Рия9 – Көңіл ауруларының, яғни жаман мінездердің маңыздыларының алпыс екенін айтқан едік. Бұлардың тоғызыншысы – рия болып табылады. Рия – бір нәрсені өзінің барынан керісінше етіп көрсету. Қысқаша көзбояушылық, өзін көрсету, мақтану деген сөз. Ахирет амалдарын істеп, адамдарға ахирет жолында екенін көрсету арқылы дүниелік мақсаттарына қол жеткізу, дүниелік табыс үшін дінді құрал ету деген сөз. Ғибадаттарын көрсетіп, адамдарға жақсы көріну. [Сөзі мен ғибадаттары рия (Аллаһ үшін емес, адамдар үшін) мақтану мақсатында болған адамның, діни ілімі болса, оған «мұнафық» делінеді. Діни білімі жоқ болса «дін азғыны» делінеді. Жаратылыстану білімі болмай, өзін ғалыммын деп танытып, өз пікірін жаратылыстану білімі ретінде айтып, мұсылмандарды алдауға, олардың діндерін, имандарын бұзуға тырысатын ислам дұшпандарына «зындық» немесе«пән азғыны» делінеді. Дін азғындары мен пән азғындарына алданбау керек.] Рия, тек мәжбүрлеп, икрах етілген (қорқытылған) кезде ғана жаиз болады. Икрах– біреуге қаламаған нәрсесін мәжбүрлеп істету деген сөз. Өліммен немесе бір мүшесін кесумен қорқытылу «мулжи икрах» деп аталады. [Залымдардың, тонаушылардың жәбірлеуі де мулжи икрахқа жатады.] Мұндай кезде, мәжбүрленген істі орындау зарурат (қажет) болады. Қамау мен ұрып-соғу арқылы мәжбүрлеуге жеңіл икрах делінеді. Жеңіл икрахқа ұшыраған адамның рия етуі жаиз емес. Рияның қарама-қарсысы – ықылас болып табылады. «Ықылас – дүниелік пайдаларды ойламай ғибадаттарын тек Аллаһу та’аланың разылығы үшін орындау деген сөз.» Ықыласты адам ғибадат жасағанда ғибадаттарын өзгелерге көрсетуді ойламайды. Ықыласты адамның ғибадаттарын өзгелердің көруі оның ықыласына зиянын тигізбейді. Хадис шәрифте: «Аллаһу та’аланы көріп тұрғандай ғибадат ет! Сен көрмесең де Ол сені көріп тұр»делінген. Өзгелердің сүйіспеншілігі мен мақтауларына қауышу үшін дүние істерімен оларға жақсылық жасау рия болады. Ғибадатта рия дүние істеріндегі риядан жаман. Аллаһу та’аланың разылығын мүлде ойламай жасалған рия бәрінен де жаман. Ғибадат жасап Аллаһу та’аладан дүние пайдаларын сұрау рия болмайды. Жаңбыр дұғасына шығу, истихара намазын оқу осыған жатады. Жалақыға имам, муфти, мұғалім болу және қиыншылықтан, аурудан және кедейліктен құтылу үшін аяти-кәрималар оқу да осыған жатады делінді. Бұларда әрі ғибадат әрі пайда ниеті бар. Сауда-саттық мақсатымен қажылыққа бару да осындай. Мұндайда егер ғибадат ниеті мүлдем болмаса, рия болады. Ғибадат ниеті көбірек болса, сауап пайда болады. Ғибадаттарын өзгелерге, үйрету және үлгі көрсету, ынталандыру мақсатында көрсету рия болмайды және көп сауап болады. Рамазанда ораза ұстау да рия болмайды. Аллаһу та’аланың разылығы үшін басталған намазда кейіннен рия пайда болса зияны болмайды. Риямен жасалған парыздар сахих болады. Ғибадат қарызы өтелген болса да сауабы болмайды. Ет жегісі келгені үшін құрбандық шалу жаиз емес. Аллаһу та’аланың разылығын көздемей, тек қажылықтан, соғыстан, әскерден орлағандар үшін және келген басшыны, билеушіні күтіп алу үшін сойылған малдың еті