22 Тамыз 2017   


  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Көңілді (жүректі) қарайтатын істер

Көңілді (жүректі) қарайтатын істер

Сұрақ: Жүрек пен көңіл екеуі бір ме? Көңілді тазалау үшін не істеу керек?

Жауап: Көңіл дегеніміз – кеудеміздің сол жағындағы ет бөлшегі емес. Ол жүрек деп аталады. Жүрек жануарларда да бар. Көңіл – жүректе орналасқан қуат. Ол көзге көрінбейді. Шамдағы электр тоғы сияқты. Осыған көңіл дейміз. Көңіл тек адамдарда болады. Жануарларда болмайды.

Денедегі бүкіл мүшелер көңілге (жүрекке) бағынады. Сезім мүшелеріміз сезген бүкіл ақпарат көңілде жиналады. Адамның сену, жақсы көру, қорқу сезімдері көңілде. Иман келтірген және кәпір болған – көңіл. Жақсы, көркем мінездің және жаман мінездің орны – көңіл.

Көңілді (жүректі) тазалау үшін риязат және мүжаһада керек.

Риязат – нәпістің қалауларын орындамау деген сөз. Нәпсіміз дініміз тыйым салған харамдарды, мәкрухтарды армандайды. Бұлардан сақтану керек.

Мүжаһада – нәпістің қаламаған нәрселерін істеу деген сөз. Нәпсіміз жақсылық және ғибадат жасауды қаламайды. Жақсылық жасап, ғибадат етіп, көңілді тазалау керек!

Аллаһу та'ала діндерді, пайғамбарларды көңілді тазалау үшін жіберді. Көңілі таза болған адам дініміздің әмірлеріне бағынады, тыйым салғандарынан сақтанады.

Күнә істеушілердің көңілі таза болмайды. Күнә көңілді қарайтады. Намаз оқымау ең үлкен күнәлардың бірі. Намаз оқымайтын, ішкілік ішетін адамның көңілі тым қарайған деген сөз.

Мүминдердің көңілі таза. Пасықтардың (күнәхарлардың) көңілі лас, қара. Ал кәпірлердің көңілдері қап-қара. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Мүминнің таза көңілінде жарқыраған бір сәуле бар. Кәпірдің көңілі қап-қара.» (Табарани)

«Күнә істеген адамның көңілінде бір нүкте пайда болады. Егер тәубе етсе, ол дақ өшеді. Тәубе етпей қайтадан күнә істесе, ол дақ үлкейіп, көңілді қаптайды, көңіл қап-қара болады.» (Хараити)

«Күнәні тұрақты істеп жүрген адамның уақыт өте көңілі мөрленеді, ол сауап істей алмайтын болып қалады.» (Бәззар)

Имам Раббани хазреттері айтқан:

«Аллаһу та'аланың әмірлерін орындамау көңілдің бұзылғанынан. Көңілдің бұзылған болуы дінге толық сенбеу деген сөз. Иманның белгісі – діннің әмірлерін қуанып орындау.

Көңіл – сүйіспеншілік орны. Сүйіспеншілік болмаған көңіл өлген. Көңілде не Аллаһқа, не дүниелікке деген сүйіспеншілік болады. Аллаһу та'аланы еске алып, ғибадат жасап, көңілден дүниеге деген сүйіспеншілік шығарылса, көңіл таза болады. Бұл таза көңілге Аллаһқа деген сүйіспеншілік өздігімен толады.

Күнә істегенде көңіл қараяды, ауырады, дүниеге деген сүйіспеншілік орнығып, Аллаһқа деген сүйіспеншілік кетеді. Көңілдің бұл жағдайы бір ыдысқа ұқсайды. Су толтырғанда ішіндегі ауасы шығады. Суды төккенде ішіне ауа өздігінен толады. Стакандағы ауа шықпағанша ішіне су кірмейді. Ішіне су құйғанда бұл суды шығарудан басқа шара қалмайды. Көңіл де стакан сияқты. Көңілді Аллаһқа деген сүйіспеншілікпен толтыру үшін басқа барлық нәрсені, барлық сүйіспеншіліктерді көңілден тазалау керек.

Әр ауру теріс нәрсесімен емделеді. Күнә себебімен қарайған көңіл жақсылық нұрымен тазаланады. Күнкөріс қажеттілігі себебімен келген әрбір қиыншылық мұсылманның көңілін дүниеден суытады және жек көргізеді. Хадис шәрифте былай делінген:

«Сондай күнәлар ба, оларды тек күнкөрісте шеккен қиыншылықтар жояды.» (Хатиб)

Олай болса, халалдан ақша табуда, күнкөрісте қиыншылықтарға шыдау ниғмет болады.

