1 РАБИУЛ-АХИР 1433
     23 Ақпан 2012    Бейсенбі

  негіз / Әдеп-ахлақ / Ислам ахлақы / Тама (Ашкөздік) (1) Принтерге шығару

Тама (Ашкөздік) (1)

11 – Жүрек ауруының он біріншісі «тама». Дүние ләззаттарын харам жолдармен іздеуге «тама» делінеді. Таманың ең жаманы, адамдардан күту. Тәкаппарлыққа, өзін жақсы көруге себеп болатын «нәпіл» ғибадаттарды және ахиретті ұмыттыратын «мубаһ»тарды жасау да тама болады. Таманың қарама-қайшысына  «тафвиз» делінеді. Тафвиз – халал және пайдалы нәрселерді табуға тырысып, бұларға қауышуды Аллаһу та’аладан күту деген сөз.

Шайтан, рияны ықылас ретінде және таманы тафвиз ретінде көрсетіп, адамдарды алдауға тырысады. Аллаһу та’ала әрбір адамның көңіліне (жүрегіне) бір періштені міндеттеген. Ол періште, адамдарға жақсы ойлар (илһам) салады. Шайтан, адамның жүрегіне жаман ойлар (уәсуәсә) салады. Халал жеген адам, илһаммен уәсуәсәні бір-бірінен ажыратады. Харам жейтіндер ажырата алмайды. Адамның нәпісі де көңілге (жүрекке) жаман ойлар әкеледі. Бұл ойларға, қалауларға «хауа» делінеді. Илһам мен уәсуәсә тұрақты емес. Ал нәпістің хауасы болса, тұрақты болады және барған сайын артады. Уәсуәсә, дұға және зікірмен азайып жойылады. Хауа болса, тек күшті «мүжахадамен» (күреспен) азайып жойылады. Шайтан итке ұқсайды. Итті қуған сайын қашса да, басқа жақтан қайта келеді. Ал нәпіс жолбарыс сияқты. Шабуылы тек қана өлтірумен бітеді. Адамдарға уәсуәсә беретін шайтанға осы себептен «ханнас» делінген. Адам, шайтанның бір уәсуәсәсына алданбаса, шайтан одан бас тартады. Басқа уәсуәсаға бастайды. Аммара (тәрбиеленбеген) нәпіс үнемі зиянды, жаман нәрселерді қалайды. Шайтан болса, көптеген қайырлы істерге кедергі болу үшін, қайыры аз істерді жасатуға уәсуәсә жасайды. Шайтанның уәсуәсәсымен болған қайырлы іс, адамға ұнамды келеді және оны асығып істеуді қалайды. Сондықтан хадис шәрифте: «Асығу – шайтаннан. Бес нәрсе бұдан бөлек: Қызын тұрмысқа беру, қарызын өтеу, жаназа қызметтерін тез атқару, қонақты тойдыру, күнә жасап қойса дереу тәубе ету» деп бұйырылды. “Әшиат-ул-ләмәат” кітабында намазды кешіктірмеу бабындағы хадис шәрифте: «Йа Әли! Үш нәрсені кешіктірме! Намазды алғашқы уақытында оқы! Дайын болған жаназа намазын дереу оқы! Тұл (жесір немесе күйеуден келген әйелді) немесе қызды теңі айттырып сұрағанда, дереу бер!» Яғни, намазын оқитын және күнә жасамайтын және табысын халалдан табатын біреуді тапқанда дереу соған бер делінді. Илхаммен болған қайырлы іс, Аллаһу та’аладан қорқылып асықпай жасалады және соңы ойланылады. Бір хадисте: «Періштеден келетін илһам исламға сай болады. Шайтаннан келетін уәсуәсә исламнан айрылуға себепші болады» делінген. Адам, илһам етілген нәрсені жасауы керек. Уәсуәсәны жасамау үшін күресіп, тырысуы керек. Нәпсіне ерген адам уәсуәсәларға мойынсұнады. Нәпсінің қалауын жасамаған адамның илһамға мойнсұнуы оңай болады. Бір хадис шәрифте: «Шайтан жүрекке уәсуәсә береді. Аллаһтың есімі зікір етілгенде, айтылғанда қашады. Айтылмаса уәсуәсәларын жалғастырады» деп бұйырылды. [Зікір етудің қажеттілігі, осы хадис шәрифтен де аңғарылуда.] Көңілге (жүрекке) келген ойдың түрін анықтау үшін, исламға сай болып болмағанына қаралады. Егер осы жолмен біле алмаса, онда салих болған ғалымнан сұралады. Салих емес, дінді дүние пайдасына құрал еткен жаман дін адамынан сұралмайды. Немесе, Расулуллаһқа “салаллаһу алейһу уә сәлләм” дейінгі ұстаздарының шежіресі белгілі болған шынайы бір жол көрсетушіден сұралады. «Қутб-ул-мәдар» деп аталатын әулиелер аз да болса қияметке дейін бар болады. «Қутб-ул- иршад» деп аталатын әһли сүннет ғалымдары әр уақытта және әр жерде табыла бермейді. Ұзақ уақыт аралығымен сирек кездеседі. Барлық жерде көптеп табылатын надан тариқатшыларды және жасанды шейхтарды шынайы жол көрсетуші - пір екен деп ойлап қалмау керек. Мұндайлардың тұзақтарына түсіп дүниеде және ахиретте бақыттан мақрұм қалмау үшін өте сақ болу керек. Көңілге келген ой нәпіске ауыр келсе, бұл оның қайырлы екенін аңғартады. Нәпсіге ұнамды келіп, дереу жасауды қаласа, жаман болғаны аңғарылады.

