25 - Зүл-хиджа, 1447 жыл.
     11 - Маусым, 2026 жыл.   

  Негізгі бөлім / Жаңалықтар / Облыс әкімінің имандылық жолындағы игі бастамасы

Облыс әкімінің имандылық жолындағы игі бастамасы

    Ақтөбе облысы әкімінің игі бастамасымен, 2011 жылғы қыркүйек айында дін өкілдерінің уағыз-насихаттары ұйымдастырылуда. Уағыз насихаттар белгіленген кесте бойынша, Ақтөбе облысындағы оқу орындары студенттері және жергілікті халықпен сұхбаттасу, сұрақтарға жауап беру форматында жүзеге асады.

09.09.2011 күні Ақтөбе облысына ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Бауыржан Әлиұлы және Атыраудағы «Иманғали» мешітінің наиб имамы Еркебұлан Қарақұлов уағыз-насихат өткізу үшін келді.

    09.09.2011 күні Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжінде, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстандық мемлекеттік медицина университетінде, Ақтөбе медицина колледжінде, Ақтөбе политехника колледжінде, Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінде кездесулер өткізу жоспарланған. Кездесуге Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімінің өкілдері, ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы Ә. Дәуренбеков, Ақтөбе облыстық Нұр Ғасыр орталық мешітінің наиб имамы Сансызбай қажы Шоқанов, облыстық Нұр Ғасыр орталық мешітінің уағыз-насихат және ақпарат бөлімінің қызметкерлері де қатысты.

    10.09.2011 күні ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Бауыржан Әлиұлы Шалқар ауданына сапарға шықты. Шалқар қаласындағы № 8 орта мектепте және орталық мешітте кездесулер ұйымдастырылды. Мектепте өткен кездесуге оқушылар, ұстаздар, ата аналар қатысып, өздерін толғандырып жүрген діни сауалдарға жауап алды.

    10.09.2011 күні Атыраудағы «Иманғали» мешітінің наиб имамы Еркебұлан Қарақұлов Байғанин ауданына сапарға шықты. Байғанин аудандық орталық мешітінде жергілікті намазхан жамағатпен кездесу ұйымдастырылды. Намазхан жамағаттың секталар, хиджаб, ақида, фикх мәселелері бойынша сұрақтарына жауап беріп, уағыз насихат айтылды. Байғанин аудандық әкімшілігінің ұйымдастыру жұмысын дұрыс атқармауы себепті, жоспардағы мектептегі кездесу өтпей қалды.

 

    Уағызшы имамдардың қатысуымен өткен басқосуларда тәрбиелік маңызы зор уағыз-насихаттар айтылып, жастарды толғандырып жүрген сауалдарға жауап берілді. Сонымен қатар, жиында жастарды жат ағымдардан сақтандыру, рухани тұрақтылықты сақтау мәселелері де кеңінен әңгімеленді.

Бұл кездесулердің бір мақсаты – қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі жаңбырдан соң ормандағы саңырауқұлақтай қаптап кеткен түрлі діни ағымдардың өскелең ұрпаққа кері әсері туралы ақпарат беріп, жастардың сенімсіз, күмәнсіз діни ағымдардан аулақ болудың жолдарын түсіндіру.

    Соңғы кезде, тәуелсіздік тұсында елімізде бұрын –соңды белгісіз болып келген конфессиялар көбейді, олардың өкілдері пайда болды. Тоталитарлық діни ұйымдар халықтың мәдени-тарихи нығаюы негізін қиындатып, адамдарды отбасынан, қоғамнан, өз халқының мәдени және әлеуметтік тамырынан алыстатуға ұмтылады. Халықтың әдет –ғұрпы мен тұрмыс – тіршілігін, тарихи салт-дәстүрлерін жоққа шығаратындар да аз емес.

Осы кездесулерде дін өкілдері Ислам дінінің өте нәзік, күрделі мәселе екендігі, дінді жетік түсіну қажеттілігін, Отанды қорғау, ата –ананы құрметтеу – діннің негізінде жатқандығын айтып, студенттерді отансүйгіштікке, адамгершілікке, мейірімділікке шақырса, оқу орындарының ұстаздары студент жастардың негізгі мақсаты – білім алу екендігі туралы айтып берді.