 

Қараяған көңілді тазалау

Көңілі таза болған адам үнемі жақсы амалдар жасайды, көңілі бұзылған адам жаман істер жасайды. Хадис шәрифте: «Көңіл бұзылса, дененің істерінің бәрі де бұзылған болады» делінген. Олай болса, көңілді қараюдан сақтау керек.

Зүннун Мысри хазреттері айтқан:

«Көңілдің қарайғанының төрт белгісі бар:

1) Ғибадаттың рахатын сезбейді.

2) Аллаһтан қорқу ойына келмейді.

3) Көргендерінен ғибрат алмайды.

4) Оқығандарын, үйренгендерін түсініп меңгере алмайды. Намаз оқымайтын және күнә істейтін адамның көңілі қараяды, ауру болады.»

 

Мұхаммед бин Фадл Бәлхи хазреттері айтқан:

«Көңілдің қараюына 4 себеп бар:

1) Үйренгенімен амал етпеу.

2) Білмей істеу.

3) Білмегендерін үйренбеу.

4) Біреудің үйренуіне кедергі болу.»

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Көп күлу көңілді өлтіреді.» (Тирмизи)

«Үш нәрсе көңілге қайғы береді: тамақты, ұйқыны және рахаттықты жақсы көру.» (Дәйләми)

«Көп ішіп-жеп көңілдеріңді өлтірмеңдер!» (И.Ғазали)

«Харам араластырмастан қырық күн халал жеген адамның көңілі нұрға толады. Көңіліне хикмет өзендей ағады. Дүниелікке деген сүйіспеншілік көңілінен шығады.» (Әбу Нуайм)

 

Мұхаммед Париса хазреттері айтқан:

«Адамды Аллаһу та'аланың разылығына, сүйіспеншілігіне қауыштыратын жол – көңіл (жүрек). Адамды Аллаһу та'аладан алыстататын нәрселердің ең зияндысы – дүниеге деген сүйіспеншіліктің көңілді қарайтуы. Көңілі қарайған адам дүниелікті (пайдасыз нәрселерді) жақсы көреді. Дүниелікке деген сүйіспеншілік жаман достардан және қажетсіз, зиянды нәрселерді көруден пайда болады. Пайдасыз кітап (роман, хикая, газет, журнал) оқу, қажетсіз нәрселер жайлы сөйлесу осы сүйіспеншілікті арттырады. Әйелдерге (қыздарға) қарау, әйел суреттерін (сондай суреті бар журнал, фильмдер, теледидар) тамашалу, музыка тыңдау осы сүйіспеншілікті көңілге орнықтырады. Бұлардың бәрі адамды Аллаһу та'аладан алыстатады.»

Көңіл – сүйіспеншілік (махаббат) орны. Сүйіспеншілік болмаған көңіл өлген деген сөз. Көңілде не дүниелікке, не Аллаһқа деген сүйіспеншілік болады. Ислам дінінің әмірлеріне бағынып, тыйымдарынан сақтанып, көңілден дүниелікке деген сүйіспеншілік шығарылса, көңіл таза болады. Бұл таза көңілге Аллаһқа деген сүйіспеншілік өздігінен толады.

Мал-мүлік, мансап және Аллаһтан басқасын жақсы көру, күнә істеу көңілді тазалауға тосқауыл. Көңілдің тазаруы Ислам дінін ұстану арқылы іске асады. Намаз оқу көңілді тазалайды. Құран кәрім оқу және өлімді көп еске алу, күнә істегенде дереу тәубе-истиғфар ету және ораза ұстау көңілді тазалайды. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Тот басқан кез келген нәрсенің жылтыры бар. Көңілдің жылтыры "Әстағфируллаһ" деп айту.» (Дәйләми)

«Әр айда үш күн ораза ұстаған адамның көңілі тот басудан тазарады.» (Нәсаи)

«Көңіл егін, тамақ жаңбыр сияқты. Көп су егінді құрғатқанындай, көп тамақ та көңілді өлтіреді. Көңіліңді аз күліп, аз тамақтанумен жандандыр, аштықпен тазала, жұмсарып жарқырасын!» (И.Ғазали)

«Ылғалда темірдің тот басқанындай күнә кірі көңілді ластайды. Көңілдің жылтыры – өлімді көп еске алу және Құран кәрім оқу.» (Бәйһақи)

Олай болса, көңілді тазалау үшін күнәлардан сақтанып, дініміздің әмірлеріне бағынуымыз қажет.