29 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     1 - Қараша, 2024 жыл.   


Құран кәрім

-3-

ҚҰРАН КӘРІМ

Иса алейһиссаламнан кейін соңғы пайғамбар (алейһиссалату уәссәләм) келетіндігі Інжілде жазылған. Иоанн Інжілінің 14-бабының 16-аятында Иса алейһиссалам:

«Аллаһ сендерге сендермен бірге қалатын бір жұбатушы жібереді» дейді. Ал 26-аятында: «Бұл шынайы жұбатушы сендерге барлық нәрсені үйретеді және сендерге менің үйреткендерімді еске түсіреді» дейді. 16-баптың 13-аятында болса: «Ол сендерге барлық ақиқатқа жол көрсетеді. Өйткені, Ол сендерге өз сөзімен ештеңе айтпайды, бірақ Аллаһтың айтқандарын сендерге жеткізеді» дейді. [Христиандар «Жұбатушы» сөзін үнемі «Рух» деп аударады.]

Бұдан басқа Қасиетті кітаптың Ескі өсиет (Тәурат) бөлімінде араб ұлтынан бір пайғамбар келетіні жазылған. Таснийаның 18-бабаның 15-аятында Мұса алейһиссаламның исраилдықтарға «Раб сендерге араларыңнан, бауырларыңнан мен сияқты бір пайғамбар (алейһиссалату уәссәләм) шығарады» дегендігі жазылған. Бұл жерде айтылған исраилдықтардың бауырлары исмаилдықтар, яғни арабтар. Міне, Інжіл мен Тәуратта жазылған араб ұлтынан келетіндігі сүйіншіленген осы соңғы пайғамбар – Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) болып табылады. Оның әкелген діні – «Ислам» діні. Бұл дінге иман келтіргендер «Мұсылман» деп аталады. Мұсылмандардың қасиетті кітабы «Құран кәрім». Құран кәрім Аллаһу та’ала тарапынан пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссаламға араб тілінде уахи етілген. Арадан 1400 жыл өткеніне қарамастан, бірде-бір сөзі, тіпті бірде-бір әрпі де өзгермеген. Қай діннің өкілі болса да, оны оқыған әр адам ұлылығы мен айбындылығына таң қалады. Тіпті, араб тілін білмейтіндер де оның басқа тілдердегі аудармасын оқығанда тамаша сөздердің құдіретін мойындауға мәжбүр болады.

Үш қасиетті кітап туралы Нишанжызада Мұхаммед мырзаның (1031 [м.1622] жылы Эдирнеде қайтыс болды) «Мирати каинат» кітабында мынадай мәліметтер бар:

«Мұса алейһиссалам Мәдйан қаласында Шуаиб алейһиссаламға он жыл қызмет еткеннен кейін анасы мен бауырын көру үшін Мысырға бара жатқанда, Тур тауында оған пайғамбар екендігі білдірілді. Ол Мысырға барды. Перғауын мен оның қауымын дінге шақырды. Қайтарында тағы да Тур тауына соғып, Аллаһу та’аламен сөйлесті. Оған «Әуамири ашәрә», яғни он әмір мен қырық томдық Тәурат түсірілді. Әр томында мың сүре, әр сүреде мың аят бар еді. Бір том бір жыл оқылатын. Мұса, Харун, Юша, Узейр және Исадан (алейһимуссалам) басқа ешкім Тәуратты жаттамаған болатын. Мұса алейһиссаламнан кейін Тәурат нұсқалары жазылды. Мұса алейһиссалам Аллаһу та’аланың бұйрығымен алтын мен күмістен бір сандық жасап, өзіне түскен Тәуратты соның ішіне салды. Құдысқа жақын бір жерде 120 жасында қайтыс болды. 668 [м.1269] жылы Мысыр сұлтаны Бейбарыс оның қабірінің үстіне кесене салдырды. Мұса алейһиссаламнан кейін Юша алейһиссалам Амаликадан Құдысты алды. Көп уақыттан кейін Исраил ұлдарының діндері мен мінездері бұзылды. Бухтуннасар Вавилоннан келіп, Құдысты басып алды. Сүлейман алейһиссалам салдырған Ақса мешітін қиратты. Тәураттарды өртеді. 200 мың адамды өлтірді. 70 мың адамды тұтқынға алып, Вавилонға алып барды. Бехмен патша болған кезде тұтқындарды босатты. Узейр алейһиссалам Тәуратты оқыды. Естігендер оны жазды. Олар Узейр алейһиссаламнан кейін тағы бұзылды. Мың пайғамбарды шәһид етті. Ескендір келгенге дейін Иранның қол астында өмір сүрді. Ескендірден кейін гректер тағайындаған яһуди әміршілерінің қарамағында болды.

Інжілге келетін болсақ, ол да алғашқы қалпында сақталмады. Әсіресе Інжілді жатқа білетін бірде-бір адам жоқ болатын. Тіпті хауарилердің де Інжілді жатқа білгендігі жайында ешқандай дерек жоқ. Інжіл туралы кітабымыздың бірінші бөлімінің басында кең мәлімет берілген. Ал Құран кәрім 23 жылда бөлек-бөлек болып түскендіктен, оны мүминдер дереу жаттап алатын. Бір ғана «Йәмамә» соғысында Құран кәрімді толық жаттаған 70 қари шәһид болғанда «Құран кәрімді жатқа білетіндер азайып бара жатыр» деп уайымдаған Омар (радиаллаһу анһ) сол кездегі халифа Әбу Бәкірге (радиаллаһу та’ала анһ) барып, Құран кәрімді жинақталып жазылуын өтінді. Осыған орай, хазреті Әбу Бәкір Мұхаммед алейһиссаламның катибі болған Зәйд бин Сабитке (радиаллаһу та’ала анһ) Құран кәрім сүрелерінің бөлек-бөлек қағаздарға жазылуын бұйырды. Құран кәрім құрайш диалектісін қосқанда жеті диалектімен уахи етілген. Тіпті, кейде Құран кәрімнің бір сөзін дұрыс айта алмағандарға сол мағынадағы басқа сөзді қолдануына да рұқсат берілетін. Мысалы, Абдуллаһ ибн Мәсуд (радиаллаһу та’ала анһ) «Таамул-әсим» сөзін үнемі «Таммулйәтим» деп оқыған бір адамға: «Сен бұл сөзді айта алмасаң, оның орнына сол мағынаны беретін «Таамул фәжир» сөзін қолдан!» деген еді. Бірақ, Құран кәрімнің осылай түрлі диалектілерде оқылуы, бірдей мағынада болса да, басқа сөздердің қолданылуы мұсылмандар арасында тартыстарға, қай диалектінің жақсырақ екендігі туралы таластарға (келіспеушілікке) себеп болды. Осыған орай, сол кездегі халифа Осман (радиаллаһу та’ала анһ) тағы да Зәйд бин Сабит (радиаллаһу та’ала анһ) басқарған бір кеңес құрып, Құран кәрімнің тек құрайш диалектісімен қайтадан жазылуын және реттелуін бұйырды. Сүрелер тек құрайыш диалектісімен жазылған беттерден таңдалып алынды. Осы мусхафтан (Құран кәрімнің кітап күйінен) жеті дана жазылып, аймақтарға жіберілді. Осылайша, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болатын жылы Жәбірейіл алейһиссаламмен екі рет оқылған Құран кәрім жазылды. Бұған сай келмейтін нұсқалары жойылды. Қазір барлық Ислам мемлекеттеріндегі Құран кәрімдердің тәртібі мен түрі «Мысхаф-и Османи»-ге толықтай сай келеді. Сол заманнан бері бір әрпі де өзгермеген.»

«Риядун-насихин» атты парсы тіліндегі кітапта былай делінген: «Осман (радиаллаһу анһ) халифа болып тұрған кезінде Асхаби кирамды (радиаллаһу та’ала анһум әжмаин) жинады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болған жылы оқыған Құран кәрімнің осы екендігіне барлығы бірауыздан шешім қабылдады. Жеті диалектінің бірін таңдау үмбетке уәжіп емес, жаиз еді.»