өлімтік болады. Ол етті жеу харам болады. Риядан қорқып ғибадатты тәрк ету жаиз емес. Аллаһу та’аланың разылығы үшін намазға тұрып, намазын бітіргенше тек дүние істерін ойлаған адамның намазы сахих болады. Атаққа себеп болатындай дәрежеде өте сәнді киіну де рия болады. Дін адамдарының таза, қымбат киім киюлері керек. Сондықтан имамдардың жұма және діни мейрам күндері әдемі, сәнді киім киюлері сүннет болып табылады. Атақ үшін уағыз, насихат айту, кітап жазу да рия болады. «Уағыз» - әмри маруф [діннің әмірлерін, жақсылықтарды үгіттеу] және нәхи мункәр [күнәлардан, жамандықтардан тыйылуды насихаттау] деген сөз. Айтысып-тартысу, пікір таластыру үшін, өзгелерден жоғары көріну үшін және мақтану үшін ілім үйрену де рия болады. Дүниелік табысқа жету үшін, яғни мал-мүлік, мансапқа қол жеткізу үшін ілім үйрену де рия болады. Рия харам болып табылады. Аллаһу та’ала үшін үйренілген ілім, Аллаһу та’аладан қорқуды күшейтеді. Өз айыптарын, кемшіліктерін көруге себеп болады. Шайтанның алдауына кедергі болады. Ілімін дүниелік табысқа, мал-мүлік пен мансапқа қауышуға құрал еткен дін адамдарына«уләмаи су», яғни жаман дін адамдары делінеді. Олардың барар жері – жаһаннам. Адамдардың жанында сүннетке сай етіп, жалғыз қалған кезінде әдептері сақталмай орындалған ғибадат рия болады. Он бірінші бөлімнің соңын оқыңыз! Жасалған ғибадаттың сауабын өлі немесе тірі адамдарға бағыштау жаиз. Қажылықтың, намаздың, оразаның, садақаның, оқылған Құран кәрім, мәулідтің, зікір және дұғаның сауаптарын біреуге хадия ету (бағыштау) Ханафи мазһабында жаиз болып табылады. Бұл ғибадаттарға ақы талап етіп, саудаласып жасау жаиз емес. Аллаһу та’ала үшін Құран оқығанға, берілген сыйлық қабыл етіледі. Малики және Шафии мазһабтарында садақа, зекет және қажылық сияқты мал-мүлікпен жасалатын ғибадаттардың сауабын бағыштау жаиз болып, намаз, ораза, Құран кәрім оқу сияқты денемен жасалатын ғибадаттардың сауабын бағыштау жаиз емес. Хадис шәрифте: «Мазараттың жанынан өткен адам он бір рет Ихлас сүресін оқып, сауабын қабірдегілерге хадия етсе (бағыштаса), оған мәйіттер санындай сауап беріледі» делінген. Ханафи мазһабындағы адам сауабын бағыштайды, Малики мен Шафии мазһабындағылар мәйіттің кешірілуі үшін дұға етеді. Ғибадаттардың сахих болуы үшін Аллаһу та’аланың разылығын көздеп жасауға ниет ету керек. Ниет, жүрекпен (көңілмен) болады. Тек ауызбен айтылса ниет етілген болмайды. Көңілмен ниет ету шартымен ауызбен де айтса жаиз делінді. Көңілдегі ниет пен ауызбен айтылған ниет екеуі екі түрлі болса көңілдегі ниетке қаралады. Тек ант ету бұған жатпайды. Ант еткенде айтылған сөз маңызды. Ғибадаттарда ниетті ауызбен айту туралы ешбір хадис шәриф те, хабар да жоқ. Төрт мазһабтың имамдары да білдірмеген. Ниет – ғибадат етуді көңілге келтіру, еске түсіру емес. Аллаһу та’ала үшін орындауды қалау, сол үшін жігерлену деген сөз. Ниет ғибадат жасауды бастарда жасалады. Алдын ала, мысалы бір күн бұрын жасалса ниет болмайды. Бұған мақсат, қалау, мойнына алу делінеді. Мысалы, ханафи мазһабында оразаға