    Діни ағымдар нағыз діни сана сезімге құрылмай, таза саяси арандатушылық қызметтер атқаратынын, ал тәуелсіз елдердің діндері мемелекет мүддесіне – бірлігі мен ынтымағын нығайтуға қызмет етуі қажет екендігін әсерлі баяндалды.

Ата – бабаларымыз «ырыс алды-ынтымақ», «Бақ қайда барасың деп сұрағанда, Бақ ынтымаққа, бірлікке, сабырлыққа барамын» деген. Жаратушымыз бір, кітабымыз бір, пайғамбарымыз бір, Отан біреу, жер біреу, тіл біреу. Біз де соларға ермейік, егемен ел болып, еңсесін көтерген халқымызды жерге қаратпайық. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, елдің ертеңін ойлайық.

    «Елбасымыздың өзі: «Тегіміз - түрік, Дініміз - Ислам, Кітабымыз - Құран Кәрім» деп илсами құндылықтарымызды естен шығармауымыз керек деген болса, біздің әрбіріміздің жүрегімізде қасиетті Құран Кәрім тұруы тиіс. Бізді бүгінгі таңда алаңдатып отырған мәселе - жастарымыздың әртүрлі діни ағымдардың қолшоқпарына айналып, өзімен бірге жүрген достары мен туыстарын да жат ағымдардың жетегіне қосып жатқандығы. Оны таратушылар жан-жақтағы шет мемлекеттерден білім алып келіп жатқан бауырларымыз. Сол елдің салтын, киім кию дәстүрін қоса әкеліп, қазақ елінің қанына сіңіргісі келеді.

 

    «Протестанттық, Иегова куәгерлері, христиандық тағы да басқа көптеген өзге діндерде жүргендердің басым көпшілігі - біздің қандастарымыз. Бұл - бізді толғандырып отырған мәселе. Ислам діні ойыншық емес. Ислам дінінің жақсылықтарын, әдебін тек ұстаз арқылы үйрену керек. Сол себепті білгілеріңіз келген сауалды орталық мешіт имамдарынан сұраңыздар. Көшеден, өзі дінді толық білмейтін адамнан дәріс алғандардың тағдыры қандай болып жатқанын көріп отырмыз. Мәселен, қызуқанды жастарымыздың дінді жетік білмегендіктен барып, өлім аузына түсіп жатқаны жасырын емес. Жасырын таратылып жатқан кітаптар қаншама. Сол себепті қолыңызға түскен кітапты оқып шықпай тұрып, мешіт имамдарына тексертіп алу керек.

    Әрбір кездесуде, уағыз-насихат айтылған соң, студенттердің сауалдарына жауап берілді. Бір байқалғаны, студенттерді сырттан келетін кітаптар мен қыз балалардың хиджаб кию мәселесі көп алаңдатады екен.

 

    Қазір оқу орындарында сақал қою, хиджаб кию мәселесі көтеріліп жүр. Ислами үлгіде киіну деген сөз. Құран Кәрімде айтылғандай өздігінен көрініп отырған әдемі, зейнет жерлерді жабу. Бірақ тұмшаланып, бетімізді жауып, біреу сөйлегенде төмен қарап, құрбыларымыздан, қоғамнан бөліну шынайылық емес.

Сонымен қатар, хиджаб киген студент қыздардың сұрағы маңызды болып табылады. Ұстаздарымыздың оқу орнының ішкі тәрітібі бойынша орамал тағуға болмайды дегені бізді алаңдатып отыр. Бірақ ол ішкі тәртіпте хиджаб туралы айтылмаған. Олай болса бізге ол туралы жазбаша неге берілмейді? Болмаса оқуға түсерде неге ескертілмейді? - деген сауал қойды орамал таққан қыздардың бірі.

 

    Бұл сауалға ұстаздар тарапынан төмендегідей жауап берілді:

- Әр жоғары оқу орнының өз ішкі тәртіп ережесі бар. Ол ғылыми кеңесте бекітіледі. Студенттер жоғары оқу орындарында, жатақханада қалай болуы керек, соның бәрінің тәртібі бар. Бетін тұмшалап, орамал тағып келмесін деген тәртібіміз бар, сіз - осы университет студентісіз, орындауға міндеттісіз.