Ислам дінінің қайнар көзі төртеу: Құран кәрім, хадис шәриф, ижма-и үммет және қияс-и Фуқаһа. Ижма – ауызбірлігі дегенді білдіреді. Асхаби кирамның (радиаллаһу та’ала анһум әжмаин) ауызбірлігі мен төрт мазһаб имамдарының сөзбірлігі мұсылмандар үшін дәлел болып саналады. Өйткені Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Үмбетім қатеде, адасушылықта бірікпейді» деген. Ижма арқылы түсінілген үкімдердің дұрыс болатынын осы хадис шәриф хабар беруде. Сондықтан Асхаби кирам (радиаллаһу та’ала анһум әжмаин) ижма еткен (аузыбірлігіне барған) бұл мусхаф сахих болады. Одан басқасын оқу харам. Онсыз да қазіргі таңда құрайш диалектісінен басқа диалектіде жазылған Құран кәрім жоқ. Жеті диалектінің бәрі уақыт өте келе өзгерген, ұмытылған, жоғалған. Қазір қолданылып жүрген түрлі араб тілдерімен Құран кәрімді түсіне алу үшін тәфсир кітаптарын оқып, құрайш диалектісін, сөздердің сол замандағы қолданылған мағыналарын үйрену керек.

Құран кәрім туралы батыстың атақты ғалымдары, әдебиетшілері өз таңданыстарын әрдайым білдіріп отырған. Атақты әдебиетшілердің бірі болған неміс ақыны Гете, Құран кәрімнің дұрыс жазылмаған неміс тіліндегі аудармасын оқығаннан кейін «Ішіндегі қайталанулардан жалығып кеттім. Бірақ, сөздердің ұлылығына таң қалдым» деген.

Ағылшын дінбасысы Б.Смит «Мұхаммед және Мұхаммедке бағынғандар» (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) атты кітабында «Құран – мінез-құлық тазалығы, ғылым, философия және ақиқат мұғжизасы» деп жазған.

Құран кәрімді ағылшын тіліне аударған Арбери болса: «Азан даусын тыңдаған кезімде ол маған қатты әсер етеді. Әуеннің астарынан дабылды ұрғандай бір дыбыс естимін. Бұл дыбыс менің жүрегімнің дүрсілі сияқты» дейді.

Мармадук Фистали Құран кәрім туралы «Еліктеуге келмейтін үйлесімділік, ең берік сөз! Адамдарды жылауға немесе шексіз махаббат пен сүйіспеншілікке тартатын құдірет!» сөздерін қолданған. Сонымен қатар, көптеген батыстық философтар, ғалымдар мен саясаттанушылар Құран кәрім туралы үлкен құрметпен, таңданыспен айтады. Бірақ, олар Құран кәрімді Аллаһтың кітабы ретінде емес, Мұхаммед алейһиссалам жазған құнды туынды деп қабылдайды. Егер бұлай болмағанда, олардың осы таңданыстарының барлығы мұсылман болуларын қажет ететін еді.

Қараңыз, тіпті Ламартин де:

«Мұхаммед жалған пайғамбар емес. Өйткені, Ол өзінің Аллаһ тарапынан жаңа дінді тарату үшін таңдалғанына сенетін еді» деген. Мұның көрсетіп тұрғаны: Батыстық ғалымдар Мұхаммед алейһиссаламның өтірік пайғамбар еместігін, бірақ ол өзінің ойынан шығарған Құран кәрімді Аллаһу та’ала уахи етті деп ойлайды дейді. Олардың ойынша Мұхаммед алейһиссалам өтірік сөйлемеді. Шынында да өзін пайғамбар деп санайтын және аузынан шыққан сөздердің Оған Аллаһу та’ала тарапынан жіберілгеніне сенетін еді.

Құран кәрім теңдесі жоқ ұлы мұғжиза болып табылады. Төменде де баяндайтынымыздай, онда терең ілім мен ғылыми мәліметтер, бүкіл әлемде қазірге дейін жасалған мәдени заңдарға үлгі болатын ғылыми және құқықтық негіздер, көне тарихқа қатысты көптеген белгісіз мәліметтер, адамдарға берілуі мүмкін болған ең жоғарғы ахлақ негіздері, насихаттар, дүние мен ахирет туралы қисынды түсіндірмелер және осыған ұқсас, сол кезге дейін ешкім білмеген, біле алмаған, тіпті сипаттай да алмаған мәселелер бар. Бұлар ешкім айта алмайтындай жоғары тілмен баяндалған.

Мұхаммед алейһиссалам үмми еді. Яғни, ешкімнен ештеңе оқып үйренбеген, ештеңе жазбайтын еді. Бұл жағдай Құран кәрімде Анкабут сүресінің 48-аятында: «[Ей, Мұхаммед (алейһиссалам)! Бұл Құран кәрім саған түсірілместен бұрын] Сен кітап оқыған және оны қолыңмен жазған емес едің. Егер солай болғанда еді, мүшриктер [Құран кәрімді басқа біреуден үйренген немесе бұрынғы сәмауи кітаптардан көшіріп алған] дейтін еді. [Яһудилер де "Оның сипаты Тәуратта "үмми" деп көрсетілген, ал бұл болса үмми емес" деп күмән келтірер еді]» делінген. Мұхаммед алейһиссалам 40 жастағы кезінде ғибадат жасау үшін баратын Хира тауындағы үңгірде Оған Жәбірейіл алейһиссалам тарапынан алғашқы уахи келген кезде қорққанынан не істерін білмей, үйіне жүгіріп келіп, төсекке жатып, әйелі Хадиша радиаллаһу анһадан оның үстін жақсылап жауып қоюын сұраған еді. Ұзақ уақыт өзіне келе алмаған еді. Бойында үлкен руханият, үстемдік бар екенін айтатын қауымына арнап жаңа дін кітабын жазуды жоспарлаған адам осындай болады ма? Бәрінен бұрын осындай ұлы туындыны жаза алатындай мол ғылым үйренуі, көп нәрселер оқуы, көптеген зерттеулер жүргізуі қажет емес пе? Алайда, Мұхаммед алейһиссалам бала кезінде екі рет саудагерлермен бірге Шам жаққа барған, бұл сапарларда тек сауда заттарын күзету, сақтығына жауап беру міндетін атқарған, сауда керуендерін басқарған. Бұларды тек өзінің ЕҢ ЖОҒАРҒЫ ШЫНШЫЛДЫҒЫ және өте күшті есте сақтау қабілетінің арқасында атқарған. Оған, тіпті ойына да келмеген, еш күтпеген уахидің келуі оны қуантпаған, керісінше қорқытқан еді. Уахилер қайта-қайта келгеннен кейін ғана Аллаһу та’аланың Оған шынымен де өте маңызды және ауыр міндет жүктегенін түсініп, Аллаһу та’аланың бұйрықтарына жан-тәнімен бағынып, Ол көрсеткен «Бір Аллаһ» негізі бойынша құрылған «Ислам дінін» тарата бастады. Мұхаммед алейһиссаламның Ислам дінін жаюы Оған ешқандай дүниелік пайда келтірмеген, керісінше барлық меккеліктер Оның дұшпанына айналды. Пайғамбарымыз: «Ешбір пайғамбар менің шеккен азабымды шеккен жоқ, мен сияқты қайғырған жоқ» деген. Бұл хадис шәриф кітаптарда жазулы. Бұл, Мұхаммед алейһиссаламның жаңа дінді таратуында ешқандай пайда көздемегенін көрсетеді. Негізінде, жоғарыда да айтқанымыздай, Оның жетілуі және айналасы осындай керемет істі атқаруына жеткіліксіз еді.

