жазылған. 257-ші бетінде жазылған: «Яһуди сенімі бойынша, Аллаһу та’ала  Мұса алейһиссаламға Тур тауында Таурат кітабын бергені сияқты, кейбір ілімдерді де аян берген. Мұса бұл ілімдерді Харунға, Юшаға және Әлиазарға үйретті. Олар да кейіннен келген пайғамбарларға және соңында қасиетті Яхудаға үйреткен. Ол болса милади ІІ-ғасырда осы ілімдерді қырық жылда бір кітап күйінде жинақтаған. Бұл кітап «Мишна» деп аталған. Милади ІІІ-ғасырда Құдыста және VІ ғасырда Вавилонда Мишнаға бір-бірден түсіндірмелер жазылған. Бұл түсіндірмелер «Гамара» деп аталған. Мишна мен екі Гамараның бірін бір кітап күйіне келтіріп, бұл кітапты «Талмут» деп атаған. Құдыс Гамарасынан құралған Талмутқа «Құдыс Талмуты», Вавилон Гамарасынан құралғанына «Вавилон Талмуты» деп атаған. Христиандар бұл үш кітапқа дұшпан. Бұл дұшпандықтарының себептерінен бірі – Иса алейһиссаламды асу үшін дайындаған крестті көтерген және крестке керу оқиғасына қатысқан Шемун, Мишнаны риуаят етушілердің арасында деп санайды. Талмутта мұсылмандар сенетін нәрселер де бар болғандықтан, христиандар мұсылмандарға осы тұрғыдан да қарсы шығады.» Яһудилер өз дін адамдарын «Хахам» (Раввин) деп атайды. Талмутты Таураттай оқиды. Әлиазар – Шуаиб алейһиссаламның баласы.

2 – Христиан діні:Иса алейһиссалам – хазіреті Мəриям есімді бойдаққыздан туылған біз сияқты адам. Құран кəрімде бұл мəселе айқын білдірілген жəне Рухул Қудус (қасиетті рух) жайында айтылған. Бірақ, мұның мағынасы, христиандар ойлағандай, Иса алейһиссалам Аллаһтың баласы деген сөз емес. Рухул Қудус (қасиетті рух) ұғымы – Аллаһу та’аланың Иса алейһиссаламға «Жоғары құтқарушы құдіретінен» бергенінің белгісі. Иса алейһиссалам яһудилерге қате жолда (адасуда) екендіктерін, тура жолдың өзі көрсеткен жол екендігін білдіруге тырысты. Алайда, яһудилер күткен құтқарушыларының өте қуатты, айбатты, дөрекі, ұстағанын қирататын, яһудилерді басқа ұлттарға құл болудан құтқаратын тұлға болуын күткен еді. Иса алейһиссаламға сенбеді. Оны жалған пайғамбар санап, римдықтарға хабарлап, оған қарсы шықты. Өз сенімдері бойынша оны крестке керді. [Ислам діні негізінде крестке керілген адамның Иса алейһиссалам емес екендігін, оны аздаған ақшаға римдықтарға сатқан Асхарют Яһуданың (Judas) крестке керілгендігін білдіруде.] Қазіргі таңда христиан тарихшылары жасаған зерттеулер Иса алейһиссаламның крестте өлмегендігін көрсетуде. Джон Ребан есімді адам осы жайында 1978 жылы өте көп сатылған бір кітап жариялаған еді. Бұл зерттеулер қандай нәтиже беретіндігі беймәлім. Бірақ қазірдің өзінде христиандардың Иса алейһиссаламның «Крестте жан тапсыру және тәңір Əкенің жалғыз ұлын күнəхарлар үшін пида ету» аңызының тамырына балта шабуда. Осылайша, христиан тарихшылары осы күнде шіркеулерге үлкен төңкеріс түсіруде. Яһудилер қысқа уақытта шынайы Мәсихтің келетінін күтіп жүрген еді. Бірақ, бүгінде танымал болған Мұсауи тарихшыларының бірі «2000 жыл күтсек те, әлі құтқарушы келмеді. Иса алейһиссалам шынымен де мәсих болса керек. Біз оның қадірін білмедік, бізге құтқарушы ретінде келген осы ұлы пайғамбарды крестке кергіздік» деген.

Иса алейһиссаламға «Інжіл» атты кітап түсірілді. Бірақ, яһудилер бұл кітапты сексен жыл ішінде жойып жіберді. Кейіннен шығарылған, христиандар Аллаһу та’ала тарапынан жіберілгеніне сенетін «Китаби муқаддас» (Қасиетті кітап) екі бөлімнен тұрады: Біріншісі, «Ахд-и Атиқ», Ескі өсиет (Old testsment), сол заманға дейін келген пайғамбарлардың, әсіресе Мұса алейһиссаламның дінге шақыруынан тұратынына сеніледі. Екіншісі, «Ахд-и Жәдид», Жаңа өсиет (New Testsment), Иса алейһиссаламға сенетіндерден Матта (Matthew), Марк (Mark), Лука (Luke) және хауари Жохан (Jahn) жазған кітаптар болып, Иса алейһиссаламның өмірінен, жасаған амалдарынан және айтқан насихаттарынан тұрады. Інжілде Құран кәрімнің құрылымында көрсетілген үлкен мұқияттылық көрсетілмеген. Шынайы мәліметтерге көптеген қате түсініктер, аңыздар, ырымдар енгізілген. 1303 [м.1885] жылы қайтыс болған манастырлық мұғалім қажы Абдуллаһ Абди бектің араб тіліндегі «Рисала-и самсамийа» және түрік тіліндегі «Изах-ул мәрам» жарыққа шыққан кітаптарында Інжілдерге қатысты кеңірек мәліметтер бар. Алайда, шынайы Інжілге өте жақын болған Інжілдердің бар екендігі қазіргі кезде мәлім болуда.

Олардың ең маңыздысы БАРНАБАС Інжілі. Барнабас – Кипрде дүниеге келген бір яһуди болып, шын есімі Жозеф еді. Ол Иса алейһиссаламға сенетіндердің алғашқы қатарында жəне хауарилердің арасында маңызды орын алады. Оған тағылған БАРНАБАС лақабы насихат беруші, жақсылыққа шақырушы деген мағыналарды береді. Христиан əлемі Барнабасты Павлоспен (Saint Paul) бірге христиан дінін жаюға кеткен қасиетті адам деп таниды жəне әр жылы 11 маусым күні пасхасын атап өтеді. Барнабас Иса алейһиссаламнан естіген және үйренген мәселелерді ешбір өзгеріске ұшыратпастан сақтап отырған. Бұл Інжіл христиандықтың алғашқы үш жүз жылында басқа Інжілдермен бірге қолдан-қолға өтіп оқылған. 325 жылы Изник «Nicene» рухани мəжілісі ибрани тілінде жазылған барлық Інжілдерді жоюға шешім қабылдаған кезде, Барнабас Інжілі де жойылған. Өйткені, төрт Інжілден басқа Інжілді оқыған жəне сақтаған адамдарды өлтіруге бұйрық шыққан еді. Қалған Інжілдер латын тіліне аударылған, бірақ Барнабас Інжілі кенеттен жоғалып кетті. Тек 383 жылы папа Дамасус қолына кездейсоқ түскен Барнабас Інжілінің қалған бір нұсқасын папалық кітапханасында сақтаған. 993 [м.1585] жылына дейін сол жерде тұрған Барнабас Інжілін папа Сикстаның (Sextus) досы Фра Марино (Фра сөзі итальян тілінде «еркек бауыр» жəне «пірəдар» мағынасына келеді) кітапханадан тауып алып, оны көп зерттеген. Өйткені, атақты христиан дінбасы ИРАНЕУС (130-200) шамамен 160 жылы «Аллаһтың бір екенін, Исаның Аллаһтың баласы еместігін» айтып, «Павлос римдықтардың көп тəңірге табыну əдетінен келген үштік, яғни үш құдайға табыну қате сенімін христиан сеніміне қосқысы келген» деп, Павлосты сынға алып, Аллаһу та'аланың бір екенін көрсететін Барнабас Інжілін дәлел ретінде көрсеткен еді. Мұны білген Фра Марино Барнабас Інжілін мұқият оқып, шамамен 1585-1590 жылдары аралығында итальян тіліне аударған. Осы итальянша қолжазба көптеген адамдардың иелігінде болғаннан кейін Пруссия королінің кеңесшісі Кремердің қолына тиеді. Кремер 1120 [м.1713] жылы осы құнды қолжазбаны түріктерді Зентада жеңгені жəне олардан Мажарстан мен Белград қамалын қайтарып алғаны үшін Еуропада үлкен абырой тапқан принц Юган де Савойға (Eugene de Savoie) (1663-1736) сыйлаған. Принц Юган өлгеннен кейін Барнабас Інжілі оның жеке кітапханасымен бірге 1738 жылы Венадағы королдік кітапханасына (Hofbibliothek) өткізілген.

Алғаш рет бұл кітапханадан Барнабас Інжілінің итальян тіліндегі аудармасын тапқан ерлі-зайыпты Рогтар (Ragg) оны ағылшын тіліне аударған және бұл ағылшынша аудармасы 1325 м.1907] жылы Оксфордта басылған. Бірақ, бұл аударма да жұмбақ түрде жоғалып кеткен. Бұл аударманың бір нұсқасы «Британиялық мұражайда» (British museum), бір нұсқасы да Вашингтонда Америка конгресі кітапханасында сақталуда. Пакистанның Құран кəрім қоғамы «Qoran Council» ағылшынша нұсқасын 1973 жылы қайтадан басып шығарды. Төмендегі үзінділер осы кітаптан алынған.

Барнабас Інжілінің 70-бабында: «Иса өзіне "Сен Аллаһтың ұлысың" деген Петрусқа қатты ашуланды. Оған ұрсты. "Кет, жоғал, менен аулақ жүр! Сен шайтансың, маған жамандық істемекшісің" деді. Одан кейін хауарилеріне қарап "Маған осылай айтқандарға обал болсын! Өйткені, Аллаһ маған оларды лағнет ету бұйрығын берді" деді» делінген.

Жетпіс бірінші бабында: «Мен ешкімнің күнəсін кешіре алмаймын. Тек Аллаһ қана күнəларды кешіреді» делінген.

Ал жетпіс екінші бабында: «"Мен бұл дүниеге Хақ та’аланың дүниеге саламат əкелетін Расулының жолын дайындау үшін келдім. Бірақ, сендер мұқият болыңдар! Ол келгенге дейін алданып қалмаңдар. Өйткені, менің сөздерімді алып, менің Інжілімді бұзатын көптеген жалған пайғамбарлар шығады" деді. Сол кезде Андреастың «Келетінін хабарлаған осы Расулың туралы бізге біраз белгілерін айтып бер, Оны таниық» деген сұрағына "Бұл Расул сендердің дəуірлеріңде келмейді. Сендерден бірнеше жылдан кейін менің Інжілім өзгертілетін жəне шынайы сенгендер шамамен 30 адамдай қалатын заманда келеді. Міне, осы кезде Хақ та’ала адамдарға аяушылық танытып, елшісін жібереді. Оның басының үстінде əрдайым ақ бұлт жүреді. Ол өте құдіретті болады, пұттарды қиратады, пұтқа табынушыларды жазалайды. Оның арқасында адамдар Аллаһты таниды және Оны құрметтейді. Мен де шын мәніндегідей таныламын. Менің адамнан басқа біреу екендігімді айтушылардан кек алады" деп жауаптады» делінген.

Тоқсан алтыншы бабында болса: «Рухымның құзырындағы Аллаһ хайй, тірі. Аллаһу та’ала әкеміз Ибраһимге: «Сенің нəсіліңнен шыққан барлық адамдарды ниғметіме бөлеймін» деген уəде берген болса да, ол Мəсих [Расул] мен емеспін. Аллаһу та’ала мені дүниеден алып кеткен кезде шайтан баршаға менің құдай немесе Аллаһтың баласы екендігіме сендіреді. Осы лағнетті фитнаны (бүлікті) жаңадан шығарады. Сөздерім мен сенімім өзгеріп бұзылатыны соншалық, отыз шақты иманды қалады ма, қалмайды ма, беймәлім. Осыған орай Аллаһу та’ала адамдарға мейірім етіп, барлық нəрсені Ол үшін жаратқан Расулын жібереді. Бұл Расул оңтүстіктен келеді. Үлкен құдіретке ие болады. Пұттарды қиратады, пұтқа табынушыларды жояды, шайтанның адамдарға билігін тоқтатады. Онымен бірге Аллаһу та'аланың саламаты да сенген адамдарға жетеді және оның сөздеріне сенгендер Аллаһу та'ала түрлі-түрлі ниғметтеріне қол жеткізеді» делінеді.

Ал тоқсан жетінші бабында: «Сен айтқан Мəсихіңнің аты кім жəне Оның келуінің белгілері қандай? – деп сұраған көріпкелге Иса былай жауаптады: Мəсихтің (Расулдың) есімі таңдануға тұрарлықтай әдемі. Аллаһу та’ала Оның рухын жаратқан кезде Оған осы есімді берді жəне Оны көктегі əсемдіктің ішіне қойып: Күт, ей, Ахмед! Сен құрметің үшін мен жәннатты, əлемді жəне көптеген махлұқты жараттым. Оларды саған сыйлаймын. Сені қадірлегендер менен қадір көреді. Сені лағнеттегендер (балағаттағандар) менің тарапымнан лағнеттеледі. Мен сені əлемге құтқарушы Расулым ретінде жіберемін. Сенің сөзің тек ақиқат болады. Жер мен көк жойылуы мүмкін. Бірақ сенің жолың әрдайым мəңгі сақталады, – деді. Оның қасиетті есімі – Ахмед. Осыған орай Исаның айналасына жиналған халық жоғары дауыспен: Ей, Ахмед! Əлемді құтқару үшін тез кел! – деп айқайлады» деп жазылған.

Жүз жиырма сегізінші бабында: «Бауырларым! Мен топырақтан жаратылған бір адаммын. Сендер сияқты жер басып жүремін. Күнəларыңды біліңдер, тəубе  етіңдер! Бауырларым! Шайтан римдық əскердің көмегімен сендерге менің құдай болғанымды айтып, сендерді алдайды. Олардың жасанды жəне жалған тəңірлеріне құлшылық жасау арқылы Аллаһтың қарғысына ұшырайтынын көріп, оларға сенбеңдер» делінген.

Жүз отыз алтыншы бабында тозақ жайлы түсіндірме берілгеннен кейін, Мұхаммед алейһиссаламның өз үмбетін тозақтан қалай құтқаратындығы баяндалған.

Ал жүз алпыс үшінші бабында: «Хауарилердің "Келетінін айтқан адамың кім болады?" деген сұрағына Иса алейһиссалам жүрегінде бүкіл қуанышымен: Оның есімі – Ахмед. Ол келген кезде ұзақ уақыт бойы жауын жаумаған болса да, жерде жеміс ағаштары өсіп шығады. Ол əкелген Аллаһтың мейірімі арқасында адамдар оның заманында жақсы, ізгі амалдар жасауға мүмкіндік табады. Аллаһтың мейірімі адамдардың үстіне жаңбырдай жауады, – деді» деп жазылған.

