29 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     1 - Қараша, 2024 жыл.   


25) Хусейн Роф (ағылшын)

Адам бала кезінде өзіне үйретілген діннен шығып, басқа дінді таңдаған болса, демек мұның не сезімдік, не философиялық, не қоғамдық бір себебі бар деген сөз. Мендегі құштарлық жоғарыдағы себептердің ең болмағанда екеуін қанағаттандыра алатын бір дінге иман етуге мәжбүрледі. Сондықтан, оқуымды бітіргеннен кейін әлемдегі діндердің қайсысына сену керектігін анықтау мақсатымен оларды жеке-жеке зерттей бастадым.

Ата-анам католик және яһуди еді. Бірақ, екеуі де католик пен яһуди діндерінен бас тартып, протестант болды және ағылшын шіркеулеріне барып жүрді. Мен мектепте оқып жүргенімде ағылшын шіркеуінің тұрақты рәсімдерін қалдырмай қатысып, дінбасылардың дәрістерін тыңдаған едім. Бірақ олардың маған үйретуге тырысқанхристиандық сенімдерінің ішінде мен түсінбейтін, маған оғаш көрінген көп нәрселер бар еді. Бәрінен бұрын үш тәңір, яғни әке, ұл және қасиетті рух сенімі маған өте қисынсыз болып көрінді, бұған сену мүмкін емес еді. Болмысым мұны түбегейлі жоққа шығарған еді. Сонымен қатар, Аллаһқа қауышу үшін кәфарат өтеу керектігі туралы шіркеудің сенімі де мүлдем мағынасыз санайтын едім. Мен ойлаған ұлы жаратушы құлдарынан мәжбүрлі кәфарат талап етпейтін еді.

Осыған орай яһуди дінін зерттей бастадым. Яһудилердің Аллаһу та’аланың бір екендігін, Оның ұлылығын өте қисынды түрде қабылдайтынын және Оған серік қоспайтынын көрдім. Мүмкін, яһуди діні қазіргі христиан діні сияқты бұзылмаған шығар. Бірақ, бұл дінде де маған түсініксіз және мен қабылдай алмайтын нәрселер бар еді. Яһуди діні рәсімдерге, дұғаларға, мәжбүрлі ғибадаттарға толы болғаны соншалық, яһуди адам бұлардың барлығын орындайтын болса, дүние істеріне уақыт таба алмайды. Бұл рәсімдердің көбінің адамдар тарапынан кейіннен дінге қосылған, қажетсіз, қисынсыз нәрселер екенін түсіндім. Осылайша, яһуди діні әлеуметтік өмірден толығымен бөлінген, азшылықтың діні екенін аңғардым. Дүниеге еш пайдасы тимейтіні түсінікті болған яһуди дінін тастап, басқа діндерді зерттей бастадым. Мен әрі шіркеуге, әрі синагогаға барып жүрдім. Бұл әрекеттерім мүлдем дінсіз қалмау үшін еді. Әйтпесе мен христиан да, яһуди да емес едім. Ағылшын шіркеуімен бірге Рим шіркеуін, яғни католик дінін де біраз зерттедім. Байқағаным, католиктердің сенімдері ағылшын шіркеуіне бағынышты болған протестанттардың сенімдерінен де көп қате сенімдерге толы. Әсіресе католиктердің папаға бағынышты болуы және оны күнәсіз деп қабылдап, оны жартылай тәңір деп санаулары олардан алыстауыма себеп болды.

Енді шығысқа бет бұрып, шығыс діндерін зерттей бастадым. Мәжусилердің дінін мүлдем ұнатпадым. Өйткені, олар діндарлар тобына үлкен артықшылықтар береді. Ал парияларды мал есебінде санайтын. Кедейлерге көмек беру деген нәрсе ойларына да кірмейді. Олардың көзқарасы бойынша, адам кедей болса, бұл оның өз кінәсі еді. Егер үн шығармай, шағымданбай, қиыншылық шексе, бәлкім дінбасыларының дұғасының арқасында жағдайы жақсаруы мүмкін. Бұл пікірді дінбасылары халықты өздерінен қорқыту және толық бағынуы үшін жайған еді. Осы себептен мәжуси дінін жек көріп қалдым. Әсіресе мәжусилердің жануарларға да табынуы жеккөрушілік сезімімді арттырды. Мұндай діннің хақ дін болуы мүмкін емес.