Олай болса Мұхаммед алейһиссаламның Құран кәрімді өзі жазған деп қабылдау мүмкін емес. Онда Құран кәрім толығымен Аллаһу та’ала тарапынан уахи етілген ұлы туынды ма? Мұны да зерттеп көрейік:

Жаңа пайғамбар келген кезде оның айналасында жиналған халық одан мұғжизалар күтеді. Мұса алейһиссалам да, Иса алейһиссалам да пайғамбарлықтарын дәлелдеу үшін мұғжизалар көрсетуге мәжбүр болды. Ақиқатында, бұл мұғжизалар тек қана Аллаһу та’аланың бұйрығымен, рұқсатымен және жаратуымен іске асты. Бірақ, оларды тарихшылар «Мұсаның және Исаның (алейһимассалам) мұғжизасы» деп жазды. Алайда, біз сияқты адам перзенті болған пайғамбарлар (алейһимуссалауату уәттаслимат) өз беттерінше мұғжиза жасай алмайды. Мұғжиза тек Аллаһу та’ала тарапынан жаратылады. Пайғамбарлар тек Аллаһу та’аланың жаратқан мұғжизаларын адамдарға көрсетеді.

Аллаһу та’ала Мұхаммед алейһиссаламға ең үлкен мұғжиза ретінде «Құран кәрімді» уахи етті. Құран кәрім – мұғжиза екендігі ақиқат болған ең ұлы кітап. Алайда, арабтар Мұхаммед алейһиссаламнан аспаннан бір кітап түсіруін немесе бір тауды алтынға айналдыруын күтті. Құран кәрім бұл мәселені өте керемет баяндайды. Анкабут сүресінің 50-51-аяттарында: «Мүшриктер Раббыңнан мұғжизалар түсірілгенде ғой деді. [Ей, сүйіктім] Сен оларға айт, мұғжизалар Аллаһу та’аланың құдіреті мен қалауы арқылы болады. [Қашан және қалай қаласа, солай жаратады. Бұларды жасау менің қолымда емес.] Дұрысы мен тек Оның азабын сендерге түсіндіруші, хабарлаушымын. Құран сияқты кітапты саған түсіруіміз оларға [мұғжиза ретінде] жетпей ме? Мұнда сенетін қауым үшін мейірім мен насихат бар» делінген. Олай болса, Мұхаммед алейһиссаламның ең үлкен мұғжизасы – Құран кәрім. «Бұл Аллаһтың кітабы емес, оны Мұхаммед жазған» дегендерге қарсы Аллаһу та’ала жоғарыда мағынасы жазылған Анкабут сүресінің 48-аятымен жауап берді. Осындай күмәндерге орын қалдырмаған. Аллаһу та’ала Мұхаммед алейһиссаламның мұндай кітап жазатындай күші жоқ екенін және Құран кәрімнің өзі тарапынан уахи етілгенін көрсетеді. Негізінде, Мұхаммед алейһиссаламды пайғамбар ретінде таңдаған кезде Оның үмми болуын, яғни оқуды, жазуды үйренбеген болуын білдірген және осыған байланысты Құран кәрімнің тек Аллаһу та’ала тарапынан уахи етіле алатындығының аңғарылуын қалаған. Бұл аяттың тәфсирінде бұл мәселе кеңінен түсіндірілген. Мұхаммед алейһиссаламның пайғамбар екенін көрсететін ең үлкен ерекшелігі – ТАҢҚАРАЛЫҚ ШЫНШЫЛДЫҒЫ, ЕРЖҮРЕКТІГІ, САБЫРЛЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ҚАБІЛЕТТІЛІГІ. Бірақ, жоғары білімі емес. Аллаһу та’ала Ниса сүресінің 82-аятында «Құран кәрімнің мағынасын ойламайды ма? Егер Аллаһтан басқасынан келгенде еді, ішінде көптеген қайшылықтар болар еді» делінген, бұл өте дұрыс. Аллаһтың сөзі емес екендігі белгілі болған қазіргі «Қасиетті кітапта», Тәурат пен Інжілде өте көп қайшылықтар бар. Бұл олардың адам қолымен жазылғанын дәлелдейді.

Енді сабырмен және толықтай бейтарап көзқараспен Құран кәрімнің шындығында ұлы мұғжиза болған-болмағанын зерттеп көрейік. Бір кітаптың мұғжиза болуы үшін оның өте көркем тілмен жазылуы, ешкімнің ол заманға дейін білмеген, естімеген ақиқаттарды, даналықтарды көрсетуі және туындының ешкім жасай алмайтындай күйде реттеліп жазылуы керек.

Құран кәрім тілінің көркемдігі туралы көптеген мысалдар келтірдік. Бұл жағдай негізінде бүкіл әлем тарапынан қабылданған. Құран кәрімнің көркемдігін теріске шығаратын бірде-бір адам жоқ.

Құран кәрімде сол кезге дейін еш білінбеген негіздер айтылған ба? Соны қарастырайық:

Қазір әлемнің қалай пайда болғаны туралы үлкен энциклопедияларда және ғалымдардың кітаптарында мынадай мәліметтер бар:

«Миллиардтаған жылдар бұрын бүкіл әлем бір бөлшектен тұратын. Бұл бөлшектің ортасында бірден үлкен бір жарылыс болып, бұл жалғыз бөлшек көптеген бөлшектерге бөлінді. Бөлшектердің әрқайсысы әр түрлі бағытқа қарай шашырады. Ақырында, бұл бөлшектердің кейбіреулері бір-бірімен бірігіп, түрлі планеталар және түрлі галактикалар (құс жолдары), күндер және айлар пайда болды. Енді ғарышта осы алғашқы жарылыстан кейін ешнәрсе қалмағандықтан, бұл планеталар, спутниктер  және олардың ішіндегі галактикалар енді өз орбиталарында айнала бастады. Біздің жер күні бар болған бір галактикада. Әлемде санауға да келмейтін көп галактикалар бар. Әлем – барған сайын кеңейе беретін бір жүйе. Галактикалар ақырындап жерден алыстауда. Өйткені, әлем кеңеюде. Бір рет жылдамдықтары жарықтың жылдамдығына жетсе, басқа галактикаларды көруге мүмкіндігіміз қалмайды. Қазірден бастап өте қуатты телескоптар жасауға мәжбүрміз. Өйткені, белгілі бір уақыттан соң оларды көре алмай қалудан қорқудамыз» дейді.

Бізбен кездескен ғалымдарға: «Бұл қорытындыны қашан шығардыңыз?» деп сұрағанымызда: «50-60 жылдан бері бүкіл әлемнің ғалымдары осы пікірде бірігеді» деді. 50-60 жыл бұл дүние өмірі үшін өте қысқа уақыт.

Енді осы мәселе бойынша Құран кәрімде Аллаһу та’аланың не дейтініне қарайық:

Әнбия сүресінің 30-аятында: «Қарсы шығушылар аспандар мен жер шары бір-біріне жабысып тұрғанда оларды бөлгенімізді білмейді ме?» делінген. Ясин сүресінің 37-38-аяттарында: «Қарсы келгендерге бір дәлел – түн. Біз одан күндізді айырамыз, алып тастаймыз, қараңғыда қалып кетеді. Күн де өз орбитасында жүреді» делінген. Демек, Аллаһу та’ала ғалымдардың тек 50-60 жыл бұрын тапқан әлемнің жаратылуын 1400 жыл бұрын адамдарға білдірген. Енді қайтадан ғалымдардың сөзіне оралайық.

Биологтар: «Қазіргі таңда тіршіліктің қалай пайда болғанын былай түсіндіреміз: Әлемнің алғашқы атмосферасында аммиак, оттегі және көміртегі қышқылы бар еді. Найзағайлардың әсерімен олардан амино-қышқылдар пайда болды. Миллиардтаған жылдар бұрын алғаш рет судың ішінде протоплазма түзілді. Олардан алғашқы амебалар пайда болды. Тіршілік суда басталды. Судан құрлыққа шыққан жандылар ауадан амино-қышқылдарды алып, протеиндік құрылымдар пайда болды. Көрініп тұрғанындай, барлық жандылар судан шықты және алғашқы жандылар суда пайда болды» дейді.