Иса алейһиссаламның соңғы күндері жайында Барнабас Інжілі мынадай мəлімет беруде: [215-222 бабтар] «Рим əскерлері Иса алейһиссаламды ұстау үшін үйдің ішіне кірген кезде төрт ұлы періште Жəбірейіл, Исрафил, Микаил жəне Əзірейіл Аллаһу та’аланың əмірімен Оны құшақтап терезеден шығарып көкке көтерді. Рим əскерлері өздеріне жол көрсетіп келген Яһуданы (Иуда, Judas) "Сен Исасың!" деп ұстап алды. Оның барлық қарсылығына, айқайлағанына, жалбарынғанына қарамай, сүйреп алдын ала дайындалған крестке апарып керді. Кейіннен Иса алейһиссалам анасына және хауарилеріне көрінді. Мəриямға: "Ана, көріп тұрсың, мен керілмедім. Менің орныма сатқын Яһуда крестке керілді және өлді. Шайтаннан сақтаныңдар! Өйткені, ол әлемді қате мәліметпен алдау үшін бәрін істейді. Көрген, естіген нəрселерің үшін сендерді куəгер қылып жатырмын" деді. Одан кейін сенгендерді қорғауы жəне күнəхарлардың өкінуі үшін Аллаһу та’алаға дұға етті. Шəкіріттеріне қарап: "Аллаһу та’аланың ниғметі мен мейірімі сендермен болсын" деді. Содан соң төрт періште оны шəкірттері мен анасының көз алдында қайтадан аспанға алып кетті.»

Аңғарылғанындай, Барнабас Інжілі соңғы пайғамбар Мұхаммед алейһиссаламның келетіндігін одан 600 немесе 1000 жыл бұрын білдіруде. Аллаһу та’аланың бір екендігін мәлімдеп, үш құдай сенімін өтірікке шығаруда.

Еуропа энциклопедияларында Барнабас Інжілі туралы мынадай мәлімет бар: «Барнабас Інжілі деп аталатын қолжазба 15-ші ғасырда Ислам дінін қабылдаған бір итальян тарапынан жазылған, ойдан шығарылған кітап.»

Бұл мәлімдеме толығымен жалған. Барнабас Інжілі әлі үшінші ғасырда, яғни Мұхаммед алейһиссаламның келуінен 300 [дұрысы 700] жыл бұрын шіркеуде діннен шығарылып, жойылған. Демек, сол заманда ішінде фанатик христиандарға ұнамайтын, яғни Аллаһу Та’аланың БІР екендігін, Иса алейһиссаламнан басқа пайғамбардың келетінін мәлімдейтін сөздер бар еді. Сондықтан, әлі Ислам діні келмей тұрып мұсылман болуы мүмкін болмаған адам тарапынан жазылуы мүмкін емес. Ал итальян тіліне аударған Фра Марино католик поп болған, оның мұсылмандықты қабыл еткеніне қатысты қолымызда ешқандай дәлел жоқ. Аударманы өзгертуіне еш себеб жоқ. Ұмытпау керек болғаны, көп уақыт бұрын, яғни милади жыл санағының 300-ші және 325-ші жылдар аралығында көптеген христиан дін адамдары Иса алейһиссаламның Аллаһтың баласы екендігін қабылдамаған және Оның біз сияқты адам екенін дəлелдеу үшін Барнабас Інжілін көрсеткен. Олардың ең маңыздысы – Антиохия епископы Лучиан. Бірақ одан да танымалы, оның шəкіріті болған АРИУС (270-336). Ариус – Александрия епископы, кейіннен Стамбул патриархы болған АЛЕКСАНДРИУС тарапынан діннен шығарылып, шіркеуден қуылған. Осыған орай Ариус, досы, Измит епископы Еусбиустың қасына барды. Ариустың тарапында жақтастардың көп жиналғаны соншалық, тіпті Византия императоры Константин мен қыз бауыры да ол құрған Ариандар тобына (сектасына) кірген еді. Одан кейін тек Мұхаммед алейһиссалам кезеңінде папа болған ГОНОРИЙ (Honorius) ғана Иса алейһиссаламның жай адам болғандығын жəне үш тəңірге сенудің дұрыс еместігін мәлімдеген. [630-шы жылы қайтыс болған папа Гонорий өлімінен 48 жыл өткеннен кейін 678 жылы Стамбұлда жиналған Рухани Мəжіліс тарапынан ресми түрде лағнеттелген.] «Anathematised», 1547 жылы сицилиялық монах КАМИЛЛО-ның ықпалында болған Л.Ф.М СОЗЗИНИ христиандардың ең үлкен дін адамдарынан жəне Келвинизмнің құрушысы болған француз Жан КЕЛВИН-ге (1509-1564) қарата «Мен үш тəңірге сенбеймін» деп, Ариустың жолын таңдағанын мәлімдеген және христиандықтың маңызды сенімі болған "Адам алейһиссаламның үлкен күнəсі жəне Иса алейһиссаламның мұның өтемі ретінде дүниеге келуі" сенімін жоққа шығарды. Осы адамның жиені Ф.П. Соззини 1562 жылы бір кітап жариялап, Иса алейһиссаламның тəңірлігін нақты түрде жоққа шығарған. 1577 жылы СОЗЗИНИ Трансилванияда Клаусенбург қаласына барған еді. Өйткені осы мемлекетті басқарып отырған СИГИСМУНД үш тəңірі сенімін қабылдамайтын еді. Осы жерде епископ Францис Давид (1510-1579) үштік сенімге толығымен қарсы еді және бір топ құрған-ды. Бұл жол Польшадағы РАКОВ қаласында құрылғандықтан, бұл жолдың ұстанушылары «Раковиандар» деп аталды. Олардың барлығы Ариустың жолына сенетін еді. Бұл кішігірім кітабымызға бүкіл осы тарихи мәліметтерді енгізуден мақсатымыз – кітабымыздың оқырмандарына ақылы бар көптеген христиан дін адамдарының қолдарындағы Інжілдерге сенбегендігін және дұрыс Інжілдің БАРНАБАС Інжілі екендігін қабылдағанын мәлімдеу үшін. Бұл қарсылықты көрген папалар жəне олардың айналасындағы топтар Барнабас Інжілін жою үшін бар күштерін салған.

Бүгінде христиандардың қолдарындағы Інжілдерде жəне Ескі өсиетте, бүкіл өзгертулерге қарамай, Иса алейһиссаламнан кейін бір пайғамбар (алейһиссалату уассаллам) келетіндігі жазылған. Жохан (Юханна, Jahn) Інжілінің 16-шы бабының 12-13 аяттарында былай жазылған: «Менің айтатын көптеген нəрселерім бар. Бірақ, сендер әлі оларға шыдай алмайсыңдар. Бірақ, Ол келген кезде сендерді ақиқатқа жеткізеді». Жохан Інжілінің бұл жазбасы ағылшын жəне американ Інжіл фирмалары тарапынан 1303 [м.1886] жылы Стамбулда «Boyacian Agob» баспаханасында басылып шығарылған «Қасиетті кітап»-тың ибрани тілінен түрік тіліне аудармасының 885-ші бетінде: «Менің кеткенім сендерге қайырлы. Өйткені, мен кетпесем, сендерге жұбатушы келмейді. Ол келгенде әлемді күнə, ауқаттылық, үкім негіздерінде нандырады. Сендерге айтатын әлі көп нəрселерім бар. Бірақ, қазір шыдай алмайсыңдар. Бірақ, сол ақиқат рухы келген кезде сендердің барлықтарыңды ақиқатқа жеткізеді. Өйткені, ол өздігінен айтпай, естіген нәрселерінің бәрін айтады жəне болатын нəрселерді сендерге хабар береді. Ол мені қадірлі етеді, өйткені менен алғанын сендерге хабарлайды» деп жазылған. Бұл жердегі «Ол» сөзі Інжілдің аудармасы мен тəпсірлерінде «Рух» немесе «Қасиетті рух» деп көрсетіледі. Алайда, латынша түпнұсқасында «PARACLET» деп жазылған. Бұл сөз «Жұбатушы» деген мағынаға келеді. Демек, поптар, папалар барлық ыждаһаттарына қарамастан, Інжілден «Менен кейін бір жұбатушы келеді» сөйлемін алып тастай алмаған. Бұдан басқа ПАВЛОС жазған және христиандар «Қасиетті кітаптың» бір бөлімі ретінде қабылдаған хаттардан «Коринтостықтарға бірінші хат»-тың он үшінші бабының 8-ші аяты мен жалғасында: «Сүйіспеншілік соңы жоқ. Бірақ пайғамбарлардың соңы бар. Тілдер де жоғалады. [Латын жəне көне грек тілі сияқты.] Ғылым да күшін жояды. [Ортағасыр ғылымы сияқты.] Өйткені біз бұлардың өте аз бөлігін ғана білеміз. Алайда, ОЛ КӘМІЛ келген кезде барлық жартылай қалған және кем болған ілімдер жойылады» делінген. Бұл жазу түрікше «Қасиетті кітап»-тың 944-ші бетінде дәл осы кейпінде бар. Олай болса, христиандар бүгін қолдарындағы өздері дұрыс деп қабылдаған Інжілде де соңғы пайғамбардың (алейһиссалату уассалам) келетіндігін көрсететін бөлімдердің бар екеніне сенуге мəжбүр.

«Барнабас» Інжілінің ағылшынша аудармасы төменде жазылған он жерде  сатылуда. Оқығысы келгендер осы мекен-жайлардан сұрай алады:

 

1) Islamic Book Centre, 120, Drummond Street, London NW 1 2h., England. Tel: 01-388 07 10.

 

2) Muslim Book Service, Fosis, 38, Mapesbury Road, London NW2 4JD, England. Tel: 01-452 44 93.

 

3) Muslim Information Service, 233, Seven Sisters Road, London N4 2DA, England. Tel: 01-272 51 70; 263 30 71.

 

4) Islamic Book Centre, 19A, Carrington Street, Glasgow G4 9AJ, Scotland, Great Britain. Tel: 041-331 11 19.

 

5) The Islamic Cultural Centre Book Service, 146, Park Road, London NW8 7RG, England. Tel: 01-724 33 63/7.

 

6) Al-Hoda, Publishers And Distributers, 76-78, Charing Cross Road, London WC2, England. Tel: 01-240 83 81.

 

7) A.H. Abdulla, P.O. Box. 81171, Mombese. (Kenya).

 

8) Islamic Propagation Centre 47-48 Madrasa Arcade. DurbanNatal (South Africa).

 

9) Muslim Students Association, of U.S.A & Canada H.Q. 2501 Directors Row. Indiana Polis Indiana 46241, (U.S.A.).

 

10)Begum, Aisha Bawany Wakf, 3rd Floor, Bank House No. 1, Habib Square, M. A. Jinnah Road, Karachi, PAKİSTAN.

Інжіл ибрани тілінде жазылған еді. Орта ғасырда ИТАЛАдеген атпен латын тіліне аударылды. Насрани діні жайыла бастаған кезде пұтқа табынушылар мен яһудилер оған қарсы шықты. Насранилер дінді жасырын түрде жалғастыруға мəжбүр болды. Жер астында, үңгірлерде, жасырын жерлерде құрған ғибадатханаларда ғибадат жасады. Яһудилер, бүкіл азаптар мен жәбірлерге қарамастан, Насрани дінінің таралуына кедергі бола алмады. Яһудилердің алдыңғы қатарлысы жəне Исауи дінінің ең үлкен дұшпаны болған «Сауль» Исауилықты қабылдағаны, Иса алейһиссалам оны яһуди болмаған ұлттарды Исауи дініне шақыру үшін шəкірт етіп тағайынданы өтірігін ойлап шығарды. [Қасиетті кітап, Расулдардың істері, 9-баб]. Есімін Павлос қылып өзгертті. Өте жақсы Исауи болып көрініп жүріп, Иса алейһиссаламның дінін бұзды. Тəуһидті үш құдай сенімге, Исауилықты христиандыққа айналдырды. Інжілді өзгертті. «Иса – құдайдың баласы» деді. Шарап ішуді, шошқа етін жеуді Исауиларға халал қылды. Құбыла бағытын шығысқа, күн туатын тарапқа ауыстырды. Иса алейһиссалам уағыздаған дінде болмаған көптеген бұрыс нəрселерді Исауи дініне енгізді. Оның қате пікірлері исауилер арасында тез тарала бастады. Исауилар түрлі топтарға бөлініп, Иса алейһиссаламның тура жолынан алыстады. Әр түрлі ертегілер ойлап шығарды. Иса алейһиссаламның ойдан шығарылған суреттері мен мүсіндерін жасады. Крест белгілерін қабыл етіп, мұны символ ретінде санады. Мүсіндер мен крестке табына бастады. Яғни қайтадан пұтқа табынушылыққа көшті. Иса алейһиссаламды Аллаһтың баласы деп қабылдады. Алайда, Иса алейһиссалам оларға мүлдем ондай нəрсе айтпаған, оларға тек Рух-ул-Қудс (қасиетті рух), яғни Аллаһу та’аланың оған берген құдіреті туралы айтқан еді. Христиандар әрі құдайға, әрі Оның баласы ретінде қабылдаған Исаға және қасиеті рухқа сенуге мəжбүр қалғанда, барлық хақ діндердің негізі болған «АЛЛАҺУ ТА’АЛА бір жəне өзгермейтін жаратушы» сенімінен алыстап, үш тəңіріге бірдей табыну деген күлкілі жағдайға душар болды. (Бұл «тəслис» (үштік) деп аталады.)