Буддизмге келетін болсақ, буддисттер философиялық түсінік пен сенімдерге тәуелді еді. Олар маған егер күш-жігерімді салып, барынша талпынып, керекті құрбандықтарды жасайтын болсам, ұлы құдіреттерге қол жеткізетінімді және дүниемен химиялық тәжірибе жасағандай ойнай алатынымды айтты. Бірақ, буддизмнен мен ешқандай мінез-құлық қағидаларын таба алмадым. Оларда да дінбасылары басқалардан үстем және абыройлы тұратын. Маған шынымен де таң қалдыратын марифеттер үйретті. Бірақ олардың дін мен Аллаһқа ешқандай қатысы жоқ еді.

Бұл марифеттер спортпен немесе сиқыршылықпен айналысқандай уақыт өткізуге, бұларды білмейтіндерді таң қалдыруға ғана жарайтын еді. Адамның рухын тазалаудан және Аллаһу та’аланың разылығына, махаббатына жақындатудан тым алыс еді. Аллаһу та’аламен және Оның жаратқан болмыстарымен ешбір байланысы жоқ. Жалғыз пайдасы – адамды жүйелі түрде өмір сүруге (дисциплинаға) үйретеді.

Будда есімді адам оқымысты, ақылды адам болғаны рас. Ол адамдардан жанкештілікті талап ететін. «Жамандық жасама!», «Бүкіл қалаулар мен құштарлықтарды тәрк ет!», «Ертеңді ойлама!» деген сияқты әмірлер берген. Иса алейһиссалам да дәл осы сөздерді айтқан емес пе еді? Бірақ адамдар мұндай әмірлерді әлі христиандық бұзылмастан бұрын орындаған, кейін тастар кеткен. Буддисттерде де осындай жағдайды көрдім. Егер адамдар Иса алейһиссалам немесе Будда сияқты таза бола алғанда еді, бәлкім олардың көрсеткен жолдарымен жүріп, Аллаһу та’аланың рызылығына қауыша алар еді. Бірақ қазіргі таңда мұндай таза рухты, жақсы мінезді, барлық жамандықтан өзін қуана-қуана тия алатын қанша жанкеш адам бар? Демек, Будда енгізген мінез-құлық негіздері қазіргі адамдардың көзқарастарына сай келмейді.