Құран кәрімде де алғашқы жанды болмыстың теңізде жаратылғандығы 1400 жыл бұрын айтылған.

Әнбия сүресінің 30-аятында: «Қарсы келгендер барлық жанды болмыстарды суда жаратқанымызды білмейді ме?» және Фурқан сүресінің 54-аятында: «Адамды судан жаратып, еркек пен әйел туыстар жасаған Аллаһ» және Ясин сүресінің 36-аятында «Жерден жетілгендерді және өздерін және БІЛМЕЙТІН КӨПТЕГЕН НӘРСЕЛЕРІНЕН жұп етіп жаратқан Аллаһу та’ала барлық айып пен кемшіліктерден пәк» делінген. Бұл жерде өсімдіктер мен жануарларды зерттегендерге және «Білмеген нәрселері» деп адамдардың тек уақыт өте, ақырындап таба алған атом энергиясы сияқты жаңа энергия көздерін зерттеген ғалымдарға белгілер берілген. Расында, Рум сүресінің 22-аятында: «Аспандар мен жерлерді жаратуы, түстерің мен тілдеріңнің басқа болуы, Оның бар екендігінің белгісі. Дұрысы бұл жерде ғалымдар (түсінік иелері) үшін ғибрат бар» делінген. Демек, тіл мен нәсіл өзгешелігінде әлі біз білмейтін кейбір мәселелер бар. Бұлар уақыт өте шығады.

Енді дүниенің соңы туралы деректерді зерттейік. Ғалымдар «Дүниенің соңы міндетті түрде келеді. Расында, әлемде кейде бір планета бөлшектеніп, жойылып кетуде. Біздің зерттеулеріміз бойынша, біздің планета нақты есептеле алмаған бір уақыттан кейін тепе-теңдігін жоғалтып, бөлшектеніп кетеді» дейді. Алайда мұны Құран кәрім бізге 1400 жыл бұрын білдірген. Зілзал сүресінің 1-2-аяттарында: «Жер үреймен теңселіп, ондағыларды [қазына мен өлілерді] сыртқа шығарған кезде» делінген. Мүмин сүресінің 13-аятында: «Сендерге [бар және бір екендігін дәлелдейтін] аяттарды, мұғжизаларды көрсеткен, сендерге КӨКТЕН РИЗЫҚ ТҮСІРГЕН – Ол. Бұл аяттардан, белгілерден Аллаһқа сенетіндерден басқа ешкім ғибрат алмайды» делінген.

Бұл жердегі «көктен ризық түсірген» тіркесі көп рет Мұса алейһиссалам мен оның қауымы шөлде адасқан кезде көктен түскен «Құдірет халуасы» деп аталатын, қазір де сусыз жерлерде өсетін Манна деген шекерлі затты сілтеуі мүмкін делінген. Алайда, бұл тәфсир қате. Тәфсир кітаптарында аяти кәримадағы «Сендерге көктен ризық түсірген» деген бөлім «Сендерге көктен ризықтарыңның себебі жаңбыр мен басқаларды [қар, ылғал] түсірген Аллаһу та’ала» деп тәфсирленген. Өйткені, Аллаһу та’ала біздің ризығымызды шынында да аспаннан түсіруде. Мұны біраз түсіндіріп өтейік. Қазір ең үлкен ғалымдар әлемде альбуминдердің, протеиндердің қалай пайда болатынын былай түсіндіреді: «Жаңбырлы күндері найзағайдың әсерінен ауадағы оттегі мен азоттың бірігуі нәтижесінде түссіз азот моноксид газы пайда болады, бұл газ қайтадан оттегімен бірігіп, сарғыш түсті азот диоксиді, бір жағынан тағы найзағайлардың әсерінен ауадағы ылғалдылық пен азоттан аммиак пайда болады. Ал азот диоксиді ылғалдың әсерінен азот қышқылына айналады, кейін азот қышқылы мен аммиак тағы ауадағы көміртегі қышқылымен бірігіп, аммоний нитраты және аммоний карбонаты пайда болады, пайда болған осы тұздар жаңбырмен жер бетіне түседі. Жер бетінде бұл тұздар топырақтағы кальций тұздарымен бірігіп, кальций нитраты пайда болады, бұл тұзды өсімдіктер сіңіріп, олардың өсуіне себеп болады. Бұл өсімдіктерді жеген адамдар мен жануарларда бұл заттар түрлі протеиндермен [бұлардың арасында альбуминдер де бар] араласады және бұл жануарлардың етін, сүтін, жұмыртқаларын жеген адамдарға азық болады. Олай болса, адамдардың ризығы Құран кәрімде білдірілгендей аспаннан келуде.

Жоғарыдағы мәліметті «Құран кәрімде білдірілген нәрселер ғылымға сай келмейді» деушілерге жауап ретінде жазып отырмыз. Ислам ғалымдары (рахимә-һумуллаһу та’ала) тәфсир ілімінің мамандары аяти карималарды өз заманындағы жаратылыстану ғылымдарына сай тәфсирлеген. Біз бұл жерде Құран кәрімнің әр ғасырдағы жаратылыстану ғылымдарына сай келгеніндей, кейіннен табылған ғылыми жаңалықтарға да сай келгенін көрсеткіміз келіп отыр. Әрбір аяттың көп, тіпті шексіз мағынасы бар. Өйткені, Аллаһу та’аланың барлық сипаттары сияқты кәлам сипаты да шексіз. Бұл мағыналардың барлығын тек Құран кәрімнің иесі, яғни Аллаһу та’ала біледі. Олардың көпшілігін пайғамбарына (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) білдірген. Ал бұл мүбәрәк пайғамбары (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) лайықты деп тапқан сахабаларына (радиаллаһу та’ала анһум әжмаин) хабар берген. Жоғарыда берген мәліметтеріміз сол мағыналар дариясының бірнеше тамшысы болуы мүмкін деп ойлаймыз.

Біз енді барлық ғалымдардан: «Бұл ақиқаттарды бұдан дәл 1400 жыл бұрын оқу-жазуды білмейтін адам ойлай алатын ба еді?» деп сұрайтын болсақ, олар: «Болуы мүмкін емес. Қазір мұндай ақиқаттарға жету үшін адамдар сансыз кітаптар оқып, сансыз тәжірибелер жасаған, тек қаншама ғасырлардан кейін ғана бұл ақиқаттарға қол жеткізген. Бұл тәжірибелерді жасай алу үшін ұзақ жылдар бойы оқып, үлкен лабораториялар ашу, көптеген құралдар дайындап қолдану керек» дейді.

Олай болса оқу-жазуды білмейтін, толықтай сауатсыз ортада өскен адамның осындай ғажайып ғылыми ақиқаттарды өздігінен ойлап табуы мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Олай болса, Құран кәрім Мұхаммед (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) тарапынан жазылды деген пікірді қабылдау мүмкін емес. Қазіргі таңда қаншама еңбектердің арқасында қол жеткізілген ақиқаттарды бізге 1400 жыл бұрын білдірген бұл кітап тек АЛЛАҺУ ТА’АЛАНЫҢ КІТАБЫ бола алады. Мұндай алып құдіреттің адамдарда болуы мүмкін емес. Тек АЛЛАҺУ ТА’АЛАда ғана бар. Жоғарыдағы мәселелерді мұқият оқыған әр адам бұған сенеді. Бұған сенбеу фанатизм, қырсықтық және надандық болады. Мұхаммед алейһиссалам Құран кәрімнің сүрелерін таратқан кезде тек Аллаһу та’аланың өзіне жіберген сөздерін жеткізіп, өзі де оларды басқа адамдармен бірге үйренетін еді.