Уақыт өте христиан діні ірі мемлекеттердің ресми діні болып жариялана бастаған кезде орта ғасырда үрейлі зұлымдық кезеңі басталды. Иса алейһиссалам уағыздаған адамгершілік, мейірімділік, қамқорлық негіздері толығымен ұмытылды. Оның орнына христиандар фанатизмді, кекшілік пен өшпенділікті, дұшпандықты өршітті. Христиандық атынан ақылға қонымсыз зұлымдықтарды жасады. Көне грек жəне Рим мəдениеттерінің барлық туындыларын жоюға тырысты. Ғылым мен білімге қарсы шықты. Галилей (Galileo) сияқты Ислам ғалымдарының кітаптарын оқып, жердің айналатынын айтқан адамды дінсіздікпен айыптап, сөзін кері алмаса, өлтірумен қорқытты. Отаны үшін күрескен Жанна д-Аркты (Jeanne d’Arc) (John of Arc) сиқыршылықпен айыптап, тірідей отқа жақты. Испандық доктор жəне теолог Мишель Сервенің де үш құдайлықты және Иса алейһиссаламның тəңір екендігін жоққа шығарғандығы, Оның пайғамбар жəне пенде болғанын білдіру үшін кітап жазғандығы, протестант жолының құрушысы болған Келвиннің ұсынысымен 1553 жылы Женевада тірідей отқа жағылғандығы «Қамус-ул-алам» жəне «Larousse» кітаптарында жазылған. Жан түршігерлік инквизиция (Inquisition) соттарын құрып, жүз мыңдаған адамды нақақтан және көбіне тек дүние мүлкін алу үшін «дінсіз» деп жариялап, əр түрлі қастандықтармен өлтірді. Тек Аллаһу та’алаға ғана тəн болған «Күнəны кешіру» құдіретін поптарға берді. Олар да түрлі сый-сияпат үшін күнəларды кешірді. Тіпті жәннаттан жер сатты. Ал ең үлкен діни көсемдері болған папалар әлемге билік құрды. Əр түрлі сылтаулармен тіпті корольдерді діннен шығарып (анафема), (Excommunication), яғни дінсіз деп жариялап, оларды кешірім сұрау үшін аяқтарына жығылып келуіне мəжбүрледі. 1077 жылы папа Григорийден діннен шығарылу үкімін кешуі үшін Каноссаға келген неміс королі IV Генрий қыстыңгүні жалаң аяқ папаның сарайының алдында күндер бойы күтіп тұрды. Папалардың ішінен көптеген қорқынышты жауыздар шықты. Олардың бірі Боргио (Borgia) дұшпандарын жəне олардың арасындағы дін адамдарын әр түрлі улармен өлтіріп, дүние-мүлкін тартып алды. Әр түрлі масқаралықтарға барды. Өзінің қыз бауырымен ерлі-зайыптылардай өмір сүрді. Сонда да қасиетті жəне күнəсыз папа болып есептелді. Христиан дініне поптардың үйленбеуі, үйленгендердің ешқашан ажыраспауы, күнə шығару мəжбүрлігі сияқты қисынсыз қағидалар енгізілді. Дүниеде өмір сүру күнə болып есептелді.

Жетінші ғасырда келген Ислам діні осы қараңғылықтың ішінде нұрдай жарқырады. Төменде Ислам діні жайында баяндамадан түсінетініңіздей, толығымен кәміл, қисынды және адамгершілік негіздерінде құрылған бұл ұлы дін пұтқа табынушылыққа қарсы болғанындай, негізі бұзылған христиандыққа қарсы да тез арада оңайлықпен тарады. Ақылы толық болған əр адам осы жаңа дінге екі қолмен жабысты. Ғылымға, білімге, жақсы мінезге үлкен құрметпен байланған мұсылмандар Аллаһу та’аланың және Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұйрықтарына бағынып, көп еңбек етті. Ғылымның әр түрлі саласында көптеген жаңалықтар ашты, өте көп кемеңгерлер жетілдірді. Қазіргі таңда кеңінен қолданылатын ХИМИЯ жəне АЛГЕБРА сөздері араб тілінен алынған. Осы және басқа да көптеген мысалдар мұсылмандардың ғылым атына жасаған қызметтерін айқын көрсетуде. Мұсылмандар қысқа уақытта үлкен ғылыми орталықтар, медреселер құрды. Бүкіл əлемге ғылым, пəн, ынсап, тазалық, жақсы мінез және мəдениет жайды. Грек философтарының еңбектерін шығарып, араб тіліне аударды. Олардың қателіктерін айқындады. Бүкіл әлемге танымал философтардың бірі Хришфельд (Hrischfeld): «Ешбір ұлт арабтардың Ислам дінін қабылдағаны себепті мəдениеттілікке қол жеткізгеніндей қысқа уақытта мəдениетті бола алмаған» деген. Орта ғасырда христиан əлемі қап-қара зындан ішінде болып, поптар дүниеде өмір сүруді адамзат үшін уға айналдырғанда, мұсылмандар жəне мұсылмандардың қарамағындағы басқа адамдар, бақытты, бейбіт, рахат өмір сүріп жатты. Христиандар Ислам мемлекеттеріндегі байлыққа қол жеткізу, мал-мүлікті, ақшаларды тартып алу үшін мұсылмандарға шабуылдар жасады. Мұсылмандардың қарамағында болған және олар қасиетті санайтын Құдысты алу деген сылтауымен крест жорықтарын ұйымдастырды (1096-1270).

Крест жорықтарында жазықсыз өте көп мұсылманның қанын төкті. Құдысқа кірген кездерінде, өздері де айтқанындай, мешіттерде өлтірілген мұсылмандардың қаны аттарының қарнына дейін жетті. Бірақ, кейіннен Құдысты олардан қайтарып алған Салахуддин Әййуби христиандарға үлкен жомарттық танытып, тұтқынға алған ағылшын королі арыстан жүректі Ричардты (Richard, Coeur de Lion) еркін жібереді. Есін жоғалтқан кейбір фанатик христиандар Осман империясына қарсы кейіннен жасалған жорықтарды да мұсылмандарға қарсы крест жорықтары деп санады. 1912-13 жылғы Балқан соғысын бір француз тарихшысы «Ең үлкен крест жорығы» ретінде көрсету бетбақтығына дейін барған. АНДАЛУСИЯ мұсылман мемлекеті 897 [м.1492] жылы испандықтар тарапынан құлатынған кезде, испандықтар ол жердегі бүкіл мұсылмандарды не қырған, не мәжбүрлеп христиан дінін қабылдатқан. Дәл осындай айуандықты Американың жергілікті халқы инктерге қарсы да қолданған. Испандықтар бұл бейшара игілікті халықты мүлдем жойып жіберген.

Христиандардың Ислам дініне жəне оның ұлы пайғамбарына қарсы жапқан қорқынышты жалалары мен өтіріктері əлі күнге дейін бүкіл сұмдығымен жалғасын табуда. Үндістандық Рахметуллаһ мырза (рахимә-һуллаһу та’ала)  1270 [м.1854] жылы Делхиде жəне кейіннен Стамбұлда ағылшын протестант поптарымен жасаған әр түрлі пікірталастарда бәрін жауап бере алмайтын жағдайға түсірген, поптар қашқан. Осы Ислам ғалымының поптарға қарсы жеткен үлкен жеңісі жəне оларға берген жауаптарын ол өзі Стамбұлда жазған. Бұл кітап «Изхар-ул-хақ» деген атпен араб тілінде екі том күйінде 1280 [м.1864] жылы басылған. Кейіннен Мысырда қайта басылды. Бірінші томының түрік тіліндегі аудармасы осы атпен Стамбұлда, ал екінші томының түрікше аудармасы «Ибраз-ул-хақ» деген атпен 1293 [м.1877] жылы Боснияда басылды. Ағылшын, француз, урду, парсы тіліндегі аудармалары да жарық көрген. Өзгертілген «Таурат» пен «Інжіл» кітаптарындағы жалғандар мен жалаларға дəлелдермен жауап берген құнды Ислам кітаптарының ішінде Абдуллаһ Тəржуманның араб тіліндегі «Тухфат-ул-әриб» кітабы, Нажаф Əлидің 1288 [м.1871] жылы Стамбұлда жазған парсы тіліндегі «Мизан-ул-мәуазин» кітабы, Имам Ғазалидің (рахметуллаһи алейһ) «Əр-рәдд-ул-жəмил» кітабы жəне Ибраһим Фасих Хайдаридің «Əссырат-ул-мустақим» кітабы «Хақиқат кітаб үйі» баспасы  тарапынан офсеттік жолмен басылған.

Мұхаммед алейһиссаламның пайғамбар екендігі өзіне білдірілуден бұрын және кейін ешқашан өтірік сөйлемегендігі, осы себептен тіпті дұшпандарының арасында да «Мухаммад-ул-әмин» (сенімді, шыншыл) атымен танымал болғандығы айдай анық. Ислам дұшпандарының надандығы көздерін көр қылған және жүректерін қарайтғандығы соншалық, бұл ашық ақиқатты адамдардан жасыратындай дәрежеде төмен түсті. Жастарды Ислам дұшпаны етіп жетілдіру үшін Ислам дінінде және пайғамбарымызда (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) еш кемшілік таба алмағандықтан, өтірік және жалалармен Исламды қаралауға тырысты. Жақсы мінез-құлықтармен безенуді, жаман қасиеттерден сақтануды бұйырған және түрлі адамдар мен өлілерге, жануарларға жәбір, зиян тигізуді қатаң түрде тыйым салған, адам құқықтарына қатты мән берген ұлы пайғамбарға жабылған мұндай жалалар адамзат үшін және әлемнің еркін ұлтары үшін өте ұят, жаман дақ.

Христиандардың ішінде де поптардың зұлымдықтарына, ақылға қонымсыз жəне қисынсыз сенімдеріне қарсы шыққандар болды. 923 [м.1517] жылы Лютер есімді поп папаға қарсы шықты. Ол Інжілді неміс тіліне аударып, Інжілде кездеспейтін «Поптардың үйленбеуі», «Үйленгендердің мүлдем ажыраспауы», «Күнə шығару» жəне «Крестке табыну» сияқты негіздерді христиан дінінен алып тастады. Осылайша 931 [м.1524] жылы «Протестант» деген жаңа христиан бағытын құрды. Бірақ, үштік сенімді, яғни «Әке, Бала және Қасиетті рух» негізін сол қалпында қабылдады.

1534 жылы ағылшын королі VIII Генрий де папаға қарсы шықты жəне оның ұсынысы жəне күштеуімен ағылшын-американ шіркеуі құрылды. Атақты француз əдебиетшісі Вольтер (1694-1778) 1172 [м.1759] жылы жазған «Кандид» атты еңбегінде поптарды және олардың қате сендірген және ғылымға дұшпандықты тудырған діни сенімдерін, олар жасаған əртүрлі айлакерліктерін жариялап, оларды масқаралаған. Бұдан кейін осындай шығармалар жазған жазушылар француз 1203 [м.1789] жылғы төңкерісінің жасалуына үлкен ықпалын тигізді. Осы төңкерістен кейін поптар назардан тыс қалды. Қандай өкінішті, Исламның үлкен дұшпаны болған британдықтар мұсылмандар арасында «Уаххаби» атты адасқан адамдарды шығарып, Ислам дінін жаман етіп танытқандықтан, христиандар Исламды қабылдаудың орнына дінсіздікке адасты. 1917 жылғы Ресейдегі большевик төңкерісі де дінді жоюға бағытталған. Бірақ, уақыт өтіп, төңкерістің əсері азайғаннан кейін адамдар қайтадан табынатын бір құдіретті іздей бастады. Әйгілі болған және Нобель сыйлығының иегері орыс əдебиетшісі Солженицын «Алғашқы шеңбер» атты еңбегінде: «Екінші дүниежүзілік соғыста комуннисттердің басшысы болған Сталин де Аллаһқа сенген, жерге сəжде етіп, Одан жəрдем сұраған» деп жазады.

Қазіргі таңда христиандық барынша тазаланып, поптардың бұрыңғыдай әсері қалмаған болса да, христиандар қараңғылықтан әлі құтылмаған. Үштік сенімге сенетін христиандар аз қалған.

Қазір қолымызға алған батыс тілінде жазылған бір энциклопедияда, мысалы немістердің атақты БРОКХАУС энциклопедиясының Иса (JESUS) бөлімінде: «Иса қаншама рет өзі жайында "Мен адам баласымын" деп айтқан» деп жазылулы. Бұл да оқыған христианның Иса алейһиссаламды Аллаһтың ұлы ретінде қабылдамайтынын көрсетіп тұр. Осындай адамдардан Ислам дінін зерттеу мүмкіндігіне қол жеткізгендер адасушылықтан құтылуда және Аллаһу та’аланың шынайы дініне қауышып, Оның үлкен мейіріміне бөленуде. Ал Ислам дінін зерттеу мүмкіндігін таба алмағандар толықтай дінсізденіп, атеист болуда және адасушылыққа түсуде. Бұл мәселеде мұсылмандар арасынан қазір үлкен ғалым жетіліп шықпауының да әсері көп. Жаңадан жетіліп шыққан дін адамдары адасқан ағымдардың ықпалында қалып, діндерінде көтеріле алмай, Исламды лайықты түрде таныта алмауда. Адамды Аллаһу та’алаға жақындататын, дүниеде рахат және тыныш өмір сүруін, ахиретте де Оның кешіріміне қауышуын қамтамасыз ететін жалғыз діннің Ислам діні екендігі ақиқат.

3 Ислам діні: Ислам діні – барлық қате сенімдерден, аңыздардан тазартылған, өтірікшілердің сөзін жоққа шығарған, адамдарды күнәхар емес, керісінше Аллаһу та’аланың құлы деп қабылдаған, оларға өмірде еңбектену және жақсы өмір сүру мүмкіндігін берген, тән мен рух тазалығын бұйырған дін. Ислам діннің негізі – БІР болған Аллаһу та’ала мен Оның пайғамбары, біз сияқты адам және Аллаһу та’аланың сүйікті құлы болған Мұхаммед алейһиссаламға сену. Ислам дінінде Мұхаммед алейһиссалам «Күнәсіз» кемшіліксіз бір адам. Аллаһу та’ала Оны өз әмірлерін адамдарға білдіру үшін таңдаған. Ислам діні барлық пайғамбарларды қабыл етеді және растайды (алейһимуссалауату уәттаслимат). Олардың барлығын жақсы көреді және құрметтейді. Негізінде ескі діни кітаптарда және шынайы Таурат пен Інжілде соңғы пайғамбардың (алейһиссалату уәссәләм) келетіндігі жазылған. Мұхаммед алейһиссалам ең соңғы пайғамбар және Одан кейін басқаешқандай пайғамбар келмейді.

Мұхаммед алейһиссаламның Аллаһу та’аланың пайғамбары екендігіне сену дегеніміз – Ол білдірген Құран кәрімде жазылған әмірлер мен тыйымдардың барлығының Аллаһу та’аланың әмірлері мен тыйымдары екендігіне сену, барлығын қабылдау, жақтау деген сөз. Осылай сенген адам бұлардың кейбірлеріне мойынсұнбаса иманы бұзылмайды. Мұсылмандықтан шықпайды. Бірақ, бұлардың тіпті біріне болса да мойынсұнбағанына қайғырмаса және осы жағдайына мақтанса, онда пайғамбарға сенбеген болып есептеледі, иманы бұзылып, кәпір болады. Орынсыз әрекеттері үшін Аллаһу та’аладан ұялып, мұңаятын болса, иманының қуатты екендігі аңғарылады.

Төменде Ислам дінінің негіздері баяндалады. Ислам дінінде әртүрлі ырымдар, дінде реформалар, әртүрлі пасха секілді мейрамдар жоқ. Ислам діні адамдардың дұрыс және намыспен өмір сүруін және өмірден де ләззат алуын бұйырған. Ғибадат ету үшін бұйырған уақыттары қысқа. Ғибадаттың негізі – жүрегімен (көңілімен) толықтай Аллаһу та’алаға байлану. Ғибадат бір әдет ретінде емес, Аллаһу та’аланың алдына шығып, Оған шын көңілмен шүкір ету және Оған жалбарыну үшін орындалады. Рия (көз бояушылық) үшін жасалған ғибдатты Аллаһу та’ала қабыл етпейді. Құран кәрімде де Маун сүресінде: «Ей, Расулым, қиямет күнін  жоққа шығарған, жетімге қаталдық танытып, ақысын тартып алған, кедейді тойдырмаған және өзгелерді де кедейгелерге жақсылық жасауға шақырмаған сол адамды көрдің бе? Намаздарын ғафлетпен оқығандарға және рия, көзбояушылық жасағандарға және зекетті (кедейдің ақысын) бермегендерге ауыр азап бар» делінеді.