Ислам әлемінде бола тұра басқа діндерді зерттеп, Ислам туралы ойламауым қандай өкінішті! Неге екенін білмедім, мұсылмандық мүлдем есіме түспепті. Мұның себебі түсінікті болатын: Мұсылмандық туралы бізге берілген мәліметтер, ол туралы Еуропада жазылған еңбектер әрдайым бұл дінді қате, ойдан шығарылған, мағынасыз, жасанды дін деп көрсететін. Родвель аударған Құран кәрімнің аудармаларын оқыған кезде менде осындай пікір қалыптасты. Родвель Құран кәрімнің бірнеше бөлімін түсініксіз түрде аударып, көп бөлімін әдейі өзгертіп, басқаша етіп көрсеткен. Шындықты тек Лондондағы «Ислам қоғамы»-мен байланысып, дұрыс Құран кәрімді оқығаннан кейін ғана түсіндім. Бұл жерде мынаны айта кетуім керек, мұсылмандар осы керемет діндерін дүниеге таратуға аз күш салуда. Егер шынайы Исламды әлемге таратуға тырысатын болса, олардың үлкен нәтижелерге қол жеткізетініне сенімдімін. Таяу Шығыстағы халықтар шетелдіктерден тартынуда. Олармен араласып, дінді үйретудің орнына, барынша алыс жүруге тырысады. Бұл үлкен қате. Мысалы, мен үшін өте қиын болды. Өйткені, Ислам дінін үйрене алмай жүрмін. Құдайға шүкір бір күні құрметті, мәдениетті бір мұсылманмен таныстым. Маған мұсылман адам тарапынан ағылшын тіліне аударылған Құран кәрімнің аудармасын сыйға тартты. Сұраған барлық сұрақтарыма қисынды жауаптар берді. 1945 жылы мені бір мешітке алып барды. Өмірімде бірінші рет сол жерде мұсылмандардың ғибадатын мұқият және құрметпен тамашаладым. Бұл неткен көркем көрініс еді! Әр түрлі түстегі, әр түрлі ұлттағы адамдар бірге ғибадат жасап жатқан еді. Бірақ барлығы Аллаһу та’аланың құзырында бір-бірінен ерекшеленбей, қатар тұрып өздерін толығымен Аллаһу та’лаға арнаған еді. Бай бір түріктің қасында өте кедей үнді тұрды. Оның қасында пайымдауымша бір саудагер араб тұрды. Оның қасында қара нәсілді кісі тұрды. Араларында ешқандай айырмашылық жоқ болатын. Олар өздерінің түрік, араб, үнді, бай, кедей, лауазымды екендіктерін толығымен ұмытып, барлығы өздерін Аллаһқа арнаған. Ешкім ешкімнен жоғары көрінбейді. Бай кедейді кішімсінбейді, жоғары лауазымды адамдар да басқаларға тәкаппарлық жасамайды.

Мен осыларды көргеннен кейін іздеген хақ дінімнің Ислам діні екенін түсіндім. Қазірге дейін барлық діндерді зерттегеніммен ешқайсысы маған бұлай әсер етпеген еді. Мұсылмандықты осылай жақыннан көріп, оның негіздерімен танысқаннан кейін бұл дінді  қабылдадым.

Қазір мұсылман болғанымды мақтаныш тұтамын. Англияда университетте «Ислам мәдениеті» сабақтарына қатыстым. Орта ғасырда Еуропа қараңғылық ішінде өмір сүріп жатқан кезде, Ислам нұрға қауышқан. Көптеген жаңалықтар мұсылмандар тарапынан ашылған, ілім, медицина және жаратылыстану ғылымдары еуропалықтарға Ислам университеттерінде үйретілген. Көптеген басқыншылар Ислам дінін қабылдап, ұлы мемлекеттер құрған. Мұсылмандар үлкен мәдениеттер құрумен қалмай, христиандар тарапынан жойылған көне мәдениеттерді жаңадан қалыптастырған. 

Менің мұсылман болғанымды естіген достарым маған «Сен кертартпасың» деген кезде мен оларға күліп: «Керісінше, Ислам кертартпа діні емес, нағыз жоғары өркениет діні» деп, оларға шынайы мұсылмандықты түсіндірдім. Өкінішке орай, қазір мұсылмандар көп артта қалған. Өйткені, мұсылмандар өз діндерінің қаншалықты жоғары дін екенін бара-бара ұмытуда және оның бұйрықтарын орындауға немқұрайлы қарауда. Мұның себебі шынайы дін ғалымдарының аз болуы.

Ислам мемлекеттерінде әлі күнге дейін қонақжайлылық қасиеті сақталған. Мұсылманның үйіне барған кезде ол сізді таныса да, танымаса да жылы қабылдайды. Өйткені, Ислам діні басқаларға көмектесуді бұйырады. Байдың кедейге көмектесуі, мүлкінің бір бөлігін кедейлерге беруі - Исламның бес негізінің бірі. Бұл басқа ешбір дінде жоқ. Демек, Ислам діні – бұл ғасырдың әлеуметтік өміріне ең лайық дін. Сол себепті Ислам дінінде коммунизмге орын жоқ. Өйткені, Ислам бұл мәселені бұрыннан және негізді түрде шешіп қойған».