Енді Құран кәрімнің шындығында ең үлкен мұғжиза екенін көрсететін екінші мәселеге, оның реттелу тәртібіне тоқталайық:

Қазіргі ең жоғары мәдениет заманында адамдар қолданып жүрген компьютерлермен Құран кәрімді зерттеген кезде оның ақылға сыймайтын керемет математикалық негіз үстіне құрылғаны аңғарылады. Нәтиже өте маңызды. Бұл нәтиже тек Аллаһу та’аланың мұғжизасы болып табылады.

Бұл тәжірибелерге тоқталмастан бұрын Құран кәрімнің қалай уахи етіп түсірілгенін және Аллаһу та’аланың уахи кезінде пайғамбарына (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) не бұйырғанын қарастырайық. Өйткені, мұның Құран кәрімнің реттелу тәртібіне қатысы бар. Құран кәрім қазіргі тәртібімен уахи етілмеген. Алғаш уахи болған сүре «АЛАҚ» сүресі. Расулуллаһқа (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) алғаш рет Алақ сүресінің алғашқы 5 аяты уахи етілді. Олардың мағынасы: «Ей, Мұхаммед, барлық нәрсені жаратқан Раббың - Аллаһтың есімімен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратты. Оқы, Аллаһ үлкен рақымдылық иесі. Ол қаламмен үйретеді, адамдарға білмегендерін үйретеді.»

Оған осы алғашқы уахи келген кезде Расулуллаһтың (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) қаншалықты қорыққандығы, қалай үрейленгендігі туралы жоғарыда айтқан едік. Ол өзіне Аллаһу та’аланың жаңа дінді уағыздау сияқты үлкен және ауыр міндет тапсыратынын ешқашан ойламаған еді. Оның, христиандар айтқандай, өздігінен шықпағандығы, оған Аллаһу та’ала тарапынан үлкен міндет тапсырылатындығын және қандай қиын жүктерге шыдайтынын білмейтіндігі туралы Мүзәммил сүресінің 1-5-аяттарында: «Ей, жамылғыға бүркенген Мұхаммед! Түннің жартысында, қаласаң кейінірек, қаласаң одан ертерек біраз уақытқа тұрып, мәнерлеп, ұғынып Құран оқы! Дұрысы, біз саған АУЫР МІНДЕТ береміз» деп білдірілген.

Бұл міндеттің қаншалықты ауыр болатындығы мынадан да аңғарылады, Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Ислам дінін уағыздай бастаған кезде оған қарсы өте көп дұшпандар шықты. Барлық күш-жігеріне қарамастан, Исламның алтыншы жылында Омар (радиаллаһу анһ) иман келтірген күні мүминдердің саны [«Мәдариж» және «Зәрқани»-де] 45 еркек және 11 әйел, барлығы 56 адам бар еді. Бірақ, пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өте дұрысшыл, өте таза, кәміл адам болғандықтан, өзіне Аллаһу та’ала тарапынан берілген міндеттің ұлылығын білгендігінен еш тайсалмаған, барлық қауіптерге, қиындықтарға шыдап, осы қасиетті міндетті жетістікпен атқарған.

Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бүкіл әлемнің тек құрметтейтінін және бірнеше фанатик поптан басқа ешкімнің ол туралы жаман нәрсе айтпағанын тағы бір айта кетейік. Төменде Германияда Штутгарт қаласында 1305 [м.1888] жылы жарияланған «Kürschner» энциклопедиясының Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) және Ислам діні туралы жазғанын бірге оқып көрейік. Бұл жазуды энциклопедиядан алуымыз мұндай кітаптардың мүмкіндігінше ақиқатты жазуға мәжбүр болғандығы себебіне байланысты. Бізге бұл жерде негізгі қызықтырған бөлім – пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)  мінезі мен артықшылығы туралы айтылған сөздер. Бұдан жүз жыл бұрын Ислам діні туралы христиан ғалымдарының не ойлағаны да жазылғандықтан, бұл үзіндіні толығымен аударып, сіздерге ұсынып отырмыз:

«Мұхаммед алейһиссаламның лақаб аты Әбулқасым бин Абдуллаһ. Ислам дінінің негізін қалаушы. 571 жылы 20 сәуірде Меккеде туылған. Кіші жасынан бастап саудамен айналысқан, көптеген саяхаттарға (!) шығып, халықпен араласқан, барлық нәрсені үйренуге әуестенген. Жас кезінде бай саудагердің жесір қалған және жұмыстарын қадағалау үшін оны қасына алған Хадишаға үйленген. 610 жылы өзінің пайғамбар екендігіне және Аллаһ тарапынан өзіне уахи келгендігіне сенген және БІР АЛЛАҺ СЕНІМІН көп пұттарға табынатын арабтарға уағыздау үшін бар күшін салып кіріскен. Мұхаммед (алейһисалам) бұл міндеттің өзіне Аллаһу та’ала тарапынан тапсырылғанына бар жүрегімен сенетін еді. Мекке халқының басым бөлігі оған қарсы болып, пікірлерін түбегейлі жоққа шығарған, тіпті Оны өлтірмекші болған болса да, ол күресін, талпынысын тоқтатпады. Ақыр соңында қарсы шыққандардың қысымымен 622 жылы Меккеден кетіп, Ясриб [Мәдина] қаласына көшті. Мұсылмандар бұл әрекетті «Хижрет» деп атайды және күнтізбелерін осы уақытпен бастайды. Мұхаммед (алейһиссалам) Мәдинада көптеген жақтастар тапты. Пұтқа табынушылық діні болған ескі арабтардың дінін толықтай жойып, оларға Аллаһтың бір екенін дәлелдеуді қалады. Мұхаммед алейһиссаламның айтуы бойынша, хақ дін болған Ибраһим алейһиссаламның дінінде көрсетілген негіздер мен Мұса және Исаның (алейһимассалам) көрсеткен діндердің негіздері бірдей еді. Бірақ, кейіннен бұл діндерге қате сенімдер араластырылып бұзылған, яһуди және христиан діндеріне айналған. Мұхаммед алейһиссалам осы діндердің барлығы бір-бірінің жалғасы екендігін және ең тазаланған түрі тек Ислам діні екендігін баршаға түсіндірді.

«Ислам» дегеніміз – «Өзін толығымен тапсыру» деген сөз. Ислам дінінің кітабы – Құран кәрім. Басқа діндердің кітаптарында тек рухани жағдайлар туралы айтылған болса, Құран кәрімде сонымен қатар қоғамдық, экономикалық және құқықтық үкімдер де бар. Адамдарға дүниеде не істеу керектігі туралы, тіпті азаматтық құқық түріндегі үкімдер де көп. Сондай-ақ, ғибадатты қалай орындау, оразаны қалай тұту, денені қалай жуу керектігі туралы бұйрықтар бар болуымен қатар, басқа адамдармен және басқа діндегілермен қалай жақсы мәміле жасау керектігі туралы мәлімет бар. Құран кәрім мұсылман болмаған залым үкіметтерге қарсы күресуді әмір етеді. Бүкіл негізі бір Аллаһқа ғибадат жасау болып табылады. Діни суреттеге, мүсіндерге тыйым салады. Шарап пен доңыз етіне тыйым салады. Мұса мен Исаны да (алейһимассалам) пайғамбар ретінде қабылдайды. Бірақ, олардың дәрежелері соңғы пайғамбар Мұхаммед алейһиссаламнан төмен екені білдірілген. [Бұл шындығында да осылай. Өйткені, Мұса мен Исаға (алейһимассалам) түскен Тәурат пен Інжілде Мұхаммед алейһиссаламның қасиеттері, үстемдіктері жазылған. Бұларды білген Мұса мен Иса (алейһимассалам) Оның үмбеті болу үшін көп жалбарынды, дұға етті. Иса алейһиссаламның бұл дұғасы қабыл болды. Аллаһу та’ала оны тірідей көкке көтерді. Қияметке жақын қайтадан жер бетіне түседі, Мұхаммед алейһиссаламның дінін ұстанады және оны таратады.] Ислам дінін қабылдағандар мен оның бұйрықтарына сай өмір сүргендердің ахиретте дүние зауықтары, өзендер, жемістер, жібек төсектер бар болған жәннатқа баратындығын және ол жақта оларға жас, әдемі хури қыздар берілетінін сүйіншілейді.