ниет ету уақыты – бір күн бұрын, күннің батуынан бастап, ертеңгі күн, «Дахуа-и кубра» уақытына дейін. Басқалардың күнә жасауына себепші болмау үшін мубахтарды тәрк ету жақсы болады. Бірақ, сүннеттерді, тіпті мүстаһабтарды тәрк ету жаиз емес. Мысалы, өзгелердің ғайбат етпеулері үшін, мисуак қолдануды, сәлде киюді, басын ашып жүруді, есекке мінуді тәрк ету жақсы болмайды. Мисуак – мисуак ағашының немесе зәйтүн, тұт ағаштарының бұтағынан кесілген шыбық. Қалыңдығы бір бармақтай, ұзындығы бір қарыс. Әйелдердің мисуактың орнына сағыз шайнаулары жаиз. Мисуак таба алмаған адам тістерін бас бармағы және шәһәдат (сұқ) саусақтарымен ысқылайды. Хазреті Бишри Хафи көшеде басы ашық жүретін. Күнә жасайтын адамның, сол күнәдан бас тартуы үш себеппен болады: Аллаһу та’аладан қорыққаны үшін немесе адамдардан ұялғаны үшін немесе басқалардың жасауына себепші болмау үшін. Аллаһу та’аладан қорқып тәрк еткенінің белгісі – ол күнәні жасырын болса да жасамауы. Адамдардан ұялу – олардың жамандауынан қорқу деген сөз. Басқалардың күнә жасауына себепші болу, күнәні жалғыз жасағаннан да жаман. Басқалардың ол күнәні істегендегі күнәлары қияметке дейін сол күнәні істеуге себепші болған адамға да жазылады. Бір хадис шәрифте: «Адам күнәсін дүниеде жасырса, Аллаһу та’ала да қиямет күні, ол күнәні құлдарынан жасырады» делінген. Адамдарға өзін уәра иесі (діндар) екенін көрсету үшін күнәсін адамдардан жасырып, жасырын жалғасытыру да рия болады. Ғибадаттарын өзгелерге көрсетуден ұялу жаиз емес. «Хая» (ұялу) деп – күнәларын, айыптарын көрсетпеуге айтылады. Сондықтан уағыз айтудан және әмри маруф пен нәхи мункәр жасаудан [діни кітап, ғылымхал кітабын жазудан және сатудан] және имамдық, муәззиндік (азаншылық) жасаудан, Құран кәрім және мәуліт оқудан ұялу жаиз емес. «Ұялу – иманнан» хадис шәрифінде айтылған ұят – жаман, күнә нәрселерді көрсетуден ұялу деген сөз. Мұсылманның әуелі Аллаһу та’аладан ұялуы қажет. Сондықтан ғибадаттарын шын сеніммен, шын ықыласымен жасауы керек. Бұхара ғалымдарының бірі сұлтанның балаларының көшеде әбес ойын ойнап жүргендерін көрді. Қолындағы таяғымен балаларды ұрып қуып жіберді. Балалар қашып, әкелеріне барып шағымданды. Сұлтан ғалымды шақыртып: «Сұлтанға қарсы шыққан адамның қамалатынын білмеймісің» деді. Ғұлама: «Аллаһқа қарсы шыққан адамның жаһаннамға баратынын білмеймісің» деп жауап берді. Сұлтан: «Әмри маруф жасау міндетін саған кім берді?» деді. Ғұлама: «Сені кім сұлтан етті» дегенінде сұлтан: «Мені халифа сұлтан етті» деп жауап берді. Ғұлама: «Маған әмри маруф жасау міндетін сенің халифаңның Раббы берді» деді. Сұлтан: «Саған Самарқанд қаласында әмри маруф жасау міндетін бердім» дегенінде, ғұлама: «Мен өзімді бұл қызметтен босаттым» деп жауап берді. Сұлтан таң қалып: «Бұл жауабыңа қайран қалдым. Рұқсат берілмей тұрып міндеттелгеніңді айттың, рұқсат берілгеннен кейін міндеттен босағаныңды айтудасың» деді. Ғұлама: «Сен қазір рұқсат берсең кейін міндетімнен босатасың, Раббымның берген міндетінен мені ешкім босата алмайды» деді. Бұл сөзді