Ислам дінінің кітабы – ҚҰРАН КӘРІМ. Құран кәрім Мұхаммед алейһиссаламға Аллаһу та’ала тарапынан жіберілген және пайғамбарымыз тарапынан Асхабына уағыздалған. Құран кәрім таралған кезде қатты мән беріліп сақталған және бірде-бір сөзі, бірде-бір әрпі өзгерместен, бүгінге дейін жетіп келген. Ешбір сәмәуи кітап Құран кәрімдей көркем жазылмаған. Арадан он төрт ғасыр өткеніне қарамастан, бүгін де сол пәктігін, аз сөзбен көп мағына білдіру өнерін, көркемдігін, шешендігін сақтап қалған.

Әлемдегі ең танымал әдебиетшілердің бірі Гете (1749-1832) Құран кәрім жайында «West-Ostlicher Divan – Батыс-шығыс диуаны» атты еңбегінде былай айтқан: «Құранның ішінде өте қайталанулар кездеседі. Оны оқыған кезімізде бұл қайталанулар бізді жалықтыратын сияқты болып көрінеді. Бірақ, біраздан соң бұл кітап бізді өзіне тарта бастайды. Бізді қайрандыққа және соңында үлкен құрметке алып барады.»

Гетеден басқа көптеген атақты ойшылдар да Құран кәрімге өз таңданыстарын білдірген. Бірнешеуін тағы жазып кетейік:

Профессор Эдуард Монте: «Аллаһтың бір екендігін ең таза, ең жоғары, ең қасиетті және сендіруші, әрі басқа ешбір діни кітап үстем бола алмайтын тілде жазылған кітап – Құран кәрім» дейді.

Құран кәрімді француз тіліне аударған Маурис: «Құран кәрім адамзатқа сыйға тартылған діни кітаптардың ең жақсысы» деген.

Гастон Карр: «Ислам дінінің қайнар көзі болған Құран кәрімде әлем мәдениеті сүйенетін барлық негіздер бар. Біз қазіргі мәдениетіміздің Құран кәрім білдірген негізгі үкімдер үстіне құрылғанын мойындауымыз қажет» дейді.

Ислам діні рух пен тән тазалығына негізделеді. Ескі діндерде кездесетін барлық жақсылықтарды Ислам діні өз бойына жинаған.

Ислам дініне кірген адамдарға, яғни мұсылмандарға парыз болған, міндетті түрде орындалуы керек болған бес негізгі міндет бар. Бұлардың біріншісі - бір Аллаһқа және Оның пайғамбары,әрі құлы болған Мұхаммед алейһиссаламға сену, екіншісі – намаз оқу, үшіншісі – Рамазан айында ораза ұстау, төртіншісі – қажылыққа бару, бесіншісі – зекет беру.

Намаз – күніне бес рет, уақыттары келген кезде орындалатын діни міндет. Намаз оқудан бұрын дәрет алу, яғни қолды, бетті жуу, басқа мәсіһ тарту және аяқтарды жуу керек. Дәретті бұзатын себептер болмаса, бір рет алынған дәретпен бірнеше намаз оқуға болады. Күніне бес рет бұл міндеттің орындалуы дүниелік істерді атқаруға кедергі болмайды. Негізінде қысқа созылатын намазды мешітке бармастан кез келген жерде жалғыз оқуға болатынындай, дәретті жаңалау үшін де аяқ киімді шешпестен дәрет алуды мүмкін қылатын мәсіге «мәсіһ» тарту тәсілі де бар. Тіпті, су жоқ жерлерде және науқастардың топырақпен «тәйәммүм» етіп дәретті болып саналуы да мүмкін. Зәру жағдайларда және сапарда мал-мүлік пен өмірге қауіп төнгенде намазды қазаға қалдыруға болады. Бірақ, бұл намаздарды үзір біткеннен соң мүмкіндік туындағанда дереу оқу керек, яғни қазасын өтеу керек.

Намаз – бұлшықеттер мен сіңірлерді қуаттандыратын әрекеттер жиыны болуымен қатар, жүректі және мінезді де тазалауда.

Ораза – жылына бір рет Рамазан айында тек күндіз оразаны бұзатын нәрселерден ұзақ тұру дегенді білдіреді. Оразаның дүниедегі пайдаларының бірі – адамдарға аштық пен шөлдің не екенін үйрету. Тоқ адам ешқашан аш адамның жағдайын түсінбейді және оған мейірімділік көрсетпейді. Ораза, бұдан басқа, нәпісті тәрбиелейді. Ораза тұту уақыты араби айы бойынша белгіленгендіктен, әр жылы әуелгі жылдан шамамен он күн ерте басталады. Осы себептен кейде қысқа, кейде жазға тура келеді. Жазда оразаға шыдай алмайтын ауру адамдар оразаны қыста қаза етіп тұта алады және ораза тұта алмайтын өте кәрі адамдар оразаның орнына «Фидйа», яғни кедейлерге садақа беріп, осы қарыздарын өтей алады. Мұны да бере алмайтындарды  Аллаһу та’ала жауапкер қылмайды.

Ислам дінінде мәжбүрлеу, қинау жоқ. Денсаулығын пида етіп, науқастанып ғибадат жасауды Аллаһу та’ала ешқашан қаламаған. Аллаһу та’ала өте кәрим (жомарт), ғафур (кешірімді) және рахим (қамқор). Тәубе еткендерді кешіруші және мейірімді.

Зекет – табысы жеткілікті және қажеттілігінен артық мал-мүлкі «Нисаб» деп аталатын мөлшерді, шектеуді асқан мұсылманның қолындағы жиналған байлығының жүзде екі жарымын, яғни қырықтан бір бөлігін жылына бір рет мұқтаж мұсылмандарға беру деген сөз. Бұл парыз бай мұсылмандар үшін. Табысы тек өзінің күнкөрісіне ғана жететін мұсылмандар зекет бермейді.

Қажылық – ешқандай қарызы жоқ, сапарға шыққанда жанұясының напақасын оларға қалдырып кете алатындай бай мұсылмандардың өмірінде бір рет Мекке қаласына барып, Қағбаны зиярат етуі және Арафат алаңында Аллаһу та’алаға дұға етуі деген сөз. Қажылық осы шарттарға сай болған мұсылмандарға парыз. Меккеге барып-келу жолында өміріне қауіп, ауырып қалудан қаупі немесе қажылыққа бармақшы болған адамның денесінде шыдай алмайтындай ауру бар болса, қажылыққа бармайды. Орнына басқа адамды жібереді.

Бұл ғибадаттардың ерекшеліктерін, шарттарын және қалай дұрыс орындау керектігін үйрену үшін төрт мазһабтың жеке-жеке «илмихал» деп аталатын кітаптары бар. Әрбір мұсылман өзіне оңай келетін бір мазһабты таңдап, ғибадаттарын осы мазһабтың кітаптарынан оқып үйренуі керек.

Исламның ғибадат бөлімі Аллаһу та’ала мен құлдың арасында қалады. Бұл ғибадатта кемшілікті немесе нұқсан болғандарын тек Аллаһу та’ала кешіреді немезе жазаға тартады. Жазаланатындар «жаһаннам» деп аталатын жерде отта жағылып азапталады.

Жаһаннамда кімдер мәңгі қалады? Намаз оқымайтындар ма? Күнә істегендер ме? Жоқ! Тозақта Аллаһу та’аланың дұшпандары мәңгі жанады. Күнә істеушілер Аллаһу та’аланың дұшпандары емес. Олар айыпты пенделер. Олар бұзық, кінәлі балаға ұқсайды. Бұзық балаға анасы, әкесі дұшпан болады ма? Әрине болмайды. Тек оған біраз ұрсады, бірақ оны жақсы көре береді.

Мұсылмандар басты алты нәрсеге, яғни Аллаһу та’алаға, пайғамбарларға (алейһимуссалауату уәттаслимат),  кітаптарға, періштелерге, жақсылық пен жамандықтың Аллаһтан келетініне және өлімнен кейін қайта тірілуге сенеді. Бүкіл діндер де осыларға сенген.

Жоғарыда ғибадаттың Аллаһу та’ала мен құл (кісі) арасында қалатынын айттық. Бірақ, басқаларды алдағандар, біреудің ақысын жегендер, өтірік айтқандар, айла, қулық жасағандар, зұлымдық еткендер, әділетсіздік жасағандар, риягерлер, ата-анасына және үлкендерге бағынбағандар, басшыларына, үкіметке қарсы шыққандар, қысқасы Аллаһу та’аланың бұйрықтарын орындамаған және өз нәпісі үшін өзгенің ақысын жеген немесе өзгені алдағандар, ақы иелерімен халалдаспағанша (кешірімін, разылығын алмағанша) кешірілмейді. Яғни, құл немесе жануар ақысы бар болған адамдарды Аллаһу та’ала кешірмейді және олар ғибадат жасаса да, тозаққа кіріп, жазаларын тартады.

Құл ақыларының бірі – ажырасқан әйеліне күйеуінің мәһір ақшасын дереу өтеуі. Өтемесе, дүниеде жазасы мен ахиретте азабы өте ауыр болады. Құл ақыларының ең маңыздысы және азабы ең ауыр болатыны – туған-туыстарына және қарамағындағыларға әмри маруф жасамау. Оларға Ислам білімдерін үйретуді тәрк ету. Олардың және бүкіл мұсылмандардың діндерін үйренуіне және ғибадаттарын орындауына қастандық етіп немесе алдап бөгет болған адамның кәпір екендігі, Ислам дұшпаны болғандығы аңғарылады. Төрт мазһабтың бірінде болмаған мұсылманға «Бидғатшы» делінеді. Бидғатшылардың сөздерімен, жазбаларымен Әһли сүннет сенімін өзгертулері, дінді, иманды бұзулары мұсылмандар үшін үлкен қауіп.

Осы сияқты адамдар тірі кезінде істегеніне өкініп, ол құлдың (кісінің) ақысын өтеп, алдымен оның кешірімін алуы тиіс, кейін Аллаһу та’аланың мейіріміне сиыну керек, бұдан кейін мұндай жаман әрекет жасаудан аулақ болып, көп жақсылық жасап, күнәларын кешіртуге тырысу керек. Сол кезде Аллаһу та’ала олардың күнәларын кешіреді.

Адамзатқа қызмет ету ойымен еңбек етіп, пайдалы мәліметтер мен туындылар қалдырған адамдар, басқа діннен болса да, өмірлерінің соңында Аллаһу та’аланың хидаятына (тура жолына) қауышатындығы үміт етіледі. Бұрынғы мұсылмандар осы сияқты адамға қатысты «жасырын дін ұстанады» дейтін еді. Осы сияқты қайыр және ихсан иелерінен күпірі белгілі болмағандарының қай сеніммен жан тапсырғанын біз білмейміз. Тек Аллаһу та’аланың өздеріне берген ақыл қаруын жақсы қолданған болса, ешкімге жамандық жасамай, барлық адамдардың жақсылығын ойлап қызмет еткен болса, бүкіл діндердің негіздерін зерттеген болса, олардың хидаятқа (тура жолға) қауышқаны, мұсылман болғаны үміт етіледі.

Мысалы, дәуіріміздің танымал әдебиетшілерінің бірі болған Бернард Шоу (1856-1950) еңбектерінің бірінде: «Әр ғасырға бірдей бағыт бере алатын құдіретке ие болған бірден-бір дін – Ислам діні. Мен мұсылмандықтың ертеңгі Еуропа қабылдайтын дін болатынына сенемін» деген. Бұл оның жүрекпен Ислам дінін қабылдағанын көрсетуде.

Неміс ойшылы және жазушысы Эмиль Людвиг (1881-1948) бір еңбегінде былай жазған: «Мысырға барған едім. Бір күні кешке Қызыл теңіздің жағасында жүрген кезімде кенеттен тыныштықтың ішінен азан дауысын естідім. Бүкіл денем Аллаһтан қорққаннан қалтырап кетті. Дереу суға түсіп, мұсылмандар сияқты дәрет алу, кейін олар сияқты сәждеге жығылып, Аллаһқа жалбарыну ынтасы келді.» Бұл да автордың жүрегінде, өткінші болса да, хидаят нұрының жарқырағанын көрсетпейді ме?

Жүрегінде осындай хидаят нұрын сезінген Лорд Хадлей «Ислам дінінің қарапайым, бірақ нұрдай жарқыраған ұлылығын көргеннен кейін адам қараңғы бөлмеден жарық күнге шыққандай болады екен» деп, Ислам дінін қабылдаған. Егер иман келтірмей өлгендерді Аллаһу та’ала ахиретте жазалайтын болса да, адамдарға жасаған жақсылықтарының себебімен жазаларын жеңілдетеді. Құран кәрімде Аллаһу та’ала Зілзал сүресінің жетінші және сегізінші аяттарында: «Кімде-кім түйірдей жақсылық жасайтын болса, оның қайтарымын көреді, кімде-кім түйірдей жамандық жасаса, соның жазасын көреді» делінген. Мұсылман жасаған жақсылықтарының қайтарымына дүниеде де, ахиретте де қауышады, ал кәпір тек дүниеде ғана қауышады. Жамандықтардың ең жаманы – кәпір болу. Адамдарға жақсылық жасау ниетімен еңбектеніп, адамзатқа пайдалы өнертабыстар немесе істер жасаған, адамдарға көмектесу үшін өмірін, денсаулығын қатерге тігіп, ең ауыр шарттарда жұмыс істеген адам мұсылман болмай, кәпір болып өлсе, жасаған жақсылықтары оны күпірлік азабынан құтқара алмайды. Бірақ, Аллаһу та’аланың алдында әр түрлі жамандықтар, қулықтар жасаған, риямен ғибадат еткен мұнафиқтардың жазасы осындай кәпірлердің жазасынан міндетті түрде ауыр болады. Олардың мұсылман болып көрінуі жүректеріндегі күпірдің қайтарымы болған азаптан құтқармайды.

Османлы тарихында бұрын христиан болып, кейіннен Ислам дінін қабылдаған және Ислам дініне үлкен қызметтері сіңген көптеген қолбасшылар, ғалымдар бар.

Бурсалық Исмаил Хаққы мырза (рахимә-һуллаһу та’ала) 1137 [м.1725] жылы Бурсада қайтыс болған. Он томдық «Рухул-байан» атты Құран кәрім тәфсирі бүкіл әлемдегі Ислам ғалымдарының (рахимә-һумуллаһу та’ала) алдында өте құнды болып саналады. Алтыншы параның тәфсирін бітіргеннен кейін былай жазған: «Заманның ғалымы болған шәйхымның қасында кейбір христиандар мен яһудилердің барлық адамға жомарттық, мәрттік көрсеткендігін, жақсылық жасағандығы айтылған кезде, ол: "Ондай адам болу мәңгілік бақыт иелерінің белгісі. Ондайлардың иманға және тәухидке қауышатыны, мәңгі бақытты болатыны үміт етіледі" деді». Тәфсир кітабының осы жазуы жоғарыдағы сөздеріміздің дәлелдерінің бірі.