Мұхаммед алейһиссалам көркем мінезді, жылы жүзді, сыпайы және аса шыншыл адам болған. Әрдайым ашу мен жәбірлеуден сақтанып, ешқашан зұлымдық жасамаған. Мұсылмандардың әрдайым көркем мінезді, күлімдеген жүзді болуын қалаған, жәннатқа тек жақсы мінез және сабырлықпен кіру мүмкін екенін білдірген. Шыншылдығы, мейірімділігі, кедейлерге жәрдемдесуі, қонақжайлығы, қамқорлығы әрдайым мұсылмандықтың негізгі іргетасы екенін көрсеткен. Үнемі қанағатпен өмір сүрген, даңғазалықтан сақтанған. Мұсылмандар арасында ешқашан ажыратушылық танытпаған, тіпті ең кедей мұсылманның көңіліне қараған. Үлкен зәрулік туындамағанша, ешқашан күш қолданбаған, барлық мәселелерді жылы сөзбен, келісушілікпен, насиахатпен, түсіністікпен шешуге тырысқан, көбіне осылай шешкен. [Өмірінде ешкімді ренжітпеген, ешкімнің көңілін қалдырмаған. Өзі үшін ешкімге ашуланбаған. Өзінен бір нәрсе сұраған адамға «Жоқ» дегені ешқашан байқалмаған. Бар болса беретін, жоқ болса үндемейтін еді. Ол Аллаһу та’аланың сүйіктісі еді. Өткен және келетін барлық адамдардың сәйиді, мырзасы еді.] 630 жылы қайтадан Меккеге оралып, бұл қаланы оңай жаулап алды, қысқа уақыт ішінде жартылай жабайы араб халқын әлемнің ең мәдениетті адамдарына айналдырды.

Ислам діні әрбірінің құқығын қорғау шартымен еркектердің төрт әйелге дейін үйленуіне рұқсат берген. Мұхаммед алейһиссалам 632 жылы 8 маусымда қайтыс болды.» Kürschner энциклопедиясынан аударма осы жерде бітті.

Энциклопедиядағы осы жазуларды оқыған кезімізде мынадай қорытындыға келеміз: Мұны дайындаған тарихшы Ислам дінінің Аллаһу та’аланың діні екендігіне өзі толық сенбесе де, бұл діннің кәміл дін екенін және бір Аллаһқа сенуді бұйыратынын, жабайы арабтарды мәдениетті қылғанын қабылдауда, әсіресе пайғамбарымыз туралы мақтаулар айтып баяндауда. Міне, қаншалықты кәміл адам екендігін бүкіл әлем растаған Мұхаммед алейһиссаламды шыншылдығына, адалдығына байланысты ең үлкен дұшпандары азғын кәпірлердің өзі «Мухаммед-ул-әмин – сенімді Мұхаммед» деп атаған. Ол осы қасиетті міндетті барлық қиындықтарға қарамастан жалғастырды. Біраз уақыттан соң Жәбірейіл алейһиссалам Оған Алақ сүресінің 14-аятын алып келді. Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) меккеліктерге олардың жасаған зұлымдықтарына қарамастан, өзіне уахи етілген Құран кәрімнің сүрелерін оқып, оларды хақ дінге шақыратын еді. Меккеліктер оған күліп, Оны мазақ қылатын еді. Намаз оқығаны және көрінбейтін бір тәңірге ғибадат жасағаны үшін «Сен жынды болдың!» дейтін еді. Сонда Аллаһу та’ала Қалам сүресінің 1-4-аяттарын уахи етті. Бұл аяттарда: «Нун, Қалам және онымен жазылғандарға ант етемін, Ей, Мұхаммед, сен жынды емессің. Дұрысы, саған әрдайым сауап жазылады. Күмәнсіз сен ұлы ахлақ иесісің» делінген.

Құран кәрімнің Аллаһтың сөзі еместігін және Мұхаммед алейһиссалам тарапынан жазылғанын айтатындардың сөзін теріске шығаратын аяти карималар түсті.

Исра сүресінің 88-аятында: «Айт: адамдар мен жындар бір-біріне көмекші болып, [көркем тәртіпте және кәміл мағынада] осы Құранға ұқсас кітап шығару үшін жиналса да, ант болсын, ұқсасын шығара алмайды» делінген.

Нәжм сүресінің 3-4-аяттарында: «Мұхаммед алейһиссалам өз ойынан сөйлемейді. [Өйткені Ол тәухидті орнатып, ширкті жою және дінді тарату үшін әмір алды.] Оның [дінге қатысты] сөздері тек қана уахи» делінген.

Кәһф сүресінің 110-аятында: «Оларға айт: мен де сендер сияқты адаммын. Бірақ, маған Раббымның жалғыз тәңір екендігі уахи етілді. [Затында ұқсасы, сипаттарында серігі, ортағы жоқ.] Раббына қауышқысы келген адам салих амалдар, пайдалы істер жасасын және Раббына ғибадат жасауда еш серік қоспасын» делінген.

Соңында, Құран кәрімнің Аллаһу та’аланың сөзі екеніне әлі де күмән келтіретіндер үшін Мүддәссир сүресі түсті.

Бұл сүренің 1-10-аяттарында: «Ей, жамылғыға бүркенген Мұхаммед! Тұр да [кәпірлерді Аллаһу та’аланың азабымен] қорқыт! Раббыңды ұлықта, құрметте! Киімдеріңді таза ұста! Харам еткен нәрселеріңнен сақтан! Жасаған жақсылықтарыңды көп санап, міндетсінбе! Раббың үшін сабырлы бол! Сур үрленген уақыт кәпірлерге өте ауыр, қиын күн. Оларға жеңілдік жоқ...» делінген.

24-аяттан бастап: «Құранға бұл сиқыр, бұл тек адамның сөзі деді. Осыны айтқан адамды жалындаған отқа, тозаққа тастаймын. Жалындаған оттың не екені жайында сен не білесің? Ол [ішіне түскендерді] шығармайды да, азабынан бас тартпайды да. Адамның терісін күйдіреді, өртейді. Ол жерде 19 [азаптаушы] періште бар. Оттағыларды азаптау үшін періштелерден басқа ешкімді міндеттемедік. Әһли кітап [яһуди мен христиандар бұл санды өздерінің кітаптарында білдірілгеніне сай көріп, Мұхаммед алейһиссаламның пайғамбарлығына және] Құранға сенеді. Ал мүминдердің иманы артады. Әһли кітап пен мүминдер [бұл санда] күмән келтірмесін. Жүректері ауру болғандар мен кәпірлер болса Аллаһ мұны [19 санын] білдірумен не істегісі келеді дейді. Сол сияқты Аллаһ қалағанын [жамандарды] тура жолдан адастырады және қалағанын [жақсыларды] тура жолға салады. Раббым [тозақтықтарды азаптау үшін жаратқан] періштелердің санын тек өзі ғана біледі [Бұл 19 періште басқа періштелердің басшысы]» делінген.

Құран кәрімнің шындығында Аллаһу та’аланың сөзі екендігіне күмән келтірушілерге жауап болған осы сүредегі 19 саны Тәуратта да көрсетілген.

Ислам дінінде бір нәрсенің қасиетті саналуы үшін Исламның «Әдиллә-и шәрийа» деген төрт негізгі қайнар-көзінің бірі арқылы білдірілген болуы керек. 19 және 786 сандары қасиетті екендігі еш білдірілмеді. Олай болса, бұл сандар қасиетті емес. 19-ғасырдың соңында құрылған және аз уақыт ішінде әлемге таралған «Бәхаи» дінінде 19 саны қасиетті болып белгіленген. Оразалары 19 күн. Әр бәхаидің 19 күнде 19 бәхаиді үйіне шақыруы шарт. Діндерін басқаратын мәжілісте 19 мүше бар. Иманның шарттарын 6 емес, 19 деп санамағаны қалды. Өздерін мұсылман деп атайтын олардың, Аллаһ және Құран сөздерін айтып жүргенімен, мұсылмандыққа ешқандай қатыстары жоқ. Олар Исламның жымсық дұшпандары болып табылады.