Шайтанның айлалары көп. Бұлардың оны маңызды: Біріншісі, “Аллаһу та’ала сенің ғибадаттарыңа мұқтаж емес”, дейді. Бұған қарсы: «Салих амалдың пайдасы оны жасағанға» деген мағынадағы Бақара сүресінің алпыс екінші аятын еске түсіру керек.

Шайтанның екінші айласы, “Аллаһу та’ала рахымды, кәрим, сені де кешіреді, жаннатқа кіргізеді” дейді. Бұған қарсы Лұқман сүресінің отызыншы аятындағы: «Аллаһтың кәрим (ұлы, кешірімді) болуы, сендерді алдамасын» және Мәриям сүресі, алпыс үшінші аятындағы, «Жаннатқа құлдарымыздан тақуа болғандарын мұрагер етеміз» деген мағынасын еске түсіру керек.

Үшінші айласы, “Сенің ғибадаттарыңда әрқашан кемшілік бар. Рия араласқан. Мұндай ғибадаттармен тақуа бола алмайсың. Аллаһу та’ала Маида сүресінде: «Аллаһ тек қана тақуалардың ғибадаттарын қабыл етеді» делінген. Сенің ғибадаттарың қабыл болмайды. Мұның бәрі бос әурешілік. Босқа, себепсіз таяқ жеген хайуан сияқты өзіңді қинап жүрсің” дейді. Бұған қарсы, “Мен Аллаһу та’аланың азабынан құтылу және әмірін орындау үшін ғибадат жасап жатырмын. Менің міндетім, әмірді орындау. Қабыл ету етпеуін, Оның өзі біледі. Шарттары тура және парыздары толық орындалған ғибадаттың сахих болуы күмәнсіз”, деу керек. Парыздарды тәрк ету үлкен күнә. Бұл күнәлардан құтылу үшін ғибадаттарды орындау керек. Ғибадат жасамастан жаннатқа кіру үшін дұға ету күнә. Хадис шәрифте: «Ақылы бар адам нәпсіне ермейді және ғибадат етеді. Ал ақымақ адам нәпсіне еріп, сосын Аллаһтың рахымын күтеді» делінген. Ахиретке қажетті нәрселерді, осы фәни дүинеде дайындау керек.

Шайтанның айлаларының төртіншісі, “Қазірше дүние-мүлік жинау үшін жұмыс істеп, жағдайыңды жасап, рахатқа қол жеткізіп ал, сол кезде емін еркін, алаңсыз ғибадат жасайсың”, деп ғибадат жасауға тосқауыл болады. Бұған жауап ретінде: “Ажал менің қолымда емес. Әр адамның өмірін Аллаһу та’ала әзелде (шексіз бұрын) тағдырына жазған. Бәлкім жақында өлермін. Ғибадат міндеттерімді уақытында орындауға тиіспін”, деу керек. Хадис шәрифте: «Хәләкәл-мусаууифун» деп бұйырылды, яғни бүгінгі міндеттерін ертеңге қалдырғандар зиянға ұшырады, делінген.

Шайтанның айласының бесіншісі, ғибаттарды тәрк еттіре алмаған соң Тез оқы, уақытыңды жоғалтпа” деп намазды асығыстықпен оқытып, шарттарын, парыздарын толық орындатпауға тырысады. Бұған қарсы “Парыздар өте аз. Бұларды ақырын және шарттарына сай орындау керек. Парыз болмағандарды да шарттарына сай етіп аз орындау, шарттарын нұқсан қылып көп орындаудан жақсы”, деу керек.

Шайтанның айлаларынан алтыншысы рияға ұрынуды кеңес береді. “Адамдар сені көрсін, ұнатсын”, дейді. Бұған жауап ретінде, "Өз-өзіне пайда мен зиян келтіруі ешкімнің өз қолында емес. Осындай әлсіз адам өзгелерге қалай пайда келтірмек? Адамдардан бір нәрсе күту әбестік. Пайда мен зиян беретін тек қана Аллаһу та’ала. Ғибадаттарымды жалғыз Оның өзі көрсе, сол маған жеткілікті",- деу керек.