29 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     1 - Қараша, 2024 жыл.   


34) Омар Мита (жапон)

мар Мита – экономика саласының маманы, әлеуметтік істермен айналысқан, біраз уақыт буддист дінбасы қызметін де атқарған және уағыздар берген, мұсылман болғаннан кейін Ислам дінін таратуға бар күшін салған жапон ойшылы.)

Аллаһу та’алаға шүкірлер болсын, үш жылдан бері мұсылманмын. Бақытты өмірге қол жеткіздім. Маған шынайы, дұрыс өмірдің қандай екенін пәкістандық мұсылман бауырларым үйретті. Пәкістандық мұсылман достарым Жапонияға келген кездерінде менімен танысып, маған мұсылмандықты түсіндірді, мен мұсылмандықты қабылдадым. Мен оларға қарыздармын.

Жапония халқының көпшілігі буддисттер. Бірақ, шындығына келгенде олардың Буддизммен ешқандай байланысы қалмаған. Діни рәсімдерге де қатыспайтын болған. Діни білімдерін толықтай дерлік ұмытқан. Мұның себебі Буддизмнің түсініксіз, өте шиеленіскен бір философия болуында және бұл дінді таңдағандарға дүниеде ешбір пайда бермеуінде. Өмірде әр күні күресуге мәжбүр болған немесе басына түскен әр түрлі қиыншылықтарды қалай шешуді білмейтін орта деңгейлі адамға Буддизмнің ешқандай көмегі тимейді. Мұндай адам бұл дінді түсіне алмайды және оны пайдалана алмайды. Ал Ислам діні ондай емес. Ислам – барлық адам түсіне алатын, қарапайым, адамгершілікке негізделген илаһи дін болып табылады. Исламның негізі – тазалық. Ислам – рухы таза адамдардың ең жақсы жол көрсетушісі.

Менің пікірімше, Жапонияда Исламның таралуы өте оңай жүзеге асады. Бастапқыда біраз қиыншылықтар болуы мүмкін. Кейін барлық кедергілер жойылып, жапондар мұсылман бола бастайды. Бұл үшін ең алдымен жапондарға шынайы мұсылмандықты таныту керек. Жапондар күн өткен сайын материалдық нәрселерге көңіл аударуда. Бірақ, бұған өздері разы емес, рухтарындағы жетіспеушілікті сезінуде. Оларға Ислам дінінің тек рухани білім беретінін емес, адамдарға дүниеде жасайтын барлық істері үшін де жол көрсететінін үйрету керек.

Екіншіден, Жапонияға осы істі атқара алатын білімді мұсылмандар келуі керек. Өкінішке орай, Жапонияға әр түрлі мұсылман елдерден келген студенттер бұл істі атқара алмайды. Олармен араласқан кезімде олардың өз діндері туралы білмейтінін, тіпті діндеріне мойынсұнбайтынын көрдім. Олар бізге жол көрсете алмайды. Олар – батыс әлеміне қызығатын, еуропалық тәрбие алған, батыстық колледждерде, поптартың мектептерінде оқыған адамдар. Ислам діні туралы ештеңе білмейді.

Ислам дінінің Жапонияда таралу мәселесін бүкіл мұсылмандар шындап ойланып, біздің елімізге шынайы ғалымдарды жіберуі керек. Бұл мұсылмандар тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде де Исламның үлгісі болуы керек. Біз, жапондар бейбітшілікке, ақиқатқа, шыншылдыққа, адалдыққа, ізгілікке мұқтажбыз. Күн өткен сайын бұл жақсы қасиеттерімізді жоғалтудамыз. Бұл мәселеде тек Ислам діні ғана көмек беріп, бұл аянышты жағдайдан құтқара алады.

Мұсылмандар ұлы жаратушы – Аллаһу та’алаға сенеді. Жапондар да осындай иманға мұқтаж.

Ислам – бейбітшілік деген сөз. Әлемде бейбітшілікті жапондардай қалайтын басқа бір халық жоқ. Бейбітшілікке, тыныштыққа қол жеткізу үшін мағынасының өзі «бейбітшілік» болған Ислам дінін таңдауы қажет. Ислам дегеніміз – адамдармен тыныш, бақытты өмір сүру және Аллаһу та’аланың әмірлеріне бағыну деген сөз. Бүкіл мұсылмандар бір-біріне бауыр. Адамзат тек Ислам діні арқылы ғана пәлекеттен  және жабайылықтан құтылады.