1298 [м.1880] жылы британдықтар тарапынан Үндістанда құрылған «Қадияни» және «Ахмадия» деп аталатын діннің өкілдері де өздерінің мұсылман екендіктерін айтады. Алайда, олар бұл діннің құрушысы болған Ахмед Қадияниді (1326 [м.1908] жылы өлді) пайғамбар дейді. Тіпті, оны пайғамбарымыздан да үстем санайды. Иса алейһиссаламды қатты төмендетеді. Бүкіл Ислам ғалымдары бірігіп, қадиянилердің мұсылман емес екендігіне шешім қабылдады. Бұл шешімді кітаптарында жазып, бүкіл әлемге жариялады. Абдуссалам есімді пәкістандық бір қадияни 1979 жылы физика саласында Нобель сыйлығын алды. Кейбір адамдар бұған мұсылмандардың жетістігі деп қуанды. Алайда, бұл жетістік коммунист орыстардың марапат алуы, айға баруға тырысуы сияқты. Бұл кәпірлер Құран кәрім бұйырғандай еңбек еткендіктен, Аллаһу та’ала оларды дүниеде мақсаттарына жеткізуде. Иә, ондай адамдардың жетістіктері адамзат үшін қуанышты жағдай болғанымен, мұсылмандар үшін ұятты жағдай. Мұсылмандар да осы кәпірлер сияқты Құран кәрімге бағынып жұмыс істеулері адамзатқа пайдалы нәрселер табуы, иманда, ахлақта болғанындай, ғылымда да әлемге үлгі болуы керек. Тек осыны істегеннен кейін ғана қуануға, мақтануға ақымыз болады.

Құран кәрімнің тағы үшінші мұғжизасы бар. Енді соған тоқталайық:

Исламнан бұрын Арабстан шөл дала болатын және онда өмір сүретіндер жартылай жабайы бәдәуилер (көшпенділер) болатын. Олар сан-алуан пұттарқа табынатын. Қыз балаларын тірідей көму секілді қорқынышты әдет-ғұрыптары болды. Бұл түбек жолдың бойында болмағандықтан, александриялықтар, парсылар, римдіктер арабтармен айналыспаған, көптеген қауымдармен соғысқан болса да, арабтармен кездеспеген еді. Сол себептен ирандықтардың, римдіктердің арсыздықтары, зұлымдықтары, қулықтары арабтарға онша жұқпады. Олар адамгершіліктерін сақтады. Осындай әлсіз, бейшара, бірақ таза болған қауым оларға жол көрсеткен Мұхаммед алейһиссалам әкелген Құран кәрімнің арқасында бірден өзгеріп, толық мәдениеттілікке қол жеткізді, үлкен табандылықпен 30 жылдың ішінде шығыста Түркістан мен Үндістан, батыста Испания сияқты аймақтармен таңқаларлықтай күшті Ислам мемлекетін құрған. Ғылым мен жаратылыстануда, өркениетте қатты дамып, сол кезге дейін белгісіз болып келген көптеген жаңалықтар ашқан. Ғылым, жаратылыстану, медицина және әдебиет саласында ең жоғары деңгейге көтерілген. Жоғарыда айтқанымыздай, ғылымда дамығаны соншалық, папалардың өзі Андалусия мұсылман университеттерінде оқитын, әлемнің түкпір-түкпірінен келушілер осы университеттерде ғылым мен медицинаны оқып үйренетін еді. Сол дәуірдің Еуропасы туралы баяндаған Джон В. Драппер деген бейтарап тарихшы «Еуропаның рухани гүлденуі» атты еңбегінде былай дейді: «Ол дәуірдегі еуропалықтар толықтай жабайы еді. Христиан діні оларды жабайылықтан алып шыға алмады. Христиан дінінің атқара алмаған ісін Ислам діні атқарды. Испанияға келген арабтар алдымен оларға жуынуды үйретті. Кейін олардың үстіндегі жыртық-жыртық, биттеп кеткен аң терілерін шешіп, таза, әдемі киімдер кигізді. Үйлер, қонақ үйлер, сарайлар салды. Оларды оқытты. Университеттер ашты. Христиан тарихшылары Ислам дініне деген өшпенділіктеріне байланысты бұл ақиқатты жасыруға тырысуда, Еуропаның мәдениетте мұсылмандар алдында қаншалықты қарыздар екенін еш мойындай алмауда.»

Томас Карлейл жоғарыда жазылған шындықтарды толық қабылдағаннан кейін: «Арабтарға бір қаһарман пайғамбар олар жақсы түсінетін кітап арқылы басшылық жасады. Сол кезде Ислам діні жалындай жарқырады. Үндістаннан Гранадаға дейінгі үлкен территорияға сәулесін төкті. Қараңғы әлемге нұрын шашты» дейді.

Ламартин Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жайлы «Философ, уағыздаушы, пайғамбар, қолбасшы, адам ойларын сиқырлаған, жаңа үкімдер әкелген, керемет Ислам мемлекетін құрған тұлға. Мұхаммед алейһиссалам дегеніміз осы кісі. Адамдардың ұлылығын өлшеу үшін қолданылатын барлық құралдармен өлшенсін, Одан асқан ұлы адам бар ма екен? Жоқ, болуы мүмкін емес» деген.

Гиббон «Рим империясының ыдырауы және құлауы» атты еңбегінде Ислам діні және Құран кәрім туралы былай дейді: «Құран кәрім Аллаһу та’аланың бір екенін дәлелдейтін ең үлкен туынды.»

Америка астрономы Майкл Х. Харт, Адам  алейһиссаламнан қазірге дейін келген бүкіл ұлы адамдарды жеке-жеке зерттеп, олардың арасынан тек 100 адамды таңдады, осы 100 кісінің арасындағы ең ұлы адам ретінде Мұхаммед алейһиссаламды көрсетуде. «Оның құдіреті өзіне Аллаһу та’ала тарапынан уахи етілгеніне сенетін ұлы туынды Құран кәрімнен келеді» деген.

Америка Чикаго университетінің профессоры, әйгілі психолог, яһуди Джейлес Массерман 1974 жылдың 15-шілдесінде жарияланған «Тайм» журналының арнайы нұсқасында «Ұлы көсемдер қайда?» деген тақырыпта тарихта қазірге дейін келген көшбасшыларды зерттеген, олардың өмірін тексерген, «Олардың ең ұлысы – Мұхаммед алейһиссалам» деген және мынадай қорытындыға тоқтаған: «Мұхаммед алейһиссаламнан кейін Мұса алейһиссалам келеді. Иса алейһиссалам және Будда көсем болуға лайықты адамдар емес еді.» Алайда, өзі яһуди болғандықтан, Мұса алейһиссаламды Мұхаммед алейһиссаламнан жоғары қоюын күту керек еді. Ол мұны жасамаған, ақиқатты жоққа шығармаған.

Америкада «Ең ұлы адам» сайысында ең көп дауыс жинаған кісі тағы да Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) болған.

30 жылдың ішінде жабайы қауымды, әрі кішкентай ғана топты әлемдегі ең керемет, ең мәдениетті, көркем мінезді, ең ержүрек, ең білімді ұлтқа айналдыру кез-келген адамның, көсемнің немесе қолбасшының қолынан келмейді. Бұл тек Аллаһу та’аланың іске асырған мұғжизасы және мұны арабтарға жасату үшін оларға Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) арқылы Құран кәрімді жіберген. Тек Құран кәрімге, осылайша Аллаһу та’аланың бұйрықтарына бағыну арқылы осы ақылға симайтын керемет іс жүзеге асқан.

