29 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     1 - Қараша, 2024 жыл.   


Алауддин Аттар

Алауддин Аттар хазреттері Бұхарада жетілген ең үлкен әулиелерден. Силсилә-и алийаның он алтыншысы. Негізгі есімі Мұхаммед бин Мұхаммед Бұхари.

Бай әкесі қайтыс болғаннан кейін балаларына мирас ретінде өте көп мал-мүлік қалды. Бірақ Алауддин ешқандай мирасты қабылдамай, Шах Нақшибәнд Мұхаммед Бахауддин Бұхариге шәкірт болуды таңдады. Оған барып жағдайын түсіндірді және шәкірттікке қабылдауын өтінді. Бахауддин Бұхари хазреттері оған назар салып, «Балам, біздің жолымызда қиыншылық көп. Дүниелікті және нәпсіңді тәрк ете аласың ба?» деп сұрағанда еш ойланбастан «Орындауға дайынмын, ұстазым» деді. «Олай болса, бүгін бір себет алма ал, бауырларыңның базарына барып сат!» деді.

 

Ол алма сатты

Алауддин текті және танымал отбасыдан шыққан болса да, тәкәппарланбастан бауырларының аумағына барып айқайлап тұрып алма сатты. Ертеңіне ұстазының алдына барып «Бұйрықтарыңызды орындауға тырыстым, ұстазым» деді. Ұстазы «Бүгін бауырларының дүкенінің алдына барып сатасың» деді. «Құп болады, мырзам!» деп ағаларының дүкенінің алдына барып айқайлап тұрып алма сата бастады. Ағалары «Бізді жұртқа масқара қылма, ақша қажет болса қалағаныңша берейік, мирасыңнан да көбірек ал, бірақ бұл істі таста» деді. Оларды еш тыңдамастан алма сатуын жалғастырды. Ағалары «Онда сататын болсаң, біздің дүкеніміздің алдында сатпашы!» деп сұрады. Ол сонда да тыңдамады. Оны балағаттап, ұрып-соқты. Бірақ ол ештеңеге мән бермеді. Ұстазының бұйрығына бағынуын жалғастырды. Ертеңіне ұстазы «Болды, бұл іс бітті» деп алма сату ісін қойғызды және оны шәкірттікке қабылдады.

Алауддин Аттар хазреттері айтып берген:

«Ұстазым мені қабыл еткенге оны қатты жақсы көрдім және сұхбаттарынан айрыла алмайтындай жағдайға келдім. Бір күні маған "Сен мені жақсы көрдің бе, әлде мен сені жақсы көрдім бе?" деп сұрады. "Бұл әлсіз қызметшіге ілтипат етсеңіз, ол да сізді жақсы көреді" дедім. "Кішкене күт!" деді. Біраз уақыттан кейін жүрегімде оған деген сүйіспеншіліктен ізі де қалмады. Сол кезде "Сүйіспеншіліктің кімнен келгенін түсіндің бе?" деді.»

 

Егер сүйіктіден махаббат болмаса ғашыққа,

Ғашықтың махаббаты қауыштырмас сүйіктіге.

 

Шәкірттікке қабыл еткеннен кейін ол жан-тәнімен қызмет етті. Шәкірттердің арасында саусақпен көрсетілетіндей дәрежеге жетті. Ұстазы оның дәрежесінің жоғары екенін білгені үшін бір күні жұбайына «Қызымыз балиғатқа толғанда маған хабар бер» деді. Қыз балиғатқа толғанда ұстазы шәкірті Алауддиннің бөлмесіне барды. Бір ескі алашаның үстінде кітап оқып отырғанын көрді Басының астына қоятын бір кірпішінен басқа ештеңесі жоқ еді. Ұстазы «Егер қабыл етсең, балиғатқа жеткен қызым бар. Сенімен үйлендірейін» деді. Алауддин «Маған үлкен мейір көрсеттіңіз. Бірақ көріп тұрсыз, ештеңем жоқ» деді. Ұстазы «Қызым саған тағдыр етілген. Ризықтарыңды да Аллаһу та'аланың жіберетіндігі білдірілген» деп айтты. Біраз уақыт өткеннен соң екеуі үйленді.

 

Өзенге секірді

Бахауддин Бұхари хазреттері шәкірттерімен қырға шыққан еді. Жолда бір өзеннен өтіп бара жатты. Өзен жақында жауған жаңбыр суымен тасып ағып жатты, ағаштарды тамырымен жұлып ағызып кетіп жатқан еді. Ұстаздары «Алауддин, секір!» деп бұйырды. Ол дереу өзенге секірді. Судың астында жоғалып кетті. Шәкірттері сасып қалды. Бірақ ұстаздарынан ештеңе сұрай алмады. Ұстаздары қырдан кешке кері қайтып келе жатқанда көпірдің қасына келгенде «Бір адам кем бе?» деп сұрады. Шәкірттері «Иә» деп жауаптады. Ұстаздары қолын созып «Алауддин, кел!» деді. Алауддин өзеннен шықты. Киімдері де суланбаған еді. Ұстаздары «Қараңдар, өзен тамыры әлсіз болған барлық ағаштарды жұлып ағызып жатты. Бірақ Алауддиннің тамыры сау болғандықтан, оны алып кете алмады» деді.

Алауддин Аттар хазреттері былай деген:

«Мақсатқа тек ұстазының разылығымен жету мүмкін. Шәкіртке міндеті – барлық істерін ұстазына қалдыру. Ұстазының алдында таңдау еркіндігі болмау керек. Аллаһ адамдарымен сұхбаттасу ақылды арттырады, оларды көру үшін екі күнді өткізбеу керек.»

Қайтыс болғанда оны түсінде көргендердің айтуынша: «Аллаһу та'аланың бізге берген ниғметтері көп. Ең кішісі мынау: Қабірімнің 40 фәрсах (240 км) қашықтықта жерленген мұсылмандардың шапағатыммен кешірілетіні білдірілді» деді.