 

    Егер бүгін хиджабқа рұқсат берілсе, ертең кришнаит, буддистер де өз киімдерімен қаптап кетуі мүмкін. Дін тек киіммен өлшенбейді, мұсылман болғысы келсе отырған жерін, қойылған талапты құрметтеуі керек.

Ислам дінінде істеуге тиісті дүние бар. Соның бірі әйел адамға орамал тағып, ислами үлгіде киініп жүру. Осы ұстанымды ескере отырып, бірде-бір студент орамал таққаны үшін оқудан шығарылған емес. Бірақ ішкі тәртіп ережеміздің орындалуын талап ете береміз.

 

    Уағызшы имамдар халқымыздың ислам дінін қабылдаған кезден бастап ұстанып келе жатқан Ханафи мәзһабының мән-маңызы, мұны өмірге әкелген мұсылман ғалымы Әбу Ханифа туралы сыр шертті. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Бас мүфтиіміз Әбсаттар қажы Дербісәлімен кездескендегі «Аллаһ – хақ, пайғамбарымыз – Мұхаммед (с.ғ.с.), қасиетті кітабымыз – Құран болғанымен, әлем сүнниттері төрт мәзһабқа бөлінетінін білетін боларсыздар. Біз көптеген түркі халықтары сияқты Ханафи мәзһабына жатамыз. Мұның өзге мәзһабтардан басты артықшылығы – Ислам қағи-даларына қайшы келмейтін ата-бабаларымыздың дәстүр-салттарының да кеңінен қолданылуында. Міне, сол себепті ханафиттер жер жүзінде ең көп тараған мәзһаб болып есептеледі. Дін ұстараның жүзіндей өткір нәрсе. Мұнда жаза басып, жаңылысуға болмайды. «Менікі дұрыс» немесе «мен білемдік» емес, түсіністік, бірлік қажет. Бұл – біздің ортақ мақсатымыз» деп жалпы мұсылман-сүнниттердің төрт мәзһабқа бөліну себептеріне тоқталып өтті.

    Ханафи, Маликий, Шафиғий, Ханбалий имамдарының арасындағы қайшылық – имамдардың бірі бір сахабаның сөзін алса, екінші бірі келесі бір сахабаның сөзіне амал еткендіктен. Бір имамдағы сенімді хадистің дәрежесі жоғары, қайсыбіріндегі сенімді хадистердің дәрежесі төмендеу болғандықтан. Бір хадис біріне жетсе, басқасына жетпегендіктен. Сондай-ақ, имамдар шариғи мәселелердің дұрыс жауабын жан-жақты іздеп, оны өз білімдерінің деңгейіне, ақыл-парасатының өткірлігіне қарай түсініп, басқаларға түсіндіргендіктен.

 

    Төрт фикһ мәзһабы мұсылман үмметіне тән, әрі он төрт ғасырдан астам уақыттан бері мойындалып келеді емес пе?! Сол себепті аталмыш мәзһабтың бірін ұстану – қазіргі заман талабы да. Өйткені, бұл мәзһабтар Құран Кәрім мен сүннет жолына лайық.

 

    Жастардың дінге деген ықыласы мен құлшынысының аса зор екенін осы іс-шара барысында тағы бір байқадық. Сонымен қатар, халықтың дінге қатысты көзінің ашылғандығын студенттердің сауатты қойған сұрақтарынан аңғару қиын емес.  Қазір көпшілікті толғандырып жүрген хиджап, оқу орындарында намаз оқу бөлмесін ашу, тұмар тағу, жұма намазы, музыка тыңдау, бейнелеу өнері, секталар, т.б. мәселелер төңірегінде сұрақ-жауаппен алмасты.

    Кездесу соңында сөз алған университет ұстаздары: «Осындай дін қызметкерлерін шақырып, студенттерге уағыз айтсын, көкейлерінде жүрген сауалдарға жауап берсін деп осы шараны ұйымдастырушыларға зор алғыс білдіреміз. Дегенмен, бұл басқосу барысында тек студенттер ғана емес, біз өзіміз де көптеген жағдайларға қанық болып жатырмыз. Айтарымыз, бұл кездесу соңғы емес, әлі де бүгінгідей дін саласында жүрген мамандармен кездесіп, пікірлесіп тұратын боламыз»,– деп шақырылған қонақтарға алғысын білдірді.

 

Ақтөбе облыстық Нұр Ғасыр

орталық мешітінің баспасөз қызметі