Осы айтылған барлық жағдайлар, баяндалған ақиқаттар, тәртібіндегі илаһи реттік – Құран кәрімнің әлемдегі ең үлкен мұғжиза екенін сізге көрсетіп тұрған жоқ па? Міне, әлемді қысқа уақыттың ішінде мәдениетке қауыштыруы да Құран кәрімнің үшінші мұғжизасы болып табылады.

1312 [м.1894] жылы Стамбулда қайтыс болған ұлы тарихшы Ахмед Жевдет Паша (рахимә-һуллаһу та’ала) «Қысас-и Әнбия» атты кітабында былай дейді: «Иса алейһиссалам аспанға көтерілгеннен 40 жылдан кейін римдіктер Құдысқа шабуыл жасады. Яһудилердің кейбірлерін өлтірді, кейбірлерін тұтқынға алды. Құдысты қиратып, талан-тараж етті. Тәураттар мен басқа да кітаптарды өртеді. Бәйт-ул-муқаддесті, яғни Мешіт Ақсаны жер мен жексен етті. Құдыс қаласы шөлге айналды. Яһудилер осыдан кейін жинала алмады. Мемлекет құра алмады. Тарап кеткен жерлерінде қор болып өмір сүрді. Иса алейһиссалам 30 жасында болғанында пайғамбар екендігі білдірілді. Оған он екі адам сенді. Олар «Хауариун» деп аталады. 33 жасында тірі күйінде көкке көтерілгенде хауарилер таралып, осы жаңа дінді жаюға кірісті. Кейін Інжіл атымен түрлі кітаптар жазылды. Бұлар Иса алейһиссалам туралы баяндалған тарихи кітаптар болатын. Інжілдің түпнұсқасы сақталмады. Барлық жерде күпір мен ширк тарады. Иса алейһиссаламның діні 300 жыл жасырын ұсталды. Оған сенгені мәлім болған адамдарға қастандық жасалатын. Рим императоры Константин 310 жылы бұл дінге рұқсат берді. Өзі де христиандықты қабылдады. Стамбул қаласын құрып, Римнен Стамбулға көшті. Бірақ, бұл діннің негіздері бұзылып, ұмыт болғандықтан, поптардың қолында ойыншыққа айналды. Милади 395 жылы Рим мемлекеті екіге бөлінді. Римдегі папаға бағынатындар «Католик», Стамбулдағы патриархқа бағынатындар «Православ» деп аталды. Шіркеулерге суреттер, мүсіндер қойылды. Басқа халықтар да күпірлік пен ширк ішінде еді. Римдіктер бүкіл Еуропаны, Мысырды, Сирияны, Иракты жаулап алды. Ғылым мен өнеркәсіпте жақсы дамығанымен, ахлақтары бұзылған еді. Зауықтануға, адамдарды қинауға берілді. Басып алған елдеріне жаман әдеттерін орнатты. Бірақ Араб түбегіне шабуыл жасамады.

Арабтар сауатсыз болатын. Біразы христиан, біразы яһуди, біразы пұтқа табынушы болған. Ал бір бөлігі Ибриһим және Исмаил пайғамбарлардан (алейһимуссалауату уәттәслимат) қалған әдеттерді ұстанатын. Мекке тұрғындарының көпшілігі мүшрик болып пұттарға табынатын. Қағбаның іші пұттарға (мүсіндерге) толтырылған еді. Бүкіл әлем қараңғылық пен адасушылықта еді. Арабтар ғылымда артта қалғанымен, әдебиетке қатты мән беретін. Араларында мықты ақындары бар еді. Өлең оқуды мақтан ететін. Араб тілінің кәмілденуі Аллаһ тарапынан бір кітап келетінінің белгісі еді.» Жевдет Пашаның сөздері осында тәмәм болды.

Осыншалықты ашық дәлелдермен Құран кәрімнің ақиқатында Аллаһу та’аланың кітабы екенін анықтағаннан кейін әлі де Оған сенбейтіндер бар болса, Аллаһу та’ала оларды ахиретте ең ауыр азап беретініне  таң қалмау керек. «Құран кәрімде көптеген залымдық үкімдер бар» дейтін христиандарға «Жоқ, Құран кәрімнің көптеген жерінде Аллаһу та’аланың өте мейірімді, аса кешірімді екендігі айтылған. Күнә істеген адам күнәларына өкінсе, Аллаһу та’ала оны кешіреді. Бірақ, осыншама айқын дәлелдерге қарамастан, әлі де Құран кәрімге сенбейтіндердің ахиретте мәңгі азапқа тартылуы еш зұлымдық емес» деуіміз керек!

Шынайы мұсылман болу дегеніміз – тек әдет бойынша ғибадат жасау деген сөз емес, Ислам бұйырған көркем мінез иесі болып, адамдық міндеттерді атқарып, рухани тұрғыдан да таза болу деген сөз. Ғибадат жасайтын, бірақ қулықты зеректік санайтын, адамдарды алдайтын, тіпті кейде жаман үгіттерге алданып, адам өлтіретін, айналасында бүлік шығаратын, өтірік сөйлейтін адам мұсылман екенін айтқанымен, ол шынайы мұсылман емес. Аллаһу та’ала Құран кәрімнің «Фурқан» сүресінде мұсылманның қандай болуы керектігі туралы баяндаған. Мұны тәфсирлеу үшін Әһли сүннет ғалымдары (рахимә-һумуллаһу та’ала) көптеген кітаптар жазған. Бірақ, біз әлі күнге дейін өзімізді жаман мінездерден арылта алмай жүрміз, Құран кәрімде көрсетілгендей еңбектенбейміз, Аллаһу та’аланың бұйрықтарын орындамаймыз, сөзімізде тұра алмаймыз, көшелерімізді лас ұстаймыз, рухани және дене тазалығын сақтай алмай жүрміз. Алайда, қолымызда бізге барлық осы жақсы нәрселерді бұйыратын, не істеу керектігін айқын көрсететін Аллаһу та’аланың сөзі болған «Құран кәрім» мен пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұйрықтары және Әһли сүннет ғалымдарының (рахимә-һумуллаһу та’ала) кітаптары бар.

Аллаһу та’ала Фәтх сүресінің 28-аятында былай бұйырады:

«Аллаһу та’ала пайғамбарын хидаят (тура жол) және хақ дін болған Ислам дінімен жіберді. Ислам дінін басқа діндерден үстем қылды. [Мұхаммед алейһиссаламның хақ] пайғамбар екендігіне куә ретінде Аллаһ жетеді.»

Саф сүресінің 9-аятында: «Мүшриктер қаламаса да, Ислам дінін басқа бүкіл діндерден үстем қылу үшін расулы Мұхаммед алейһиссаламды [хидаят себебі болған] Құран және Ислам дінімен бірге жіберген – Аллаһу та’ала» делінген.

Сондай-ақ Аллаһу та’ала сөз беруде:

«АЛЛАҺУ ТА’АЛА ШҮКІР ЕТУШІЛЕРДІҢ МАРАПАТЫН БЕРЕДІ.»

Бұл жерде шүкір ету дегеніміз – Құран кәрім талап еткендей толық мұсылман болу деген сөз. Аллаһу та’ала берген ниғметтерін Оның бұйрығына сай қолдану деген сөз. Қазір әлемде 1 миллиардтан астам мұсылман бар екендігі 271-бетте жазылған еді. Яғни әлемде әр төрт адамның бірі мұсылман. Егер бұл мұсылмандар Аллаһу та’ала әмір еткендей рухани және дене тұрғысынан тап-таза адамдар болып, бір-бірімен бауырдай байланып, еңбектеніп, барлық салада ілгерілеуді бастаса, Аллаһу та’ала да оларға мұның марапатын береді. Сол кезде мұсылмандар, орта ғасырдағы сияқты, мәдениеттің ең алдына шығады. Аллаһу та’ала бізге осыны уәде етуде. Аллаһу та’ала ешқашан сөзінен қайтпайды.