Енді Ислам дінін сынға алушыларға, одан кемшілік іздеушілерге келер болсақ, осы сияқтылардың ең көп тоқтаған негіздері мыналар:

1 – «Ислам діні бір еркектің төрт әйелге үйленуін қабылдайды. Бұл қазіргі отбасы ұғымымен, жанұя байланысымен және әлеуметтік жүйемен ешқашан сәйкеспейді» екен

Бұған берілетін жауап мынадай: Ислам діні бұдан 14 ғасыр бұрын келген.  Бұл дін туған жер болған Арабстанда ол замандары әйелдердің ешқандай құқығы жоқ еді. Әркім қалаған әйелімен бірге тұрып, олардың алдында ешқандай жауапкершілік қабыл етпейтін еді. Ол кезде әйелдердің ешқандай қадірі болмағаны көптеген отбасылар туылған қыздарын тірідей жерге көмгенінен де аңғарылады. Осындай жерде шыққан Ислам діні бір адамның бірге өмір сүретін әйелдерінің санын сол заманға сай барынша шектеген, әйелдерге құқықтар берген, күйеуімен ажырасқан әйелдің материалдық тұрғыдан қиналмауы үшін, әлі үйленбей тұрып, келешекте ажырасатын болса, оған төленетін ақшаны, яғни «Мәһір» мөлшерін белгілеген. Ислам сынаушылары айтқанындай, «Әйелдерді қорламаған», керісінше олардың ақыларын қорғап, абыройларын көтерген. Бұл жазғандарымыз Харпуттық Исхақ мырзаның протестант миссионерлердің Ислам дініне қарсы жайған өтіріктері мен жалаларына қарсы жазған «Зия-ул-қулуб» кітабында, 324-ші бетінен бастап ұзақ түсіндірілген. Бұл кітап «Cevab Veremedi» деген атпен Хақиқат кітап үйі тарапынан түрікше басылған.

Қазіргі жағдайға келетін болсақ, мына нәрсені жақсы білу керек, Ислам діні бір еркектің міндетті түрде төрт әйелге үйленуін әмір етпеген, оған тек рұқсат берген. Яғни, бірден астам әйелге үйлену парыз емес, сүннет те емес, тек мубах. Мехмед Зихни мырза (рахимә-һуллаһу та’ала) «Ни’мети Ислам» кітабында Мунәкахат бөлімін бастарда былай дейді: «Әйелімен ажырасу және төрт әйелге дейін үйлену Ислам дінінде уәжіп (қажетті) емес. Мәндуб та емес. Тек  қажеттілік туындаған кезде ғана бұған рұқсат берілген. Еркектерге бірден астам әйел алу бұйырылмағанымен қатар, әйелдер де мұны қабылдауға мәжбүр емес». Үкімет мубах болған бір нәрсеге тыйым салса, ол нәрсені істеу мубах болудан шығады, харамға айналады. Өйткені, мұсылман заңға қарсы келмейді, қылмыс істемейді. Мұсылман – өзіне және өзгелерге зияны тимейтін адам деген сөз. Сондай-ақ, еркектің екінші әйел ала білуі үшін бұл мәселеде бірінші әйелінің құқығы мен еркіндігін қорғайтын экономикалық және әлеуметтік шарттар бар. Кейіннен алатын әйелдерінің де жеке құқықтары бар. Бұл шарттарға ие болмаған және әйелдердің ақыларын орындай алмайтын адамның бірден астам әйелге үйленуіне Ислам діні тыйым салуда. Сонымен қатар бірінші әйелінің көңілін жайландыру үшін екінші әйелге үйленуден бас тартуы сауапты болады. Одан басқа, бір мұсылманды, яғни бірінші әйелді ренжіту – харам. Жиырма бірінші ғасырда халық арасында күнкөріс қиыншылығы кеңінен тараған заманда еркектердің көбі бұл шарттарға ие емес. Сондықтан, қазіргі еркектердің екінші әйелге үйленуінің жаиз (рұқсат) болмайтындығы айдан анық. Салт-дәстүрге негізделген үкімнің заманға қарай өзгеретінін Ислам діні қабылдайды және бүгінде мұсылмандардың бір ғана әйелі бар.

Бұл мәселеде басқа мемлекеттер мен діндерді де біраз қарастырып көрейік. Христиандар мен яһудилер сенетін Тауратта, яғни «Ескі өсиет»-те, Тәкуиннің 30-бабында, Тәснияның 21-бабында және ІІ.Самуэльдің 2-бабында бірнеше әйелге үйленуге рұқсат беріледі. Дауд және Сүлейман пайғамбарлардың (алейһимассалам) көптеген әйелдері мен күңдері болған. Шығыс Рим императорларының әрдайым бірнеше әйелдері болғанындай, ескі неміс императорларының, мысалы Фридрих Барбароссаның (1152-1190) үш-төрт әйелі болған. Эскимостарда еркекке әйелінің рұқсатын алу шартымен екінші әйел алуға болады. Америкада 1830 жылы құрылған Мормон христиан сектасы еркектің бірден астам әйелге үйленуіне рұқсат беруде. (Бірақ қазіргі Америка заңдары бұған тыйым салған). Жапонияда қазірдің өзінде бір еркек бірнеше әйелге үйлене алады.

Демек, Ислам дінін «Бірнеше әйелге үйленуге рұқсат береді» деп айыптау өте орынсыз. Өйткені, көптеген мемлекеттер мен діндер бірнеше әйелге үйленуді исламнан бұрын-а қ бекiткен. Танымал жазушы Джон Милтон (1608-1674) «Ескі өсиетте де, Інжілдерде де тыйым салынбаған нәрсе неліктен ұялатын нәрсе болсын және намысқа қайшы саналсын? Өткен пайғамбарлардың (алейһимуссалам) әрдайым бірнеше әйелдері болған. Олай болса, бірнеше әйелге үйлену зинақорлық емес, заң мен қоғамдық ожданға сай» дейді.

Атақты жазушы Монтескье (1689-1735) «Ыстық мемлекеттерде әйелдердің тез жетілгенін, бірақ тез қартайғанын есепке алатын болсақ, мұндай мемлекеттерде өмір сүретіндердің бірнеше әйел алуы табиғи нәрсе» деген. Қазір күнкөріс шарттары қиындағандықтан, мұсылман мемлекеттерінде, жоғарыда айтылғандай, бірнеше әйелге үйлену деген нәрсе қалмаған сияқты.

(Бізде заңмен рұқсат етілген болса да, ол құқықтарын шариғатқа сай қолданып жатқан еркектердің саны өте аз. Басым көпшілік, әсіресе бейнамаздар тек құмарлық үшін екіншіге, үшіншіге үйленіп жатқаны белгілі. Кейбір адасқан секта өкілдерінің Исламның атын жамылып, ұнаткан жас қыздарымен ата-аналарының хабарынсыз жасырын неке киып, екіқабат болғанда «Талақ» деп тастап кетіп жатқандары да сыр емес. Оларға айтарымыз, екіншіге үйлену тек құмарлығын қандыруга немесе бірінші отбасының бұзылуына себеп болса, сауап емес, күна болады. Ал танымайтын адамдардың арасына барып, ата-ананың хабарынсыз неке кидыратындарға келсек, ол неке өтпейді. Ондайлардың бірге тұрулары зинақорлыққа жатады, тудырғандары некесіз туған арамы бала болып табылады)

2 – «Ислам діні, дін үшін адам өлтіруді, қиратуды, мемлекеттерді жаулап алуды және халықты қыруды әмір етуде және мұны «жиһад» деп атауда» екен.

Бұл пікір де толығымен қате. Ислам дінінде бар болған жиһадтың негізі – елдерді қирату, адам өлтіру емес, дінді жаю және де дінді қорғау. Бұл ешқашан қырып-жою, зұлымдық жасау арқылы жүзеге аспайды. Ислам діні тек өзіне шабуыл жасағандардан қорғануды және оларға қарсу соғысуды бұйыруда. Алайда, христиандар, жоғарыда ұзақ баяндағынымыздай, діннің атынан небір жан түршігерлік қылмыстар жасаудан тартынбаған. Оларға ынсап пен мейірімді уағыздаған Иса алейһиссаламның сөздері мен насихаттарын қабылдаудың орнына әртүрлі жамандықтар, жабайылықтар жасаған. Тарих олар жасаған жабайы әрекеттерге толы. Аллаһу та’ала Әнфал сүресінде Ислам мемлекетінің кәпір мемлекеттерінде жасалған соғыс қару-жарақтарын зерттеп, үйреніп, олардың бәрін бейбітшілік уақытында жасауды бұйырады. [Бұларды жасамаған үкімет Ислам дініне мойынсұнбаған болып саналады. Дұшпандардың шабуылына қарсы тұра алмай, миллиондаған мұсылманның шәһид болуына және Ислам дінінің әлсіреуіне себеп болады.] Мұсылман адам ешқашан ешкімге қастандық жасамайды. Өзіне немесе дініне қарсы шабуыл жасалса, оған жылы сөзбен насихат айтады. Қабылдамаса, сотқа хабарлайды. Сот әділетпен жазасын береді. Сот арқылы құқығын қорғай алмаса, үйіне, жұмыс орнына кетеді. Шабуылдаушыларға араласпайды. Үйіне, жұмыс орнына шабуылдаса, хижрет етеді. Яғни ол қаланы тастап, басқа қалаға көшеді. Кететін қала таппаса, басқа мемлекетке кетеді. Баратын Ислам мемлекетін таба алмаса, адам құқықтарын қорғайтын бір кәпір мемлекетке кетеді. Мұсылман адам сөзімен, қолымен ешкімді ренжітпейді. Ешкімнің мал-мүлкіне, намысына тиіспейді. Жиһад – Аллаһу та’аланың құлдарына Аллаһу та’аланың хақ дінін білдіру деген сөз. Ал бұл Аллаһу та’аланың дінінің Аллаһу та'аланың құлдарына жеткізілуіне тосқауыл болған залым, отарлаушы диктаторларды қарумен, күш қолдану арқылы алып тастаумен жүзеге асады. Алдымен насихат етіледі. Ислам дінің қабылдауы ұсынылады. Қабылдамаса, Исламға бағынуды, яғни хараж және жизийа (салық)  беруді ұсынады. Мұны да қабылдамай, қарсы келетін болса, бұл тосқауылдан алынады. Зорлықпен, күшпен жасалатын жиһадты жеке тұлғалар емес, Ислам мемлекеті жасайды. Құран кәрімде Бақара сүресінің 256-шы аятында «Дінде зорлық жоқ» делінген. Мұсылман болмаған адамды мәжбүрлеп мұсылмен қылуға болмайды. Мұсылмандар ешқашан, христиандар әрдайым істегені сияқты, зорлықпен немесе материалдық пайда уәде ету арқылы адамды мұсылман етуге кіріспейді. Қалаған адам қуана-қуана мұсылман болады. Жылы, жұмсақ, ақылға қонымды, қисынды сөздерімен және көркем мінез, жақсы әрекеттерімен олардың қуана-қуана мұсылман болуына себепкер болады. Мұсылман болмағандар Ислам мемлекетінің қамқорлығында зимми (Ислам мемлекетінің кәпір азаматы) болып өмір сүреді. Мұсылмандардың барлық құқықтары мен еркіндігіне ие болып, өз діндерінің қажеттіліктерін еркін орындайды. Бұл туралы «Зия-ул-қулуб» кітабының 293-ші бетінен бастап баяндалған.

«Мәнакиби Чихар Яри Гузин» кітабында, жетпісінші хикаяда былай жазылған: «Бір сауда керуені келіп, түнде Мәдинаның сыртына түнеді. Олар қатты шаршағандықтан, тез ұйықтап қалды. Халифа Омар (радиаллаһу та'ала анһ) қаланы аралап жүргенде оларды көріп қалды. Абдуррахман бин Ауфтың (радиаллаһу та'ала анһ) үйіне барып: «Бүгін түнде бір керуен келіпті. Бәрі кәпірлер. Бірақ, бізді паналапты. Заттары көп және бәрі қымбат. Бөтен адамдардың, жолаушылардың оларды тонап кетуінен қорқып жатырмын. Жүр, оларды қорғайық» деді. Таңға дейін күзетіп, бамдат намазын оқуға мешітке кетті. Олардың ішінде бір жас жігіт ұйықтамаған еді. Олардың артынан кетті. Сұрастырып, оларды күзеткен адамның халифа Омар (радиаллаһу анһ) екенін білді. Керуеніне қайтып, мұны достарына айтып берді. Рим және Иран әскерлерін құлдыратқан, әділдігімен танылған ұлы халифаның осы мейірімділігі мен қамқорлығын көріп, Ислам дінінің хақ дін екенін түсінді және қуана-қуана мұсылмандықты қабылдады».

Тағы «Мәнақиб» кітабында былай жазылған: «Омар (радиаллаһу анһ) халифа болып тұрған кезде шығыс майданының қолбасшысы болған Са’д бин Әбу Уаққас (радиаллаһу та’ала анһ) Куфа қаласында бір зәулім сарай салдыруды қалады. Үй салатын жерге тиіп тұрған бір мәжусидің (отқа табынушының) үйін сатып алуға тура келді. Мәжуси сатуды қаламады, үйіне барып, әйелімен ақылдасты. Әйелі: "Мәдинада олардың әмирул мүмининдері (мүминдердің басшысы) бар, соған барып шағым жаса" – деді. Сөйтіп әлгі мәжуси Мәдинаға барып, халифаның зәулім сарайын іздеді. Адамдар оған оның зәулім сарайы, үлкен үйі жоқ екенін, қазір қаладан шығып кеткенін айтты. Барып  іздеді.  Ешқандай әскер, күзетші көрмеді. Жерде ұйықтап жатқан бір кісіні көрді. Одан "Халифа Омарды көрмедің бе?" деп сұрады. Алайда бұл адам Омар (радиаллаһу та’ала анһ) еді. Хазреті Омар: "Оны неге іздеп жүрсің?" деп сұрады. «Оның қолбасшысы менің үйімді мәжбүрлер сатып алмақшы. Соған шағымданайын деп келдім" деді. Хазреті Омар мәжусимен бірге үйіне келді. Үйінен қағаз іздеп, таба алмады. Бір жауырын сүйегін тауып алып, сүйекке: «Бисмиллаһир-рахманир-рахим. Ей, Са’д! Бұл мәжусидің ренжітпе! Болмаса дереу маған кел!» деп жазды. Мәжуси сүйекті алып, үйіне қайтты. «Босқа әуре болдым. Мына сүйекті қолбасшыға берсем, мазақ етіп жатыр деп ойлап, қатты ашуланатын болды» деп ойлады. Әйелінің көндіруімен хазреті Са’дқа барды. Са’д әскерінің арасында қуанышпен әңгімелесіп отыр еді. Са’дтың көзі алыста тұрған мәжусидің қолындағы сүйекке түсті. Әмир-ул-мүминин Омардың (радиаллаһу анһ) жазуын танып, кенеттен реңі өзгерді. Оның кенеттен өзгеруіне бәрі таңқалды. Са’д мәжусидің жанына барып: "Қалағаныңды істейін, бірақ мені хазреті Омардың алдына шығарма! Өйткені мен Оның жазасына шыдай алмаймын" деді. Мәжуси қолбасшының мұндай жалбарынуын көргенде қайран қалып, сасып қалды. Есін жиып, дереу мұсылман болды. "Қуана-қуана қалайша мұсылман болдың?" деп сұрағандарға "Олардың әмірлерін көрдім. Жамаулы шапанын киіп, жерде, топырақ үстінде ұйықтап жатқан еді. Үлкен қолбасшылардың одан қорқып дірілдегенін де көрдім. Олардың хақ дінде екенін түсіндім. Мен сияқты отқа табынатын бір адамға осындай әділеттің жасалуы тек хақ дінге сенетіндерге ғана тән" деп жауап берді.»