естіген сұлтан: «Менен қалағаныңды сұра, берейін» деді. Ғұлама: «Мені жастық шағыма қайтар» деді. Сұлтан: «Бұл қолымнан келмейді» деді. Ғұлама: «Бір құжат жаз, жаһаннамдағы періштелердің басшысы Малик мені отта жақпасын» деді. Сұлтан: «Бұл да қолымнан келмейді» деді. Ғұлама: «Менің сондай ұлы бір сұлтаным бар, қалағанымның барлығын Содан сұраймын. Тілегенімнің барлығын ихсан етті, ешқашан қолымнан келмейді деген жоқ» деді. «Мені дұғаларыңда ұмытпа» деп сұлтан ғұламаны жіберді. Хадис шәрифте: «Басқаларға көрсету үшін намазын әдемі оқып, жалғыз қалғанда олай оқымаған адам, Аллаһу та’аланы мазақ қылған [құрметсіздік еткен] болады.» және «Сендерде болуынан ең қатты қорқатын нәрсем – ширк-и асғарға ұшырауларың. Ширки асғар – рия деген сөз» және «Дүниеде риямен ғибадат жасағанға, қиямет күні, ей жаман адам! Бүгін саған сауап жоқ. Дүниеде кімдер үшін ғибадат жасаған болсаң сауаптарыңды солардан сұра делінеді.» және «Аллаһу та’ала былай бұйырды: Менің серігім жоқ. Басқаны маған серік еткен, сауаптарын содан сұрасын. Ғибадаттарыңды ықыласпен жасаңдар! Аллаһу та’ала ықыласпен жасалған істерді қабыл етеді.» делінді. Ғибадат Аллаһу та’аланың разылығына қауышу үшін жасалады. Басқаның сүйіспеншілігіне, жақсылығына қауышу үшін жасалған ғибадат, оған табыну болады. Аллаһу та’алаға ықыласпен ғибадат жасауымыз әмір етілді. Хадис шәрифте: «Аллаһу та’аланың бір екеніне иман келтірген және намаз бен зекетті ықыласпен орындаған адамнан Аллаһу та’ала разы болады» деп бұйырылды. Расулуллаһ “салаллаһу алейһу уә сәлләм” Муаз бин Жәбәлді “радиаллаһу та’ала анһ” Йеменге басшы етіп жіберерде: «Ғибадаттарыңды ықыласпен орында! Ықыласпен жасалған аз амал қиямет күні саған жеткілікті болады» және «Ғибадаттарын ықыласпен жасағандарға сүйінші болсын. Олар – хидаят (тура жол) жұлдыздары. Фитналардың қараңғылығын жояды» және «Дүниеде харам етілген нәрселер – лағынеттелген. Тек қана Аллаһ үшін жасалған нәрселер құнды» деп бұйырылды. Дүние ниғметтері өткінші. Өмірлері өте қысқа. Бұларға қол жеткізу үшін дінін беру – ақымақтық. Адамдардың барлығы әлсіз. Аллаһу та’ала қаламайынша ешкім ешкімге пайда немесе зиян тигізе алмайды. Адамға Аллаһу та’ала жеткілікті. Аллаһу та’аладан қорқу керек және оның мейірімінен үміт үзбеу керек. Үміт, қорқыныштан басым болу керек. Мұндай болған адамның ғибадаттары зауқты болады. Жастарда қорқыныштың, ал кәрілерде үміттің басымырақ болуы керек делінді. Ауруларда үміт басым болу керек. Қорқынышсыз үміт және үмітсіз қорқыныштың болуы жаиз емес. Біріншісі [құтылатынына өте] сенімді болу, ал екінші [құтылатынынан мүлдем] үмітсіз болу деген сөз. Хадис құдсиде: «Құлымды, мені ойлағанындай қарсы аламын» деп бұйырылды. Зүмәр сүресінің 53-ші аятында: «Аллаһ барлық күнәларды кешіреді. Ол – ғафур, рахим» делінген. Бұдан, үміттің басым болу керектігі түсініледі. «Аллаһтан қорқып жылаған адам, жаһаннамға кірмейді» және «Менің білгенімді білгендеріңде, аз күліп көп жылар едіңдер» хадис шәрифі хауфтың, яғни қорқудың басым болуы қажет екенін көрсетуде. |