Үндістанның «Нәдуәт-ул-уләма» мәжілісінің басшысы, атақты «Әл-Интикад» кітабының авторы, тарих ғылымының профессоры Шибли Нумани 1332 [м.1914] жылы қайтыс болған. Оның урду тіліндегі «Әл-Фаруқ» кітабын бас қолбасшы Әсәдуллаһ ханның анасы және Ауғанстан патшасы Надир шахтың қыз бауыры парсы тіліне аударған, Надир шахтың бұйрығымен 1352 [м.1933] жылы Лахор қаласында басып шығарылған. Мұның 180-ші бетінде былай жазылған: «Рим цезарі Гераклиустің үлкен әскерін құлдыратқан Ислам әскерінің бас қолбасшысы Әбу Убәйда бин Жәррах басып алған әр қалада адамдарын айқайлатып, римдықтарға халифа Омардың (радиаллаһу анһума) әмірлерін хабарлататын еді. Хомс қаласын жаулап алған кезде де: «Ей, римдықтар! Аллаһу та’аланың көмегімен және халифамыз Омардың бұйрығына бағынып, бұл қаланы да алдық. Бәрің сауда-саттықтарыңда, жұмыстарыңда, ғибадаттарыңда еркінсіңдер. Мал-мүліктеріңе, жандарыңа, ар-намыстарыңа ешкім тимейді. Ислам дінінің әділеті дәл өзіндей сендерге де қолданылады, барлық құқықтарың сақталады. Сырттан келетін дұшпаннан мұсылмандарды қорғағанымыз сияқты сендерді де қорғаймыз. Бұл қызметіміздің өтемі ретінде мұсылмандардан мал зекеті мен ушр алғанымыз сияқты, сендерден де жылына бір рет жизйа берулеріңді сұраймыз. Сендерге қызмет етуімізді және сендерден жизйа алуымызды Аллаһу та’ала  әмір етуде.» деді. [Жизйа мөлшері – кедейлерден 40, орта тұрмыстылардан 80, байлардан 160 грам күміс немесе осы бағадағы зат, яки дәнді дақыл. Әйелдерден, балалардан, аурулардан, кедейлерден, қарттардан және дін адамдарынан жизйа алынбайды.] Хомс гректері жизйаларын қуана-қуана әкеліп, Бәйт-ул-малдың (мемлекет қазынасының) жауапкері Хабиб бин Мүслимге тапсырды. Гераклиустың бүкіл мемлекетінен әскер жинап, Антакияға шабуыл жасауға дайындалып жатқаны жайлы хабар алғанда, Хомс қаласындағы әскерлердің де Йәрмуктегі күштерге қосылуына шешім қабылданды. Әбу Убәйде қалада қызметкерлерге айқайлатып: «Ей, христиандар! Сендерге қызмет етуге, сендерді қорғауға сөз берген едім. Мұның қайтарымы ретінде сендерден жизйа алған едім. Енді халифадан алған бұйрығым бойынша Гераклиуспен соғысатын бауырларыма көмекке бара жатырмын. Сендерге берген сөзімде тұра алмаймын. Сондықтан әрбірің Бәйт-ул-малға барып, жизйаларыңды қайтарып алыңдар! Аттарың мен бергендерің дәптерде жазулы» деп хабарлатты. Сирия қалаларының көбінде де осылай жасалады. Христиандар мұсылмандардың осы әділетін, мейірімін көргенде жылдар бойы Рим императорларынан көрген зұлымдықтар мен азаптардан құтылғанына қуанып, тойлады. Қуаныштарынан жылады. Көбі қуана-қуана мұсылман болды. Өз қалауларымен Рим әскеріне қарсы Ислам әскерінің тыңшысы болды. Әбу Убәйда осылайша Гераклиус әскерлерінің әрбір әрекетінен күн сайын хабар алып отырды. Ұлы Йәрмук жеңісінде осы Рим тыңшыларының үлкен көмегі тиді. Ислам мемлекеттерінің құрылуы, таралуы, ешқашан шабуылмен, өлтірумен жүзеге аспаған. Бұл мемлекеттерді сақтап тұрған үлкен және басты күш – иман күші еді және Ислам дініндегі өте күшті әділеттік, ізгілік, дұрыстық және жанкештілік күші еді.»

Батыстың қате сенімдеріне, сәні (мода) мен әдепсіздіктеріне еліктеу – мәдениет емес. Бұл мұсылман ұлтының құрылымын қирату деген сөз. Мұны тек Исламға дұшпан болғандар ғана жасайды. Ислам діні мұсылмандардың жалқау, еріншек болып отыруына мүлдем рұқсат бермейді. Мұсылмандардың ғылымның әртүрлі салаларында еңбек етіп жетілуін, басқа діндегілердің ғылымда ашқан жаңалықтарын олардан үйренуін және бұларды өздері де жасауларын бұйырады. Ауылшаруашылық, сауда-саттық, медицина, химия және соғыс өндірісінде басқалардан озат болуды бұйырады. Мұсылмандар басқа ұлттардың ғылыми құралдарын зерттейді, үйренеді және істейді. Бірақ, олардың бұзылған діндерін, жаман қасиеттерін, әдеттерін алмайды, оларға еліктемейді.

Осман Империясында Ресей елшісі ретінде ұзақ жылдар жұмыс істеген Игнатиев өз естеліктерінде Сұлтан Махмуд ІІ (рахимә-һуллаһу та’ала) кезеңінде 1237 [м.1821] жылғы Грек көтерілісінің бас жоспаршысы патриарх Григориустың Ресей патшасы Александрға жазған хатын баяндауда. Бұл хат ғибрат береді:

«Түріктерді материалдық тұрғыдан жеңу, құлату мүмкін емес. Өйткені, түріктер мұсылман болғандықтан өте сабырлы және төзімді адамдар. Аса намысшыл және таза иман иелері. Бұл қасиеттері діндерін берік ұстануынан, тағдырға разы болудан, дәстүрлерінің күштілігінен, патшаларына (үкімет адамдарына, басшыларына, үлкендерге) бағынушылығынан туындауда.

Түріктер өте зерек және дұрыс жолда жүргізетін басшыларға ие болған замандарда өте еңбекқор. Өте қанағатшыл. Олардың бүкіл жақсы қасиеттері, тіпті ерлік, батылдық сезімдері де әдет-ғұрыптарына берiк байлануларынан, әдептерінің жақсылығынан туындауда.

Алдымен түріктердің бойындагы басшыға мойынсұну қасиетін құлдырату және рухани байланыстарын үзу, діни дұрыстықтарын әлсірету қажет. Ал мұның ең қысқа жолы – оларды ұлттық салт-дәстүрлеріне, мұсылмандыққа қайшы болған жат пікірлер мен іс-әрекеттерге дағдыландыру.

Мұсылмандықтары әлсіреген кезде түріктердің өздерінен қуаттырақ, көбірек және сырттай басым күштерге қарсы жеңіске жеткізетін негізгі күштері әлсірейді және оларды заттық құралдардың үстемдігімен құлдырату мүмкін болмақ. Осы себепті, Осман Империясын құрту үшін тек соғыстағы жеңістер ғана жеткілікті емес.  Оларды майданда жеңу түріктердің намысқойлықтарын қоздыратындықтан, өздiктерін түсінуге де себеп болуы мүмкін.

Жасалуы қажет болғаны, түріктерге ештеңе сездірмей, саналарындағы діни құлшынысты күйрету керек.»

Бұл хат мектептерде жас ұрпаққа жаттататындай дәрежеде өте маңызды. Хатта ғибрат алатындай көп нәрсе бар болса да, ең маңыздысы, түріктерді бөтен пікір мен әдеттерге дағдыландыру. Бұл мақсатқа батыстың идиологиясына, модасы мен әдепсіздіктеріне еліктеуге үйрету арқылы қол жеткізу мүмкін. Сондықтан Мұстафа Рашид паша масон болғанда, Лондондағы отарлау министрлігінен алған бұйрығы бойынша, Осман Империясының кейбір қалаларында французша, ағылшынша колледждер ашты. Ол жерге масон оқытушыларын алып келді. Ислам дінінің үлкен дұшпаны болған нәфси әммараның қалауларына (нәпсіні қоздыратын ұятсыздықтарға) «Озықтық, заманауилық» делінді. Ислам діні тыйым салған жаман қылықтар «Өнер» деп дәріптелді. Осы колледждерде жетіліп шыққан озаттар жоғары мансаптарға қойылды. Абдулхамид ІІ хан масондардың бұл опасыз саясаттарын түсініп, қызметтерінен босатып,  баспасөзден алыстатты. Алайда, Британия Отарлау министрлігі жетілдіріп жіберген мыңдаған тыңшының көп ақша және өтіріктермен алдаған мәнгүрттерден құрылған ішкі дұшпандардың баспа мен радио арқылы жасаған шабуылдарына, ағылшын әскерінің заманауи қаруларымен жасаған басқыншылықтарына төтеп бере алмады. (Аллаһу та’ала мейірім танытып, ғафу  етсін! Әмин.)

Батыстың білім, ғылым, техника және барлық саладағы жетістіктерін әрине алу керек. Онсыз да Ислам діні осыны әмір етеді.

Барлық діндерді жақсылап зерттеп шыққан ағылшын ғалымы Лорд Девенпорт 20-шы ғасырдың басында Лондонда бастырып шығарған «Хазреті Мұхаммед және Құран кәрім» атты ағылшын тіліндегі кітабында былай дейді:

«Ислам мінез-құлықтың тәрбиесіне қатты мән бергендіктен, мұсылмандықтың аз уақыт ішінде өте тез тарауына себеп болған. Мұсылмандар соғыста жеңіліске ұшырап мойын иген басқа діннің адамдарына әрдайым кешірімділікпен қараған. Джурио айтқандай, мұсылмандардың христиандарға деген мәмілесі мен поптар мен корольдардың мүминдерге лайықты деп санаған мәмілелерін бір-бірімен салыстыруға келмейді. Мысалы, 980 [м.1572] жылы 24-ші тамызда, яғни қасиетті Варфоломейдің пасхасы күні,  Карл IX мен Королева Екатеринаның бұйрығымен Парижде және айналасында алпыс мың протестант өлтірілді. [Қасиетті Варфоломей – он екі хауаридің бірі болып, 71 жылы тамыз айында христиандықты таратып жүргенде Эрзурумда өлтірілген.] Осындай түрлі қастандықтарда төгілген христиан қандары мұсылмандардың соғыстарда төккен христиан қандарынан қаншама есе көп. Сондықтан, көптеген алданған адамдарды Ислам дінін залым дін деп санаудан құтқару керек. Мұндай жалған сөздердің ешқандай дәлелі жоқ. Папалықтың жабайылық дәрежесіне жеткен зорлық-зомбылықтарының қасында мұсылмандардың мұсылман еместерге деген мәмілесі аузынан сүттің иісі кетпеген сәбидіңкіндей жұмсақ болған.

Чатфельд былай дейді: «Арабтар, түріктер және басқа мұсылмандар христиандарға қарсы батыстық ұлттардың, яғни христиандардың мұсылмандарға қарсы жаман мәміле мен аяусыз әрекеттерін жасағанда еді, қазір шығыста бірде-бір христиан қалмас еді.»

Ислам діні – басқа діндердің жалғандық пен күмән батпағы ішінен тап-таза күйде көтерілген, ақылдық және идеологиялық ізгіліктің символы болған дін.

Милтон айтады: «Константин шіркеуді байытқан кезде поптардың лауазым мен байлық құштарлығы артты. Мұның жазасын бөлшектеніп кеткен христиандық тартты.»

Ислам діні тәңір үшін адам қанын төгу деген қасірет пен пәлекеттерден адамзатты құтқарды. Оның орнына ғибадат пен садақаны әкелу арқылы адамдарға жақсылықты бұйырды. Әлеуметтік әділеттіліктің негізін салды. Осылайша, қанды соғыстарды қажет етпестен әлемге оңай таралды. [Исламдағы жиһад дегеніміз де осы.]

Ілімге мұсылмандар сияқты берілген және құрметтейтін ешқандай халық келмеген деуге болады. Мұхаммед алейһиссаламның көптеген хадистері шынайы  ілімге шақырушы және ілімге деген құрметке толы. Ислам діні ілімге мал-мүлікке қарағанда қаттырақ мән берген. Мұхаммед алейһиссалам әрдайым ілім үйренуді және таратуды бұйырған, Оның сахабалары да осы жолда еңбек сіңірген.

Қазіргі ғылым мен мәдениеттің, көне және жаңа туындылардың, әдебиеттің қорғаушылары – Әмәуилер, Аббасилер, Ғазнауилар және Османлылар кезеңіндегі мұсылмандар болған». Девенпорттын жазбасы тәмәм болды.

Осы үзінділері берілген Девенпорттың ағылшын тіліндегі кітабын миссионерлер жинап, жоюды қалаған. Үндістандық Рахметтуллаһ мырзаның (рахимә-һуллаһу таала) «Изхар-ул-хақ» кітабының 2-ші томында «Исламдағы жиһад»-тың не екені кеңінен жазылған.

3 – «Ислам дінінде Құран кәрім заңнама ретінде де қаралады. Құран кәрімде ұрлық жасағандардың қолын кесу сияқты өте қатал, қазіргі заманда қатыгездік ретінде қабылданатын кейбір үкімдер бар» екен.

Бұл пікір де қате. Құран кәрімде ұрлық жасаған адамның қолын кесу бұйрығы бар. Бірақ, бұл жердегі ұрлықшы – жабайылықпен үйлерді тонайтын, мал-мүлікті ұрлайтын адам. Оларды ұстаған кезде қолдарының кесу керектігін Құран кәрім әмір етуде. Бірақ, бұл жазаны орындауда әр түрлі шарттар бар. Осы шарттарға ие болмаған ұрының қолы кесілмейді. Халифа Әли (радиаллаһу анһ) тапшылық кезеңінде тамақ ұрлаған адамдардың қолдарын кеспеуді әмір еткен. Қазіргі таңда бұл жаза Ислам мемлекеті аталып жүрген кейбір мемлекеттер тарапынан қате қолданылып жүрген болса, бұл жерде айып Ислам дінінде емес, мұны қате орындаушыларда. Ислам дінінің негіздерін дұрыс қолданған нағыз мұсылман елдерде бұл жаза қолданылмаған. Өйткені, Ислам мемлекеттерінде бұл жазаны қолданатындай оқиға болмаған. Мұның себебі, Құран кәрімде бұл қылмыстарды істеген адамдарға қатысты білдірілгені – ауыр жазалар. Ислам мемлекеттерінде хад жазаларын тіпті соттар да кешіре алмайды. Хад жазасын керек ететін қылмыскерлерге жазалары барлық адамдардың көз алдында қолданылады. Осындай ауыр жазаға тартылудан қорққаннан ешкім бұл қылмысты істемейді, істей алмайды.

Енді біраз христиандардың «Қасиетті кітабына» қарап көрейік:

Матта Інжілінің 18-бабының 8-аятында былай жазылған: «Иса айтты: «Қолың немесе аяғың сені күнәға итермелесе, оны кесіп таста. Бір қол немесе бір аяқпен өмір сүру, екі қол және екі аяқпен мәңгілік отқа тасталудан жақсырақ.»

Таураттың «Хуруж» кітабының 31-бабының 14-аятында «Қасиетті сенбі күні кім жұмыс істесе, өлтіріледі» делінген.

Демек, үлкен күнә істеушілердің қолы мен аяғының кесілуінің дұрыс екендігі Таурат пен Інжілде жазылған.

Дәрігердің берген дәрісі науқасқа ащы келуі мүмкін. Мұны пайдасыз, тіпті зиянды деп ойлауы да мүмкін. Бірақ, дәрігердің біліміне сеніп, дәріні қолданса, шипа болып, аурудан жазылады. Жүрек (көңіл), рух және тән ауруларының мутлақ дәрігері болған Аллаһу та’ала да ұрлық ауруының ең әсерлі емі ретінде ұрының қолын кесуді әмір етті. Әрбір мұсылман бұл әмірді білсе, бірнеше ұрының қолының кесілгенін естігенде, қорққаннан ешкімде ұрлық қасиеті қалмайды. Ұрлық ауруы жойылады. Адамдар мүлкінің ұрлануы уайымынан және түрлі зияндардан құтылады. Ешкімнің қолы кесілмейтін болады.

4 – «Ислам діні адамнан таңдау еркіндігін алып қойған, барлық нәрсені «Тағдыр»-ға, «Нәсіп»-ке байланыстырып, адамдарды ештеңе істемейтін, жалқау күйге түсіруде» екен.

Бұл да толығымен қате пікір. Ислам діні адамдарға әрдайым еңбек ету, ақылын дұрыс қолдану, әр түрлі жаңалықтарды үйрену, жетістікке қол жеткізу үшін барлық шараны қолдану және ешқашан шаршамауды, жалықпауды әмір етуде. Аллаһу та’ала  құлдарынан өз істеріне, қабілеттеріне қарай шешім қабылдауын және бұл істерді соған қарай жасауын әмір етуде.

Нәсіп сөзінің мағынасы мүлдем басқаша. Мұсылман адам қандай да бір істе ақылын қолданып, барлық шараларын орындап, бар күшін салып еңбек еткеннен кейін де жетістікке жете алмаса, бұған ренжімеуі керек, бұл нәтиженің Аллаһу та’аланың өзіне лайықты деп санаған мәселе екенін қабылдап, нәсібіне разы болуы керек. Әйтпесе ештеңе істемей, еңбектенбей, үйренбей және білмей бос отырып, аузын аспанға қарай ашып нәсібін күтіп отыру Ислам дінінде жоқ. Бұлай жасау үлкен күнә. Аллаһу та’ала Нәжм сүресінің 39-шы аятында «Адамға [ахиретте] тек дүниеде еңбектеніп, [ықыласпен] жасаған істері ғана пайда береді» делінген. Төменде Ислам дініндегі білім мен ғылым жайлы айтқан кезде мұсылмандардың үйренуге және еңбектенуге қаншалықты мән беретінін көреміз.

Адамдар кейде барлық қажетті шараны атқарса да және көп еңбектенген болса да, қалағандарына қол жеткізе алмайды. Міне, осы кезде бұл істе өз қолында болмаған бір құдіреттің бар екенін және бұл құдірет адамдардың өмірі мен жетістіктеріне әсер ететіндігін және оларға бағыт беретінін қабылдайды. Міне, нәсіп (тағдыр) деген осы. Нәсіп (тағдыр), сондай-ақ, үлкен жұбаныш қайнары. «Мен міндетімді орындадым, бірақ қайтейін, нәсіп болмады» деген мұсылман бір істе жетістікке жете алмаса да, үмітсіздікке түспейді және көңілі тыныш күйде еңбектенуін жалғастырады. Инширах сүресінің 5-ші аяты мен жалғасында: «Қиындықпен бірге, күмәнсіз, бір жеңілдік бар. Иә, міндетті түрде қиындықпен бірге жеңілдік бар. Олай болса, бір істі бітіргеннен соң басқасына кіріс және қажеттілігіңді тек Раббыңнан сұра» делінген. Мұның мағынасы, сәтсіздіктен үмітсіздікке түспей, еңбек етуді жалғастыру керектігі. Алайда, тек материалдық негіздерге мән беретін басқа діннің ұстанушысы немесе ешбір дінге сенбейтін адам, осындай бір жағдайда үмітін, батылдығын, жұмысқа деген құштарлығын жоғалтады және ендігәрі жұмыс істей алмайтын жағдайға түседі. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бүкіл әлем «Нәсіп»-ке сене бастады. Көптеген Еуропа және Америка басылымдарында: «Мұсылмандардың нәсіп деген нәрселері өте дұрыс нәрсе екен. Қанша тырыссақ та, оқиғаны өзгерту мүмкін емес» деп жазылған. Бір пәлекетке душар болған, жақсы көретін адамдарынан, мал-мүлкінен айрылған адам тек тағдырға, нәсіпке сену арқылы және Аллаһу та’алаға «Тәуекел» ету арқылы ғана жұбаныш тауып, қайтадан өмірін жалғастырады. Тәуекел – ең үлкен жұбаныш көзі. Бірақ, тағы да қайталайық, тәуекел етуден бұрын Ислам дінінің әмірлеріне мойынсұну, ақылды толық қолдану, барлық шараларын орындау арқылы барлық дерттің дауасын іздеу керек.

5 – «Ислам діні пайызға (өсімге) тыйым салуда, осылайша әлемде қазіргі таңда құрылған экономикалық жүйенің сыртында қалуда» екен.

Бұл да толығымен қате бір пікір. Ислам діні табыс табуға емес, қарыз беруге емес, өсімқорлыққа, қарыз алушыларды қинауға тыйым салады. Әйтпесе тек сауда-саттық мақсатымен және дұрыс жолмен келген табысқа Ислам тыйым салмайды, керісінше мұны қолдайды және бұған шақырады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Аллаһу та’ала саудагерді жақсы көреді, саудагер Оның сүйікті құлы» деген және өзі де саудамен айналысқан. Жеке өзі жұмыс істей алмайтын адам ақшасын досына немесе бір фирмаға аманатқа беріп, келген табысқа ортақ болуы Исламның сауда-саттық үкімінде маңызды орын алады. Адамның пайызсыз (өсімсіз) сауда-саттық істерінен пайда түсіретін банктен алған үлесі толықтай халал болып табылады. Пайызсыз жұмыс істейтін банктер және олардың пайдалары «Сәадат-и Әбәдийа» кітабымызда кеңінен жазылған. Ислам діні тыйым салған пайыздың Тауратта да харам етілгендігі Маида сүресінде айтылған. Расында, Таураттың Тәснийа бөлімінің 23-ші бабы, 19-шы, 20-шы аяттарында: «Дін бауырыңа ештеңені пайызбен берме! Өзге ұлттағы адамға пайызбен беруіңе болады» деп жазылған.

6 – «Ислам діні білім мен ғылымға дұшпан» екен.

Ислам дініне біліммен қалайша қарсы тұруға болады? Ислам діні – білімнің нағыз өзі. Құран кәрімнің көптеген жерінде Ислам, білім алуды әмір етуде, ғалымдарды мадақтауда. Мысалы, Зүмәр сүресінің 9-шы аятында Аллаһу та’ала: «Білетін адам мен білмейтін адам тең болады ма? Білетін адам, әрине, қадірлі» делінген.

Сүйікті пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ілімді мақтаған және ынталандырған сөздерінің көптігі және мәшһүрлігі соншалық, бұларды мұсылман еместер де біледі. Мысалы «Ихия-ул-улум» және «Мәудуат-ул-улум» кітаптарында ілімнің құндылығы баяндалғанда «Ілім, Қытайда болса да, алыңдар» деген хадис шәрифі жазылған.Бұл әлемнің ең алыс жерінде және кәпірлерде болса да, барып ілім үйреніңдер деген сөз. Бір хадис шәрифте: «Бесіктен мазарға дейін ілім үйреніңдер, еңбектеніңдер» делінген. Бұл әмір бойынша, бір аяғы көрде тұрған сексен жастағы адамның да білім алуға тырысуы керек. Ілім үйренуі – ғибадат. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тағы бір хадис шәрифте: «Ертең өлетіндей ахирет үшін, еш өлмейтіндей дүние үшін жұмыс істеңдер» деген. Басқа хадис шәрифте: «Біліп жасалған аз ғибадат білмей жасалған көп ғибадаттан артық» деген. Сондай-ақ, «Шайтанның бір ғалымнан қорқуы сауатсыз болған мың абидтен (ғибадат етушіден) қорқуынан да көбірек» деген. Ислам дінінде әйел күйеуінің рұқсатынсыз нәпіл қажылыққа бара алмайды. Сапарға, жолаушылыққа шыға алмайды. Бірақ, күйеуі үйретпесе және рұқсат бермесе оның рұқсатынсыз ілім үйренуге бара алады. Аңғарылып тұрғанындай, Аллаһу та’ала жақсы көретін ұлы ғибадат болған қажылыққа рұқсатсыз баруы күнә болса да, ілім үйренуге рұқсатсыз баруы күнә болмайды. Сүйікті пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бізге білдірген және «Қай жерде ілім бар болса, сол жерде мұсылмандық бар. Қай жерде ілім жоқ болса, ол жерде кәпірлік бар!» деген. Бұл жерде де ілім үйренуді бұйыруда. Әрбір мұсылман алдымен дін, содан соң дүние білімдерін үйренуі тиіс.

Ислам дінінің жаратылыстану ғылымдарына қарсы деп ойлауға болмайды. Жаратылыстану дегеніміз «Махлұқтарды, құбылыстарды көру, зерттеп түсіну және тәжірибе жасап, ұқсасын жасау» дегенді білдіреді, бұл үшеуін де Құран кәрім әмір етуде. Жаратылыстану ғылымдарына, өнеркәсіпке және ең заманауи соғыс қаруларын жасауға ұмтылу – фарзи кифая. Дұшпандардан көбірек еңбектенуімізді дініміз әмір етуде. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ғылымды әмір еткен өте әсерлі сөздерінен бірнешеуі «Сәадәт-и Әбәдийа» кітабының 1-ші том, 24-бетінде жазылған. Ислам діні – ғылымды, тәжірибені, еңбектенуді бұйыратын ширақ дін.

Еуропалықтар жаратылыстану ғылымдарының көпшілігін және барлығының негізін Ислам кітаптарынан алды. Еуропалықтар жерді тегіс, айналасы дуалмен қоршалған деп ойлап жүргенде мұсылмандар жердің домалақ екенін және өз шеңберінде айналатынын білетін еді. Тіпті, Мусул маңындағы Синжар деген жерде меридианның ұзындығын өлшеп, қазіргідей тапқан. «Шәрһи мәуақиф» және «Марифатнама» кітаптары бұл жайлы кеңінен баяндаған. 581 [м.1185] жылы қайтыс болған Нуриддин Батружи Андалусия Ислам университетінде астрономия ғылымының профессоры еді. «Әл-хаят» кітабында қазіргі астрономияны жазған. Галилей, Коперник және Ньютон жердің айналатынын мұсылман кітаптарынан оқып айтқан кезде бұл сөздері қылмыс саналған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Галилей поптар тарапынан сотталып, қамауға алынды. Ескі Ислам медреселерінде бөлек жаратылыстану ғылымдары да оқытылатын еді. Андалусия медреселері бұл мәселеде бүкіл әлемге жол көрсетуші болған.

Аурулардың микроптардан туындайтынын алғаш тапқан Ислам мәдениеті жетілдірген Ибн Сина болып табылады. Бұдан 900 жыл бұрын «Барлық ауруды тудыратын бір құрт. Өкінішке орай оларды көретін құралымыз жоқ» деген.

Ұлы Ислам дәрігерлерінің бірі Әбубәкір Рази (рахимә-һуллаһу та’ала) (854-952) алғаш рет сол кезге дейін бір ауру болып саналып келген скарлатина, қызылша және шешектің бөлек-бөлек аурулар екенін тапқан. Осы Ислам дәрігерлерінің кітаптары орта ғасырда оқулық ретінде бүкіл әлемдегі университеттерде оқытылатын еді. Батыста психикалық ауруларға душар болғандар (шайтан тарапынан тұтылған адамдар ретінде) тірідей өртеліп жатқанда, шығыста мұсылман мемлекеттерінде оларды емдеу үшін арнайы емханалар құрылған.

Қазіргі таңда ақылы орнында болған әр адам материалдық ғылым мен  жаратылыстанудың әуелі мұсылмандар тарапынан құрылғанын қабыл етуде. Батыстың ғалымдары да мұны растауда. Ислам елдеріне кіріп, мұсылман болып көрініп, сөздерін тыңдатқызуға мүмкіндік тапқан кейбір Ислам дұшпандары ғылымның жаңа өнертабыс пен мүмкіндіктерін, жасаған жаңа қаруларын айтып, «Бұлар кәпірлердің ойлап тапқаны, оларды қолданғандар кәпір болады» деп сауатсыздарды алдады. Аллаһу та’аланың «Барлық нәрсені үйреніңдер!» деген әмірін ұмыттырды. Бұл жағдай мұсылмандардың ғылым мен техникада артта қалу себептерінің бірі болды. Батыс жаңа құралдары және қаруларымен үстемдікке қол жеткізді. Ислам дұшпандары бір жағынан мұсылмандарды осылайша алдады. Екінші жағынан, «Мұсылмандар ғылымды ұнатпайды, материалдық ғылымдарды қаламайды, мұсылмандық – кертартпашылдық, дүмшелік» деп жастарды Ислам дінінен айыруға, Ислам дінін іштен құлатуға тырысты.

Баспахананың Османлы билігінің астындағы Ислам мемлекеттеріне Еуропадан тек 200 жылдан кейін ғана келуін «Ислам діні баспаханада кітап басуға тыйым салады» деген тәрізде түсіндіруге тырысатындар толығымен қателеседі. Баспахананың Түркияға кеш келуіне кітаптар басылса жұмыссыз қалатындығынан қорыққан кітап көшірушілер, яғни ақшаға кітап жазатындар себеп болған. Олар баспахананың Түркияға келмеуі үшін түрлі үгіт-насихаттар жүргізген, жазу құралдарын табытқа салып, Баб-ы Алиға (үкіметке) дейін барған. Тіпті «дүмшелерді» (төменде олар жайлы айтамыз) пайдаланып, оларға «Баспахана Ислам дініне қайшы» деген тәрізде айтқызуға дейін барды. Алайда, бұл адамдардың Ислам дінін өздерінің жеке пайдаларына жету үшін құрал қылуды көздегенін көрген Осман патшасы Сұлтан Ахмет Хан ІІІ уәзірі Дамад Ибраһим Пашаның көмегімен бұл мәселені түбегейлі шешу үшін Ислам дінінің ең үлкен көсемі болған Шәйх-ул-Исламнан баспаханаға қатысты пәтуа талап еткен. Сол замандағы Шәйх-ул-Ислам Абдуллаһ Мырза тарапынан берілген пәтуа «Бәхжәт-ул-фәтауа» фәтуа кітабының 262-ші бетінде былай жазылған:

«Ілім, жаратылыстану және ахлақ кітаптарын баспаханада қалыпқа салып, аз уақытта және оңай түрде көп кітап басу, пайдалы кітаптардың арзанға түсуіне және жан-жаққа таралуына себеп болатындықтан, баспахана құрудың жаиз және жақсы екеніне пәтуа берілді». Бұл пәтуа баспаханаға қатысты шығарылған «Ислам дініне қайшы» деген пікірдің қаншалықты қате екендігін көрсетуге жеткілікті. Жоғарыда қолданылған «Дүмше» сөзі – надан, сауатсыз, қате, адасқан түсініктері мен саяси пікірлерін діни білім ретінде ұсынған адам дегенді білдіреді. Бұзылған түсініктерін, қате пікірлерін қабылдату үшін діни білімдерді қате қылып айтады. Олардың көбі мұсылмандардың имандарын қолдану арқылы қуаттанады. Бүкіл халықты соңынан ергізіп, көтеріліс жасауға, араңдатушылыққа, бауырлардың өзара жанжалына себеп болады. Олардың ең зиянды және қауіптілері – мал-мүлік, ақша, лауазым үшін шетелдік идеологиялардың, діндегі реформашылардың және мазһабсыздардың үгіт-насихаттарын жүргізіп, халықтың иманын, мінезін бұзатын сатылған діндегі, ғылымдағы және саяси дүмшелер. Дүмшелерді үшке бөлуге болады:

1) Дін және дүние ілімдерінен бейхабар болған, бірақ өздерін ғалым, ақылды деп санайтын «Надан дүмшелер». Олар араңдатушылыққа жасауымен қатар, дін дұшпандарына тез алданып, зиянды жолға оғай түседі. Османлы тарихын қанға бояған Патрона Халил, Кабакчы Мұстафа, Мәһди екендігін айтқан қызылбас Жәлали  сияқты адамдар осы топқа жатады.

2) Дүмшелердің екінші түрі – «Дін дүмшелері». Олар жаман дін адамдары. Олардың біраз білімі бар болса да, опасыз мақсаттарына, мал-мүлікке, мансапқа қол жеткізу үшін білмегендерінің немесе білгендерінің терісін айтады және жасайды. Ислам дінінің сыртына шығып кетеді. Жамандық жасауда, дінді құлатуда надандарға үлгі болады, жол көрсетеді. Ислам дініне үлкен зияндарын тигізген Абдуллаһ бин Сәбә, Әбу Мүслим Хорасани, Хасан Саббах, Самауна қазысының баласы шәйх Бәдрәддин, Османлы патшаларының шәһид етілуіне пәтуа берген дін адамдары, уаххабилік фитнасын шығарған Нәждтік Абдулуаххаб ұлы Мұхаммед, Мысырдағы масондар жиналысының басшысы Жәмаләддин Ауғани, Каир мүфтиі масон Мұхаммед Абдух пен қызметшісі Рашид Риза, Мысырлық Хасан Әл-Бәнна мен Сәйид Кутб, Стамбұлда Ислам дініне шабуылдағандардан Абдуллаһ Жевдет, Үндістанда ағылшындардың Исламға шабуылдауына себепші болған Ахмет Кадияни, Пәкістандық Әбулала Мәудуди және осы сияқтылар, жаңадан тараған реформашылар, мазһабсыздар және дін адамы кейпіне еніп, Осман Империясының құлауына тырысқан атақты ағылшын тыңшысы Лоуренс , бәрі осы топқа жатады. Олар мұсылмандардың діни сезімдерін, имандарын жою арқылы Ислам дінін іштен құлатуға тырысқан.

Ұлы Ислам ғалымы Имам Ахмед Раббани (рахимә-һуллаһу та’ала) «Мәктубат» кітабының 47-ші хатында жаман дін адамдарынан былай шағымдануда: «Дүниелікке берілген дін адамдарының сөзін тыңдау [кітаптарын оқу] у ішу сияқты зиянды. Жаман дін адамдарының зияндары жұқпалы. Қоғамды бұзады, халықты бөлшектейді. Тарихта Ислам мемлекеттерінің басына келген пәлекеттерге әрқашан осындай жаман дін адамдары себеп болған. Мемлекет адамдарын тура жолдан осылар адастырды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Мұсылмандар жетпіс үш топқа бөлінеді. Олардың жетпіс екісі тозаққа барады. Тек біреуі ғана тозақтан құтылады!» деген. Тура жолдан айрылған осы жетпіс екі адасқан топтың басшыларының бәрі жаман дін адамдары болған. Сауатсыз дүмшенің зиянының басқаларға тигені аз кездескен. Надан және адасқан шейхтар да жаман дін адамдары болып саналады. Олардың да зияны басқаларға тиеді.»

33-ші хатында айтқанындай, пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Қиямет күнінде ең қатты азап тартатын адам – Аллаһу та’ала өз ілімінен өзін пайдаландырмаған ғалым» деді. Аллаһу та’ала қадірлі тұтқан және барлық нәрсенің ең құндысы болған ілімді мал-мүлік, мансап табуға және бастық болуға құрал қылушылар үшін бұл ілім зиянды болмайды ма? Алайда, дүниелікке берілу – Аллаһу та’ала мүлдем жақтырмайтын нәрсе. Олай болса, Аллаһу та’ала қадірлеген ілімді Оның ұнатпаған жолында жұмсау өте жаман әрекет. Оның қадірлегенін жамандау, жақтырмағанын қадірлеу, Оны мазақтау деген сөз. Сөздің ашығы, бұл – Аллаһу та’алаға қарсы тұру деген сөз. Дәріс беру, уағыз жүргізу және діни кітаптар мен журналдар шығару тек Аллаһ разылығы үшін болған кезде және мансапқа, мал-мүлікке, абыройға қол жеткізу үшін болмаған кезде ғана пайдалы болады. Осылай халис, таза ойлаудың белгісі – дүниелікке берілмеу. Бұл пәлекетке түскен, дүниелікті жақсы көретін дін адамдары, ақиқатында, дүние адамдары болып есептеледі. Жаман ғалымдар осылар. Адамдардың ең төмені осылар. Діннің, иманның ұрылары осылар. Алайда, олар өздерін дін адамы, ахирет адамы және адамдардың ең жақсысы деп санайды және өздерін елге солай танытады. Аллаһу та’ала олар туралы Мүжадәлә сүресінің 18-19 аяттарында: «Олар өздерін мұсылман деп санайды. Олар ең үлкен өтірікшілер. Шайтан оларды алдаған. Олар Аллаһу та’аланы ойламайды және есімін тілдеріне алмайды. Олар шайтанға ерген, өздері шайтан болған. Біліп қойыңдар, шайтанға ергендер зиянға ұшырады. Мәңгілік бақытты тастап, шексіз азапқа атылды» деген. Әулиелердің бірі шайтанның бос отырғанын, адамдарды алдауға тырыспағанын көріп, себебін сұрайды. Шайтан жауап ретінде: «Дәуірдің дін адамы болып көрінген жаман ғалымдары адамдарды жолдан тайдыруда маған көп көмектескені соншалық, бұл маңызды істі атқаруыма қажеттілік қалмауда» деген. Дұрысы, қазіргі заманда Ислам дінінің бұйрықтарын орындаудағы немқұрайлылықтар және адамдардың діннен бет бұруы, үнемі дін адамы атынан айтылған сөздерден, жазбалардан және бұл адамдардың жаман ниеттерінен туындайды. [Шынайы дін адамында үш сипат болады: Ақыл, ілім, ықылас. Осы үш сипатты бірге алып жүрген адамға «Дін ғалымы» делінеді. Бір сипаты кем болса, оның сөзіне сенуге болмайды. Ілім иесі болу үшін ақыл және нақыл ілімдерінде маман болу керек.]

Дүниелікке көңіл бөлмейтін, мал-мүлікке, мансапқа, атақ-даңққа қауышу, бастық болу қалауында болмаған дін ғалымдары – нағыз ахирет адамдары болып табылады. Олар пайғамбарлардың (алейһимуссалам) мирасқорлары, өкілдері. Жаратылыстардың ең жақсысы – олар. Қиямет күні олардың сиялары Аллаһу та’ала үшін жанын қиған шәһидтердің қанымен салыстырылып өлшенеді, сиялар ауыр басады. «Ғалымдардың ұйқысы – ғибадат» хадис шәрифінде мадақталғандар – осылар. Ахиреттегі шексіз ниғметтердің әсемдігін түсінген, дүниенің нашарлығы мен жамандығын көрген, ахиреттің мәңгі, ал дүниенің өткінші екенін білгендер – олар. Сондықтан, олар мәңгі болмаған, тез өзгеретін және таусылатын нәрселерге мән бермей, мәңгі болғанға, еш бұзылмайтын, бітпейтін әсемдіктерге ұмтылған. Ахиреттің ұлылығын түсіне білу Аллаһу та’аланың шексіз ұлылығын көре алу арқылы жүзеге асады. Ал ахиреттің ұлылығын түсінген адам дүниеге еш мән бермейді. Өйткені, дүние мен ахирет бір-бірінің терісі. Бірін қуантсаң, екіншісі ренжиді. Дүниені қадірлеген, ахиретті ренжітеді. Ал дүниені ұнатпаған, ахиретті қадірлеген болады. Екеуін де бірдей қадірлеу немесе екеуін де төмен ұстау мүмкін емес. Екі теріс, қайшы нәрсені бір жерде ұстау мүмкін емес. [От пен су бір жерде тұрмайды.]

Тасаууф ғалымдарының кейбірлері өздерін және дүниені толығымен ұмытқаннан кейін көптеген себептер, пайдалар үшін дүние адамы кейіпінде көрінеді. Бұл дүниені жақсы көретіндей, қалайтындай болып көрінеді. Алайда, олардың ішінде дүниеге деген сүйіспеншілік, қалау жоқ. Нұр сүресінің 37-ші аятында білдірілгеніндей: «Олардың сауда-саттықтары, алыс-берістері Аллаһу та’аланы ойлауларына мүлдем кедергі болмайды.» Олар дүниеге байланған болып көрінеді. Алайда ешқандай байланысы жоқ. Қажы Бахауддин Нақшибанд Бұхари (қуддиса сиррух) айтып берген: «Мекке мүкәррамада Мина базарында жас бір саудагер елу мың алтын шамасында сауда-саттық жасап жатқан еді. Сол кезде жүрегі (көңілі) Аллаһу та’аланы бір сәтке де ұмытпаған еді.»

3) Дүмшелердің үшінші түрі, қолында университет дипломы бар, жаратылыстану ғалымы ретінде шыққан «Пән дүмшелері». Пән дүмшелері жастардың иманын бұзу, оларды діннен, Исламнан айыру үшін ойдан шығарған нәрселерді пән білімі, медициналық білім, озаттылық ретінде түсіндіріп жазады. Діни кітаптар осы пән (жаратылыстану) ғылымдарына сай келмейтіндіктен қате, бұл қате кітаптарға сену, сол кітаптар көрсеткен жолда өмір сүруді керітартпашылық дейді.  Дін дүмшелері діни мағлұматтарды өзгерткеніндей, пән дүмшелері жаратылыстану ғылымдарын өзгергерту арқылы Ислам дініне шабуыл жасауда. Ислам дінін жақсы білетін, университетте жақсы оқып жетіліп шыққан ақылды адам олардың сөздерінің ғылымға, пәнге сай келмейтінін, олардың пән мен дін наданы екенін бірден түсінеді, дегенмен, жастар, оқушылар олардың сыртқы көрінісіне алданып, өтіріктеріне сенеді, пәлекетке ұшырайды. Осылайша Ислам қоғамын бөлшектейді. Пән дүмшелері жайында «Сәадати әбәдийа» кітабында кең мәлімет берілген.

Дүмшелердің жоғарыда жазылған үш түрі де Ислам мемлекеттеріне және пәк Ислам дініне үлкен зияндарын тигізген, әлі де тигізуде. Ислам дінін іштен құлатуға тырысатын мұндай мұнафықтар, зындықтар қазір де бар. Аллаһу та’алаға шүкір, олар бұрынғы күш-қуаттарынан көп нәрсе жоғалтқан. Қазіргі таңда Ислам әлемі Аллаһу та’ала әмір еткендей жаратылыстанудың бүкіл егжей-тегжейліліктерін үйренуге тырысуда және тек осының арқасында ғана батыстың жаратылыстану мен технологиясына жететінін білуде. Өкінішке орай, орта ғасырда ғылым мен жаратылыстануда ең озат болған мұсылмандар Ислам дініне қарсы болғандардың айлаларына алданғандықтан және Ислам дінінің бұйрықтарына немқұрайлы қарағандықтан, соңғы кездері бұл мәселеде артта қалды.

Демек, Ислам діні барлық мәселеде нұқсансыз және келген 21-ші ғасырдың шарттарына толығымен сай келетін дін болып табылады. Ғылымды, жаратылыстануды және әділдікті әмір етеді, жалқаулыққа тыйым салады. Ислам діні – Еуропаның тек 19-шы ғасырдан бастап негізі қалана бастаған әлеуметтік жүйенің құрушысы және қорғаушысы. Кітабымызда бұл тақырыпта кеңiрек мәлімет беруге орын мумкiндiк жок. Мұсылман бауырларымыз және мұсылмандыққа қызығушылық танытатын басқа дін өкілдері Ислам діні мен әлеуметтік жүйе арасындағы байланыстар жайлы «Сәадәти Әбәдийа» кітабынан таба алады. Оларға осы кітапты оқуға кеңес береміз.

Әлем ішінде құнды нәрсе жоқ дәулет сияқты,

Дәулет болмас өмірде, бір тыныс саулық сияқты.